Жапон мектебіндегі 1 қыркүйек

/uploads/thumbnail/20170709061342976_small.jpg

Алматыда жапырақтар сарғая бастаған. Күз келіп, оқушылар мектепке оралуда. Ал Жапонияда бұл мезгіл мүлдем басқаша. Бұнда оқу жылы көктемде, сәуірдің 1-де басталған. Қазір оқу жылының бел ортасы. Осы уақытта біз елдің Кансай аймағындағы әйгілі  Осака жеріне сапар шектік.  Мақсатымыз — Сэннан уезi, Таджиричоу кентiнiң бастауыш мектебiне бару.

 1994 жылы теңізге соны технологиямен әлемде болмаған бірегей әуежай салынған еді. Атақты Кансай әуежайына таяу орналасқан алақандай аралдағы бастауыш мектепті көруге қатты асықтық. Жапон оқушыларына Қазақстан туралы әңгімелеп, қазақ балаларының сәлемін жеткізу біз үшін құрмет.

Теңіздегі әуежай

Атауы ұлы төбе, жуан төбе деген мағына беретiн Осака қаласы Күншығыс елiнiң ерте заманнан сауда-саттық айлағы, экономикалық орталығы болған. Осака шаһары онымен аттас префектураның ғана емес, мемлекеттiң бүкiл Батыс бөлiгiн қамтитын Кансай деп аталатын аймақтың да бас қаласы саналады. Бүгiнгi заманда да Осака елдiң сауда-саттық орталығы ретiнде белгiлi. Осака сондай-ақ теңiздегi әуежайымен танымал. Осакадан 50 шақырымда орналасқан Кансай әуежайын салуға жаңаша технологиялық әдiстер пайдаланылды. Жағалаудан бақандай  екi шақырым қашықтықта, су үстiнде  салынған  айлақ теңiз тереңiнен 60 фут (1 фут — 30,48 см) бикте.

Жылына халықаралық және мемлекетiшiлiк  160 мың рейс қабылдайтын Кансай әуежайы дүниежүзiндегi теңiзге салынған бiрден-бiр айлақ болып табылады. Оған қоса, әлемдегi ең алып жасанды арал да осы айлақ. Жер  жүзiндегi ең ұзын ғимарат та Кансай әуежайында. Әлемдегi ең үлкен қос қабат  көпiрдi де осы «аралдан» көремiз. Көпiр арқылы әуежай мен жағалау арасын электр пойыз, автобус, такси тәрiздi көлiк түрлерi жалғап жатыр. Теңіздегі әуежайға құрлықтағы ең жақын станса Таджиричоу кентіндегі Ринкутаун стансасы. Осакадағы биiктiктiң белгiсiндей болған айналмалы дөңгелек — канраншя әлемдегi ең үлкенi саналады. Осака океанариумының дәл жанындағы алып дөңгелектiң диаметрi 100 метр. Осы дөңгелекке отырып 112,5 метрлiк биiктiктен шаһарды тамашалауға болады. Ал Осакадағы Умэда мұнарасының төбесiнде бақ орналасқан. Жер бетiнен 170 метр биiктегi бұл бақты аралап жүрiп төмендегi  Осака шаһарынан бастап алыстағы Аваджи аралына дейiнгi  аймақты шолып шығудың өзi бiр ғанибет!

Әлемдегi iскерлiк байланыстың iс-қағаз жүзiнде бекiген алғашқы қаласы да осы Осака. Сэтонайкай (Iшкi Жапон теңiзi) аймағы Осаканың сауда-саттық орталығы болуына басты негiз болды. Сексен сегiз көпiрiмен белгiлi шаһарды жапондар «су атанасы» деп те атайды. Осаканың «Аспан асты асханасы» деп аталу себебi, көптеген ұлттық тағамдардың тарихы осы қаладан басталады. Умэда (алхоры даласы) деп аталатын жер астынан салынған үш қабатты сауда кентi шаһардың солтүстiгiнде. Бұнда күнiне 600 000 адам ұлттық ас мәзiрiнен дәм татып, керек дүниесiн 200-ден астам дүкеннен табатын көрiнедi.

Өтірікті жек көретін депутат

Осака префектурасының орталығы Осака қаласынан шығып, электр поезбен Сакаи, Такаиши, Идзумиоцу, Тадаока, Кишивада, Кайдзука сияқты қалалардан өткенде көлiк Таджиричоу кентiнiң Ринкутаун стансасына тоқтайды. Дүниежүзiндегi теңiз бетiне салынған жалғыз ұшақтар айлағы — Кансай әуежайына ең жақын кент те осы Таджиричоу.

