Ғылыми негіздермен бәрін де ретке келтіруге болады

/uploads/thumbnail/20170709091113119_small.jpg

Еліміздің ауыл шаруашылығын еселеп арттыру және оны тұрақтандыру бүгінгі күндегі заманауи басты бағыттарымызға айналып отыр. Өйткені, ауыл шаруашылығынсыз халық үшін аса қажетті қаракеттің қайнар көзі болып табылатын – азық-түлік бағдарламасын кідіріссіз алға апару оңай шаруа емес. Қазір бұл күн тәртібінен түспей келе жатқан күрделі де көкейкесті мәселеге айналды. Бұған тағы бір себеп, бұлтартпас түрткі болып келе жатқан мәні мен маңызы зор мәселенің де тұрғанын жасырып-жаба алмаймыз. Ол ауа-райының жаһандық өзгерісті әкелуі және оның қоршаған ортаға тигізіп жатқан кері әсері ХХІ ғасырдың басты проблемаларының бірі болып отырғанына ешкім де қарсы дау айта алмайды. Мұның оңды бетбұрыстар жасау арқылы оңды жолы мен мүмкіндігін де табуға болады. Сондықтан осыған байланысты айтылып отырған ауқымды проблеманың түйінін түпкілікті шешу мақсатында өз тарапымнан түйінді ойларымды, ұсыныстарымды, пікірлерімді аға газет арқылы ортаға салғым келеді.

 

