Әлемдегі ең сұлу шаһар, алыс кетсең сағынып оралатын Алатау бөктеріндегі ару қала – Алматы өзінің мыңжылдығын салтанатпен атап өтті. Тарихы тереңнен сыр тартқан, жанға шуақ, жүрекке нұр құятын бүгіні ғажайып қаламыздың бұл мерейтойы ЮНЕСКО-ның Адамзаттың атаулы және мерекелік күндері күнтізбесіне енген. Осынау айтулы оқиғаға арнайы келген мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Алматының мыңжылдық мерекесімен құттықтап, оның тарихи мәнін атап өтті,- деп хабарлайды Qamshy.kz Экономика газетіне сілтеме жасап.
Бұл датаның ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуі Алматының өңірлік және жаһандық дамудағы бірегей рөлінің айрықша екенін көрсетеді.
– Алатау бөктеріндегі қастерлі өлке өз тарихында көп нәрсені басынан өткерді. Бұл жерден алып Еуразияның шығысы мен батысын, солтүстігі мен оңтүстігін жалғаған алғашқы сауда жолы және жалпыадамзаттық магистраль – Ұлы Жібек жолы өткен. Бес жүз елу жыл бұрын Жетісу Қазақ хандығының бесігі болды. Бұл жерде бүкіл Орталық Азия аймағының урбанистік мәдениетінің басты ошағының бірі пайда болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев мыңжылдық мерейтойға сый ретінде ашылған жаңа спорт кешені – «Алматы Арена» мұз сарайында өткен салтанатты кеште.
Елбасы ХХ ғасыр оқиғаларындағы Алматының айрықша рөліне назар аударды.
– Қала 1929 жылы Қазақстанның астанасы атанып, кейіннен миллиондаған тұрғыны бар мегаполиске айналды. Алматыға егемен Қазақстанның алғашқы астанасы болу мәртебесі бұйырды. Сондықтан біз бүкіл халық болып қаланың мыңжылдығын Отанымыз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде мерекелеудеміз. 1995 жылы жалпы халықтық референдумда республика Конституциясы қабылданды. Осы қалада «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңға қол қойылды. Алматыда Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Осы шаһарда жаңа елордамыз – Астана туралы тарихи қаулы қабылданды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев мегаполистің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері әрқашан мемлекеттің басты назарында екенін атап өтті.
– Былтыр қаланың 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы қабылданды. Ол тұрғындардың өмірін, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, бизнес үшін қолайлы жағдайлар туғызу жөніндегі нақты шараларды қамтиды. Қазіргі Алматы – Қазақстанның батыл әрі қарқынды дамуының көрінісі. Соңғы 5 жылдың өзінде қала аумағы 2 есе өсті. Тұрғындардың жалпы саны – бір миллион жеті жүз адам. Алматы метрополитенінде қазірдің өзінде 30 миллионнан астам жолаушы тасымалданды. 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы басталады. Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралінің бір бөлігі болмақ. «Инновациялық технологиялар саябағы» арнайы экономикалық аймағы құрылып дамытылуда, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Елбасы республикадағы барлық кәсіпкерлік сектордағы өндірілетін өнім мен көрсетілетін қызметтің төрттен бірін қамтитын шағын және орта бизнес субъектілерінің маңызды рөліне тоқталып өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ қысқы Универсиадаға дайындық халықтың жұмыспен көбірек қамтылуына, қаланың туристік саласының дамуына жаңа серпін бергеніне назар аударды.
– Оның бірегей нысандарының құрылысына 107 миллиард теңге инвестиция тартылды. Соның арқасында мың жарым шағын және орта бизнес субъектілері жұмыспен қамтылып, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қысқы Универсиадаға 57 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады. Алматының туристік кластерін дамыту арқылы қаланың 90 мың тұрғыны жұмыспен қамтамасыз етіледі, – деді Елбасы.
Соңында Қазақстан Президенті барша қазақстандықтарды өздері жақсы көретін әсем де теңдессіз қаласының мыңжылдығымен құттықтап, зор денсаулық, бақ-береке және табыс тіледі.
Елбасы мерейтой аясындағы жұмыс сапарында қысқы Универсиада ойындары өтетін негізгі нысандарды аралап көрді. Атлеттер қалашығында болып, «Медеу» мұз айдынының және «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортындағы жөндеу жұмыстары мен Универсиадаға дайындық барысына баға берді.
Мемлекет басшысы 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиада өтетін басты нысандардың бірі – «Халық Арена» спорт кешенінде болып, көпбейінді мұз айдынының қызметімен танысты. 3 мың көрерменге арналған мұз айдыны хоккей жарыстарын өткізуге лайықталған. Мемлекет басшысына Универсиададан кейін «Халық арена» көпбейінді кешенін қалалық хоккей командаларының ойын алаңына, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, сондай-ақ жаппай халықтық сырғанақ орталығына айналдыру жоспарланып отырғандығы айтылды. Сонымен қатар, кешен концерттер, мәдени-көпшілік шаралар өткізуге лайықталып, қазіргі заманғы жарық беру және дыбыс құрылғыларымен жабдықталған.
