Сонымен, жаңа бекітілген Үкімет жұмысын бастап, Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындауға кірісіп кетті. Құрамы айтарлықтай өзгере қоймаған Министрлер кабинетінің алдында бүгінгі сын-қатерлерді лайықты еңсеріп, еліміздің экономикалық өсімін қамтамасыз ету міндеті тұр.
Жоспар айқын, жүйелі жұмыс қажет
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, дағдарыспен күрес жұмысынан экономиканың өсімін ынталандыру бағдарламасына көшу жөніндегі шаралар қосымша жұмыс орындарын ашуды, атап айтқанда, ауыл шаруашылығында, тұрғын-үй құрылысында және басқа да салаларда халықтың табысын арттыруды көздейді. Осыған байланысты жаңа Министрлер кабинетінің алдына нақты міндеттер қойылды. Үкімет құрамында жасалған өзгерістер халықтың әл-ауқатын арттыруға, экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға және Қазақстанды үдемелі дамытуға бағытталып отыр.
Кеңейтілген отырыстан кейін көп ұзамай Үкімет мүшелері жиналып, алда атқарылар жұмыстарды талқылаған болатын. Премьер-министр қызметінде Үкіметтің алғашқы отырысын өткізген Бақытжан Сағынтаев Елбасы тапсырмаларына сәйкес негізгі мақсат-міндеттерді пысықтады. Атап айтқанда, Министрлер кабинеті қызметінің жақын арадағы негізгі бағыттарын – кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын әрі қарай іске асыру, көлік инфрақұрылымын дамыту, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және «Нұрлы Жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеу шаралары құрайды. Бұл тұрғыда жұмыс сабақтастығын сақтай отырып, жүктелген міндеттерді орындауға күш-жігер салу – жаңа жасақталған Үкіметтің басты мақсаты. Елбасы тапсырмалары толық және уақытында орындалуы тиістігіне тоқталған Премьер-министр, осы орайда Парламент депутаттарымен, соның ішінде «Нұр Отан» фракциясымен арадағы байланысты күшейту керектігіне назар аударды. Қазіргі кезде Парламент қарауына енгізілген жаңа үш жылдық бюджеттің жобасы барлық бағдарламаларды тиімді түрде жүзеге асыруды көздейді. Сонымен қатар, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруды жалғастырып, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге жұмыс істеуіміз керек, деді Үкімет басшысы.
Бұл ретте жұмыспен қамту және бизнесті дамыту шаралары жалғаса беретін болады. Осы бағытта Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктеріне, мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жұмыспен қамтуды ынталандыру тетіктерін дамыту бойынша ұсынысты Үкіметке енгізу тапсырылды. Оның ішінде, шағын несиелендіру бағдарламасына, ауыл тұрғындарын несиелендіруге маңыз беру қажет. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне әкімдермен бірге азаматтардың еңбек мобильділігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шараларды қабылдау жүктелді. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды шағын бизнестің қатарына ауыстыру жұмысын атқарып шыққан жөн. Білім және ғылым министрлігі түлектерді тегін кәсіптік білім беру бағдарламасын мерзіміне сәйкес жүзеге асыруды қолға алуы, ал Ұлттық экономика министрлігі әкімдермен бірге мемлекеттік-жекешелік тетіктерін белсенді қолдану шараларын қабылдауы тиіс.
Кеңейтілген отырыста Елбасы айтқан ескертпені еске салған Б.Сағынтаев барлық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық ұйымдарын қайта түгендеуден өткізуді бұйырды. Бүгінде 11 министрліктің жанынан 301 мекеме құрылған. Былтыр олардың барлығына 109 млрд. теңге жұмсалған. Бұның бәрі тек орталық мемлекеттік органдарға ғана тиесілі. Әкімдіктердің қарамағында тағы 6,5 мың ұйым бар. Ал жекешелендіру жоспарына тек 416 ұйым ғана енгізілді. Сол себепті Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігіне инвентаризация мәселесін қатаң түрде қадағалап, қажетті және қажетті емес ұйымдарды анықтауды тапсырамын. Аймақ басшылары да осы жұмысты атқарып шығуы шарт, деді Премьер-министр.
Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Соның ішінде жеке шаруашылықтарды дамыту, субсидия беру жүйесін жетілдіру, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану, суармалы жерлерді пайдалануға беру мен ветеринарлық қауіпсіздік мәселесі бар. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жұмысы да жіті бақылауда болады. Осы жұмысқа жауапты министрлік жыл аяғына дейін агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеп шығуы тиіс. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі жер қорын түгендеп, әкімдер қалалардың бас жоспарын өзгерту бойынша тиісті ұсыныстарын жасауы қажет.
Ал индустрияландыру бойынша шикізаттық емес тауарларды экспортқа шығару мәселесіне баса назар аударылады. «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бойынша Қытаймен бірлесіп қолға алынатын жобалар да назардан тыс қалмауы тиіс.
Көлік инфрақұрылымы бойынша Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол» бағдарламасының қаражатын тиімді игеруді, қазіргі нфрақұрылымдық жобаларды жалғастыруды тапсырған болатын. Соған сәйкес Б.Сағынтаев Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика министрліктері, сондай-ақ әкімдіктер бұл жобаларды тездетіп іске асыруы, аймақ басшылары бюджет қаражатын тиімді әрі уақытылы игеруі тиістігін атап көрсетті.
Бұдан бөлек, Ұлттық экономика министрлігі инфляцияның деңгейін сақтап, ұзақ мерзімді несиелер үшін халықаралық ұйымдардан қосымша қаражат тарту бойынша маңызды да жауапты жұмысты атқарып шығуы қажет.
Мемлекет басшысы халықты баспанамен қамту бойынша жаңа тетіктерді әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігі құзыретті мемлекеттік органдармен, әкімдермен бірлесе отырып, тұрғын үй құрылысына арналған бірыңғай «Нұрлы Жер» бағдарламасын әзірлейді. Оған қазіргі тұрғын үй бағдарламаларының тетіктері енгізілетін болады.
Жер нұрлана, табыс ұлғая түсуі керек
Кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы экономиканың бірқатар басымдықтарын белгіледі. Бұл тұрғыда әлеуметтік-экономикалық саясаттың басты міндеттерінің бірі – халықты өнімді жұмыспен қамту мәселесін шешу болып отырғаны белгілі. Парламент Мәжілісінде өткен жаңа маусымдағы алғашқы Үкімет сағатында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыру және ағымдағы экономикалық жағдай туралы баяндаған ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, микрокредиттеуді дамыту жолымен жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру көзделіп отырғандығын айтты.
«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы және Дағдарысқа қарсы жоспар шеңберіндегі негізгі бағыттардың бірі – кәсіпкерлікті қолдау. Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру үшін 2016 жылы Ұлттық қор және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражаты есебінен барлығы шамамен 575 млрд. теңге қарастырылған. Бүгінгі күні көрсетілген қаражаттың шамамен 333 млрд. теңгесі екінші деңгейдегі банктерде және қаржы институттарында орналастырылған, оның ішінде 141 млрд. теңгені кәсіпкерлер алды. Бұл қаражат инфрақұрылым жүргізуге, жаңа инвестициялық жобаларды кредиттеуге, айналым капиталын және экспорттық операцияларды қаржыландыруға және қарыздарды қайта қаржыландыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта өзін өзі жұмыспен қамтыған халық саны 2,2 млн. адамды құрайды, олардың 60%-дан астамы ауылдарда тұрады және табыстары 60 мың теңгеден төмен. Төрттен бір бөлігі – жастар. Бүгінгі күні өзін өзі жұмыспен қамтыған халықтың бір бөлігі уақытша жұмыстармен күн көруге мәжбүр екені жасырын емес. Біздің міндетіміз – оларды өнімді жұмыспен қамтуға көптеп тартып, табыстарын ұлғайту, деп хабарлады ведомство басшысы.
