«Қазақстан» ұлттық арнасында көрермендер тарапынан зор қызығушылық тудырып, кейіпкерлері ешкімді бейжай қалдырмаған бағдарламаның бірі «Шетелдегі қазақ балалары» деп аталады. Шетелдегі қазақ балалары туралы осы уақытқа дейін тек естігеніміз болмаса, олардың жүздерін көріп, жеке өмірлерімен танысудың мүмкіндігі болмап еді. Ендігі таңда осы бағдарлама арқылы көрермен қауым шетелдегі қазақ балаларының өмірлерімен кеңірек танысуға мүмкіндік алды.
Жалпы ресми мәліметтер бойынша, жатжұрттықтар асырап алған қазақ балалары бүгінгі таңда әлемнің отыз мемлекетінде өмір сүруде. Атап айтқанда, тоғыз мыңға жуық бала бүгінде Италия, Франция, Испания, Бельгия, Польша, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, т.б. елдерінде шетелдік азаматтарға бала болып, сол елдің толыққанды азаматына айналуда. Тілі жат, діні жат, ділі жат ортада, өздеріне мүлдем бейтаныс адамдардың арасында ғұмыр кешуде. Бүлдіршіндердің түр-тұрпаты, дауысы, бойларындағы өзімізге ғана байқалып тұратын ұлттық ерекшеліктері өзгелерге «Мен – қазақпын, қазақ баласымын» деп тұрғандай. Бірақ олар тағдырдың жазуымен өзге құрлықта, мұхит асып өмір сүруде. Дәлірек айтсақ, бұл балаларды перзент көруге зар болған шетелдік отбасылар заңды түрде біздің елімізге келіп асырап алған. Енді олар толыққанды отбасына барып, тумаған болса да туғандай болып кеткен ата-анасының мейірім-шапағатына бөленуде. Сол елдің заңымен, әдет-ғұрпымен, салт-санасымен, ділі мен дінімен өмір сүруде. «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Жанар Байсемізовамен жүздесіп, жат елде жүрген балдырғандарымыздың жағдайын сұрағанымызда ол бізге жоғарыдағы деректерді баян етті. Жанардың бұл жөнінде көңілге түйгені көп. Иә, ол сіз бен бізге қарағанда шетел асқан жетім балаларды өз көзімен көріп, бір сәт болса да жандарында болып, әңгімелесіп, дидарласып қайтты ғой. – Еуропа мемлекеттерін түгел араладық. Екі ай ішінде, уақыттың тығыздығына қарамастан, үлгергенімізше қазақ балаларын асырап алған әр отбасында болуға тырыстық. Бірақ барлық отбасыларды аралап шығу мүмкін емес екен. Өйткені олардың орналасқан жерлері, қала, мекенжайлары бір-бірінен өте алшақ. Жетем дегенше, көп уақыт кетеді. Бағдарлама режиссері Серік Ибраим және операторымыз Самат Курбиевпен бірге бір күннің ішінде бірнеше отбасыларға баруға тура келді. Еуропадан бөлек, АҚШ, Канада мемлекеттерінде, жалпы алғанда әлемнің он екі елінде болдық, – деді Жанар. Журналистің айтуынша, шетелдіктерге бала асырап алуға рұқсат елімізде ресми түрде тек 1999 жылдан бастап беріліпті. Алайда бұл үрдіс 1999 жылы емес, одан ерте, яғни 1990 жылдардың басында басталған көрінеді. Демек, Қазақстан балалары сол кезден бастап шекара аса бастаған. Көп балалар туралы мәліметтер сол кездерде жоғалған. Өйткені ол отбасылардың мекенжайлары ауысқан соң, олармен байланыс та үзілген. Бірақ бүгінгі заңдар басқа. Бұл саладағы жағдайлар бірте-бірте