Жапон мектебiне кiруге рұқсат алу оңай болмады. Кiм болсаң да, табалдырығынан аттай алмайсың. Тәртiптiң қаталдығы сонша, сабақ кезiнде мектеп директорының өзi сыныпқа кiруге хұқылы емес. Өзге тұрмақ мектептiң өз қызметкерлерi де сабақ барысында сыныптың есiгiн қағып, мұғалiмнiң мазасын алмайды.  Таджиричоу бастауыш мектебіне бізді жергілікті Парламент депутаты Мйоукай Кадзухира көк түсті автокөлігімен жеткізіп салды.

Депутаттың екi ұл, бiр қызы бар. Баласының үлкенi студент, екеуi мектепте оқиды екен. Келiншегi асханада аспаз. «Жұмысбасты болсам да отбасыма, әсiресе бала тәрбиесiне басым көңiл бөлемiн. Балаларым өскенде кiшiпейiл, мейiрiмдi, адал азамат болса деймiн. «Саясат адамы ең алдымен қандай қасиетке ие болу керек?» деген сұраққа Мйоукай сан «Жан-дүниесiнiң адалдығы қажет» деп, жауап бердi. — Жалпы өзiм өтiрiктi жек көремiн. Адамдармен адал қатынаста болған дұрыс деп есептеймiн. Мықтылықтың да түр-түрi бар. Ең жақсысы  қоғамға, яғни айналаңа адал болу».

Қызметiнен қуаныш табатын депутат өзi сайланған елдi мекеннiң кез-келген мәселесiне селқос қарамауды борыш санайды. Халық қалаулысы деген атқа лайық қызмет етудi жапон депутаты парызым деп бiледi.

Жапонияда Парламент депутаттары жерiнiң шалғайлығына қарамастан апта сайын Токиодан қоғамдық көлiк шинкансэнге (супержүрдек поез) мiнiп, өзi сайланған аймаққа барып, халықпен кездесу өткiзедi. Мйоукай санның жұмыс жоспарында да Таджиричоу кентiн аралап, бастауыш мектебiне апта сайын бару мiндеттi шаруаның бiрi. Мйоукай сан екеумiз таңғы сағат 8 50 -де бастауыш мектептің қақпасынан кірдік.

Жапонияда баланы тазалыққа титтей күнiнен тәрбиелейдi

Депутат мырза көлiгiнен түсiп, кiшiпейiл түрде есiк ашып, iлтипат көрсеттi. Iргедегi мектепке жаяу баруға болса да шенеунiктiң қарапайым журналистi көлiгiмен алып жүруi аса жоғары мәдениеттiлiктiң белгiсi деп бiлдiм.

Мектеп ауласында бiздi ешкiм қарсы алмады. Депутат келдi деп, мұғалiмдер сап түзеп, қызыл кiлем төсемедi. Мйоукай сан екеумiз сабақ уақытындағы тыныштықты «бұзып», бiлiм ордасының табалдырығынан аттадық. Депутат аяқ киiмiн босағада қалдырып, шкаптан көп тәпiшкенiң бiрiн алып кидi. Мен көргенiмдi iстедiм. Жалпы сырттан кiргенде аяқ киiмдi ауызғы бөлмеде шешу дәстүрлi жапон үйiне ғана емес, ұлттық стильдегi қонақүйлерге, асхана-мейрамханаларға да ортақ талап. Жапон мектебiндегi тазалыққа таңдай қақпай тұрмайсың. Дәлiздi бойлай қаз-қатар қолжуғыштар,  сабынның сан түрi, ауыз шаятын сұйықтық, сүлгiлер, т.б. санитарияға қажет  заттар тiзiлiп тұр. Бiз балалармен кездесерде ешкiм талап етпесе де бетi-қолымызды жудық. Мен Жапонияның барлық қалаларындағы стансалар мен мекемелердiң дәлiзiнен көрген дезинфекциялайтын сұйықтық Таджиричоу мектебiнде де тұр екен. Жапонияда балалар тазалыққа титтей күнiнен тәрбиеленедi.

Ең көп сағат саны мемлекеттiк тiл пәнiне бөлiнген

2006 жылы 100 жылдығын атап өткен бұл мектепте бүгiнде 559 бала бiлiм алуда. Бастауыш мектепте үш жыл оқыған соң оқу алты жылдық орта мектепте жалғасады.  Жапон мектептерiнде сабақ тек мемлекеттiк тiлде жүредi.

