Жомарт өлкенің жәннат ертеңі

/uploads/thumbnail/20170709091051837_small.jpg

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жұмыс сапарын Талдықорған қаласы әуе қақпасының жағдайымен танысудан бастады. Елбасына әуежай мен аэровокзал ғимараттарын қайта жөндеу жұмыстары және өңірдің туристік инфрақұрылымын дамыту барысы туралы баяндалды.

Мемлекет басшысы бұдан кейін ауыл шаруашылығы дақылдары мен бау-бақша өнімдерінің түр-түрін өсіріп, гектар берекесін арттыруға тамылжыған ауа райының өзі үлкен демеу болатын Жетісу өңірінің жер баптаған еңбеккерлерімен кездесіп, қызылша және майбұршақ егістіктеріндегі жұмыс барысымен танысты. Соңғы жылдары өңірдің қызылша шаруашылығындағы жетекшілік рөлін қайта жаңғырту мақсатында ауқымды жұмыс қолға алынған болатын. Елбасына осы ретте жергілікті аграршылардың жетістігі Ескелді ауданында орналасқан «Нам Г.Н.» шаруа қожалығының жұмысы арқылы ұсынылды. Ауыл шаруашылығы дақылдарын күтіп-баптауға маманданған кәсіпорынның жұмысымен танысқан мемлекет басшысына облыстың агроөнеркәсіп кешенінің негізгі көрсеткіштері және қант қызылшасы өндірісін дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.
  Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров осыдан екі жыл бұрын айтылған нақты тапсырмаларды іске асыру барысы туралы айтып берді. Қазіргі күні өңірдегі қант қызылшасы егістігінің алқабы 2500 гектарды құрайды. Биыл егін бітік, гектар шығымдылығы жақсы болмақ. Облыста қант қызылшасын жинау енді басталғанын хабарлаған әкім орынбасарының айтуынша, алғашқы нәтижелер көңіл қуантарлықтай. Бір түптен алынған өнім 6,5-7 келіден айналуда. Бұл облыс аграршылары гектардан 700 центнерден астам өнім жинайды деген сөз. Былтыр тоқтап тұрған Көксу қант зауыты инвесторлардың арқасында қайта іске қосылып, қазір жаңғырту, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Нұрсұлтан Назарбаев өңір ноу-хауы – электронды жер картасымен танысты. Оның көмегі арқылы әрбір қазақстандық өңірдегі егістік алқаптарының жағдайымен таныса алады. Бұл шаруа қожалықтарының өз қарамағындағы егістік жерлер мен жайылым, шабындықтарды пайдалану тиімділігін бақылауына мүмкіндік береді.
Қазақстан Президенті агроөнеркәсіптік кешен басшыларымен кездесті. Өңірдің жетекші фермерлері мен аграршылары Мемлекет басшысына өз жетістіктері жайлы айтып берді.
–  Алматы облысы қант қызылшасы, жүгері мен алмасы арқылы  кеңінен танымал болып келген, –  деп атап өтті  Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында. –  Сондықтан осы дақылдарды егу алаңын арттырып қана қоймай, сапасына да баса ден қою қажет. Республикада отандық қанттың үлесі небәрі 10 пайызды құрайды, бұл көрсеткішті ұлғайтып, Көксу, Ескелді қант зауыттарын жаңғыртуды жалғастырып, Ақсу ауданында  қайта жөндеу жұмыстарын бастау керек.
Мемлекет басшысы қазір ауыл шаруашылығын мемлекеттік субсидиялауға деген көзқарастың өзгергенін атап өтті.
– Менің шаруаларға айтып жүрген ой-пікі­рімнің барлығының негізгі түйіні – еңбек өнім­ділігін субсидиялау қажеттігі. Яғни қаражат дайын өнім өндірісі үшін бөлінетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы өңдеу кәсіпорны аграрлық техникалары мен ауыл шаруашылығы өнімдері көрмесін аралап, өңір еңбеккерлерінің жұмыстарына табыс тіледі.
Мемлекет басшысы жұмыс сапарының барысында Текелі тау-кен өңдеу кешенінде болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Елбасына өндіріске енгізілген инновациялық технологиялар, қайта балқытылған шойын алу арқылы темір рудасын өндіру және өңдеу жобасының іске асырылу барысы туралы баяндалды.
Мемлекет басшысы сапарының аясын­да өңір­дің әлеуметтік, мәдени өмірінің тыныс-тір­шілігі де назардан тыс қалмады. Елбасы Талды­қор­ған қаласындағы көпсалалы ауруханада болып,  облыстың денсаулық сақтау жүйесін дамыту­дың басты бағыттары және тиісті мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысымен танысты. Президентпен кездесуде медицина қызмет­керлері жүргізіліп жатқан әлеуметтік сая­сатқа қолдау білдіріп, денсаулық сақтау саласына қамқорлығы үшін алғыстарын айтты. Облыс орталығындағы 300 адамға шақталған, жаңа құ­рыл­ғы­лармен жабдықталған көпсалалы аурухана стационарлық, стационарды алмастыратын және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Алматы обл-жастарға қызмет
Еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың білімді, жан-жақты жетілген азамат болып қалыптасуы жолында жасалып отырған қамқорлықтың бір көрінісі ретінде Талдықорған қаласында жаңадан салынып, пайдалануға берілген Оқушылар сарайын айтуға болады. Жалпы ауданы 13 мың шаршы метрден асатын ғимараттың инфрақұрылымы шеберхана, зертхана, көрме және мәжіліс залдарын, сондай-ақ музей, медиатека, дыбыс жазу студиясы мен обсерваторияны қамтиды.
Жас өркеннің қиялына қанат бітіріп, асқақ арман мен асқаралы биіктерге ұмтылдыратын осынау орталыққа Мемлекет басшысы арнайы ат басын бұрып, биология, физика кабинеттерін, техникалық шығармашылық көрмесін, хореография және үлкен концерт залдарын аралап көрді, көркемөнер галереясындағы суреттер экспозициясымен танысты. Сондай-ақ балалардың ән-би өнерін тамашалаған Елбасы жеткіншектермен және олардың ата-аналарымен әңгімелесіп, шығармашылық табыс пен бақ-береке тіледі.
Соңында Мемлекет басшысы Оқушылар сарайына жайлы автобус тарту етті.
Бұдан кейін Елбасы Жастарға қызмет көрсету орталығында болып, өңірдегі жастар саясатының негізгі бағыттарымен және басты мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысымен танысты. Орталық жастар өмірінің кең ауқымды мәселелерін қамтиды, соның ішінде тұрмысы нашар және көпбалалы отбасыларға көмек көрсе­теді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы көпбейінді залды аралап көрді, онда Талдықорған мен Нұркент қалалары дамуының бас жоспарларымен, сондай-ақ Жаркент – Қорғас агломерациясы дамуының кешенді жобасымен танысты.
Мемлекет басшысы қала тұрғындарының мәдени-көпшілік демалысы үшін барынша қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығына назар аударды. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев қалалық «Жастар» саябағындағы жаңарту және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысып, жұртшылық өкілдерімен кездесті.
– Облыстың шекара бойында орналасуы эко­номиканың көлік-логистика және электр энергетикасы салаларын дамыту қажеттігін талап етеді. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылып, менің тапсырмаларымды облыс әкімінің тиянақты орындауының арқасында бұл салалар қарқынды дамуда. Өңірдің әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырудағы табыстарын да айтпай кетуге болмайды. Сонымен бірге халқымыздың тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістігінің тағы бірі – бейбітшілік пен ұлтаралық келісімнің сақталуы деп санаймын, – деп атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев облыс жұртшылығына зор денсаулық және еңбектеріне табыс тіледі. 
Өз кезегінде қала тұрғындары облысқа қам­қорлығы және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді мемлекеттік саясаты үшін Елбасыға ризашылықтарын білдірді.
Мемлекет басшысы Алматы облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.
Елбасы өзінің 2014 жылы берген тапсыр­малары­ның уақтылы орындалып жатқанын атап өтті.
– Алматы облысы – еліміздің көрікті өңірінің бірі және ауыл шаруашылығы дақылдарының көптеген түрін өндіретін аса маңызды аймақ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы қаланың абаттандырылуы жақсара түскеніне тоқталды.
– Жаңа әлеуметтік инфрақұрылым нысан­да­­рының пайдалануға берілуі еліміздің тәуел­сіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қала тұр­ғындары үшін тамаша сыйлық болды. Индустрия­ландыру бағ­дарламасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасының одан әрі іске асырылуы экономикамыздың дамуына, соған орай халықтың тұрмыс деңгейінің артуына септігін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.
Иә, шыбық қадасаң – жайқалған жасыл желекке, дән сепсең – қаулай өсіп, мол ырзыққа айналар жері жомарт, табиғаты жанға жайлы Жетісу өңірі еңбеккерлерінің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар өзіндік үлесі мем­ле­кеттік бағдарламалардың ойдағыдай жүзеге асы­рылуының нәтижесінде еселене түспек. 

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Оставить комментарий

Связанные Статьи