реттеліп келе жатқандай. Мұның барлығы АҚШ отбасында орын алған қазақстандық екі балаға қарсы зорлық-зомбылық жағдайынан кейін қолға алынған. Бүгінде Қазақстаннан бала асырап алатын шетелдік азамат міндетті түрде ҚР Сыртқы істер министрлігіне келіп, консулдық департаментке тіркеледі. Содан кейін өз елдеріне барған соң бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін оның өмірі, денсаулығы, білімі, тұрмысы жайында жылына екі рет есеп беріп отырады. «Шетелдегі қазақ балалары туралы әлдебір ақпарат алу қиынның қиыны, – дейді Жанар. – Өйткені бұл мәлімет олардың жеке өміріне қатысты болғандықтан, барынша құпия ұсталады. Бағдарламаны қолға аларда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау департаментіне журналистік сұрау жібердік. Бірақ бізге ол кезде «Бұл өте құпия мәлімет» деген негізбен қажетті ақпарат берілмеді. Содан кейін АҚШ-тағы Қазақстан балаларына қатысты жағдай орын алған кезден бастап қана мәлімет ала алдық. Ресми дерек бойынша, қазақ балалары әлемнің отыз елінде өмір сүріп жатыр. Ал менің қолымдағы бұған дейінгі болған мәлімет отыз елге де жетпейтін. Жалпы бұл жұмысқа ақпараттық тұрғыдан қолдау білдіріп, шетелдегі отбасылармен кездесу туралы келіссөздер жүргізген ол, әрине, біздің сол елдегі елшіліктеріміз, консулдықтарымыз. Сол азаматтарға айтар алғысым шексіз. Өйткені олардың көмегінсіз бұл бағдарламаның дайындалуы мүмкін емес еді» дейді Жанар. Ал бағдарламаның дайындалуына ең басты қолдау көрсеткен ол «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова екенін де айта кеткеніміз орынды. Біз Жанардан «Туған жерлерінен жырақ кеткен әр қазақ баласының отбасыларына барып, олардың күнделікті тұрмыс жағдайларымен танысу тұрғысынан қадағалау жұмыстары жүргізіле ме екен?» деп сұрағанымызда: «Меніңше, мұндай қадағалау жүргізілмейді» деп жауап берді. Ол расында солай болуы мүмкін. Өйткені баланы асырап алған ата-аналар олардың жеке өмірлерін құпия ұстағанды қалайды. Әлдекімдердің орынсыз араласқанын құп көрмейді. Тіпті бағдарламаның түсірілім тобына келісім бере тұрып түсірілім жасалатын күні бас тартқан ата-аналар да болыпты. Оларды ең басты толғандыратын мәселе «баланы өзінің биологиялық ата-анасы танып қойып, алып кете ме?» деп қауіптенеді екен. Жанар осындай фактілердің болғанын айтты. Тіпті бір отбасы баласының түрін түсіруге де рұқсат бермей қойған көрінеді. Біз Жанардан шетелдегі қазақ балаларының денсаулығы туралы айтып беруін өтіндік. «Денсаулықтары жақсы балалар да бар, туған кезде белгілі бір ақауларымен дүниеге келгендері де бар. Мүгедек балаларды көп жағдайда діни салтты ұстанатын отбасылар Жаратушыдан сауап алу мақсатында асырап алатын көрінеді. Ал жалпы шетелдік азаматтар көбінесе дені сау, ақыл-есі дұрыс балаларды асырап алуға тырысады. Өйткені олар асырап алған балаға өздерінің мұрагері ретінде қарайды. Шетелдік азаматтардың қазақ балаларына қызығатыны қандарының