Мйоукай сан екеумiздi кабинетiнде қарсы алған мектеп директоры Китаура сан мұғалiмдердiң iс жоспарымен, сабақ кестелерiмен, мектептегi мәдени шаралар бағдарламасымен  таныстырды. Бұл бiлiм ордасында ең көп сағат саны кокуго (мемлекеттiк тiл) пәнiне бөлiнген. Бiрiншi сынып балалары бұл сабақты аптасына 9 сағат, жылына 306 сағат оқыса, математикаға 136 сағат бөлiнген. Екiншi сынып балалары кокугоны аптасына 9 сағат, жылына 315 сағат оқиды екен. Ал математикаға жетiсiне 5 (жылына 175 сағат) бөлiнген. Шет тiлi жалпы бiлiм беру бағдарламасына сәйкес орта мектепте бесiншi сыныптан бастап үйретiледi. Оның өзi де аптасына 1 сағат қана! Бұл жапон балалары ағылшын немес басқа да шет тiлдерiн бiлмей қалады деген сөз емес. Басты мәселе ұлттық құндылықтарға қаныққан, ана тiлiнде ойлап, дүниенi өз тiлiнде түйсiнетiн ұрпақ тәрбиелеуде болса керек.

Адам болуды үйрететiн мектеп

«Таджиричоу бастауыш мектебiнiң ұраны — «Джирицу-юджоу-кэнкоу» (адам болуды өзiң ойла, айналаңа мейiрiмдi бол, денсаулығыңды сақта). Бұл жапон педагогикасындағы читокутай ұғымынан шығып отыр. Бiздiң жеке тұлғаны тәрбиелеудегi басты принципiмiз осы» — дедi, мектеп басшысы Китаура сан. Читокутай ұғымын талдайтын болсақ, чи — сана негiзi, бiлiм,  ал току — рухани, парасат негiзi болса, тай — зат, пiшiн. Бұл үшеуiнiң мекенi — бас, жүрек, дене.

Бұл мектептiң балаларына әр сәрсенбi, жұма күндерi сыныпта 10 минут кiтап оқу мiндеттелген. «Таңғы оқулар» деп аталатын бұл шарадан бөлек әр бала аптасына бiр мәрте мектеп кiтапханасында көркем әдбиет оқиды. Бұл жөнiнде директордың оқу iсi жөнiндегi орынбасары Канмури сан әңгiмеледi. Бiрiншi сыныптың 2-шi тобына кiрiп, сабақ барысын бақыладық. Сынып жетекшiсi Куматани Маюко санның педагогикалық шеберлiгiне, ұлттық тәрбие мен жаңа технологияны астастыра бiлетiн бiлiмпаздығына тәнтi болдық. Жапонияда бiрiншi сынып балалары егiстiк жұмысына араласып, табиғатқа жиi шығады. Тарихи орындарға, мұражайларға ең көп баратындар да оқушылар. Мектепте отбасы жұмысына арналған кабинет  жабдықталған, 3 сынып балалары  «Отбасы тәрбиесi» деген пәндi осында оқиды. Ал «Қарияларға құрмет» деп аталатын сабақ барысында балалар ақсақалдармен жүздесiп, шаруасына қолғабыс тигiзедi. Егiстiкте орақ орып, келсаппен күрiш түюге де бастауыштан баулиды.  

Қалалық кiтапханаларға да оқушылар көп барады. Мысалы, Нара орталық кiтапханасында бүлдiршiндердiң кiтап оқуына жайлы болуы үшiн көрпелер төселген арнайы бөлме жабдықталған.

Бiз мектептiң спорт алаңына шыққанымызда қолдарына қып-қызыл таяқша ұстап, жүгiрiп жүрген 3-4 сынып оқушыларын көрдiк. Бұл — тарихы көнеден басталатын наруко деп аталатын аспап. Наруконы кезiнде самурайлар қорғаныс ретiнде қолдарына ұстап жүрген. Бұл жай ғана құрал емес, ритуалдық мәнi бар зат. Оның шыртылдаған дыбысынан құс та үркедi, жын-сайтан да жоламайды деседi. Бүгiнде наруко жапон оқушысының даладағы дене шынықтыру сабағында қолына ұстайтын құралына айналған.

Шарафат Жылқыбаева

Осака

 

Оставить комментарий

Связанные Статьи