ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙДАН ҚАНДАЙ САБАҚ АЛУЫМЫЗ КЕРЕК?

/uploads/thumbnail/20170709061030817_small.jpg

Qamshy.kz порталында кеше «Қазақстандағы билік транзиті: КІМНІҢ ПРЕЗИДЕНТ БОЛУ МҮМКІНДІГІ БАР?» деген тақырыппен мақала жарияланды. Кешелі бері ақпарат құралдары жарыса жазып жатқан Өзбекстандағы жағдайдың бір ұшығын Қазақстанмен байланыстыру – өте орынды. Оны тәптіштеп дәлелдеп жату қажет емес болар. Тек бір КСРО-ның шекпенінен шыққанымызды, екі елдің де басшылары билік басында 25 жылдан артық отырғанын және жастары да біразға жетіп қалғанын айтсақ жеткілікті.

Түнде Ислам Кәрімов реанимация бөлімінде инсульттан көз жұмды деген ақпарат тарады. Білуімше, ресми билік органдары бұл мәліметті растаған жоқ, әлі жоққа шығармады да. Мәселе ашық күйінде қалып отыр. Қалай болғанда да адам баласы мәңгілік емес. Бүгін болмаса ертең өмірден өтеді. Ал, тұтастай бір мемлекетті басқарып отырған адамның басындағы мұндай жағдай сол адамның отбасы ішілік қана мәселе емес. Шешуші маңызға ие мәселе. Қанша жерден конституцияға бүге-шігесіне дейін жазылып қойса да мұндай жағдайларда билік ішіндегі қарым-қатынастар, мемлекетті басқару процесі үнемі заңда көрсетілгендей болмауы мүмкін. Оның үстіне тәуелсіздік алғалы Өзбекстанда да, Қазақстанда да бірінші басшы ауыспады, тәжірибе жоқ. Түрлі тартыс, кикілжіңдер, тіпті, қақтығыстардың орын алуы мүмкін.

Содан болар Өзбекстанда премьер министр орынбасары Рүстем Әзимов деген шенеунікті бір ақпарат құралдары тұтқындалды, енді бірі үй қамаққа алынды деп жатыр. Бұл да сол өзбек элитасы ішіндегі қақтығыстардың бір көрінісі болар.

Енді өзімізге келсек. Әрине, ешкім ешкімге өлім тілемейді. Басшыға жамандық тілеу салтымызда жоқ. Дегенмен бір адамға ғана емес, қаншама миллион халықтың тағдырына қатысты іс болғандықтан мұндай мәселелер ашық айтылып, жан-жақты талдануы қажет. Керек десеңіз Ата заңымызда да қандай жағдайда президенттің өкілеттілігі уақытынан бұрын тоқтайтыны, тіпті, оны биліктен айыру жолдарына дейін тайға таңба басқандай жазулы тұр.

Елбасы Н. Назарбаев ел айтып жүргендей Қазақстан басшылығына 1991 жылдың 1 желтоқсанында келген жоқ. 1989 жылдың 22 маусымында Қазақстан Компартиясының Бірінші хатшысы болып сайланды. Оның алдында бес жылдай министрлер кабинетін басқарды. Қысқаша айтар болсақ, Нұрсұлтан Әбішұлы отыз жылдан астам уақыт республика басшылығында келе жатыр. Мұның барлығын не үшін санамалап отырмын? Біз де жағдайымыздың Өзбекстаннан асып кете қоймағанын, ондағы қиындықтар бізде де орын алуы мүмкін екенін түсіндіру үшін.

Елбасы бүгінде шын мәнінде Конституцияның кепіліне айналды. Елдегі барлық маңызды саяси мәселелердің соңғы нүктесін сол қояды. Мемлекет басшылығында жүрген басқа лауазым иелері, шенеуніктер түгелдей президенттің балалары сияқты. Халықтан имене қоймайды, қоғамдық пікірмен санасуды ойламайды, тек президенттен қорқады. Ал, әке-шешесі қонаққа кеткенде балалар не істеуші еді? Бұзық болады, үйді шашады, қымбат бұйымдарды қиратады, бөтен балаларды үйге кіргізеді...

Міне, Қазақстандағы саяси элита, ел ағалары, осыны ойлауы керек. Қазірдің өзінде билік басындағылардың бір бірімен қырғи-қабақ екенін, астыртын айқасып жататынын естіп біліп отырмыз. Ертең сындарлы сәт туғанда ол астыртын айқастар ашық соғысқа айналмай ма? Кландардың қақтығысында қарапайым халық құрбан болмай ма? Әншейінде Елбасын аузынан тастамайтын кей зиялылар да, президентті қоспай сөз бастамайтын шенеуніктер де ертең құбылып шыға келуі мүмкін. Өйткені, артындағы жасырын қожайындары қолына көсеу ұстатып, араздықтың отын өршітуге пайдаланады. Бейбіт заманда-ақ әкімді мақтап кітәбын шығартып жүрген, министрге жағынып, баласын қызметке орналастыратын ағаларымыз аз емес қой.

Сондықтан да, қоғам түрлі алауыздыққа, қақтығыстарға қарсы иммунитет қалыптастыруы тиіс. Осы бастан күрделі мәселелер ашық айтылып, бір күнде шешіле қоюы күмәнді жайттар анықталуы керек. Конституцияның, Тұңғыш президент туралы заңның, басқа да заңнамалардың мүлтіксіз орындалуы қамтамасыз етіліп, заң талаптарын айналып өту, бұзу, елемеу сынды әрекеттерге қоғам қарсы тұра алуы тиіс. Халықты ондай іске бүгінгі билікте жүргендер жұмылдырмайды. Ол кезде олардың өзі сондай бұрмалаушылықтармен, айтыс-тартыспен айналысып кетуі мүмкін. Халық аузы дуалы зиялы қауымға, артынан сөз ермеген, ешбір мүдделі топтардың жыртысын жыртпайтын бірбеткей саясаткерлерге сенім артады. Яғни, билік транзиті алдындағы қоғамның міндеті алауыздыққа бой алдырмай бірлікте болу болса, мемлекеттік аппарат қолданыстағы заңның орындалуын, қиын-қыстау кезеңде конституция бекіткен талаптардың сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Одан қиыс кетсек, жағдайымыз қиындайды...

Сәруар Айнабеков

Связанные Статьи