ҒАЙБАТ
Қайда барсам ғайбатқа «күмп» етемін,
Басып барып отырам қырт етегін.
Тура барып тозаққа кіретіндей,
Сылдырлатып жүр пенде кілт—өсегін.
Ауыз сондай машыққан сөз өртіне,
Өзі ие болмайды өз еркіне.
Судан таза, сүттен ақ болып алған,
Құлақтарын құныққан көрем түге!..
Ертең жәйлі, ел жәйлі қызықпайды,
Ұл ұмтылмас, өмірді қыз ұқпайды.
Жаңа ғана тірлікке қош айтысқан,
Адам етін шикі жеп тұздықтайды.
ШӘКІРТ—ШАРАНА
Шәкіртпін деп айту үшін данаға,
Сәулесіне терезе ашсын санаға.
Ана сүтін аңсағандай ұмтылсын,
Надандықта секілді бір шарана.
Өмір мәні көп білуден тұрмайды,
Дерт мүміннің жүрек түбін тырнайды.
Ізгі амал атқарған жан өшпейді,
Көпіргендер өзін өзі ұрлайды.
ХАШІР—КӨКТЕМ
Сұр бұлттар жер бетіне жасын төккен,
Бүркелді қыр мен дала жасыл шөппен.
Өріктер ақ гүл ашып ең алдымен,
Тірілтті тәбиғатты Хашір—көктем.
Көктен нұр, жерден жылу сыбырласты,
Тамырға топырақ ана суын басты.
Жайылып жапырақтар жан-жағына,
Тау-тоғай ғажайып бір сұлуласты...
Алты ай қыс өліп бәрі тынышталған,
Тамшымен қан жүгірді «тырс» тамған.
Мұз еріп, күн ұзарып, самал соғып,
Тағалам өкпесіне тыныс салған.
Өлген жан аттаған соң көр есігін,
Келген жұрт үйіп болса төбешігін.
Пенделер қырық қадам аттаған соң,
Ұмытпа Періштенің келетінін!..
Әне сол Хашір күнің шын көктемің,
Сұралар парызың мен міндеттерің.
Елшіге құлақ қойып бұл пәниде,
Алланы қаншалықты құрметтедің?!
ПЕНДЕНІҢ КӨЗДЕГЕНІ ТАНЫМАЛДЫҚ
Оқыған ебі барлар танылсам деп,
Сапынан мықтылардың табылсам деп,
Өнерді игеруге өрге ұмтылмай,
Күндеспен жаға жыртар алысам деп...
Танылу—білім іздеу біліктілік,
Таспалап өрім өру тіліп-тіліп.
Танылу—адамдарға қызмет ету,
Бастарын ынтымаққа біріктіріп!
Танылу—әнші болу емес сірә,
Еліктеу пайда болды елес мұра.
Танылу—ақыл, білім, еңбек ету,-
Жүректің қалауынан кеңес сұра!
Салмайды өзін отқа, иман еткен,
Сүннә жол сұрыптайды миға жеткен.
Нәпсінің құлы болған талай талант,
Жұтылып түпсіз терең құйға кеткен...
Ештеңке жоғалтпайды Оны тапқан,
Өзгеше өміріне өріс ашқан.
Онсыз ол нені тапты бұл жалғаннан?
Құрқалар мүмкіндігі толы шақтан!
***
АДАМДА ИМАН БОЛМАЙ...
Жер дейміз, отан дейміз бек сендіріп,
Сонда да тай ұрлаймыз көштен жырып.
Сөзіміз «отаншылдық» оттан ыстық,
Ішіміз толған ірің, өшпенділік.
Дүр сөйлеп, шешенденіп безілдейміз,
Тек қана баспайда үшін көз ілмейміз.
Бақытсыз басы ауырған аш-арыққа,
Жабырқап, жүрек сыздап езілмейміз!..
Жібектей жіпке айналып есілмейміз,
Су болып өрт тұтанса өшірмейміз.
Адамға қабақ шытып қарсы келген,-
Иіліп ілтипатпен кешірмейміз.
«Қызым!»-дер, әдебің жоқ қызға арналған,
Көгеріп көңілдерде мұз-қар қалған.
Құрмет жоқ айналаңда адамдарға,
Көзіңнен кек көрінер ызғарланған.
Күшің бар, ақшаң да бар, айбының да,
Өмірдің шала массың айдынын да.
Жүректер қатып-семіп безге айналған,-
Ізі жоқ қуаныш пен қайғының да!
Тартады өз ішіне бұл күн демін,
Көп екен жасағаннан, бүлдіргенім!
Адамда иман болмай сүркейлі екен,-
Алласыз өмір өксік, бір білгенім!..
Бәрі бар, бірақ бізде Көркемдік кем,
Хашір бар,
болмайсыңғой өлсең біткен.
Берілген жарық әлем иман үшін,-
Жаратқан адамдардан өлшем күткен!..
***
НӘПСІГЕ ЖЕМ БОЛАДЫ ЖЕҢІЛТЕКТЕР
Нәпсімді тия алмайтын нақұрыспын,
Жолдасы шайтан дейді асығыстың.
Мәніне мәселенің ой жүгіртпей,
Тамырын зақым еттім асыл істің!..
Ойламай ұлы мұрат оралымын,
Ойсырай жеңіледі олақ ұлың.
Әлемнің қожасындай әлден аспа,
Бірісің бұл пәнидің қонағының...
