Жапония азаматтары: Назарбаев – халқын атом зұлматынан құтқарған әлемдік көшбасшы

/uploads/thumbnail/20170709060649174_small.jpg

29 тамыз – ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн ретінде белгілі. 1945 жылдың тамыз айында Жапонияның қос қаласына (Хирошима, Нагасаки) атом бомбасы тасталды. Кеңестер Одағындағы алғашқы ядролық қаруды сынау да 1949 жылдың 29 тамызында өткенін тарих айғақтайды. 1991 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен  әлемдегі төртінші орын алатын Семейдегі ядролық полигон жабылды. Жиырма бес жылдан бері Қазақстан барлық мемлекеттерді ядролық қарусыз, бейбіт әлемді құруға шақырып келеді.

Осы орайда дүниежүзілік қауымдастықты атом қаруынсыз, бейбіт әлемді құруға үндеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. ҚР Президентінің ұсынысымен бірталай жобалар жүзеге асырылып, атом қаруынсыз жаһанды құруға үндеген бағдарламалар қолға алынды. Мысалы, 2012 жылдың 29 тамызында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ядролық сынақтарды түбегейлі тоқтату және әлемді ядролық қарудан арылтуға бағытталған «Атом жобасы» халықаралық кампаниясы жүзеге асып жатқаны анық.  

Біз Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы және атом қаруынсыз Қазақстан жайында Жапония азаматтарының пікірін білген едік.

Назарбаев  мырза — қазіргі Қазақстанның әкесі

Хироши Йошино,  ғалым  (Ибараки):

— Мен жалпы тіл білімі және Африка тілдері бойынша зерттеушімін. Әрі Орта Азия халықтарының тілдеріне қызығушылығым бар. Қазақстанды танып-білу үшін  кітаптардан оқу аз, бұл елді өз көзіңмен көруің керек. Өзім Қазақстанда бір рет болдым. Қазақстанды көрмей тұрғанда экономикасы, өндірісі және білім жүйесі артта қалған ел деп ойлайтынмын. Бұл ойымның дұрыс еместігін Қазақстанға студенттік топ құрамында барғанда бірден ұқтым. Жапония Қазақстаннан табиғи газды сатып алатындығын білемін. Бүгінде Жапонияның ТМД елдерімен бизнестегі әріптестігі және ЖОО арасындағы ынтымақтастығы  қарқынды даму үстінде. 

Хирошима мен Нагасакиде 1945 жылы атом бомбасының жарылғаны туралы әлемдегі барша халық біледі ғой. Ол жарылыс біздің тарихымыздағы зор қасірет. Нагасакиде жарылыс кезінде адам тұрмақ, 1 шақырым қашықтықтағы  жануарларларға дейін қырылып қалған. 2 шақырым радиуста орналасқан үйлердің барлығы қираған. Мыңдаған үй күлге айналды. Ал Хирошимадағы жарылыс нәтижесінде радиация әсерінен 413 мың адам көз жұмды. Қаншама адам ауруға шалдықты. Жарылыстың ұзақ кезеңдік зарарын халық көрді.

Хирошима, Нагасаки сияқты тарихи қалалары бар Жапония мен Президент Назарбаевтың бастамасымен бейбітшілікке бағытталған бағдарламаларды әлемдік қауымдастыққа ұсынған Қазақстанның ынтымақтастығы бұдан ары да қарқынды дамиды деп сенемін. Қазақстан болашағы зор бұндай ынтымақтастықта ТМД-дағы  жетекші ел ретінде маңызды рөл атқарады. Назарбаев  мырза — қазіргі Қазақстанның әкесі. Елбасы ретінде оның жылдам әрі дана шешім қабылдауынан басқарушылық үлгісінің өте жақсы екені аңғарылады. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жарқын болашағын айқындап берді деуге болады.

Қиын кезеңдерде елді алға бастап жүруі Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты ақыл иесі екендігін танытады

Томоко Хоукйо,  суретші (Чиба):

— Әрине, зұлмат кезеңді еске алу кімге де болса қиын. 1945 жылы Жапонияның қос қаласында атом бомбасының жарылғаны туралы кітаптардан және сол оқиғаны көзімен көрген қариялардан естиміз. Көзімен көргендердің айтуы бойынша, жарылыс толқынынан тіпті балалар да ұшып кеткен. Бір жарылыста бүкіл шаһар қирап қалды. Мыңдаған адам қырылып, қаншама әулет ұрпақсыз қалды? Қазіргі адамзат тек бейбітшілікке қызмет етуі қажет. Адамзатқа қарсы бағытталған қару түрлерінің болмауы керек.

