Алматы облысы мемлекет басшысы тарапынан лайықты бағасын алды

/uploads/thumbnail/20170709080013787_small.jpg

Мемлекет басшысы тарапынан лайықты бағасын алды
Алматы облысына жұмыс сапарымен барған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңадан салынған «Жастар» саябағының төрінде жұртшылық алдында, журналистерге берген жедел сұхбаты барысында облыстың дәл қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуына жоғары баға берді, - деп жазады Qamshy.kz aikyn.kz - ке сілтеме жасап.
Бұдан бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Алматы облы­сына жасаған жұмыс сапары Талдықорған қаласының әуежайын жаңарту жұмыс­тарымен танысудан басталғанын айтқан едік. Осы танысу кезінде облыс әкімі Амандық Баталов биыл ұшу-қону жола­ғына, жолаушылар алаңына, әуежай маңындағы алаңқайға күрделі жөндеу жүр­гізіліп, жаңа аэронавигациялық ке­шен пайдалануға берілетінін баяндады. 
Әуежайдан соң бірден қант қызыл­шасы алқабына барған Мемлекет бас­шысы осында облыстың «мен» деген мықты аграршыларымен жүздесіп, өңір­дегі ауыл шаруашылығының бүгінгі биігі мен болашақ мүмкіндіктерін саралады. Ескелді ауданындағы еңселі шаруа­шы­лықтардың бірі – «Нам Г.Н» шаруа қожа­лығының тірлігімен танысты. 
Нұрсұлтан Әбішұлы шаруа қожалығы алқаптарындағы жемісті жұмыстың нә­тижесін көрді. Герман Нам өзінің же­тістіктері жайлы баяндады. Заманауи тех­ника, сапасы жоғары тұқым, иннова­циялық тәсілдер саланы жаңа сапалық деңгейге көтеруге жол ашып, өнімділікті барынша арттырыпты. Өткен жылы шаруа қожалығы қант қызылшасының әр гектарынан орташа алғанда 350 цент­нер-­ ден өнім жинапты. Майбұршақтың да пайдасы баршылық екені осы жүздесуде белгілі болды. 
Облыс әкімінің ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасары Серікжан Бескемпіровтың айтуынша, биылғы қант қызылшасының жағдайы жақсы. Же­келеген тәтті түбірдің салмағы 6,5 - 7 келі болатыны алдағы жиын-терім науқанына артылған үмітті еселеп отырған көрінеді. Биыл да гектар берекелігі 350 центнерден төмендемеуге тиісті. Былтыр «Көксу» қант зауыты іске қосылып, науқандық жұмыс аяқталған соң күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жарақтандырылыпты. Биыл «Ақсу» қант зауытына қатысты жылдар бойы қордаланып қалған күрделі мәселенің күрмеуі тарқатылып, қазіргі кезде мұнда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 
Нұрсұлтан Әбішұлы майбұршақ пен қант қызылшасы егістіктерінің жағ­дайына көңілі толғанын байқатты. Өңір­дегі басты жаңалық – облыстың электрон­ды жер картасының жұмысымен танысты. Электронды жер картасының көмегімен кез келген қазақстандық өзі тұрып жатқан аймақтағы жер игеру жағдайымен таныса алады. Бұл өз кезегінде шаруа қожалық­тарына өздеріне тиесілі жер телімдерінің тиімділікпен игерілуін назарда ұстап отыруына мүмкіндік береді. Мемлекет басшысына интербелсенді картаның жұмысы көрсетілді. Карта арқылы Талғар, Ескелді, Ақсу аудандарында жерді мақсатты пайдалану бойынша жүктелген тапсырмасының қалай орындалып жат­қанын сол жерде тұрып көрген Елбасы: «Өздеріне тиесілі жерлерде жұмыс жүр­гізбей, бос қойғандар ол жерлерді қай­тарсын. Мен Бас прокуратураға осы мәселеге қатысты тапсырма бергенмін. Жер жұмыс істеуі, елге пайда әкелуі тиіс. Жер өзінің арнаулы мақсатына пайда­ланылуы керек. Біз мұны қатаң назарда ұстайтын боламыз» деді. 
