Дәстүрлі дін халыққа жат емес, керісінше, оның өнегелік ұстанымдары мен қағидаттары ұлттық мәдениеттің, ұлттық тәрбиенің, әдет-ғұрыптар мен салт-жоралардың мәні болып табылады. Дәстүрлі діннің адамгершілік-өнегелік құндылықтарымен сабақтасқан ұлттық мәдениет қазақ қоғамының өсіп-өнуіне, дамуына серпін берді. Қазіргі таңда қазақ халқының дәстүрлі діні ретінде ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында ханафи бағытындағы ислам деп көрсетілген. Бұл діннің қазақ мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі мойындалатындығы осы заңда атап өтілген.
Мәдениет – адамдардың өмірлік ұстанымдары мен көзқарастарының, дүниетанымы мен құндылықтарының қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан мәдениет әр түрлі ішкі және сыртқы әсер етуші факторлардан өзгеріске ұшырап, өзінің ұлттық құндылықтарын жоғалта бастаған елде бөтен деструктивті идеологиялар мен сан-алуан шетін ой-пікірлер еркін таралады.
Теріс пиғылды жалған діни ағымдардың таралуы қазіргі таңда жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Деструктивті, радикалды ұйымдар өз жақтастарын көбейту мақсатында идеяларының дұрыстығын діни тұрғыдан дәйектеп, шетін пікірлерді халық арасында кеңінен таратуға мүдделі. Ал жат идеологияның ықпалына түскен азаматтар өз елінің діни-рухани мұраларынан бас тартып, адамгершілік, жанашырлық, отансүйгіштік секілді қасиеттерден алшақтай бастайды. Олар діни негізде отбасынан, қоғамынан, тіпті мемлекетінен оқшаулана түсіп, мемлекеттің зайырлылық қағидаттарына негізделген құрылымын құлатуды мақсат тұтады. Жалған діни ұстанымның жетегінде кеткендер бір қоғамда иық тіресіп өмір сүретін өзге конфессия өкілдеріне де, діни көзқарастары ерекшеленген қандастарына да жек көрушілік танытады. Мұндай адамдар өз Отанынан баз кешіп, оған қарсы қару көтеруден де тайынбайтын жанкештілік жолын таңдауы бек мүмкін.
Кез келген ұлттың мәдени ерекшеліктері, ділі, дүниетанымы мен руханияты өзінің дәстүрлі дініне негізделіп қалыптасады. Яғни, дін – жеке тұлға мен тұтас бір қоғамның рухани ахуалына тікелей әсер ететін өте нәзік құбылыс. Қате діни түсініктер мен бұрмаланған идеялардың қоғамда таралуы салдарынан адамның тұлғалық азғындауы, шаңырақтың шайқалуы, тіпті айрандай ұйып отырған халықтың бөлшектенуі секілді қайғылы жағдайлар орын алады.
Сондықтан елдегі дін және сенім мәселелерін тиімді реттеудің бірден бір жолы – дәстүрлі діннің қоғамдағы беделін көтеріп, рухани құндылықтарды белсенді насихаттау. Сонымен қатар, көп этникалы әрі көпконфессиялы қазақстандық қоғамда дінаралық үнқатысуға негізделген өзара ынтымақ пен келісімді сақтау үшін мемлекеттік органдар мен барлық әлеуметтік институттар ұжымдаса отырып, әрекет етуі қажет.
Дәстүрлі дін – ұлт санасы мен қазақ халқының рухани-мәдени құндылықтарын, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін қалыптастырушы фактор. Дәстүрлі діни ұстаным қоғамды біріктіретін, шетін көзқарасты ағымдарға тосқауыл қоятын, діни экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алатын қуатты идеологиялық тетік болып табылады. Бұл орайда, дәстүрлі діни құндылықтардың кеңінен насихатталуы елдегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етудің нәтижелі жолы болмақ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты өзінің Жолдауында: «Бізге қоғамда, әсіресе жастар арасында діни экстремизмге қарсы профилактиканы күшейту қажет», – деп осы салаға қатысты бағдарды айқындап көрсетті. Сондай-ақ, теріс пиғылды жат ағымдардың алдын алу бағытындағы жұмыстар – Елбасының 2013 жылғы 24 қыркүйектегі № 648 Жарлығымен бекітілген ҚР «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның» өзегін құрайды.
