«Қартың болса, қазынаң» дейді халық даналығы. Ақсақалдармен әркез әңгіме-дүкен құрып, кеңес сұрап тұрғанның артықшылығы болмаса, кемшілігі жоқ. Күні кеше ғана Қазақстан Республикасы Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, еліміздің білім саласына бірталай еңбек сіңірген Өмірзақ Озғанбаевпен тілдескенбіз. Сұхбатымыз түрлі бағытта өрбіді, тәуелсіздікті сөз еттік, жастар тәрбиесін де жай қалдырмадық, батыр ағалар туралы да сыр шертістік…
ХАЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҚУАТТАП ЖҮРМІЗ
– Өмірзақ аға, биыл еліміз тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығын тойламақ. Сөз жоқ, қасиетті мереке, қастерлі думан. Алдымен аға буынның көкейіндегі сөзін әңгімелесеңіз…
– Иә, расында, біздің халқымыз үлкен мерекенің қарсаңында тұр. Ол мереке – біздің тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдығы. Ата-бабамыз талай жыл армандаған, ғасырлар бойы аңсаған, тіпті, қолы жетпеген дербестік біздің дәуірдің маңдайына бұйырды. Халқымыз 1991 жылы ғана шын тәуелсіз Қазақстанды құруға кірісті.
Міне, содан бері өткен жиырма бес жылдың ішінде бізде ірі-ірі ғасырлардың жүгін көтеретін көптеген шаруалар тындырылды. Іргелі мемлекет құрдық, еліміз дамудың даңғыл жолына шықты. Республикамызда жүріп жатқан алуан түрлі өзгерістер, реформалар, сарабдал саясат – барлығы біздің еліміздің атын әлемге әйгіледі.
Қазір Қазақстан, оның әсем де жаңа астанасы, тұңғыш Елбасы – бәрі-бәрі әлемге аян. Бүгінде дүниенің көптеген елдері Қазақстанды біледі, сыйлайды, санасады. Мұхиттың арғы бетіндегі азуын айға білеген Америка Құрама Штаттарының өзі Қазақстанды өздерінің стратегиялық әріптесі санайды. Еуропаның көне материктерінің елдері Қазақстанды нарықтық жағдайға икемделген, экономикасы қалыптасқан мемлекет деп есептейді. Ал Тәуелсіз мемлекеттер достастығына кіретін, бұрынғы алып империяның құрамындағы республикалар Қазақстанды өздерінің көшбасшысы санайды.
Мінеки, осындай орасан биікке көтерілген ел тәуелсіздігінің үлкен тойын дүркірете тойлаудың қарсаңында тұр. Біздің елімізде алуан түрлі өзгерістер, идеологиялық тәрбие, экономикалық-саяси жұмыстар өріс алды, олардың барлығы қазақ халқын қарышты дамуға жетелеп, өркениеттің табалдырығын аттатты. Сөйтіп, еліміздің даңқын асқақтатты.
– Өзіңіз басшылығында отырған Қазақстанның Ардагерлері кеңесі – қазыналы қарттардың дуалы сөзін тоғыстырған іргелі ұйым екені әмбеге аян. Әсіресе, патриоттық тәрбие мен идеология бағытында атқарып жатқан шаруаларыңыздың ұшан-теңіз екенін жасыра алмаймыз. Сөз орайында, кеңестің тыныс-тіршілігі жөнінде аз-кем айта кетсеңіз.
– Қазақстанның Ардагерлер кеңесі – он төрт облыстағы Алматы және Астана қалаларындағы, екі жүзден астам аудандар мен қалалардағы ардагерлер ұйымдарын біріктіретін, он мыңнан астам бастауыш ұйымның басын қосатын, миллион сегіз жүз мыңнан астам мүшесі бар еліміздегі ең ірі ұйымдардың бірі. Бұл ұйымның құрылғанына, аман болсақ, алдымыздағы 2017 жылы отыз жыл толады. Ал біз сол отыз жылдықты кең көлемде, ауқымды деңгейде атап өткелі отырмыз.
