Үкімет: келелі кеңес іргелі істерге бастайды

/uploads/thumbnail/20170709080006099_small.jpg

Қазіргі күрделі уақыт, қиын заман – қол қусырып, қарап отыратын кез емес.
Осы орайда жаңа Үкімет те өз жұмысына тың қарқынмен, белсене кіріскенін паш етуде. Премьер-министр Б.Сағынтаевтың төрағалығымен, селекторлық режимде өткен Министрлер кабинетінің кешегі отырысында бес бірдей іргелі мәселе қаралып, келелі шешімдері табылды, - деп жазады Qamshy.kz  aikyn.kz - ке сілтеме жасап.
Үкімет мүшелері ең алдымен, азық-түлік өнімдері және халық көп тұтынатын тауарлар бағаларының өсуіне жол бермеу мәселесін қарады. Бұл тақырып бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев қандай өңірлерде қымбатшылық байқалғанына тоқтала келе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтан­дыру үшін қолданылатын шаралар туралы айтып берді.
– Әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауар­ларына бірінші қажеттіліктегі 33 өнім түрі жатады, бұлар – макарон та­ғам­дары, жарма, көкөністер, ет-сүт өнімдері, жұмыртқа және тұз. Бұлар сондай-ақ инфляцияны есептеу кезінде ескеріледі. Ресми статистика бойынша жыл басынан бері тұтынушылық бағалар индексі 5,4%-ды құрады, соның ішінде азық-түлік тауарларына – 5,2%, – деді ол. 
Ұлттық экономика министрлігі елі­міз­дегі бағаның өсуіне әсер ететін се­бептерге талдау жүргізген. Министр осы талдау қорытындыларына жүгіне отырып, бірнеше себепті атады. Біріншіден, бұл – әлемдік нарықтардағы бағаның өсуі және ұлттық валютаның әлсіреуі. Нәтижесінде, шетелден импортталатын, отандық өн­діріс 60 пайыздан кем қамтамасыз ететін тауарлар қымбаттады. Мәселен, ірімшік 55,8%-ға, тауық еті 41,6%-ға, сұлы жарма­сы 55,1%-ға, қант 56,4%-ға қымбаттады. Екінші себеп ретінде министр биыл табиғи монополиялар тарифтерінің және жанар-жағармай бағасының көтерілуін алға тартты. Дәлірек айтсақ, электр қуаты орташа есеппен, 7,9%-ға қымбаттады. Бұл өз кезегінде, тауарлар бағасының ар­туына үлес қосты. 
–Үшіншіден, маусымдық ауытқудың әсері болды. Жыл сайын тауардың жеке­леген түрлері бойынша қоймадағы қор­дың азаюына байланысты олардың ба­ғасы құбылып тұрады. Бұл ең алдымен көкөністер: картоп, сәбіз, жуа, қырық­қабат, қызылша. Баға әдетте, сәуір-тамыз айларында көтеріледі. Төртіншіден, экспорттық жеткізудің әсері бар. Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында шекарамыз ашық. Тиісінше, Ресей мен Қырғызстанның шекара маңындағы аудандарында бағалар өссе болды, біздің ішкі нарықтағы арзанырақ тауарлар соларға лек-легімен әкетіле бастайды. Рас, бұл фактордың оң ықпалы бар: ол отан­дық ауыл шаруашылығы өнімдерін өн­дірушілерге анағұрлым жоғары баға­лармен экспорт жасауға мүмкіндік береді. Бірақ сонымен қатар ішкі нарығымыздағы бағалардың өсуіне де қозғау жасайды, – деді министр.
Ол «жергілікті атқарушы органдардың ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін тиісті шараларды уақтылы қабыл­да­мауы» кесірінен бағалардың өсуі жыл сайын қайталана беретініне назаланды.
– Өңірлерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды рет­теу­дің нарықтық құралдарының бірі – әлеуеті әлі де тиісті деңгейде пайдаланыл­маған тұрақтандыру қорлары болып та­былады, – деп атап өтті министр. – Бұл қорларды ұстап тұру бойынша жұмысты әкімдіктер өте нашар деңгейде жүргізуде. Әрине, оларды дер уақытында толық­тырып, нарықтағы жағдайды қадағалап, маусымдық ауытқу кезінде тауар шы­ғаратын жекелеген облыстар бар. Алайда 2016 жыл бойында тұрақтандыру қорына мүлдем ештеңе қоспаған өңірлер де жетерлік. 
Биыл жылдың 25 тамызындағы жағдай бойынша тұрақтандыру қорла­рын­дағы өнімнің қалдығы – 33 мың тон­на. Қор­ларының ең азы – Ақтөбе (20 тонна), Павлодар (25 тонна), Ақмола (145 тонна), Маңғыстау (234 тонна) және Қостанай (560 тонна) облыстарында байқалады. Бұл ретте Бишімбаевтың дерегінше, қорлары аз болғанына қарамастан, мысалы, Ақмола, Ақтөбе, Павлодар облыс­тары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалалары (1390 және 1230 тонна) биыл сол қорға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуды мүлдем жүзеге асырмаған.
Министр тағы бір сорақы жайтқа назар ау­дартты: 
– Біздің талдауымыз бойынша, әкім­дік­тердің құзырында тауарлық интервенция жа­сау үшін шамамен 4 миллиард теңге бар. Бірақ бұл ақшалардың басым көпшілігі әжет­ке жаратылмаған, банктердегі депозиттерде жа­тыр және сол арқылы олар пайыздық сый­ақылар табуда, – деп ақиқатын айтты Қуан­дық Бишімбаев.
Ұлттық экономика министрлігінің дере­гін­ше, ел Үкіметі «қымбатшылыққа жол бер­ме» деп өңірлерге жіберген қаражаттардың 4 мил­лиард 41,1 млн теңгесінің 3 миллиард 599 мил­лионы депозиттерге орналастырылған кө­рінеді. Бұл ретте тек Алматы қаласы мен Пав­лодар, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан бас­қа өңірлердің барлығы осындай «пайда» табу жолына түсіпті. Министрлік ұсынған мә­ліметке сәйкес, 2016 жылдың 25 тамы­зын­дағы жағдай бойынша ОҚО 1 млрд 547 мил­лион, Жамбыл облысы 429,9 миллион, Қос­та­най облысы 441 миллион 287 мың, БҚО 350 миллион, ШҚО 196 миллион 354 мың, Астана қаласы 181 миллион 622 мың, Қызылорда об­лысы 55 млн 500 мың, Алматы облысы 115 млн 300 мың, Ақмола облысы 91 млн 706 мың, Қа­рағанды облысы 61 млн 756 мың, Атырау об­лысы 48 млн 435 мың, СҚО – 17 миллион 639 мың теңге бюджет қаржысын депозитте ұс­тап отырғандығы анықталған.
Министр тағы бір проблеманы көтерді: тауар өндірушілеріне өз өнімдерімен сөре­лер­ге жетуіне алыпсатарлар жол бермейді. 
– Нарықтар мен базарлардағы орындарға отан­дық өндірушілердің тікелей қол­же­тім­ді­лігін кеңейту керек. Барлық сауда на­рық­та­рын­да – дүкендерде, базарларда және басқа­ла­рында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ұсыным-рекомендациялық ба­ғаны белгілеуді заңмен бекітуді орынды деп са­наймыз! – деді министр. Сондай-ақ азық-түлік тауарлары бойынша тауар интер­вен­ция­ларын жүргізу бойынша тұрақтандыру қор­ларының жұмысын жандандыру ұсынылады. Яғни, бұл қорлар өздеріндегі өнімдерді дүр­кін-дүркін базарлар мен дүкендерге төмен ба­ғамен жеткізіп отырғандары жөн. 
Негізгі баяндамашыны мұқият тыңдаған Үкі­мет басшысы Астана, Алматы, Солтүстік Қа­зақстан, Батыс Қазақстан және Жамбыл об­лыстары әкімдерінен қатаң сұрады. Өйт­кені бірінші қажеттіліктегі тауарлар мен азық-түлік бағаларының ең көп қымбаттауы дәл осыларда орын алыпты. Атап айтқанда, 33 әлеуметтік маңызды тауарлар бойынша ор­таша есеппен бағаның өсуі Астанада – 14%, Маң­ғыстау облысында – 13%, сондай-ақ СҚО, Атырау, Алматы, Павлодар облыс­та­рын­да – 11%-ға жетіп отыр. 