Аталмыш мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында дәстүрлі діни құндылықтарға халықтың қызығушылығын ояту шаралары қоғамдағы радикалды идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырудың ұтымды жолы екендігі анық. Дәстүрлі ислам дінінің ұстанымдары мен адамгершілік, өнегелілік қағидаттарын насихаттау арқылы қазақ халқының дәстүрлі діни-рухани мұрасы қарқынды жандана түседі.
Қазіргі таңда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті діни экстремизм мен терроризмді болдырмау мақсатында радикалды және деструктивті ағымдардың қоғамға төндірер қауіптері туралы халық арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Алайда, шетін көзқарасты ағымдарға қарсы қоғамдық пікірді қалыптастыру, әрі осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігін еселей арттыру мақсатында қоғамға ықпал етуші барлық тетіктерге көңіл бөлген жөн. Бұл орайда, құзыретті мемлекеттік органдармен қатар, Парламент депутаттарының, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, БАҚ және зиялы қауым өкілдерінің өзара үйлесімді әрекеттестігі әсерлі болатыны белгілі.
Халық қалаулыларының беделі мен белсенділігінің, дінтанушы-сарапшы мамандарының білімі мен біліктілігінің, БАҚ өкілдерінің кәсібилік қасиеттерінің бірлескен шаралары Қазақстандағы діни экстремизм мен терроризмнің белгілерін түбегейлі жоюға әрі қоғамдық сананың дәстүрлі ұлттық және діни құндылықтарға негізделіп қалыптасуына ықпал етері сөзсіз.
Қазақтың ұлт болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан дәстүрлі діни құндылықтар ерекше мәнге ие. Рухани-адамгершілік пен өнегелілікке баулыйтын бұл құндылықтар адамның тәрбиесі мен мінез-құлқын, іс-әрекетін, айналасындағылармен қарым-қатынасын, ұстанымдары мен көзқарастарын дұрыс бағытта қалыптастырады. Өзара сыйластық, ізет пен құрмет, ар-намыс, ибалылық, тақуалық – бұлардың барлығы қазақ халқы ұстанып келген дәстүрлі діннің болмысын танытатын негізгі адамгершілік құндылықтар болып саналады.
Дәстүрлі діннің басты ұстанымдарының бірі – халықты елдікке, бейбітшілік пен келісімге шақыру. Бұл ұстаным қазақтың ұлттық құныдылықтарымен үйлесім табады. Оған бабалардың «Ынтымағы мол елден ырыс кетпейді» немесе «Ынтымағы жарасқан елдің – ырысы мол» деген секілді қанатты сөздері айғақ болмақ. Сондай-ақ, ынтымағы жарасқан елде ғана әр пенде Жаратушының алдындағы парыздарын емін-еркін, алаңсыз орындауға мүмкіндік алады.
Дәстүрлі ислам дінінде бейбітшіліктің қадірі аса жоғары бағаланады. Ел тыныштығын бұзу арқылы елдің тұтастығы мен бірлігіне қауіп төндіру дәстүрлі діни ұстаным бойынша кісі өлімінен де ауыр күнә болып есептеледі. Өйткені дәстүрлі діннің мақсаты бесеу – дін және ар-ождан бостандығын сақтау, адам өмірінің қауіпсіздігін сақтау, ақыл-естің салауаттылығын сақтау, отбасы құқықтарын сақтау және адамның дүние-мүлікінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Дәстүрлі діннің шынайы құндылықтарын ұстанып, оларды күнделікті өмірге қолданысқа енгізу, әсіресе, жас буынды мейірімділікке, адал еңбекке, отансүйгіштікке тәрбиелейді. Исламдағы «Отанды сүю – иманнан» деген қағидат елге қызмет етуге үндейді. Қазақ халқы бұл ұстанымдарды ұлттық мәдениеттің рухани құндылықтары ретінде берік ұстанып әрі өзгелерге насихаттап келеді. Идеяны идеямен, ойды оймен жеңуге болады. Сондықтан қоғамдағы теріс пиғылды жат ағымдардың көзқарастарына тоқтау салу мақсатында дәстүрлі діни ұстанымдарды қолдану елдің мерейін үстем етіп, халықтың рухани жаңаруына жол ашады.
М. Муслимов
ҚР МСМ ДІК «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» РММ Исламды зерттеу бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері
Оставить комментарий