Махамбет-Мағжан өлмепті!

/uploads/thumbnail/20260210141754477_big.webp автор

Бір сағат бұрын ғана Біләл Қуаныш бауырымның фейзбук парақшасынан мына бір өлеңді оқып елең еттім. Жоқ, елең еткенім жоқ, жартастар жарығының тереңінен шыққан әлсіз, мұңлы, бірақ, тастарды ырғап, тауды қозғаған қайғылы ғазалға езілдім. 
Қарашы, тыңдашы:

Жерде тау-өзен, 
Аспанда ай жатты 
Күн жатты, 
Мен солардан шығып жатқан әлсіз һәм мұңлы ырғақпын. 
Жарқ ете қалғысы келіп бірде 
Тәрк ете қалғысы келген өмірді, 
Шағын күркешедегі бейбақпын... 

Айналам толы тілге, ділге шөліркеп кепкен Аңқалар, 
Заңнан, 
Ардан 
Үңірейіп қалған орталар. 
Сай сүйегімді сырқыратады менің, 
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАҢҚАЛАР. 

Енді не істесем екен?
Тіс-тырнағымды жұлып мұнай қазсам ба?
Аш-жалаңаш отырып роман жазсам ба?
Алпыс құлаш сақал өсіріп Меккеге барсам ба?
Президентке күйеу бала болсам ба?

Қолым кісенде,
Аяғым қақпанда,
Қансырап өле қоймаспын қандендер қапқанға!
Жанарым жансыз,
Жүрегім қансыз,
Құрсағым нәрсіз,
Мені атып кетіңдерші,
Алматыда бейғам кетіп бара жатқанда...

Авторы: Қуаныш Өмірбек.

