ШҚО Үржар аудандық сотының шешімімен елден шығарылған азамат отбасынан ажырап қалды

/uploads/thumbnail/20170709061857750_small.jpg

Қазақ соқтықпалы соқпалы кеңістікте және уақытта тағдыр кешкен. Сол тағдырдың талай тәлкегіне ұшырады. Екі империяның ортасында қыспаққа түсіп, шашырап, талай «зар заманнан» өтті. «Бөлініп қалған ұлт» қасіретін бізден басқа ешкім көрмеген болар. «Арғы бет», «бергі беттің» тәлкегін әр-бір жанұя көрген болар. Талай отбасы арқасүйерсіз қалып, бала-шаға панасыз қасірет шекті. Енді бүгінде егемендік алдық. Төрт көз түгелденіп, бауыр бүтінделді. Тағдырдың жазуымен шетел асқан қаракөздер атамекеніне оралды. Дегенмен бұл игі істің өзінен береке кетіп бара жатқан тәрізді. Оған кінәлі біздің жақтағы әр деңгейдегі шенеуіктердің безбүйректігі, тас бауырлығы. Менің өзіме арғы беттен келген көптеген азаматтар хабарласып, сәлем айтып, кей кездері өз жағдайларынан хабардар етіп отырады. Сонда шекара аймағындағы шекарашылар, кеден өкілдері, полицияның кейбір іс-әрекеттері қабырғаны қайыстырады. Бұлардың бойында осындай керағар мінездер қайдан пайда болған, пәлеқорлықты кәсібилікпен шатыстырып алған ба деген ой келеді... Сол деректердің біріне ғана назар аударғанды жөн көріп отырмын.

Махсұтхан Тұрсынбақ деген қандасымыз 2015 жылы «арғы беттен», яғни Қытайдан ШҚО-ның Үржар ауданына бала-шағасы, әке-шешесімен көшіп келеді. Біздің жаққа келгеннен кейін, жанұясын орналастырып, арғы беттегі жұмыстарын да бітіріп жүреді. Сол кезде велосипедін кедендік аймақтан рұқсатсыз алды, шет ел азаматының шекара арқылы өту құқығын бұзды деп шекарашылар бұл жігітті сотқа береді. Үржар ауданы № 2 аудандық соты шекарашылардың уәжімен келісіп, бұл жігітті қайтадан «Қытай асырып жібереді». Енді соттың шешіміммен бұл жігітке Қазақстанға аттап басуға 5 жылға тиым салынған екен!

Менің қолымда соттың шешімі, сотқа арызданған шекарашылардың тізімі, Махсұтхан Тұрсынбақтың арғы беттен жазған арызы, қысқасы, толық құжаттар бар! Сол жерде Қазақстан Республикасының атынан шешім шығарып берген сотта немесе прокурорда, шекара қызметінің өкілінде жүрек жоқ па? Сол құзырлы азаматтардың туыстары немесе әке-шешесі жоқ па деген сұрақ туады. Әйтпесе, бір қазақтың көз жасына қала отырып, әкесі тірі жетім бала, күйеуі тірі жесір әйел жасап берді ғой? Адамға қиянат деген осы емес пе?

Бір отбасының асыраушысынан айрылып қалғанына қазір бір жарым жыл болған екен. Бұл бүгінгі «ел аман жұрт тыныш» замандағы біздің жағдайымыз. Бұл жерде адамның, жанұяның, одан қалды өзіміздің қандасымыздың тағдырына формальды қарау емес, бүкіл жұрттың бетіне түкіру тәрізді көрінеді маған. Ал енді осы мәселені қалай оң шешуге болады? Бірінші, соттың шешімін доғару қажет. Екінші, шекарашылар сотқа жүгінген құжатты қайтарып алуы қажет. Осы жігітті елге қайтару үшін не істеуіге болады? «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» дейді қазақ. Ақылдасайық... Мына жігітті ата мекенге қайтарудың жолын іздеу қажет!

Ерлан Саиров

Оставить комментарий

Связанные Статьи