Ерлан Қарин: МЫҚТЫ САЯСИ ДӘСТҮРЛЕРГЕ ИЕ ӨЗБЕКСТАН ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ҰШЫРАМАЙДЫ

/uploads/thumbnail/20170709060637861_small.jpg

Қазақстандық танымал саясаттанушы, Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин: «Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің денсаулық жағдайы туралы ақпараттың ашық тарауына ел ел билігі амалсыздан жол берді», - деп жазады өзінің Фейсбуктегі парақшасында.

«Бұл амалсыздан жасалған қадам. Бірнеше күннен соң Өзбекстан үшін ең маңызды мейрамдардың бірі – Тәуелсіздік күні атап өтіледі. Барлық посткеңестік елдер үшін бұл – 25 жылдық мерейтой. Ал, сол күні президенттің мерекелік шараларға қатыспағаны байқалып қалар еді. Оның үстіне ол олипиадашыларды құрметтеу рәсімінде болмады. Сондықтан, Өзбекстан билігі ел арасында түрлі сыбыс тарамауы үшін президенттің денсаулық жағдайы туралы осындай хабарлама жасау туралы шешім қабылдауы мүмкін», - дейді Е. Қарин.

Саясаттанушы бірқатар зерттеу орталықтарының өзбек басшысының жағдайына қатысты пікір білдіріп, ел болашағы туралы сан алуан болжам жасап жатқанын да айтады.

«Қазір бұл жағдайды сан түрлі түсіндіруге болады. Бұрын да өзбек жетекшісінің денсаулық жағдайы туралы сыбыстар болған. Шамамен әр екі жыл сайын осындай жағдайлар орын алып, президент әр жолы өзінің ақпарат алаңынан жоғалып кету себебін тікелей түсіндірмесе де, сыбыстарды жанама жолдармен жоққа шығаратын. Халықтық мейрамдардың бірінде Каримовтың ел алдына шығып, әртістермен бірге билегенін еске түсіріңіз», - дейді ол.

Саясаттанушының ойынша Өзбекстан билігі таратқан хабар сарапшылардың биліктің келесі адамға берілуі туралы болжамдар жасауына себеп болған.

«Бірқатар ресейлік ресурстар осы қазірдің өзінде мұрагер таңдалды деп хабарлап, оның тұлғасына мінездеме беруде. Бірақ, менің ойымша, қазір не болатынын дәл болжау қиын. Оның үстіне, осы тақылеттес оқиғалар болған елдерде жағдай заң нормаларында, саяси даму нормаларында көрсетілгендей өрбімегенін көрдік», - дейді Е. Қарин.

Соған қарамастан, Е. Қарин өзбек билігі күтпеген сценарийлер мен оқиғаларға дайын екенін айтады.

«Шамасы мұндай сценарийлер бұрын да сыналған сияқты. Өйткені, 2011 жылы Өзбекстан конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілген еді. Олардың біреуі түрлі форс-мажорлық жағдайда президенттің міндетін атқаруға қатысты. Бұған дейін конституцияда қандай да бір жағдай бола қалса, президенттің уәкілеттілігі депутаттардың біріне беріледі деген сияқты түсініксіз сөйлемдер болатын. Бірақ, кейін енген өзгерістерде бұл норма нақтыланып, президент өкілеттілігі мен міндеттері Сенат төрағасына уақытша артылатыны, үш ай ішінде заңға сәйкес жаңак сайлау өткізілетіні жазылды», - дейді саясаттанушы.

Алайда, саясаттанушы әлі күнге көрші ел конституциясында президент өкілеттілігінің мерзімінен бұрын тоқтатылу мәселесі нақтыланбағанын алға тартады.

«Егер аймақтың басқа елдерінде президент өкілеттілігін оның денсаулық жағдайына немесе өз еркімен отставкаға кетуіне байланысты мерзімінен бұрын тоқтату туралы айтылса, Өзбекстанның негізгі заңында ол мәселе түсініксіз – өз міндеттерін атқару мүмкін болмаған жағдайда деп жазылған», - дейді Е. Қарин.

Саясаттанушы аймақтық саясатта ықпалды рөл иеленетін Өзбекстан басшысының денсаулық жағдайы елдің ішкі тұрақтылығы мен болашақтағы қалыпты дамуына қандай да бір қатер төндірмейтінін айтады.

«Оқиға қалай өрбісе де, белгілі бір күшті дәстүрлерге, тәртіп нормаларына негізделген өзбек саясатының артықшылықтарын естен шығармау қажет. Сондықтан да, бұл елдің жолы қандай жағдай болса да сақталады. Әрине, аса қуатты емес сыртқы араласулардың орын алатыны да жасырын емес», - дейді Е. Қарин.

Естеріңізге салсақ, кеше Өзбекстанды 27 жылдан бері басқарып келе жатқан 78 жастағы Ислам Кәрімовтің инсульт алып, ауруханаға түскені туралы хабар тарады. Ел билігі осылайша мемлекет басшысының денсаулық жағдайының сыр бергенін алғаш рет ашық түрде мойындап отыр.

1 қыркүйек күні Өзбекстан Республикасы КСРО-дан тәуелсіздік алғанына 25 жыл толғанын атап өтеді.

Связанные Статьи