тазалығында» деді. Жанар Канадаға жасаған сапарында Айша есімді қазақ қызын асырап алған отбасында болыпты. Айшаның оң қолындағы төрт саусағы бір-біріне жабысып туған. Айшаның саусақтарына ата-анасы ота жасатыпты. Қазір дұрысталып келе жатыр. Жанар бельгиялық отбасында өмір сүріп жатқан Талғат есімді баланың Қазақстандағы балалар үйінде тұрып жатқан кездегі бейнежазбасын көріпті. Онда Талғаттың қазақша сөйлеп, қазақша ән айтып жүргені жазылған. Ал қазір Талғат фламанд тілінде сөйлейді. Қазақ тілін мүлдем ұмытқан. «Оған қазақша сөйлегенімде, қазақша сөздердің аздап әсер еткенін байқадым» дейді. Шетелдегі қазақ балалары кәмелеттік жасқа толғанша екі елдің азаматтығымен қатар жүреді. Кәмелеттік жасқа толғанға дейін ол балалардың Қазақстанға қайтіп оралуына құқықтары бар. Ал кәмелеттік жасқа толған соң Қазақстан Республикасының заңы бойынша қос азаматтыққа рұқсат берілмегендіктен, ол бала шетелдің толыққанды азаматына айналады. Бірақ кішкентай кезінен Атамекеннен жырақ кеткен баланың түп-тамыры Қазақстан болса да, өскен-өнген ортасы өзге мемлекет қой. Ол өзінің Қазақстаннан екенін, ұлты қазақ екенін білсе де, Атамекеніне қайтып келе ме? Бұл сауалға тұшымды жауап беру қиын. Жанардың айтуынша, ол балалардың өскен сайын ата-анасына қоятын сауалдары көбейе бастайтын көрінеді. «Мен қайдан шықтым? Мені дүниеге әкелген ата-анам кім? Неліктен менің шашымның, көзімнің түсі басқа?» деген сияқты. Бұл сауалдарға жауап беру психологтардың кеңесімен жүзеге асырылады. «Бір қынжылтқаны, – дейді Жанар, – балалардың ата-аналары оларға: «Біз сені асырап алғанда Қазақстанда жағдай нашар болған. Сондықтан сені ата-анаң баға алмаған. Сен ол жақта болсаң мұндай күшті мектепте оқымайтын едің. Мұндай үйде тұрмайтын едің» деу арқылы Қазақстанды төмендетіп көрсетеді екен. Балаларды жиі мазалайтын сұрақ: «Мені Қазақстандағы ата-анам шын жақсы көрсе неліктен бере салды?» деген сауал. Бағдарлама авторы бізге өзі естіп, куә болған жағдайымен бөлісті. Швейцария еліндегі бір отбасында Төлеген деген баламен танысыпты. Төлеген атқа отырғанды кереметтей жақсы көреді. «Жылқышы болғым келеді» дейді екен. Жыл сайын Қазақстанға барып тұрсам деген арманын айтыпты. Төлеген Қазақстаннан есейіп қалған кезінде асырап алынған бала. Ата-анасы оны өткен жылдардың бірінде Түркістан қаласына алып келіп, саяхаттатыпты. Сонда Төлеген күні бойы аттан түспей, серуендепті. Міне, қазақтың қаны деген осындайда білінеді. Ал Жанар АҚШ-тағы бір отбасында Темірлан деген баланы көргенде «Қазақстан өзінің бір ер жүрек Отан қорғаушысынан айырылды» деген ой түйіпті. Темірлан сұңғақ бойлы, кең иықты бала екен. Әлі оқушы болса да, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, мектебінің көшбасшысы. Мүгедек адамдарға көмек жасап, волонтерлік қызметпен де айналысады. Темірлан өзінің бір сөзінде «Қазақтармен аралассам, қайтадан қазақ бола аламын. Бәрі есіме қайтадан түсер еді» депті.
