Өткен аптада қорытындыланған үкіметтегі кадрлық тағайындаулар бұрынғыларынан аса қатты айырмасы болды деп айта алмаймыз. Биліктің әр тармағында түрлі лауазымды атқарып жүрген шенеуніктерді бірінің орнына бірін қонжитқан әдеттегі ауыс-түйіс болды. Биліктің әр тармағында дейміз-ау, жаңа премьер де, оның екі орынбасары да сол үкіметтен ұзамаған, бірі министр, бірі квазимемлекеттік сектордағы компанияның басшысы екен ғой, айтса да. Бұл тағайындаулар қоғамда оң баға алса, елдің тек әйтеуір бір өзгерістерді қалағандығынан, алдыңғы үкіметтің, нақтырақ айтқанда оның басшысынан мезі болғандығынан деп түсіну керек.
Сонымен, бұл Үкімет құрамынан жаңа есім көре алмадық. Әділет министрлігіне, жаңадан құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне, Орталық сайлау комиссиясына тағайындалған басшылар да Ақорда «колодасында» бұрыннан жүрген, бастысы ауыз толтырып айтарлықтай іскерлігімен де, ел арасындағы харизмасымен де ерекшеленбеген жандар. Президент жаңа орын жаңа мүмкіндік береді, жұмысын ширатады деп сенді ме екен, осындай шешім қабылдады. Осы орайда, Елбасы ақыры жаңадан ешкімді әкелмейді екен, тым болмағанда үлкен қызметке тәуелсіздік жылдары араласқан, тәуелсіз Қазақстанның экономикасын көтеруге, саясатын жетілдіруге үлестерін қосқан, қазір саясаттан сыртқары жүрген жастарды неге жанына тартпаған екен деген де ойға қаласыз.
Осындай ауыс-түйістер кезінде қаржыгер Ораз Жандосовтың үкіметтегі орны ойсырап тұрғанына көз жеткізесіз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ президент жанындағы Жоғары экономикалық кеңесте бөлім басқарған, әр жылдары Ұлттық банк төрағасы, қаржы министрі, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің басшысы, премьер-министрдің бірінші орынбасары сынды лауазымдардан өткен Ораз Әлиұлы бүгінде премьер болмаса да, экономикалық блоктың бір министрлігіне ие бола аларлық тұлға.
Экономикалық реформалар тығырыққа тірелген, өсім кеміп, Ұлттық қорды кеміріп жатқан тұста қаржыгер, әр жылдары президент кеңесшісі, кіріс, қаржы министрі, Қазақстанның инвестициялық қорын басқарған Зейнолла Кәкімжановты неге бір сынап көрмеске? Қазір жеке кәсіпкер ретінде қалыптасып үлгерген экс-шенеуніктің соңғы жылдарда жинаған тәжірибесі президенттік реформаларды іске асыруда іске алғысыз дей аламыз ба?
Оғаш қылықтары, ойланбай айтылған сөздерімен қоғамда күлкіге ұшырап жататын министр, депутат келіншектерді көргенде біраз ведомствода вице-басшылық баспалдақтардан өткен Жанат Ертілесова еске түсетіні рас. Айтса да, Жанат Ертілесова ханымды парламенттегі жаңа бюджетті бекіту жөніндегі жұмысшы тобынан көріп қалдық.
Әлеуметтік блокта да атқарылар іс көп. Кері кетіп жатқандары да жоқ емес. Алда міндетті әлеуметтік-медициналық
сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары тұр. Халықтың барлық бөлігін қамтитын, әр шаңыраққа тікелей қатысы бар бұл реформаны жүзеге асыру сала басшысына оңайға соғады деп айта алмаймыз. Мұндай қиын тапсырмаларды орындау нағыз еңбекторылардың ғана қолынан келеді. Президенттің неге мемлекеттік қызмет, зейнетақы жүйесі саласында біршама реформаларды жүзеге асыруды ұйымдастырған Әлихан Бәйменовті «жарыққа шығармай» отырғаны түсініксіз. Ел арасында «патамушта» деген атпен танымал болған Серік Әбденовті де соңғы зейнетақы реформасының құрбаны боп кетті дейтіндер бар. Әйтпесе, Бішімбаевтің білгенін Әбденов білмейді дей алмайсыз. Қазіргі отырған жері де («ҚазМұнайГаз» ҰК вице-президенті) жаман емес, дей тұрғанмен, «билікке жастар келуі керек» деген ұрандарды тек естіп қана қоймай, іс жүзінде көргіміз келетіні де рас.
Үлкен саясаттан, лауазымды қызметтен шет қалғандар бұл тізіммен шектелмейді. Бағын бизнесте сынап, қоғамдық қызметте көшбасшы боп жүрген экс-шенеуніктер жетерлік. Олардың барлығы ел сенімінен шықты, «саяси өлікке» айналды деу асығыстық та болар. Бірі елге жақпаса, бірі Елбасының қырына ілікті. Енді бірі түрлі ықпалды топтарға жақпай шеттетілді. Тек шеттетіліп қана қоймай, саяси алаңға сығалау мүмкіндігінен біржола айырылып, билік жаққа аттап баспайтындай болған сияқты.
Сайлау Бек
Оставить комментарий