Әр істің нәпсі көзі—құнықтырар,
Ұстамды құтылады құныттылар.
Бойыңда көркем мінез Сабыр болса,-
Адамды тура жолға бұрып тұрар!..
***
АҚИҚАТ, АР АБАЙДЫҢ « РАСЫНДА»
Көз салдым өткен күннің шатпағына,
Шимайлар сыр айтады ақтарыла.
Түсірген бұл заманның батпағына,
Уақыттың таң қаламын сатқанына!
Көз үшін мынау ғалам мың құлпырған,
Ал, ішке көрсетпейді құрғыр тұман.
От-тозаң араласып тұмшалайды,
Жанар тау атылғандай мың жыл тынған.
Бар әлем алақанда айпарадай.
Күйзеліп күрсінеді қайталап Ай.
Ақымақ бұзықтығын жасырғандай,
Ойпыр-ай, оны Халық байқамай ма?
Су өткен шіріп жатыр сөз үймегі,
Түтіндеп ортасынан езілгелі.
Құрдымға кетті бүгін түкке алғысыз,
Өзінше «құнды» лебіз кезіндегі...
Айналып келе жатыр шын асылға,
Ақиқат, ар Абайдың «РАСында».
Кетеді желік біткен желге ұшып,
Қалмайды Қаһарланған сұрапылда!..
АСПАННАН ҮН ЕСТІЛЕР
Найзағай шатырлады Қаһарланып,
Суланған сұр бұлттарды қатарға алып.
Дауысы жерді айырып жіберердей,
Жарқ етіп жай түсуде қаталданып!..
Бір бейбақ «табиғат»-деп селт етпейді,
Әңгіме Құдай жәйлі ертек дейді...
Болсада оқып алған бес депломы,-
Тұмшалап надандығы көрсетпейді,
Өзінде, тәбиғатты кім жаратқан?
Ауысты неге тынбай түн мен ақ таң?
Сиырлар мөңірейді, қой маңырап,
Адамнан сөз шығады тіл мен жақтан!..
Білгенге бұл жершары—кеме, сарай,
Демейді бас қатырып неге солай?
Осыдан жүз жетпіс жыл бұрын туған,
Айтып ед «Алла бар»-деп кеңес Абай!
Құлақ жоқ құныт қойып тыңдайтынға,
Айналды пенде мойнын бұрмайтынға.
Жер беті жезөкшемен, парақорлар,
Куә боп жүрміз күнде мұндай сұмға.
Аспаннан үн естілер күңіренген,
Тіксіну байқалмайды тірілерден.
Аллаға тілі келмей аттанады,
Ажалдың кезінде сол күні келген...
Барамыз жар жағалап құласынмен,
Пенделер, жүрегіңде РАСЫҢ кем.
Дүние қауіп-қатер, апаттардан,-
Мүміннің сақталып тұр дұғасымен!..
***
НЕГЕ?
Неге жазып жүрмін өлең, шығарма?
Әлсіз жаным зіл қоғамға шыдар ма?
Дәуір сондай қатігез боп барады,
Шырылдатып найза сұғып шын арға.
Дінсіз біткен Хақ Исламмен өштескен,
Жарылыста жазықсызды оқ тескен.
Фанат-пірлер аңқауларды алдауда,
Дүмшелерге иман нұры көшпестен.
Жанкештімен дінге күйе жақтырған,
Көкпар болып көкешкі мен лақ құрбан.
Ату, жару адамзатқа үрей сап,-
Кісілікті күресінге лақтырған.
Бұл ойынға кірмей қалған барма «БЕК»?
Тояр емес ішкен сайын қанға Кек.
Көркемдіктен жұрдай болған көкбеттің,
Кемелері соғылуда жарға кеп...
Ақ дінімді ағым, сағым кірлетті,
Бұл не сұмдық, бір-біріне тым кекті?!
Сұқсаусақтар шүріппеге сұғылып,
Тиымы жоқ сала-құлаш тіл кетті...
Тапқаным дерт, кешкенім сор Ой бағып,
Жүректерден мейірімді жойды анық.
Бақытты шақ бастан өткен екенғой,
Баяғыда жүрген кезде Қой бағып...
Аллаға емес, идеяға құл Адам,
Барлығы да шыңға жетпей құлаған.
Топырақты таза тәнін адамның,-
Харам астың шіріндісі бұлғаған.
Сондықтан да қаным, миым уланған,
Жүрегіме кіріп алған қу жалған.
Рахым етіп құтқар бізді иә, Құдай,-
Сенің құлың болып едім туғаннан!..
***
БЕЗІНУ
Шашлык деп шашылады, күйген ет жеп,
Адамдар кеткісі бар үйден ептеп...
Пенделер далабезер, жарды алдайды,
Үйреніп өтірікке күйгелектеп.
Тартады шөл бассын деп сыралатып,
Осы деп өмірдегі сірә бақыт.
Шытынап шымыр жүрек айрылады,
Қағылған «құмар» деген сына батып.
Мал шашып жалбыр шаштың етегіне,
Баяғы құрдым құмға кетеді де...
Байқұстың сайда саны, құмда ізі,-
Сенімнің сетінеген өтеміне...
Қорқаудың тиын түссе қалтасына,
Ұмтылар өлексеге қан сасыған.
Жалғаннан жаны күйреп өтер түбі,
Жай таппай адамдықтың картасынан!..
Дәулетбек Байтұрсынұлы
ақын, ҚЖО-ның мүшесі