Талайдан бері жолықтыра алмай жүрген жоғымдай, өзім аса білмейтін мықты ақынның мына ауыр өлеңі өзегіме өрт салып, өндір-өндір белдердің қоңыр құйқасын тітірете шауып өтті.
Жай ғана лирика емес – жанайқай, экзистенциалды күйзеліс, ұлт пен жеке адамның тұйығы – тұтастай өрім. 
Өлеңнің басында-ақ ақын өзін табиғаттың талбесігіне бөлеп, мұңлы уілмен тербеледі:
Жерде тау-өзен, 
Аспанда ай жатты 
Күн жатты, 
Мен солардан шығып жатқан әлсіз һәм мұңлы ырғақпын... 
Бір қарасаң баяғы Түркі оғланы:
Аспанда Тәңір,
Астымда қара Жер... деп тұрғандай ма, бірақ олардай емес, өрлік кеміп, «мен солардан шығып жатқан әлсіз һәм мұңлы ырғақпын» дейді.
 Жер бетінде кезген үн, әлсіз жарық, сағым мен желдің арасына тербеле жүгірген нәзік толқын – дір-дір етеді. 
Он сегіз мың ғаламның төресі – Тау, Өзен, Күн, Ай арасына жұтылып бара жатқан тұман шүйкесі – Үн.
Лирикалық кейіпкер – Мың жылдықтың қатпарына жасырынған найзағай Оғы –
 жарқ етіп көрінгісі келеді, бірақ сонымен қатар бәрінен безіп кеткісі келетін Пенде баласы – әлсіз тіршілік иесі. Қайшылық алаңында қан кешкен Ханзада рух. Шалқар шабытын шаңға ораған, тұман мен күмән арасындағы «Шағын күркешедегі бейбақ».
Бір қарағанда – лашығын жел жыртқан кедей кейіп, туырлық тесігінен сам жамыраған, тамшы құмар үйдің жүдеу, міскін күйі. Бірақ Ол әсте – материалдық емес, рухани таршылық, мүмкіндіктің жоқтығы, әлеуметтік тұйық. Қаудырлаған қара тонды жамылып қар үстінде жалаңяқпен жүгірген қатпа бала. Қарнының ашқанына емес, қадырының қашқанына жылап барады.
Күрке – диюды қамаған қапас кейіпте, тауды қауызға сидырған, «ай даладағы ақ Отау», жер бетінің жетімін байлаған қараша қос, бұтаққа үйір бұлбұлдың әлсіз аяғын қылмен матап, қырпусыз күйге түсірген айнала – Абақты.
Мұның бәрі неге бұлай? Кім кінәлі? Неге жетім? Неге тұйық-қамақ, ауға ілінген әлсіз балықтай бұлқынысты кім тудырды?!
Өкпе ме, реніш пе, торығу ма, нала ма, наз ба? – бәрін ораған қара лайлы толқын бейнесі жұмырлана дөңбекшиді. 
Ең өткір, айтпақ тұсы осы ма?! Қандауыр қайда қадалмақ?
Айналам толы тілге, ділге шөліркеп кепкен Аңқалар, 
Заңнан, 
Ардан 
Үңірейіп қалған орталар... 
Ақынның ең үлкен ғазалы ақыры «тарс» жарылған сияқты. Күңіренгенін ашық айтып:  
Сай сүйегімді сырқыратады менің, 
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАҢҚАЛАР, - дейді.. 
Ақын: тілінен айырылып бара жатқан қоғамды, ар мен заңнан адасқан айналасына зығырданы қайнайды, сүйегі сырқырайды. Әділеттің от қамшысын үйіргісі келеді.
Ал: «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАҢҚАЛАР» - Метафора көкесі. Адамның аузы барса да, айыбын арқалай алмас азапты ортаның қос аяқты пендесі. Пенде емес, Қаңқа – тіршіліктің қабығы ғана қалған, жаны жоқ дене. Табыт үстіндегі жансыз мүрде. Айналамыздағы аузы бар, «тілі жоқ» тірі «Қаңқалар». Тірі сияқты, бірақ рухсыз, арсыз, сезімсіз, сергелдең ойдың құлына айналған құр Мүрде, Қаңқа. Қасиетінен айныған, айрылған Жалаңаш кейіпті, айнадағы Өзіміз.
Ирония мен сарказм – саңлақтанған поезия тілінде.
Жартас бейнелі, қорғасын өңді, суық сүңгілі мұз сұрақтар – ащы сарказм:
Мұнай қазсам ба?
Роман жазсам ба?
Меккеге барсам ба?
Президентке күйеу бала болсам ба?
Ащы у, келемеж – запыран бүркіп тұр.
Шылқыған мұнайдың, «алтын сандықтың» үстінде отырған жалаңбұт бала! Елінің байлығынан енші ала алмаған міскін «ақын» енді, зарын, ақ қағазбен алдап, «жазғыш» болғысы келеді. Жоқ, бұл да емес. Жоқ, бес уақыт «Құдай» деп құлап дін мүриті болсам ба?  Жоқ, байып та, жазып та, дін қуып та – нәпақа таба алмасам, жан бағудың, жағымпазданудың жолын іздеп, биліктің ұлтанын сүйем бе – «Президентке күйеу бала болсам ба?» дейді. 
Бірде шабың айрылғанша күліп, шалқаңнан құлай жаздайсың. Бірде етегіңмен «еніңді» жауып, еңіреп жылағың келеді. Көзіңнен жас емес, қанды сора бұршақ болып домалайды. 
Ақынның алдында жатқан төрт жол – Байлық (мұнай), Интеллект (роман),
Дін, Таныстық/билік (жағымпаздық), бәрі де оны шындықтың шырмауынан құтқара алмайды. Төрт жол – төрге емес, көрге жетелейтін үрей. Қапас пен тұйық, жабық қақпа, бозғыл тұманға боялған бозадыр..
Қолым кісенде,
Аяғым қақпанда...
«Аузымда қақпақ, басымда тоқпақ», «қайда барсаң Қорқыттың көрі», «арманым көп, дәрменім жоқ» – ақын күйзелісі, күңіренісі, рухани жалаңаштық, жалғыздық.
Жау жағадан алса да, бөрі етектен тартса да, алты бақан алауыз ағайын ала таяғымен соқса да – өлмес едім. 
«Қансырап өле қоймаспын қандендер қапқанға!»
Қандендер – жүйе, тобыр, арсыз орта. Олар бірден өлтірмейді, қансырата талайды, етіңді жапырақтап жейді.
Өлімге тілек – шарасыздықтың шыңы, сатираның сары масасы, жезтырнақ пен жалмауыз кемпір жайлы ертегінің ақырғы үзігі.
Ең ауыр жолдар:
Мені атып кетіңдерші,
Алматыда бейғам кетіп бара жатқанда...
Бұл – ажалға асығу емес, бұл – қоғамға айтылған үкім, нала. Арыстан апанынан көрінген – керең дүниеге жұтыла ма дейтін ұлт қорқынышы.
Ақынның айтпағы:
«Айналам толы тілге, ділге шөліркеп кепкен Аңқалар, 
Заңнан, 
Ардан 
Үңірейіп қалған орталар»-да қалай өмір сүремін, «бүйтіп тірі жүргенше өлгенім артық еді» дейтін Жан айқай! 
Алматы – Алматы қаласы ғана емес, «Қаңқалардың» «мәдени», «жайлы» ортасы, Адам бейнелі тірі өліктер қайшалысқан қанды, суық жартастардың қыспағы.  Кейіпкер – сол қалада артық, қажетсіз, бөтен, жетім. 
«Мені атып кетіңдерші,
Алматыда бейғам кетіп бара жатқанда...» дейді. 
Азаппен өлгенше, бір ғана оқтың жемі болып тіл тартпай кетейін, көрмейін жарық дүниені дейтін ауыр ойлардың қап-қара бұлты. Қазақ интеллигенциясының трагедиясы, ойлы ақынның жалқыланған одағай кейпі. Ары, тілі, рухы жоғалған заманға қарғыс, лағнет. Ақын көзімен лирикалық мұң болса да, Адам баласының басына тілемес ғазал жыр, ет пен қан түгілі сүйекті сырқырататын қасірет! 
Дүниені ойыншық санаған, әлде неге ашулы "Ақын" қаһарына мініп піл сауырлы алып қорғасын сақасын үйіріп-үйіріп, бүге болса да, шіге болса да лақтырмақ сыңайлы....
Ұлттың жоғын жоқтаған Ұланның ешкімге ұқсамас, бөгенайы бөлек, тентек сырлары – Тебінгісін терге, жанарын жасқа шылап, жүрегін жалау етіп айқайлап тұр. «Жаннан безген» баһадүрдің көзінде, көңілінде өртенген дүние – қып-қызыл өрт. Жалқын таудың шатқалына қапалана қарайды....
Прозада жүріп, поезияға мойын бұрмағалы да талай болғаны ма, «Қуаныш Өмірбек» есімін көріп, жерден жеті қоян тапқандай желпіндім. Азғана шумақпен тұтас поэма жүгін көтергеніне Сізді де куә еткім келіп осылай толқыдым. Толқыннан толқын туады. 
Десе де, ақынға айтарым: «осындай ауыр өлеңді аз жазшы, сен ойлағандай қасірет қақпанына шабылмай-ақ қояйық!». 
Махамбет пен Мағжан өлмепті. Домалаған бас, сорғалаған жас – бәрі бір өлең үнін өшіре алмайтыны, ақын тілін кесе алмайтыны рас екен! Жыр өлмесін!!!

Алматы шаһары, 
Алатау бауырынан: Жәди Шәкенұлы

Связанные теги :

Связанные Статьи