Талдықорған мен Балпық би кенті арасындағы жаңа жол құрылысының негізгі бөлігі жыл соңына дейін аяқталады. Тек Бақтыбай ауылы мен Балпық би кентін кесіп өтетін жолды жөндеу келесі жылға қалдырылмақ. Бұл туралы "Қазавтожол" ұлттық компаниясының өкілдері мәлімдеді. Құрылысы 2012 жылы басталса да әлі салынып бітпей жатқан жолды "Нұр Отан" партиясының орталық аппарат қызметкерлері көріп шықты. Жұмыс тобы сондай ақ, Талдықорғанның оңтүстік-батыс ауданындағы құрылысы тұралап тұрған 5 тұрғын-үйдің жағдайымен де танысты, - деп хабарлайды Qamshy.kz "Жетісу" арнасына сілтеме жасап.
Жертөлесі ғана бар бұл 5 тұрғын-үйдің құрылысы жыл соңына таман қайта қолға алынуы мүмкін. Жұмысқа салғырттық танытқан бұрынғы мердігер мекемеге қатысты сот үкімі шыққан. Жобаға бөлінген қаржы қайтарылған. 290 пәтерлі үйлердің жобалық-сметалық құжаттары жаңадан жасалды. Енді үй құрылысын жалғастыруға ниетті компанияларға тендер жарияланбақ. Сонымен бірге нысанның жобалық құны да қайта қаралады.
Бірақ жобаға жауапты «Бәйтерек» АҚ салынатын үйдің әр шаршы метрін 140 мың теңгеден асырмаймыз дейді. Оның үстіне нысан құрылысы "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында қайта жанданады. Үй қолданысқа берілсе мыңдаған адамның баспана мәселесі шешілмек. Ал қазір құрылыстың қолға алынбауы осы ауданның инфроқұрылымын жақсартуға кедергісін келтіруде.
Құрылысы жырға айналған тағы бір жоба Талдықорған мен Балпық би кенті арасындағы жаңа автожол. Небәрі 24 шақырымға созылған жолды салу жұмыстары төртінші жылға жалғасуда. Оған себеп әртүрлі, дегенмен осы жылдың соңына таман негізгі бөлігі аяқталады. "Қазавтожол" компаниясының өкілі осылай дейді. Бірақ толығымен қолданысқа өтпейді, Бақтыбай ауылы мен аудан орталығын кесіп өтетін жолды жөндеу келесі жылға қалады.
Жол салушы мекеменің елуден астам техникасы қазір тынымсыз жұмыс істеп тұр. "Нұрлы жол" бағдарламасы арқылы бөлінген қаражат күшімен халық жол азабынан құтылады. "Нұр Отан" партиясының орталық аппарат қызметкерлері жол құрылысының қалай жүріп жатқанын өз көздерімен көріп шықты.
Ал мынау Балпық би кентіндегі күнделікті қайталанатын көрініс. Болашақта базар маңындағы осы жол жөнделіп, су жаңа трассаға айналады. Алайда көлік кептелісі сол қалпы қалуы мүмкін. Себебі, жол салу жобасында жолаушылар өтетін аспалы көпір немесе жерасты өткелі қарастырылмаған. Астанадан келген жұмыс тобы бұл мәселені назарға алып, тиісті құзырлы органдарға жеткізуге уәде етті.
Оставить комментарий