Енді осы жылдардың ішінде не атқардық, нені бітірдік? Ардагерлер деген кім? Рас, «Қарты бар, қариясы бар үй – қазыналы, дариялы үй» деп жатамыз. Заманында адуынды ақын, айбарлы батыр Махамбет Өтемісұлы «Қарттары егер болмаса, жастары болар диуана» деп айтқан екен. Махамбеттің және бір сөзі бар «Азамат, сені сақтадым, бір шаруама керек деп». Мұқағали Мақатаев «Ауылда бір қария болмаса егер, Ағайын араздасып кетер еді» деп айтады. Ежелгі рим мен гректердің елінде: «Көрген-білгенін айтпаса, ағалардың өздері кінәлі» деген сөз бар. Қоғамда үлкен орынға ие болған, айрықша биік статусы бар ақсақалдардың ұйымы қазақ елінде де осындай іргелі және беделді.
Бұл ұйым, бірінші кезекте, халқымыздың құндылықтарын – дінді, ділді, тілді насихаттауға, қуаттауға үлкен көмек көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, жастар тәрбиесіне белсене атсалысуда. Ардагерлер кеңесі еліміздің бағыт-бағдарын, Президентіміздің саясатын қолдап, оны халыққа түсіндіруде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар ұйымдастыруда.
Әрине, біздің елімізде қарттарға ерекше ықылас, қамқорлық көрсетіліп жатқаны бесенеден белгілі. Мен мұны Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы дер едім. Мұндай жұмыстар барған сайын нығая беретініне де біз сенімдіміз. Алдағы уақытта ардагерлерге арналған іргелі істер жалғасын табады деп есептейміз.
Жалпы, ардагерлер ұйымы қазіргі шақта үлкен шаруалардың алдында тұр. Олар – біз ұйымдастыратын алуан түрлі шаралар, семинарлар, пленумдар, конференциялар. Бұл жиындардың барлығында ардагерлер жастарға үлгілі сөздерін арнап, ақыл-кеңестерін аямай беріп отырады.
ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ – БАСТЫ НАЗАРДА
– Өмірзақ аға, қазіргі қарияларды не толғандырады, қандай мәселе алаңдатады?
– Жетістіктің жетерлік екенін айттым. Кемшін тұстар да баршылық. Десе де, «көш жүре түзеліп» келеді. Ал негізгі мәселені былай жеткізейін: қазақ елі – өзінің тарихымен қайта қауышқан мемлекет. Біз ғасырларға созылған тарихымыздағы ақтаңдақ беттерді толықтыра бастадық. Бүгінгі тәуелсіз елдің Отанын, туған жерін сүйетін патриоттарын, елжанды азаматтарын тәрбиелеу үшін міндетті түрде тарихи сана қалыптасуы керек. Яғни, біз жерден шыққан, не көктен түскен ел емеспіз. Үлкен тарихымыз, мыңжылдық мәдениетіміз бар қалыптасқан халықпыз. Арғы бабаларымыздың шығу тегін айтпағанда, өткен жылы ғана Қазақ хандығының 550 жылдығын дүркіретіп атап өттік. Осы жылдардың ішінде қазақ халқы бірігумен, кірігумен, іріленумен келе жатыр. Соның нәтижесінде біз іргелі елге айналып үлгердік.
Жалпы, жастар тәрбиесі – ардагерлердің алдында тұрған бірінші кезектегі мәселе. Жоғарыда айтқан дүниелерді бүгінгі буынның бойына сіңіру – біздің бұлжымас парызымыз. Өмір бойы жиған тәрбиесін, алған білімін жастарға үйретуді ақсақалдар арман етеді, мақсат тұтады.
Әрбір белгілі бір жасқа жеткен адамның алдында мынадай ой тұрады: менен кейін өмірге кім келеді? Оған мен не тастап кете аламын? Олар ағалардың, аталардың қасиетті жолын келешекке жалғастыра ала ма? Осындай ойлар, мәселелер аға буынды ойландырады, толғандырады. Сондықтан бүгінгі Қазақстан ардагерлері осындай оймен, қам-қарекетпен, қамқорлықпен жастар мәселесіне үнемі жиі оралып отырады.