Министрлік бұл міндетті шешудің екі жолын көріп отыр. Біріншіден, кәсіптік біліктілігін арттыру және еңбекке жұмылуға ынталандыру арқылы өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Ол үшін 2017 жылдан бастап «Жалпыға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске қосылатын болады. Осы мақсатқа 7 млрд. теңге көзделді, оның ішінде 2 млрд. теңге – республикалық бюджетте және 5 млрд. теңге – жергілікті бюджеттерге жалпы сипаттағы трансферттерде. Бұл кәсіби мамандықтар бойынша гранттар санын 84 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылы бұл мақсаттарға Жұмыспен қамту жол картасы және Бизнес жол картасы шеңберінде 32,6 млрд. теңгеден астам сома бөлінген. Нәтижесінде 4,4 мыңға жуық жеке бастамаға қолдау көрсетіліп, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Қ.Бишімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес микрокредиттеу тетіктері жетілдірілетінін мәлімдеді. Бұл тұрғыда қалаларда банк секторы инфрақұрылымын тарту, ауылдық жерлерде микрокредиттеу жөніндегі бірыңғай оператор құру жоспарланған. Жалпы, министрліктің бағалауынша, егер жеке ісін бастау не тұрақты жұмыспен қамтылу мүмкіндігін беру жолымен өзін өзі жұмыспен қамтығандар санын 440 мың адамға азайтса, бұл 5 жыл ішінде ІЖӨ-нің 3-4% немесе жылына 0,6-0,8% қосымша өсіміне мүмкіндік береді екен.
Сонымен бірге «Агробизнес-2020» бағдарламасының негізінде әзірленгелі отырған жаңа мемлекеттік АӨК дамыту бағдарламасы аясында өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту, сервистік-дайындау кооперативтерін құру, суармалы жерлерді айналымға енгізу жөніндегі міндеттер шешілмек. Министр айтып өткендей, 600 мың гектар суармалы жерді пайдалануға берудің нәтижесінде 200 мың тұрақты жұмыс орнын құруға болады.
Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында инфляция деңгейін төмендету және баға тұрақтылығын одан әрі қамтамасыз ету болжанып отыр. Орта мерзімді перспективада Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты инфляцияны 3-4%-ға дейін төмендетуге бағытталады. Сондай-ақ мемлекеттік борыштың өсуіне жол бермеу шаралары қабылданатын болады.
2017-2019 жылдары мемлекеттік борышты қолайлы деңгейде ұстап тұру үшін республикалық бюджет тапшылығын 2019 жылға қарай ІЖӨ-ге қатысты 1,0 %-ға дейін кейіннен төмендете отырып, 2017 жылы ІЖӨ-ге қатысты 1,2%-ға азайту жоспарланып отыр, деді Қ.Бишімбаев.
Мұнай бағасы төмен деңгейде қалып отырған қазіргі жағдайда келешек ұрпақ үшін Ұлттық қордың сақталуын қамтамасыз ету аса маңызды. Сондықтан да Ұлттық қордан қосымша қаражат тартылмай, экономиканың жеке инвестициялар мен кәсіпкерлікті дамытуға негізделген ішкі мүмкіндіктері пайдаланылады.
ҰЭМ болжамынша, «Нұрлы Жол», Индустрияландыру бағдарламаларын, агроөнеркәсіптік кешенді, жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Мемлекет басшысы атаған жаңа бағыттарды, банктік сектордың инвестициялық белсенділігін қалпына келтіруді, жеке инвестициялар тартуды, салық жүйесін реформалауды тиімді іске асыру жыл сайын орта мерзімді перспективада экономиканың 3,5-4% деңгейінде өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кеңейтілген отырыста Елбасы халықты тұрғын үймен одан әрі қамтамасыз ету үшін қолданыстағы бағдарламалардағы барлық тұрғын үй мәселелерін бір бағдарламаға біріктіре отырып, бірыңғай «Нұрлы Жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Оның аясында инженерлік инфрақұрылымды тартқаннан кейін қазақстандықтарға 10 сотық жер беру қарастырылған. Аталған бағдарламаға қазіргі ипотекалық және тұрғын үй жинақ тетіктері енгізілетін болады.