«Халық Аренада» Олимпиада жеңімпаздарымен және қаланың спорт қоғамдастығы өкілдерімен кездесуде Елбасы: «Қазақстан өзін спорт державасы ретінде таныта білді. Бұл жетістіктермен шектелмеу керек. Спорттағы еліміз бағындырған биіктердің деңгейін бұдан әрі көтере түсу қажет. Мемлекет халықтың денсаулығына баса көңіл бөліп отыр. Дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындық барысында заманауи спорт ғимараттары салынды. Ол көпшіліктің, әсіресе балалар мен жастардың спортпен шұғылдануына қосымша серпін береді», – деп атап өтті.
Спортшылар ұдайы көңіл бөліп, қамқорлық көрсетіп келе жатқаны үшін Елбасына алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы студенттер спорты халықаралық федерациясы өкілдерімен кездесіп, федерацияның тікелей қолдауымен Дүниежүзілік қысқы универсиаданы Қазақстанның табысты өткізетініне сенім білдірді. Федерация өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевқа алдағы универсиада аясындағы барлық іс-шаралардың тиімді өтуіне қосқан жеке үлесі үшін алғыс білдірді. Елбасы универсиада нысандары шара өткеннен кейін спорт мектептері, кәсіби және әуесқой командалардың жаттығуларын ұйымдастыру орталықтары ретінде пайдаланылатындығы туралы хабардар етілді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Дәстүрлі музыка мультимедиялық орталығымен» танысты. Онда Ықылас атындағы халық аспаптары музейі, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік музей, Алматы қаласының тарих музейі, сондай-ақ мемлекеттік мұрағаттар қорларынан алынған қазақ өнерінің көрнекті қайраткерлері қолданған бірегей аспаптар көрермендер назарына ұсынылған. Нұрсұлтан Назарбаев орталыққа өзінің жеке домбырасы мен әйгілі күйші Дина Нұрпейісоваға арналған «Дала әуендері» атты мүсінді тарту етті.
Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев қаланың Медеу ауданында мемлекет-жекеменшік серіктестігінің арқасында салынған №168 мектепте болды. Мемлекет басшысы мектептің материалдық-техникалық жабдықталуымен танысып, оқушылардың ата-аналарымен және педагогтармен кездесті. Елбасы жиналғандарды жаңа оқу орнының ашылуымен құттықтап, алға қойылған міндеттерге қол жеткізу жолында табыс тіледі.
Жаңа ғимараттың жалпы алаңы – 8390 шаршы метр. Заманауи құрылғылармен жабдықталған білім ошағы 600 оқушыға арналған. Мұнда гуманитарлық ғылымдар тереңдете оқытылып, мемлекеттік тілде білім беріледі.
Мерейтой аясында Тұңғыш Президент саябағында алматылықтардың сүйікті мерекесіне айналып үлгерген дәстүрлі Алма фестивалі өтті. Биыл алты аймақтан құралған фестиваль алаңындағы «Аpple Базар» аймағына 150 тонна алма әкелінді.
Фестивальге келушілерді мерекемен құттықтаған қала әкімі Бауыржан Байбек: «Біз Алматының жоғары технологиялық қала ғана емес, өзіндік болмысымен ерекшеленгенін қалаймыз. Қазіргі тарихи-мәдени мұраларымыз жаңару мен креативтіліктің бастауы болып отырғаны сөзсіз. Тарихшылар Алматының 1000 жылдық тарихын дәлелдеп берді. Міне, 10, 11 ғасырдан бері бұл жерді адамдар мекен етіп келеді. Қаланың 1000 жылдық тарихын Горный Гигант аймағынан табылған көне түркі теңгелері мен Шекарашылар училищесі маңынан табылған «Алмату» деген жазуы бар көне теңге дәлелдеді.
Шығыстанушы Владимир Настич Алматының қазіргі аумағында теңге соғатын сарай болған деген ғылыми болжам ұсынады. Білесіздер, жеке ақша бірлігі болу деген ол қашанда сол елдің жоғары мәдениеті мен дербес экономикасын көрсетеді. Осы фактілерге сүйене отырып, ЮНЕСКО-ның 38-ші сессиясында 195 ел бірауыздан Алматының 1000 жылдығын аталған халықаралық ұйымның ескерткіш даталар күнтізбесіне қосуға дауыс берді. Мұның барлығы да сіздер үшін, қымбатты алматылықтар. Бізде Алматыны әлемдегі ең үздік қалалар қатарына қосу үшін жасаған жоспарларымыз бар. Біз оған бірлесе қол жеткіземіз деп ойлаймын. Себебі біздің бәрімізді Алматыға деген махаббат біріктіріп отыр», – деді.
Қала күнін тойлау мерекесі аясында «Алматы қаласының құрметті азаматы» сыйлығы ғалымдар Карл Байпақов, Камал Ормантаев және Социалистік Еңбек ері Вера Сидороваға табыс етілді.
Алматының мыңжылдық мерейтойын атап өту салтанаты Apple Fire мерекелік отшашуымен аяқталды.
Рымтай САҒЫНБЕКОВА
Оставить комментарий