Мен Қазақстанға алғаш келгенде  ұшы қиыры жоқ кең даланы көріп, таңдандым. Мен туып-өскен Жапонияда бұндай байтақ дала көріністері жоқ қой. Қаптаған ғимараттар мен үйлері сықасқан аудандардың ортасында өскен менің кең даланы алғаш көруім. Қазақ пен жапонның бет-әлпеті өте ұқсас. Қазақпен кездескенде туыстық жақындықты сеземін. Қазақстан халқы кеңпейіл, тұрғындары мейрімді деген ой түйдім. Суретші ретінде Орта Азия, оның ішінде Қазақстанның табиғатын, өнерін қылқаламмен өрнектеуге ден қойып жүрмін. Маған қазақтың ою-өрнектері өте ұнайды. 2014 жылы «Жапония мен Орта Азияны жалғаған жаңаша жапон картинасы» деген тақырыппен Чибада жеке көрмем өтті. Былтыр Гиндзадағы үлкен галереяда  «Кең далада жайқалған гүлдер мен Қазақстан балалары» деген тақырыппен көрме өткіздім. Сондай-ақ 2014 жылы Қазақстанның тұңғыш Президентінің мұражайында  «Жапон сұлулығы» деген көрмемді көпшілік тамашалады.

Қазақстан мен Жапонияны не байланыстырады десек, Орта Азия төріндегі қарқынды дамып келе жатқан республиканың кезінде полигонды жабуы және бейбітшілікті қолдауда ел Президентінің атқарып жатқан істері баршаны сүйсіндіруде. Алдағы уақытта да қазақ пен жапон халықтарының мәдени ынтымақтастығын нығайтуға өз үлесімді қоссам деймін. Ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан болашақта шарықтап дамыған,  ғажайып елге айналады деп сенемін. 

Халқын атом зұлматынан құтқарған қамқор басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың халқы барынша қолдап, ұзақ мерзімдік Президенттік қызметін атқаруы, әрі бірнеше кітаптың авторы болып,  доктор дәрежесіне ие болуы оның нағыз қажырлы еңбек иесі екендігін көрсетеді. Қиын кезеңдерде елді алға бастап жүруі Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты ақыл иесі екендігін танытады. Қазақстан экономикасының қарқынды түрде дамуы Президенттің қажыр-қайратының арқасы деуге болады. Нұрсұлтан Назарбаев бұдан ары да өз қызметін осы қарқында жалғастыратынына сенемін. Оған Қазақстан басшысының әлемдік аренадағы абыройы дәлел.

Нұрсұлтан Назарбаевтың дара басшы екені сөзсіз

Комацу Хисао, Токио университетінің құрметті профессоры (Токио)

— Жапонияның Хирошима шаһарына барғандар біледі, Гэнбакудому деген тарихи ғимарат бар. Хирошиманың жарылыста күл-талқаны шыққанда, тарихи ескерткіш ретінде осы нысанды ғана қалдырып, қаланы қайта тұрғызды. Кірпіштен салынған бұл ғимарат жарылыс орталығынан 160 метр жерде орналасқан болатын. Бүгінде Гэнбакудому Хирошиманың ең танымал тарихи нысаны.

Менің негізгі мамандығым Орта Азия тарихы болғандықтан ежелгі Қазақстан туралы жақсы білемін.  Қазақстанның басты ерекшелігі — байтақ жерге иелік етіп, Ресей мен Қытай сияқты қос алпауыттың ортасында орналасса да тұғырлы ел ретінде тәуелсіздігін бекіте білген, табиғи ресурстарға бай мемлекет екендігінде. Сондықтан Қазақстан Еуразия аймағында маңызды рөлге ие болып, қарқынды даму жолына түсті.

Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағы тұсындағы 1990 жылдан бастап-ақ ел тұтқасын қолына алып, міне 25 жыл бойында Қазақстанның саяси тізгінін ұстап келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңес Одағы ыдыраған қиын кезде, одан кейінгі үлкен реформалар кезеңінде де Қазақстандағы тыныштық пен ел тәуелсіздігін қолдан жібермей, қазіргі даму дәуіріне бастап келген орасан еңбегін жоғары бағалаймыз. Ресей мен Қытай сияқты екі алып мемлекеттің ортасында Қазақстанның тәуелсіздігін мықтап ұстап тұруы оңай емес деп ойлаймын. Нұрсұлтан Назарбаевтың дара басшы екені сөзсіз. «Алыс болашақта дәл Назарбаевтай тұлға туа ма?» деген сұрақ та көкейге келері анық.

Әзірлеген: Шарафат Жылқыбаева

Связанные Статьи