 Бұдан кейін Елбасы «Текелі тау-кен өндірісі» кешенінде болып, моноқаладағы өндірістің уақыт көшінен қалыспауына өзіндік үлесін қосып отырған кәсіпорын жұмысымен танысты.
Инновациялық технология бойынша темір кенінен жылына 400 мың тонна шойын балқытуды көздеп отырған ке­шенді ірі жоба «Текелі қаласын дамы­ту­дың 2015-2017 жылдарға арналған жос­пары» мен «Қазақстанды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған индус­триялық-инновациялық бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда. Жобаны орын­дауға бес жүзге жуық адам жұмыл­дырылған. Кешен толық іске қосылған­нан кейін тағы да осыншама адам ең­бекпен қамтылмақ. Бұл өз кезегінде Текелі қала­сының әлеуметтік-эконо­микалық дамуына оң ықпал етері сөзсіз. Қазіргі кезде мұнда байыту фабрикасының бұрынғы басқармасын Bapy Steel ЖШС кеңсесіне арнап қайта жөндеудің сыртқы жұмыстары, жатақханасы мен асханасы бар тұрғын жай кешенінің құрылысы аяқ­талыпты. Сонымен бірге, кәсіпорын жұ­мысшыларына арналған екінші тұрмыс­тық кешен күрделі жөндеуден өткізілген. Жоба бастамашыларының Елбасына айтқанына қарағанда, бірінші кезекте байыту комбинаты мен №1 домна пеші іске қосылады.
Инновациялық жобаның құны – 8,2 миллиард теңге және оның басым бөлігі игеріліп, құрылыс-монтаж жұмыстары мен жабдықтар алуға жұмсалыпты.
Талдықорған қаласының бүгінгі көркі сырттан келгендерді ғана емес, осындағы тұр­ғылықты жұрттың біріне айналған біз­ді де таңғалдырады. Облыс орталы­ғы­ның өркендеуі мен өзгеруіне көп күш жұм­салуда. Биылдың өзінде жұрт назарын ау­даратын, көпшілікке қызмет ететін бір­неше керемет нысан пайдалануға берілді. Солардың бірі – Елбасының ел денсау­лы­­ғын тұрақты на­зарда ұстап, қадағалауды қам­тамасыз етуге қатысты жүктеген тап­сыр­масының жүзеге асуының көрінісі бо­лып саналатын қалалық көпсалалы ауру­хана. 
300 адамға лайықталып салынған ме­дициналық мекеме стационарлық, стацио­нарды алмастыратын жоғары ма­мандан­ды­рылған медициналық көмек көрсетеді. Заман талабына толық жауап бе­ре алатын, соңғы үлгідегі жаңа ме­дици­налық құрыл­ғы­лармен толық жабдық­тал­ған. Мамандар да іріктеуден өтіп, өз­де­рінің білімділіктері мен біліктіліктерін дә­лелдей білген жандар. Құрылысына 9 371,0 миллион теңге жұмсал­ған көп­салалы ауруханаға құны 4 094,0 мил­лион теңге тұра­тын заманауи медициналық жаб­­дық­тар алыныпты. Барлығы 676 адамды жұ­мыс­пен қамтып отырған ауруханада 143 дәрігер жұмыс істейді. Жалпы алаңы 33 885,6 шаршы метрді құрайтын денсаулық сақтау мекемесінде терапия, хирургия, поли-жара­қат, қалпына келтіру орто­хирур­гиясы, ней­ро­хирургия, миниин­вазив­ті хирургия, ото­риноларингология және жақ-бет хирур­­гиясы, урология, оф­та­льмология бөлім­шелері жұ­мыс істей­ді. Одан бөлек, маг­ниттік-резо­нанс­тық то­­­мограф, экси­мер­лік лазер, баро­камера, эндовидеохирур­гия­лық құрылғы және тағы басқа да жаңа тех­но­логиялар бар.