Қазіргі күні тұрғын үйдің барлық түрлерін, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін жаппай құрылыс салу аудандарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу көзделген. Бұл мақсаттарға 2015-2016 жылдары 151,8 млрд. теңге бөлінді. Соның арқасында 2016-2017 жылдары 101 мыңға жуық жаңа жер учаскесінің инженерлік инфрақұрылымы дайын болмақ. Бұдан бөлек, осы уақытқа дейін берілген 57,4 жер учаскесіне инженерлік желілер тартылады. Соның нәтижесінде қосымша 43,5 мың жаңа учаске дайындауға мүмкіндік бар. 2017 жылы инженерлік инфрақұрылымды дамыту шараларына тағы 84 млрд. теңге жұмсалады.
Үкімет сағатында «Нұрлы Жер» бағдарламасының басым қырларын ашып көрсеткен ұлттық экономика министрі оны нақты үш бағытта іске асыру жоспарланғанын айтты. Біріншіден, ипотека арқылы жаңа баспананы сатып алу шараларына басымдық беріледі. Екіншіден, тұрғынүй жинақ жүйесі бойынша халықты баспанамен қамтамасыз ету жұмысы жалғаса береді. Осының аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін аймақтық тұрғын үй қорларын құру жоспарланып отыр. Үшіншіден, жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға баса назар аударылмақ. Бағдарлама аясында осы уақытқа дейін берілген жер учаскелеріне де инженерлік желілер тарту қарастырылған. Жекеменшік тұрғын үй саласын дамыту осы саланың басым бағыты болып отыр. Бұл жұмыстарға қосымша инвестиция тартудың арқасында бюджетке түсетін салмақ та азаяды.
Жаңа Үкіметтен не күтеміз?
Айдос Сарым, саясаткер:
Бақытжан Сағынтаевтың бүгінгі жағдайда өте өзекті болып табылатын Жер реформасы комиссиясын басқарғаны үлкен маңызға ие. Жұмыс бабымен араласқанда, жағымды әсер қалдырғанын атап өткім келеді. Б.Сағынтаевтың премьер-министрдің қызметін атқарушы бола отырып, бұл лауазымды сақтайтындығы еш күмән туғызбады. Өйткені, Елбасының бұрыннан қалыптасқан өзіндік ерекше қағидаты бар – премьерлікке үміткер тұлға мансап баспалдағының барлығынан өтуі керек. Яғни, ол өндірісте жұмыс істеген, әкім лауазымын атқарған тәжірибелі тұлға болуы шарт. Елбасының кадрлық саясаты тұрғысынан алғанда, Б.Сағынтаев бұл кезеңдердің барлығынан өтті.
Әміржан Қосанов, саясаткер:
Әрине, жеке адамның рөлін мүлдем жоққа шығаруға болмайды, сондықтан да Б.Сағынтаев үкімет басшысы ретінде өзін жаңаша қырларынан көрсете алатын болар. Б.Сағынтаев экономиканың аса бір қиын кезінде премьер боп отыр. Кез келген дағдарыс шешімділік пен табандылықты талап етеді, керек десеңіз, мінез болуы керек! Және де ондай қимыл танытуы үшін ол, әрине, Елбасынан тікелей тапсырма алуы, не оның сөзсіз қолдауына ие болуы тиіс. Онсыз оның ісі жүрмейді. Алдымен, үкімет бұрын қабылдаған негізгі бағдарламаларды қайта қарауы керек. Оның ішінде босқа қаржы шашуды қажет ететіндері баршылық. Онсыз ешқандай да өзгеріс не жаңалық болмайды. Жалпы алғанда, осы тағайындалған үкімет маған «уақытша үкімет» секілді көрініп тұр. Бәрін таяу уақыт көрсетер…
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ
Оставить комментарий