Осы орайда Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның әкімі Ерік Сұлтанов «тек тауықтың сан еті, жуа, тұз, күріш секілді жеті тауар ата­лымы бойынша өңірдегі бағаның орташа рес­публикалық деңгейден жоғары екендігін» бас­қалары арзан болып отырғанын айтты. 
– Ерік Хамзаұлы, мен сіздің салғы­лас­пауыңыз­ды, саудаласпауыңызды қалаймын! Қан­ша аталым қымбат болғандығының қан­дай айырмашылығы бар? Сіздерде қым­бат­шылық тіркеліп отыр, демек, жүйелі жұмыс­тар жүр­гізу керек. Екіншіден, меніңше, сіздің «мынадай азық-түлік өнімдеріміздің бағасы орташа республикалық деңгейден төмен» деп айтқаныңыз жөн емес. Өйткені СҚО тұр­ғын­дарының өмір деңгейі, төлем қабілеті ор­таша республикалықтан төмен болуы ықтимал. Рес­публикалық деңгеймен салыстыруға күш жұмсамай, өз аймағыңыз, ондағы өмір сүру деңгейі мен бағалар үшін жауап беріңіз! – деп шорт кесті Бақытжан Сағынтаев. 
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көл­гінов азық-түлік бағаларына тұрақты мо­ниторинг жүргізіп отырғандарын хабарлады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп тұрады екен. Алайда тұрақтандыру қорына биыл тек 150 тонна жуа, 100 мың литр күн­ба­ғыс майы сатып алынған. Қазан айында 200 тон­на картоп алуды жоспарлағандарын жет­кіз­ді. 
Премьер-министр оған және басқа да әкім­дерге жүздеген миллион бюджет қар­жы­сының депозитте жатпауы тиістігін қадап ай­тып, ол қаржыға бағаны ырықтандыру бойын­ша тиісті шаралар қабылдауды тап­сырды. «Түсінікті! Орындаймыз!» деп сөз бер­ді әкімдер. 
Елорда әкімінің орынбасары болса, Үкі­мет басшысының қойған сауалына жауап таба ал­мады. Бақытжан Әбдірұлы Астананың азық-түлік белдеуінің құрылғанына қара­мас­тан, бағаның неге өсіп жатқандығын сұрады. «Қа­зіргі кезде біз Ақмола, Қарағанды облыс­тары­мен тығыз жұмыс жасаудамыз. Барлық ірі сауда орталықтарында орын ұсындық. Ап­та сайын дәстүрлі жәрмеңке өткіземіз. Оған қос өңірдің барлық ірі тауар өндірушілері қатысады» деді бас қала басшысының орын­басары Қ.Айтмұхамбетов. 
–Қосман Қайыртайұлы, менің сұрағаным бас­қа! – деп оның сөзін бөлді Премьер. – «Қаз­Агро» арқылы қыруар ақша арнайы бағыт­талды, жобалар іске асырылды. Бұл жо­балар қандай тиімділік, нәтиже беріп отыр? Азық-түлік белдеуіне арналып, қанша жо­ба жұмыс жасауда?
Бұған қалабасының орынбасары үнсіз қал­ды. Бірақ Үкімет тарапынан сұраудан құ­тыла алмасы сөзсіз. 
Күн тәртібіндегі бірінші мәселені қоры­тын­дылаған Премьер-министр нарықтағы баға бойынша келісу фактілерін анықтап, жазадан бұлтартпауды тапсырды. «Бірінші ке­зекте қажетті өнімдердің және дәрі-дәр­мектердің бағасының негізсіз өсуіне жол бер­меу мәселесі айрықша бақылауда болуы тиіс және бағалардың ауытқуы болған жағ­дайда дер кезінде әрекет ету керектігін баса айтамын!» деді ол. 
