Жуырда ақпарат құралдарында қытай кәсіпкерінің өзінің туған ауылында ескі үйлердің орнына жаңа баспана тұрғызып, ауылдастарының ризашылығына бөленгені туралы жаңалық тарады. Осы жаңалық жарияланған сайттың біріне бір оқырман «Бұл сияқты бүкіл ауылға жақсылық жасау деген біздің олигархтардың түсіне қорқынышты оқиға боп кіретін шығар» деп жазыпты орысша. Аталмыш жаңалықты оқып отырып, менің есіме мынандай оқиға түсті.
Менің де көкем әлгі қытайлық кәсіпкер сияқты олигарх. Бірақ үйіне жан жолатпайды. Бала-шағасының туған күніне де ешкімді шақырмай, өздері жеке отырып жасайды. 2000 жылдардың ортасы еді. Ұялы телефондар қоғамға енді ене бастаған. Менің ұялы телефоным жоқ болатын. Алуға асықпағанмын да. «Оқуымды бітіріп, қызметке орналасқан соң алармын» деп ойлайтынмын.
Бірде әлгі көкемнің әйелі мені үйіне шақырды: «Тез кел. Саған сыйлығымыз бар» деп. «Өмірінде ешкімге ешнәрсе беріп көрмеген еді. Маған қалай ғана сыйлық жасамақ?» деп ойладым. Бірақ көңіліме еш күдік алмастан үйіне бардым. Есікті ашқан жеңгеміз «Міне саған ұялы телефон, ағаң сыйлап отыр» деді. Жалпы өзім техника, акссесуар атаулыға аса құмар емеспін. Хал-жағдайды сұрасқан соң берген затын селқос түрде сөмкеме салдым да шығып кеттім. (Олар үйінде ұзақ бөгелуді ұнатпайтын).
Ойымда дәнеңе жоқ өз үйіме келіп, «ұялы телефон» деп берген қорапшаны шкапқа сала салдым. Аңқаулығым ба, неге екені ашып қарамаппын да. Содан бір күн өткенде жеңгем хабарласты үйге. «Сен кешегі «сотканы» біреуге сатып жіберген жоқсың ба?» Аң-таң боған мен «Жоқ, қорабын ашып та қарамадым әлі» деп шынымды айттым.
Көкем барлық мәселені жеңгеміз арқылы шешетін. Сол күні түс ауа жеңгем тағы хабарласты: «Сотканы» сатып жібермедің бе? Смотри, сатсаң дұрыс болмайды». Соншалықты алтыннан жасалған телефон ба еді, шынымен де қарайыншы деп, қорапты аштым. Сол кездегі 1000 теңгелік арзан маркалы телефон екен. Ол кезде жұрт «Нокионың» жаңа моделін алып жатқан.
Содан тағы бір күн өткенде жеңгеміз хабарласып, «Біз берген «сотканы» ешкімге берме» деді қайтадан. «Мен оны әлі пайдаланбадым да. Маған дәл қазір қажеті болып тұрған жоқ. Неге сұрай бересіз?» дедім. Жеңгем, «Ол Айжанның (3 сыныпта оқитын кіші қызы) ескі «соткасы». Біз оған жаңасын әпердік. Босқа тастағанша біреуге сыйлауды ұйғардық. Көкең «Бөтен біреуге бергенше туысымыз ғой, саған бер» деді.
Сөйтіп жеңгем маған бір апта бойы күн сайын хабарласып, Айжанның ескі «соткасын» ешкімге беруге болмайтынын айтып, әбден ығырымды шығарды. Тіпті, сізге өтірік, маған шын, «Көкең сол «сотканы» сен біреуге беріп қоя ма деп, түнде ұйықтай алмай жүр, рас айтам. Түн ортасында тұрып алады да, «әлгі сотканы анау сатып жіберген жоқ па? Білші» дейді. Сондықтан күнде сұрап жүргенім» деді.
Бұл әулеттің сараңдығын бұрыннан білетінмін, бірақ мол дүниеге белшесінен батып жатқан көкемнің қызының ескі затын соншалықты бұлдағанына таң қалдым, расымен. Налыдым да.
«Мен сізден ешнәрсе сұрамадым ғой. Шақырып қолыма ұстатқан өзіңіз. Қызыңыздың ескі заты екенін білгенде алмайтын едім ғой. Мен жоғары оқу орнын бітіріп жатқан білдей бір маманмын. Мені кім деп тұрсыз?» деп, ашуымды жасырмадым, «соткасын» өзіне қайтарып тұрып.
Содан кейін мен бұл үймен мүлдем қатыспайтын болдым. Жеңгеміз ел бір бөлке нанын әрең тауып жүрген 90 жылдары шет елдің шипажайларынан шықпаушы еді. Қазір де айдағы отыз күннің жиырмасын алыстағы теңіз жағалауларында өткізеді. Ел бір көлік алу үшін жылдап ақша жинаса көкемнің әйелі он бес күн сайын ауыстырады автокөлігін. Біреуге өтірік, ал көзімен көрген жанға шын.
Иә, олигархтар туралы жаңалық естісем, есіме әлгі ескі «сотка» түседі.
Айғаным,
Алматы
Оставить комментарий