«Бір байқағаным, қазақтың барлық балалары талантты, өнерлі, дарынды болып келеді» дейді Жанар. Мұны асырап алған ата-аналарының өздері де мойындайды екен. «Баламыз суретті күшті салады» немесе «ол саксофонда, күйсандықта жақсы ойнайды», «сабақты өте жақсы оқиды, алғыр, зерек», «спортқа өте мықты» деген сөздерді шетелдік ата-аналар тарапынан жиі естуге болады. «Бұл балаларға қарап отырып, тұтас бір ұлттың тағдыры жатқандай әсер етті» дейді Жанар. Өйткені еліміз өзінің қаншама әлеуеті жоғары болашақ азаматтарынан айырылып жатыр. Олардың арасынан ғалым да, жазушы да, спортшы да, кәсіпкер де, атақты өнер адамы да шығуы әбден мүмкін екені күмән тудырмайды. Жанар балалардың бойындағы осындай қасиеттердің ұшқындарын байқаған болуы керек, бұл сөздерін нық сеніммен айтты. Иә, айтуы дұрыс. Қазақ топырағынан әлемге екінші ұстаз болған әл-Фараби бабамыз шыққанда, сірә, бұған еш таңғалуға болмас. Бәрі де мүмкін. Не істеу керек? Заң жүзінде шетелдік азаматтардың еліміздің балаларын асырап алуына тыйым салу керек пе? Қоғамда бұл турасында айтылып жатқан пікірлер толассыз. «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасын көрген көрермен қауым әлеуметтік желілерде осы мәселелерді талқылауда. «Шетелге бала беруді тоқтату керек» деп пікір айтқан адамдарды көрдім дейді Жанар. Бірақ менің оларға қоятын бір сауалым бар: «Сіз өзіңіз сондай бір баланы неге асырап алмайсыз?». Айта салу қашанда оңай. Бүгінде баласын туа сап, қоқысқа тастап кетіп жатқан қыз-келіншектеріміз аз ба? «Бала – адамның бауыр еті» дейтін қазақпыз. Бірақ жетім балалардың санын азайту жолында не істеп жатырмыз? Бұл – бағдарлама жүргізушісінің көкейінен ақтарылған өзекті сұрақтар. Айтпақшы, Жанар шетелде болған сапарында Қазақстанда қоқысқа тасталған қыз баланы да көріпті. Ата-аналары біледі, бірақ «балаға бұл туралы айтуға жүрегіміз дауаламайды» депті. Бағдарламаның түсірілім тобымен қимай қоштасқан қазақ балалары өте көп болған екен. «Балалар жүгіріп келіп құшақтайды, еркелейді. Америкалық отбасында болғанымызда Досым деген бала дастарқан басында «Мен екі қазақтың ортасына отырайыншы» деп айтуының өзі оның бойындағы бауырластарына деген сағынышын айна-қатесіз сездіріп тұр емес пе?! Иә, мұндай жағдайлар туралы естіген кезде, қазақ балаларының шетелде жүргені көңіліңді қобалжытады. Мақаламызды түйіндей айтқанда, «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасы қазақ жұртшылығына үлкен ой салды. Әр қазақтың санасына түрткі, қозғау салды. Бағдарламаны көріп отырып, жылағандарын айтып хат жазған ер-азаматтар да болыпты. Жастар да көп көруде. Өйткені бұл бағдарламаның пайдасы сонда, біз оны көре отырып, жетімдер үйінде көздері жәутеңдеп жүрген қазақ балаларына басқаша қарай бастайтын да шығармыз. Бәлкім, біз мемлекет ретінде арнайы заңдар қабылдап, қазақ балаларының шетелдік азаматтардың асырап алуына да жол бермейтін шығармыз. Жанарға қазақ баласын асырап алған жалғызбасты америкалық әйел бұл жөнінде былай деп кеңес айтыпты: «Қазақстанда туған бала Қазақстанда қалғаны дұрыс. Сол балаларды сол елдің азаматтары өздері асырап алуға көбірек ниетті болуы керек. Қазақстанды сынай алмаймын, бірақ Қазақстанның балалары туған елінен сыртқа кетпеуі керек» депті. Ана жүрегі бір нәрсені сезген болар…
Дәуіржан Төлебаев
"Ана тілі" газеті
Оставить комментарий