Үкімет жетекшісі барлық әкімдерге баға­ның өсуіне жол бермеу бойынша бақылауды күшейтуді тапсырды. Ал әкімдердің бағаны білу үшін базарларды аралауын «популизм» деп бағалады. 
Премьер шенеуніктерге есеп беру кезінде нақ­ты қандай өнім бойынша нақты қандай се­бептен бағаның өскендігін түсіндіруді жүк­теді.
– Қуандық Уәлиханұлы, сіз жаңа картоп ба­ға­сының өсуіне әлемдік нарық жағдайы әсер еткенін айтып жатырсыз! – деді Ұлттық эко­номика министріне қайырылған Бақыт­жан Әбдірұлы. – Бұл күлкілі емес пе? Егер электр қуаты қымбатшылыққа әкелгенін айт­саңыз, қандай өнімге қалай әсер еткенін егжей-тегжейлі түсіндіре кетіңіз. Барлық мем­лекеттік реттеуші органдар – сіздің ми­нистр­ліктің құрамында! ЖЖМ бағасы былтыр өсті, биыл соның қымбаттағанын тағы да себеп ретінде көрсетіп отырсыз. 
Яғни, бұдан былай әкімдерге де, барлық ше­неуніктерге де үстірт ой, салғырт жұмысқа бой ұруға жол берілмейді. 
Өркендеу кілті – еңбекте
Үкіметтің осы отырысында «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасының биылғы жыл­ғы 9 айдағы қорытындысы жасалады. Ден­саулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Та­мара Дүйсенова өз әріптестерін еңбек на­рығындағы жағдаймен таныстыра кетті. Ми­нистрдің мәліметі бойынша, жұ­мыспен қамту бағдарламасына қатысушылар саны 111,9 мың адам, оның ішінде жұмыс­сыз­дар қатары – 74,4 мың адам (66,5%), өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтушылар – 36,2 мың (32,4%) және «сырттай қызметкерлер» – 1 258 адам (1,2%). 
Бұл ретте 29 жасқа дейінгі жастардың үле­сі 47,4%, әйелдердің жалпы үлесі – 45,1%.
Бұған қоса, бағдарламаға қатысушылар былай жіктеледі: мүмкіндігі шектеулі жандар – 3414 адам, балалар үйлерінің тәрбие­лену­шілері – 103 адам, мектеп, колледж, ЖОО түлектері – 13 197 адам.
Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 2016 жылы шамамен 39,4 мың жұмыс орнын құра отырып, 5 096 жобаны жүзеге асыру көз­делу­де.
– Өткен жылдан ауысқан жобаларды ес­керер болсақ, 1 326 жобаны жүзеге асыру биыл қолға алынған, оның ішінде 399-ы ен­дігі аяқталды. Жаңадан құрылған жұмыс орын­дарына 18 039 адам орналасты, оның ішін­де ЖҚ – 2020 бойынша – 9 472 қатысушы немесе жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 52,5%-ы. Екінші бағыт аясында 794 адам кәсіпкерлік негіздерін үйренуге мүм­кін­дік алды, 759-ы қазірдің өзінде осы мүмкін­ді­гін пайдаланды. 5 384 адам шағын несие алды, 2 975 адам жеке кәсібін ашты. Биыл ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытудың арқасында қосымша 3879 адам қызметке орналасты, – деді Т.Дүйсенова.
Ал жол картасының үшінші бағыты бойын­ша 5 210 адам кәсіби ұтқырлық-мо-
би­ль­­ділігін арттыру үшін тегін оқу мүмкіндігін ал­ды. Олар сондай-ақ тұрғылықты жеріне жә­не жол ақысына субсидия түрінде мем­ле­кеттік қолдауға ие болды. 3 761 қатысушы оқуын аяқтады. 25,5 мыңнан астам мақсатты топ­тардың өкілдері әлеуметтік жұмыс орын­дарына және жастар практикасына орна­лас­тырылды.
– Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойын­ша 699 адам жоғары экономикалық әлеуеті бар елді мекендерге көшірілді, оның 63,2%-ы жаңа мекенжайы бойынша жұмыспен қам­тылды, – деді министр.