Елбасы жаңадан ашылған Оқушылар са­райында болып, 1800 балаға арналған өнер-білім орталығының кабинеттерін ара­лап көрді. Галереяға қойылған балалар қо­лымен салынған туындыларға ерекше на­зар аударды. Оқушылар сарайында 52 үйір­ме жұмыс істейді. Қырық жылдық та­­рихы бар «Сол­нышко» хореографиялық би ансамблі де осында орналасқан. 
Нұрсұлтан Әбішұлы би үйірмесіндегі ба­­­ла­лардың өнерін тамашалап, «Қама­жай­ды» мың бұрала билеген жас өнерпаз­дар­­дың өнеріне сүйсінді. Бұдан соң дом­бы­ра­­шылар үйірмесіне бас сұғып, Құр­­­­­манғазының күйі «Балбырауынды» күм­бірлете ойнаған жет­кіншектерге риза­шылығын білдірді. 
Оқушылар сарайында білім алып, өнер үй­реніп жүрген балалармен және олар­дың ата-аналарымен кездесу ба­ры­сында ата-аналар Елбасына балаларының жан-жақты дамуына жағдай жасағандығы үшін зор алғыс­тарын жеткізсе, Мемлекет басшысы өз кезе­гінде Оқушылар сарайы­на жаңа әрі жай­лы автобус тарту етті.
Талдықорған қаласындағы Жастарға қыз­мет көрсету орталығындағы Жетісу өңі­рі жастарының көшбасшыларымен бол­ған келелі кездесу, көшелі сұхбат өзін­дік тағы­лымымен ерекшеленді. 
Жұмысқа кіріскеніне екі айдан енді ас­қан орталыққа осы уақыт ішінде 10 мың адам әртүрлі мәселемен бас сұғыпты. Олар­дың көбі жұмыс, білім алу барысында көмек-кеңес сұраған көрінеді. Келуші­лер­ге «Сер­пін» бағдарламасы бойынша оқу­ға түсуге беріл­ген кеңес нәтижесінде 54 жас үлкен өмір­­леріндегі алғашқы асу­дан сүрінбей өт­кен. Орталық мамандары еңбекке құл­шын­ғандарымен, сол ын­та­ларын жүзеге асыра ал­май жүрген отыздан астам жас буынға жұ­мыс тауып берген. 
Жастарға қызмет көрсету орталығын­дағы интернет-кітапханаға кірген Елбасы ком­пьютер үстеліне отырып, монитор ар­қылы Қазақстан Республикасы Конс­ти­туциясын оқудың әдіс-тәсілін бағам­дады. Келуші жас­тардың, әсіресе қандай мәселе жайлы ақпарат іздейтіндігіне қы­зығушылық танытты. 
Президент жастар орталығындағы үл­кен залға қойылған облыс орталығының бола­шақ­қа бағытталған даму, өсу жоба­сы­мен та­ныс­ты. Қаланың алдағы кезде са­лынатын құрылыстарын өмірдегідей етіп бейнелейтін үлгіге үңіле қараған Мем­лекет басшысы қа­сында тұрған об­лыс әкімі Амандық Баталов пен қала бас­шысы Бағдат Қарасаевқа бір­қатар жо­баларды қайта пысықтау мен қарау жө­нінде ескертпелер айтып, тапсырмалар бер­ді. Бірінші кезекті сапа мен жер сіл­кі­нісіне төзімділікке назар аудару қажеттігін еске салды. Тұрғын үйлер салумен қатар, онда тұратын халықтың денсаулығын ба­қылайтын медицина мекемелерінің, бал­дырғандарға қажетті балабақ­ша­лардың, оқушыларға керекті мектептердің, мә­де­ни орындардың, халыққа қызмет көр­се­те­тін әлеуметтік және сауда-саттық ны­сан­да­ры­ның тұрғызылуын ұмытпауды ескерті. 
