Микрафонға тілші қол салды,
Бір салғанда-ақ мол салды.
Жанары оттай жанады,
Таудан да биік талабы.
Жақсылап сұхбат алмаққа
Əншіге жақын барады.
Сонда əнші сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Мен кішкентай күнімнен-ақ үлкен сахналарда өлең айтуды армандағам; жақында «Бəлен» деген жаңа өлеңіме арнайы Бəленияға барып бейнеклип түсіріп қайттық; осындай айтқан өлеңдеріміз жұрттың көңілінен шығып, жадында жатталар болса одан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын»... Осы сарындас көптеген жауаптарға құлағымыз үйреніскелі қай уақыт?! Қатені байқадыңыз ба? Жоқ? Онда əрі қарай кеттік.
Өз арамызда да көп қой: «əлгі Бəленгүлдің ұзатылу тойында Бəленбол деген əнші кеп өлең айтты. Соны көріп ап біздің бала да өлең айтам деп қоймай қоймасы бар ма? Қайдан білсін олардың өлеңді фонограммамен айтып жүргендерін...» Өзіңізді таныдыңыз ба? Жарайсыз! Енді сөздің төтесіне көшейік.
«Өлеңді тіл бастайды, əн қостайды,
Екеуі тыңдағанға ой тастайды.
Ақындық атасынан үзілмеген,
Өлеңді біз бастамай, кім бастайды?!» Дəл таптыңыз, иə, бұл – қара өлең. Əзіл-оспақтан тартып өмірдің мəні мен сəнін, ел қамы мен халық тағдырын қамтитын, төрттағанды, əндетіп айтуға ыңғайлы, əр шумағында, шумақ іші соңғы екі тармаққа ғана бүкіл ойдың ауыр салмағын артатын, өзіне тəн өлшемі мен қалыбы бар қазақтың ежелден келе жатқан өлең түрі. Айтатын ойының нысанасы мен бағытына қарай түрлері де көп. Айт өлең, жарапазан өлең, қыз өлең, жігіт өлең, шариғат өлең, наурыз өлең, т.б. Тіпті кішігірім той-томалақтың өзінде қара өлеңнің қалыптасқан қалыбын сақтай отырып қарапайым ауыл адамдарының арасында да шағын айтыстар орын алып отырған. Бұл – халықтық ақындықтың ең кіші өлшемі. Ал өлеңнің өзі не? Өлең дегеніміз – ырғағы мен ұйқасы қалыпқа түскен, шумағы мен бунағы белгілі тəртіпке бағынған нақысты сөз тізбегі. Абай айтпақшы «Өлеңге əркімнің-ақ бар таласы, Сонда да олардың бар таңдамасы! » Сондықтан да өлең – сөздің патшасы!
Ал біз қай жерден қателестік? Қазақ мəдениеті зерттеле бастаған тұста бар кінəрат. Яғни қазақтың «өлең» сөзі орыс халқына «песня» болып аударылды. Ал осы «песня» сөзі бір жағы «əн» мағынасын да ашатын. Кейіннен өлеңнің «песня» еместігі анықталып, елге «əн» болып орағанда өлең мен əннің ара-жігін ажырата алмай қалдық. Əрине, қазақта əндетіп те айтқан өлеңді. Тізбектесек адам өмірімен қатар жүреміз: бесік жыры, тойбастар, сыңсу, жар-жар, айтыс, тіпті жоқтауға дейін. Болмаса «Бəленбек ақынның бəлен айтыста айтқан өлеңі» деп жатсақ бір жөн. Ал əн ше? Əннің жөні бөлек қой. «Арғынмын, атым Əсет арындаған, Арындап əн сала ма дарымаған?! »-дейді Əсет. Байқадыңыз ба? Өлең айтам демейді, əн салам дейді. Міне, мəселе қайда жатыр. Əннің өлеңнен өзгешелігі əуеннің əуезділігі мен тармақ сөздерінің тұрақтылығында. Сонда біз айтып жүрген «өлең айтудың» дұрыс нұсқасы – «əн салу» екенін аңғарған боларсыз? Тіпті кейбір «ң» мен «н»-ның парқына бара бермейтін ұстаздарымыздан да табылып жатады бұл қателік. Ол кезде тіптен сорақы: «менін оқушым өлен айтады, тағы біреуі Абайдын тақпақтарын жатқа біледі»... Бұл да таныс шығар? Ендеше келесі кезек осы тақпақта!
«Бақа, бақа, бақ-бақ,
Басың неге жалпақ?»... Міне, тақпақ дегеніміз осы. Тақпақ болғанда да қандай тақпақ, үйіңіздегі балабақшаға барғалы жүрген, түбекте отырған баланың айтатыны. Ал сіз оған тақпақ деп Абайдың өлеңін жаттатқызып көріңіз. Демек біз əн мен өлең ғана емес, өлең мен тақпақ мəселесінде де қателесіп жүр екенбіз. «Тақпақ» сөзi көп орайда балалар өлеңi деген ұғымға жақынырақ тұрады. Әрине, бұл жерде фольклорлық шығармалар мен әдеби туындылардың шекарасы ажыратылмайды. Сондықтан да Абай, болмаса Мұқағали сынды хас ақындардың өлеңдерін балаға тақпақ деп үйрету, асылы, дұрыс емес. Ал осыларды шатастыратын адамдарды түземек болсаңыз үйренісіп кеткенін, қазір елдің бəрі солай айтатынын, оның енді еш маңызы жоқтығын айтып ақталады. Неге? Неге біз əншіге өлең айтқызып жүрміз? Неге біз кешегі мен бүгінгі поэзия өкілдері тұрмақ, сонау хандық дəуірінен ел аузында жатталған жыраулар жырларын əліге дейін «тақпаққа» телиміз? Елдің кемел болашағы мен ұрпақтың дəстүрлі тəрбиесін ойласақ, кез келген болмашы қатенің өзі аса маңызды екенін түсінер ек. Тіл деген ата-бабаның үлкен аманаты екенін ескеріп, əуелі өзімізді, екінші кезекте ұрпақтың тілін түзеп, дұрыс сөйлеуін қадағалайық. Əншіге өлең айтқызбайық та, ақынды тақпақ жазады демейік. Бəрі туыстас болса да əркімнің өз еншісі өзінде, əнші əнімен, ақын өлеңімен, балаңыз да өз тақпағымен, ағайын!
Айдана Қайсарбекқызы
Оставить комментарий