– Кешенді жоспарды жүзеге асыру ая­сын­да 2016 жылы жұмыссыз және өнімсіз жұ­мыс­пен айналысатын 417,2 мың адам қамтылғалы тұр. Бұл жалпы жұмыссыздардың 67,2%-ын және еліміздегі өнімсіз жұмыспен қамтыл­ған­дардың 22%-ын құрайды. Қазіргі таңда 313,5 мың немесе 75%-ы жұмысқа орналас­ты­рылды, – деп сендірді министр.
Бірақ та 2016 жылдың екінші тоқсаны бойын­ша жұмыссыздық өткен жылдың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда өзгеріссіз қал­ған (яғни 5% деңгейінде). Өйткені дағдарысқа бай­ланысты кейбір кәсіпорындар мен жұмыс орын­дары жабылуда. Министр ханым «жұ­мыс­пен қамтылғандардың саны елімізде 8 мил­лион 575,3 мыңнан 8 миллион 484,9 мың­ға азайғанын» мәлімдеді. Жұмыспен қам­тыл­ған халықтың құрамындағы өз бетінше жұ­мыс­пен қамтылғандардың үлесі 27,0%-дан 25,7%-ға азайды. 
Жұмыспен қамту орталықтары «Нұрлы жол» жобаларына тек 3 305 адамды ғана, ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарла­ма­сы бойынша небәрі 2 186 адамды жұмысқа тұр­ғызған. Өңірлер бойынша жағдай келе­сі­дей: Қостанай облысында осы орталықтар арқылы ИИДБ жобаларында 9 айда небәрі 21, БҚО-да – 23, Маңғыстау облысында – 42 адам ғана жұмыс тапқан, – деді Тамара Дүй­се­нова. 
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жұ­мыс­пен қамту орталықтары Атырау облы­сын­да тек 56, Ақмола облысында 72 адамға ғана «екі қолға бір күрек» ұсына алған. 
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-ми­нистрі Қайрат Айтуғанов Елбасының тапсыр­масымен ауылда бұқаралық кәсіпкерлікті да­мыту бағытында жұмыс атқарылып жатқа­нын баяндады.
– Елімізде 675 мыңнан астам адам жеке қо­расында мал өсіреді. Бұл адами және өн­дірістік ресурстардың орасан зор әлеуеті са­налады, ендеше, біз оларды ауыл шаруа­шы­лы­ғы тауарларын өндіруге кең тартуға тиіспіз. Өйткені ет пен сүттің 70-80 пайызы жеке қо­сал­қы шаруашылықтарында өндіріледі, бірақ осынша көлем қайта өңдеу өнеркәсібіне жетпейді. Жеке адамдардың өз өнімдерін өткізу мәселелері шешілмеген. Ал отандық өңдеу кәсіпорындары орташа есеппен тек 60 пайызға ғана жүктелген, – деген бірінші вице-министр бұл проблемаларды шешу үшін жеке қосалқы шаруашылықтарды (ЖҚШ) кооперативтерге біріктіру қолға алынып жат­қанын жеткізді.
АШМ осы шараларды жүзеге асыру ар­қылы алдағы үш жылда тауарлық өндіріске 200 мыңнан астам ЖҚШ-ны тартуды, 70 мың­нан астам тұрақты жұмыс орнын құруды, сон­дай-ақ өңдеу кәсіпорындарын 85-90 пайызға дейін жүктеуді жоспарлауда. 
Биылғы жыл соңына дейін 150 ауыл шаруа­шылығы кооперативі құрылатыны ха­барланды: олар 99 сүт қабылдауыш пункті және 2 мыңнан астам отбасылық бордақылау алаң­дарын біріктірмек. Бұл іске 15 мыңдай ЖҚШ тартылады екен. 
