Реформадан көз ашпайтын, басы даудан арылмайтын Білім және ғылым министрлігі биылғы оқу жылына біраз өзгерістер енгізді. Министрдің айтуынша, биылғы оқу жылында білім берудің және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы қадамдары жасалады. Ол бірінші кезекте орыс мектептеріндегі қазақ тілінің сағаттарын көбейтуден және оның сапасын арттырудан бастау алмақ. Жалпы орта мектептердегі қазақ тілін оқыту бағдарламасы бұрынғы қолданыста қала бермек. Сонымен қатар, үш тілде білім беру жүйесі қолға алынады.
Естеріңізге салсақ, үш тілді білім беру жүйесіне дүйім жұрт қарсы болып, ел зиялылары Ерлан Сағадиевке наразылық хатын да жазған болатын. Бірақ, министр ел элитасы өз балаларын шет елде оқытып, қарапайым малшының балаларының өзге тілді оқуларына қарсы екенін және "КИМЭП", ҚБТУ, IT сияқты шет тілдерінде білім беретін жоғарғы оқу орындарына қарапайым ауыл баласының түсе алмай қиналатынын, сондықтан барша қазақстандық білім алушылар үш тілде оқуға әлеуметтік жағдайына қарамастан тең құқылы болғанын айтқан еді.
Министр биылғы жылдан бастап 73 мың мектеп мұғалімі жаңа әдістемеге арнайы дайындалатынын және ол мамандарды дайындау үшін Назарбаев зияткерлік мектебінің 80 ұстазының дайын екенін де мәлімдеген. 2016 жылғы қыркүйек айынан бастап 18-19 пәннің орны 13-14-ке дейін қысқарып, биылғы жыл пәндердің санына емес, сапасына көп көңіл бөлінбекші. Білім беруден бұрын әкімшілік есебі үшін көше тізімін жазып, сайлауға адам жинап, тексеріс пен қағазбастылықтан көз ашпайтын ұстаздар қауымы «Жаңа қабылданған заң нормасына сай енді мектептерден есеп сұрайтын жалғыз мекеме ҚР Білім және Ғылым министрлігі ғана болады»- деген Сағадиев сөзіне сенім артып отыр.
Үш тілділік 2019-шы жылға дейін шегерілгендіктен, әзірше мектеп жүйесінде қазақ тілін жылдам үйретудің әдістемесі қолға алынбақ.
«Мен іс басына қазақ тілін – өзімнің ана тілімді шеттетейін деген оймен келгенім жоқ, әлемдегі ғылым жаңалықтарын қазақ тіліне аудару керек дейді кейбір ағайындар. Дұрыс-ақ болар еді, бірақ әлемде біздің жастарға керек, күніне мыңдап емес миллиондап шығып жатқан ғылым мен өмір жаңалығын дер кезінде қазақ тіліне аудару тіпті мүмкін емес. Оған қаражат та, басқа мүмкіндіктер де жоқ. Сондықтан біз болашақ үшін үш тілдік жүйеге көшу керекпіз» -деген министр үш тілділік реформасын 2019-шы жылдың еншісіне қалдырғанымен, жоғарғы оқу орындарында биылғы жылдан бастап Қазақстан тарихын оқытуды тоқтатқан болатын. Сағадиевтің басты жаңалығы ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігі мен SIT (интеграциялық тесттерге (System Integration Test) жүйесіне ауысу болды.
Тағы бір, жаңалық, биылғы бірінші сынып оқушылары 12 жылдық мектептің түлектері болмақ. Сынақ алаңына айналған білім жүйесіне жаңаша өзгерістер мен тосын жаңалықтардың толастамайтынына үйренген қазақстандықтардан биылғы жылы қандай жаңалық күтетіндерін сұраған едік:
«Жаратылыстану (химия, физика, биология, информатика) пәндерін үш тілде, оның ішінде қазақ тілінде де жаңа әдістемемен оқыту көзделіп отыр. Сондықтан биылғы жылдан бастап 73 мың мектеп мұғалімі жаңа әдістемеге арнайы дайындалады», - депті өз мәлімдемесінде министр.