Мемлекет басшысы Жетісу жеріндегі са­парының соңғы нүктесін биыл ғана ел игілігіне тапсырылған «Жастар» саяба­ғында қойды. Алдымен саябаққа кіреберіс үлкен қақпадан енгенде алдыңыздан шы­ғатын саз­ды субұрқақтың жанында қа­ланың белсенді ақсақалдарымен, зиялы қауым өкілдерімен жүздесті. Көргені көп үлкендер Мемлекет басшысына өңірімізде кейінгі жылдары жағымды жаңа­лық­тардың көп екендігін, ауыл шаруа­шы­лы­ғы алға басып, өнеркәсіпте өрлеу бай­­­қалғанын айта келе, басқаны айт­па­ған­да, қаламызда мәдени-көпшілік шара­ларды ұйымдастыратын орындардың көптеп салынып, жұрттың ықыласына бө­леніп жатқанын жеткізді. 
Саялы саябақтағы сындарлы жұмыс­тар Ел­басының көңілінен шықты. Дала­лық сах­на­да көрініс берген қала күніне орай ұйым­дас­тырылатын мәдени шара­ның дайын­ды­ғына да уақыт бөліп, жетісу­лық өнер­­паздардың өнеріне тәнті болды. 
Мемлекет басшысы сапар соңында жур­­налистермен жолығуға да уақыт тауып, көр­ген-білгендерін, екшеп-түй­ген­дерін ортаға сал­ды. 
– Алматы облысының, Талдықорған қа­­ла­сының ешкімде жоқ өзгешелігі мен өмір­­шең­дікке ие екендігін көкейіме түйдім. Бұл өңір біріншіден, қант қызыл­шасын көптеп өсіретін аймақ. Екіншіден, жүгері өсіруде де өзіндік орны бар, аса маңызды өлкелердің бірі әрі бірегейі. Үшіншіден, бау-бақша, ал­ма өсіруге қа­тысты мүмкіндігі аса жоғары, соған сай арқалайтын жүгі де айрықша. Атал­ған дақылдар еліміздің басқа өңір­лерінде жақсы өркен жая алмайды. Сондық­тан елі­міздегі өсімдік шаруашылығының өр­кендеуіне тікелей үлес қосатын таңдаулы дақылдар мен жемістердің Алматы об­лы­сында көптеп өсіріліп жатқанына шы­найы ризамын. Талдықорған қаласының да өзге­ріп, түрленгеніне куә болдым. Көрікті көше­лері мен сәулетті ғимараттар, «Жас­тар» сая­бағы, Қаратал өзенінің жа­ғалауында са­лын­ған демалыс орны, тағы басқа да ел өмі­рін­де маңызы бар нысандар көңіл қуантады.
Талдықорған қаласында салынған қа­зіргі заманға сай көпсалалы ауруха­на­ның ха­лық денсаулығын сақтауға қосар үлесі қо­мақты екенін көрдім. Жаңадан бой көтер­ген перзентхана, мектеп, бала­бақ­шаның да орны бөлек. Осындай жұ­мыс­тардың нәти­жесінде облыс тұрғын­дарының өмір сүру деңгейі ұзарып, өмірге келетін бала саны артып келеді. Ал ауыл­шаруашылық, өнер­кәсіп салаларында тың серпін бар. Барлық сала қатарласып, қарқынды түрде дамып келеді, – деген Мемлекет басшысы жемісті жұ­мыстарды ат­қарғаны үшін облыс әкімді­гіне зор ри­зашылығын білдірді.
Дайындаған Болат Абаған, 
Алматы облысы

Оставить комментарий

Связанные Статьи