–Кредиттеу үшін міндетті шарт – ЖҚШ-ны жеке кәсіпкерлікке көшіру. Жұмыспен қамту жол картасы аясында 25,6 миллиард тең­ге бөлінеді. «ҚазАгро» тарапынан қо­сым­ша 10 миллиард теңге жарна тартады. 2017 жылғы кредитке деген қажет­тілік 42 миллиард теңгені құрайды. Оның 22 мил­лиардын Жол картасы, қалған 20 мил­лиардын «ҚазАгро» қамтиды. Осылайша, қар­жыландыру мәселесі шешілді, – деді Қ.Айтуғанов. 
Ұлттық экономика министрі Қ.Бишім­баев өңіраралық және өңірлік еңбек көші-қо­нын теңгерімге келтіру мәселесіне тоқталды: Біз Елбасының таяуда қойған міндеттерін орын­дауға да баса көңіл бөлудеміз. Елімізде ша­мамен 2,2 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қам­тушы саналады. Оның 400 мыңдайы – ша­ғын бизнесі бар жеке кәсіпкерлер. Біздің мақ­сатымыз – Бизнестің жол картасы аясын­да өзін-өзі жұмыспен қамтушылар арасында бизнесмендер санын арттыру. Ол үшін мик­рокредиттеу тетіктері арқылы жағ­дай жа­са­лады» деді министр. Оның айтуын­ша, ең құры­ғанда 9 сынып бітірген әр­бір азаматқа жұ­мысшы мамандығын тегін игеруге мүм­кін­дік ұсынылады. 
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өз әріптесі Т.Дүйсенова кел­тірген сандарды растады: «Расында, индуст­рияландыру жобаларында жұмыспен қамту орталықтары жіберген тек 2 100 адам ғана еңбек етуде. Бұған себеп – ИИДБ жобалары, не­гізінен, жоғары білікті, белгілі бір техноло­гиямен жұмыс істей білетін жұмысшыларды талап етеді. 
Мәңгілік ел – жұртына жаққан мемлекет
Қазақстан Көшбасшысы мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдіру бойынша бірқатар маңызды міндет қойған болатын. Үкімет отырысында осы мәселе де жеке қаралды.
– Мемлекеттік органдардың басты міндеті – халыққа қызмет көрсету. Оның барынша са­палы әрі оңай көрсетілуін қамтамасыз ету­дің маңыздылығын Елбасы үнемі айтып келеді. Осы бағытта ел игілігі үшін қыруар іс-шара жүзеге асуда. Мысалы, жеке куәлікті алу бұрын бір айға созылса, қазір құжат екі күнде дайын болады. Және тіркеу орнына қарамастан, кез келген қаладан құжатын ала алады. Осылайша, халықтың уақыты ғана емес, қаржысы да үнемделіп отыр! – деді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, ең көп сұранысқа ие қыз­меттердің бірі – қылмыстық құқықбұзу­шылық туралы анықтама. «Бұрын 7 күн ішінде берілетін осы құжатты қа­зір санаулы минут ішінде алуға болады. Кә­сіпкерлік үшін жасалған жеңілдіктер де аса қомақты. Барлық лицензия түрлерін алуға бұрын 30 күн кетіп, ол үшін талай құжат жи­нау­ға тура келетін. Қазір «Электрондық үкі­мет» порталы арқылы оны 15 күн ішінде жү­зе­ге асыруға болады» деген министр мұндай мысалдардың көп екендігін қаперге салды. 
Сондай-ақ Д.Абаев Қазақстанда «Элект­рондық үкіметтің» инфрақұрылымы толы­ғымен жасақталғанын хабарлады. Порталды пайдаланушылар саны 5,5 млн-нан астам адамды немесе Қазақстанның экономикалық тұр­ғы­дан белсенді тұрғындарының 61%-ын құрай­ды. Портал арқылы 147 млн-нан астам электрон­дық қызмет көрсетілген. Портал арқылы тө­ленген транзакцияның жалпы сомасы 23,5 млрд теңге. Негізінен, бұлар – айып­пұлдар мен салық төлемдері.
Министр «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жұмысымен таныстыра кетті. Жүргізілген оңтайландыру нәтижесінде мемлекеттік корпорацияның фронт-офистерінің саны 270-тен 353-ке дейін өсіп, басқарушылық қызметкерлер саны 47,7% қысқарды. 126 ғимарат оңтайлан­ды­рыл­ды. Мемлекеттік корпорация арқылы ен­ді­гі 25 млн-нан астам қызмет көрсетіліпті. 