ТАЙТӨБЕ ТАЛАЙ МЫҚТЫНЫ ТҮЛЕТКЕН
– Елорданың төрін тіліп жатқан Рақымжан Қошқарбаев даңғылының бойынан батырдың еңселі ескерткіші ашылғалы жатқан көрінеді. Бұл уақиға да қазақтың бірлігі мен елдігін тағы бір айшықтары анық. Сізді көнекөз ақсақал деп сұрағаным ғой, Ұлы Отан соғысын түйіндеп, Рейхстагқа алғаш болып ту тіккен баһадүр туралы әңгімелеп беріңізші.
– Оның жөн-ақ, балам. Әріден тарқатсам, тарих тұнған Тайтөбенің ескі жәдігері – мектеп үйі бар. Ұлылар мен ұлықтардың көзіндей болған бұл нысанның кешегісі ғасырдан сыр тартады. Түрі мен сипатында да көне дәуірдің өрнегі бар. Оған іргелес екі шағындау үйде интернат орналасқан. Бүгінгі төрт бөлмелі үйдің аумағын алып жатқан ескі мектепте отырықшы елдің балалары оқып, сауат ашыпты. Қазақтың маңдайына біткен марғасқалары мен жолбарыс жүректі батырлары осы бір елеусіздеу шеткері қалған ауылдағы мектептің түлектері дегенге біреу сенсе, біреу сенбес. Взвод командирі, лейтенант әрі Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев, Кеңес одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов сынды белгілі адамдар осы мектеп-интернатта жатып оқып, білім алған. Ескінің көзін бүгінге дәріптейтін мемориалды тақтадағы «Бұл үйде 1932-1939 жылдары Ұлы Отан соғысының ардагері, даңқты жерлесіміз, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев дәріс алып, тәрбиеленген» деген жазу осы деректі айғақтап тұр.
Тағы айта кетерлігі, осы мектепте директорлық қызмет атқарған тарих ғылымдарының кандидаты Жақыпбек Ысқақов – жоғарыда аты аталған игі жақсыларды оқытып, тәлім-тәрбие берген ұлағатты ұстаз. Шәкірті Рақымжан Қошқарбаевпен өткен ғасырдың 50-60 жылдары жақсы байланыста болыпты. Ол кезде Халық қаһарманы Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйінің директоры қызметінде екен. Сыйласқан күндерден ескерткіш-белгі болып қалған мына бір сөздер көпке үлгі боларлық: «Ысқақов Жақыпбек ағаға! Тайтөбеде оқыған күндерден естелік ретінде, Сізді әр уақыт өзімнің ұстазым ретінде қатты құрмет тұтамын! Тайтөбе ауылындағы мектеп-интернат, онда білім алған күндер – бәрі осы уақытқа дейін жадымда. Ініңіз Рақымжан. Алматы қаласы. 1978 жыл».
Кілең мықтыларға сабақ берген Ысқақов жай адам емес, Алматыдан кандидаттық диссертациясын қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты атанған. 1937 жылы Тайтөбе мектебінде директор болып қызмет жасаған. Сол уақытта болашақ қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев 6-сыныпта оқиды екен.
1954 жылы Калинин атындағы Ленинградтың әскери педагогикалық институтын бітірген Жақыпбек Ысқақовты өмір жолы Стерлетамак, Оренбург қаласына алып келген екен. Ол сонда ұшқыштар дайындайтын училищеде ұстаз болып, КСРО тұңғыш ғарышкері Юрий Гагаринді оқытады. Тарихта аттары қалған, есімдері елге кеңінен таныс азаматтарға ұстаз болған ғалымның туған жері де – осы Тайтөбе болатын.
Міне, көріп отырғанымыздай, Қошқарбаевтан Тайтөбені, Тайтөбеден батырлар ізін ажыратып ала алмаймыз. Тайтөбе шоқы болса да, шоқтығы биік қасиетті мекен. Үркердің шоғырындай болса да үлкен жүректі ерлер шыққан бұл жерден.
– Әңгімеңізге рахмет, аға!
Сұхбатты жүргізген:
Асхат РАЙҚҰЛ, "Астана ақшамы"
Оставить комментарий