Осы мақсатта биыл 2.5 мың, келесі жылы тағы осынша мектеп кең жолақты интернет желісіне қосылмақ. Бұған арнайы қаржы бөлінген. Сонымен қатар, министр жаңашылдықты енгізу үшін 73 мың мектеп мұғаліміне жаңа әдістемені үйрететін 80 маман Назарбаев Зияткерлік мектептерінде дайын тұр екен.
Дүкенбаева Қанымжан, Алматы қаласы жалпы білім беретін № 72 орта мектеп мұғалімі:
Қағазбастылықтан арылып, өзіміздің тікелей білім беру деген міндетімізге кіріскенімізді ғана қалаймыз. Мұғалім қауымын білесіздер, қоғамдық жұмыстың бәрінде біз жүреміз. Аула тазалаудан бастап, концерттің өтпей қалған билетіне дейін алу біздің міндет. Сондықтан, осындай қосалқы ұсақ-түйекті біздің мойнымызға артуды доғарса жақсы болар еді.
Мұқашева Бақытгүл, Жаркент қаласы, Луначарский атындағы мектеп- гимназиясының ұстазы:
Биылғы оқу жылында өзгерістер көп. 12 жылдық оқу жүйесі, ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігі бар дегендей. Осы жылы ұстаздар қауымының айлығын көтереміз деген, енді осы уәде орындалар деп сенеміз.
Ошанов Орынбай Жаңабайұлы, тарихшы:
Жаратылыстану ғылымы қазақ үшін жат емес. Қазақ даласында металлургияның тарихы төртмыңжылдықты қамтиды. Қазақтың металлургияға байланысты танымы, тілдік қоры әлемдегі ең алдыңғы қатарда тұр. Әлемде өз тілінде металл түрлерінің атауы болмай, латынша атауға жүгінетін халықтар, ұлттар жетерлік. Ал қазақ қоладан темірге дейін сізге металлды жіліктеп, бақайшағына дейін шағып береді. Өйткені оның түп бабасы әлемдегі тұңғыш металлургтердің бірі, ол мына дала төсіндегі төртмыңжылдық металлургия тарихын, әрі мәдениетін алып жүруші, бойына сіңіруші және күні бүгінге дейін жеткізуші. Оқушыларға осы бай тарихымызды сіңірудің орнына, енді келіп осының бәрінен бас тартып, шет тілінде (ағылшын), тек «Менделеев кестесі» бойынша жаттатып шығуымыз керек. Жоқ, мен Менделеев кестесіне қарсы емеспін, оны да жаттасын. Бірақ төл атауларын ұмытпасын. Асқар Жұмаділдаев ағамыздың шырылдап жүргені осы! Бірінші әлем ғылымын өз тілімізге аударуымыз керек (терминдерді деп отырған жоқпын), осылайша қазақ тілінің технократты мүмкіншілігін арттырып (ағылшыншаны қоса үйреніп), осы біліммен бәсекеге түсу керек.
Назым Мұхамедиева, ҚазҰУ журналистика факультетінің ұстазы:
Біздің білім жүйесінде жыл сайын бір жаңалық, жыл сайын жаңа министр ауысып, жыл сайын сынақтар мен тексерулер болатынына етіміз үйреніп қалған халықпыз ғой. Биылғы оқу жылы шынын айтсам, ешқандай реформалардың болмауын күтемін. Оқушы да, оқытушы да әр жыл сайын әр министрдің жаңалығына бейімделіп, енді үйрене бастағанда тағы бір өзгеріс шыға келеді. Сондықтан осы уақытқа дейінгі реформада айтылған дүниелерді жүзеге асырып, биылғы жылы тыныш қана жүргеніміздің өзі жаңалық болар еді деп ойлаймын.
Дәурен Мақсұтханұлы, ата –ана:
Биылғы оқу жылында да реформалар өз жалғасын тауып жатыр. Үш тілдік биылғы бірінші сыныпқа барғандардан бастау алды. Бірінші сыныптан бастап үш тілмен баланың басын ауырту басталды. Нәтижесін уақыт көрсетеді. 1-сынып оқушылары 5 күндік оқу тәртібіне көшеді екен. Бұл жақсы, бірақ басқа балаларды да осы режимге көшіру керек қой, алаламай?! Әрине жыл сайын реформаға ұшырайтын білім саласы, оның ішінде орта білім беру жүйесі. Жылда бір жаңалық енгізбей, алдымен бір реформаны бастап, аяғына жеткізген жөн ғой.
Оставить комментарий