Үйдің жылылығы – өмірдің жайлылығы
Ел басшылығы жылыту маусымына баса көңіл бөліп отыр. Кешегі Үкімет отырысының күн тәртібіне бұл тақырып жеке мәселе ре­тінде енгізіліпті. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жылыту маусымына дайындық туралы баяндай отырып, «проблемалы» өңір­лерді атады. Оның айтуынша, кейбір өңір­лерде қосымша шаралар қабылдауды талап ететін түйінді түйткілдер бар. 
Атап айтқанда, Семейде «Тепло­коммун­энер­го» коммуналдық шаруашылығына тұ­тыну­шылар өткен қыстан шамамен 354 мил­лион теңге қарыз болып қалыпты. 
Сондай-ақ Қарағанды облысында Те­мір­тауға қатысты мәселе сақталуда: материал­дар­дың кеш жеткізілуі салдарынан «Арселор МитталТемиртау» ЖЭО-ның №1 турбинасы мен №1 қазандықты күрделі жөндеуді аяқтау мерзімін биылғы қазан айының ортасына жыл­жытқан. Ал №2 қазандықты жөндеу 30 қыр­күйектен 25 желтоқсанға қалдырылыпты. «Яғ­ни, жылыту маусымы басталғанда, Темір­тау­да негізгі құрал-жабдықтың резерві қамта­ма­сыз етілмейді!» деп алаңдаушылық білдірді Қ.Бозымбаев. 
Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шым­кентте «1 миллиард 686 миллион теңге қарыздың қордаланып қалуына байланысты» биылғы жылдың 21 тамызынан Шымкент ЖЭО-ға газ жеткізу тоқтатылған. 
Бүгін Үкімет басшысы Қаржы министріне 1,9 миллиард теңге қаражат бөлу туралы тап­сырма берді. Бұл 5 өңірге көмір мен мазут алу­ға бағытталады. Шымкентте ең үлкен қа­рыз жинақталып қалды. Әрине, бұл оңтүстік қой, уақыт әлі бар. Бірақ ОҚО әкіміне шара қабылдау жүктелді. Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдеріне де тапсырма берілді. Осы үш өңір ғана қауіп туғызады. Басқасының бәрі кесте бойынша жүруде, – деп қорытты сөзін Қанат Бозымбаев.
Ауыл – тәуелсіздік тірегі
Қазақ ауылы Тәуелсіздіктің 25 жылдық ме­рейтойына керемет тарту жасағалы тұр. Оның мән-жайын Үкімет мүшелері күн тәр­тібінің бесінші мәселесін қарағанда білді. АШМ дерегінше, Қазақстанда биыл 22 мил­лион тоннадан астам астық жиналғалы тұр. Бұл – бір жарым миллиардтай пұт деген сөз! 
– Биыл ауыл шаруашылығы да­қыл­дары­ның егіс алқабы шамамен 21,7 млн гектарды құрады, – деді Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов. – Бұл был­тыр­ғы көлемнен 445,1 мың гектарға артық. Жал­пы егіс алқаптарының көлемінде дәнді-да­қылд­ардың үлесі – 15,4 млн гектарды, май­лы дақылдар – 2 млн гектарды, бақшалық өнім­­дер мен картоп – 426,7 млн гектарды құрай­­ды. Қант қызылшасы 12,9 мың гектар, мақ­та 109,6 мың гектар аумаққа егілген.
Бүгінде еліміздің барлық аймағында жап­пай егін ору науқаны жүріп жатыр. 20 қыр­күйек­тегі жағдай бойынша 11 078,9 мың гек­тар егін орылып, 16,5 миллион тоннасы ен­дігі бастырылды. Бұл барлық егін алқа­бы­ның 72%-ы. Еліміздің астықты облыстарында (Қос­танай облысы, Ақмола облысы, СҚО) 7,5 млн гектардан аса аумақ орылды және жи­нау науқаны жалғастырылуда. 
Айхан ШӘРІП

Оставить комментарий

Связанные Статьи