Соңғы онжылдықта планетамызда эколо­гия­лық-климаттық табиғат өзгеріс­тері­нің саны артты: күйзелістік құбылыс­тардың қайталануы ұлғайды (нөсер, бұршақ ұру, су тасқыны, дауылды желдер, қар басу, т.б.). Адамзат тарихында эрозиялық процесстерді күшейтетін табиғи факторлардан бөлек антропогенді факторлардың да рөлі айтар­лықтай болды және болады да, бұл әсіресе, топы­рақтың және басқа да ауылшаруашылық алқап­тарының, жалпы барлық биотүрліліктің– өсімдіктер, жануарлар әлемі және микроағзалардың азуы мен тозуына әкеледі. Бүгінгі күні әлемде жыл сайын 10 млн. астам егістік жерлері пайдаланудан шығуда: эрозиядан – 6 млн.га, ауылшаруашы­лық қажеттіліктеріне бөлінгендерден – 3 млн.га, тұз­дану мен батпақтанудан – 2-3 млн.га. Бұл ойлап отырсақ, оңай шығын емес.
БҰҰ Даму бағдарламасының мәліметтері бойынша Қазақстанда соңғы 50 жыл ішінде ауа температурасының орташа жылдық мәні 1,5-2,0 о-қа артты. Экономиканың маңызды секторларының бірі – ауыл шаруашылығы қазірдің өзінде-ақ суар­малы және ауызсу тапшылығын сезінуде. Осының салдарынан негізгі ауылшаруашылық дақыл­дарының өнімділігінің төмендеуі байқалуда. Атмосфералық жауын-шашындардың азаюы топы­рақтың ылғал қорының төмендеуіне әкеліп соқтырады. Бұл көбіне суарылмайтын тәлімді егіншілік аудандарындағы өнімге қатты әсер етері анық. Бұдан басқа, вегетациялық кезеңнің гидротермикалық жағдайларының өзгеруі ауыл шаруашылық дақылдарының түрлі ауруларының, зиянкестердің жаңа шоғырының пайда болуына ықпал етеді. Мұның да өнім сапасын жою мен өнімділікті төмендетуге деген тигізер ықпалы аз болмайды. Аталған жағдайда, ауа-райының өзгеруіне бейімделу мәселелері  аграрлық ғылым­дағы зерттеулердің басым бағыты болып табылады. Өйткені, ауыл шаруашылығы саласы табиғи-климаттық жағдайларға байланысты болады және азық-түлік қауіпсіздігін тікелей анықтайды.
Әлемдік стандарттарға сәйкес, Қазақстанда егіншілік жұмыстары ауа-райының ерекше  қолайсыз жағдайларында жүргізілуде. Мұнда негізгі егіншілік аймақтардағы жылдық жауын-шашын мөлшері 200-350 мм құрайды. Осыған байланысты, отандық өсімдік шаруашылығының ауа-райы өзгерістеріне бейімделуі үшін, әсері мен мүмкіндіктері бойынша зерттеулерді арттыра түсу қажет. Яғни, селекциялық жұмыстарға деген көзқарасты өзгертуге тура келеді.
Және де, тек қана өнімділікті арттыруға ғана назар аударып қоймай, сонымен бірге сорттардың күйзеліске тұрақтылығын (құрғақшылыққа, аязға, суыққа, тұздануға, т.б. төзімділігі) дамытуды үздіксіз, үзіліссіз қолға алып отырған абзал.
Сонымен қатар, негізгі ауылшаруашылық аймақтардың қалыптасқан егіншілік жүйесіне түзетулер енгізу керек. Себебі климаттық өзгерулер вегетациялық кезеңнің гидротермикалық жағдай­ларына айтарлықтай әсер етеді. Нәтижесінде агро­техникалық іс-шараларды жүргізудің оңтайлы кезеңдерін өзгертуге, арамшөптердің вегетациясы фазаларының жылжуына, зиянкестер мен аурулардан өсімдіктерді қорғау амалдарына, төзім­ділігіне және басқа жағдайларға әкеледі. Бұл үшін бір ғана тәсіл емес, өзара байланыстағы іс-шаралар жүйесі, егістік алқаптарының (ауыспалы егістер) оңтайлы құрылымы, топырақ өңдеуімен егіншіліктің ғылыми негізделген жүйесі, өсімдік шаруашылығының кең әртараптануы, егіншіліктің және ауылшаруашылық дақылдарын өсіру агро­техно­логияларының заманауи жүйесі қажет. 
Қазақстанда экологиялық жағдайдың нашарлауы мен ауылшаруашылық алқаптарының азуы мен тозуын ескере отырып, ҚазЕжӨШҒЗИ ғалымдары егіншіліктің заманауи жүйесін ландшафты түрде әзірлеуді ұсынды. Оның негізі – нақты аймақтар үшін экологиялық теңдестірілген тұрақты агроландшафтарды жасау, олар негізгі алты фактор бойынша егіншілікті экологиялық қауіпсіздік ар­қылы жүргізуді қамтамасыз етеді: 
1. Қоғам қажеттілігі (азық-түлік нарығы);
2. Ауылшаруашылық дақылдарының агроэко­ло­гия­лық талаптары; 
3. Өндірісті жеделдету жағдайлары; 
4. Табиғи жағдайлар; 
5. Шаруашылық бағыты; 
6. Табиғатты қорғау талаптары. 
Сумен қамтамасыз етудің барысы республика экономикасын дамытудың маңызды шешуші факторына айналуда. Мұндай жағдай су қорларының тапшылығының өсуі салдарынан орын алуда. Ол мемлекетаралық бөлінуіне, су пайдалануды қатаң шектеумен, аймақтық су шаруашылығы жүйесінде өзендерде су ағызу режимінің өзгеруіне, су қорлары сапасының нашарлауына, суармалы жерлердің тұздануына байланысты. Жер бетінде, соның ішінде Орталық Азияда ауа-райының жаһандық жылынуына байланысты тұщы су тапшылығының қарқынды өсуі, суаратын суды үнемді пайдаланудың жолдары мен амалдарын іздеуді басты міндет етіп қояды. 
Көптеген зерттеулер көрсеткендей, дақылдарды тамшылатып суғаруға кететін суды үнемді пай­даланудың тиімді жолы болып табылады. Тамшылатып суару – суарудың бұл түрінде вегета­ция­лық кезең бойы өсімдіктердің тамырына су аздаған көлемде біркелкі тарайды және ылғал қатар аралығына кетпей, тек қана өсімдіктерге барады. Соңғы жылдары ҚазЕжӨШҒЗИ-да Қазақстанның Оңтүстікшығысындағы суармалы жерлерінде танаптық дақылдарды: қытайбұршақ, жүгері, қант қызылшасы және күрішті тамшылатып суарудың тиімділігін зерттеу бойынша жұмыстар жүргізіле бастады. Зерттеу нәтижелері, әсіресе, күріш және қант қызылшасы сияқты суды көп қажет ететін дақылдарды өсіру кезінде тамшылатып суарудың тиімділігі жоғары екенін көрсетті.Жабынды пленкасының астында тамшылатып суару негізінде күріш өсірудің жаңа табиғат қорғау технологиясы алғаш рет әзірленуде. Жаңа инновациялық технологияның маңызы – күріш судың толықтай жайылыуынсыз және гербицидтерді қолданусыз өсіріледі. 
Топырақтағы ылғал тапшылығы ең өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек. Мәселен, қалыптасқан жағдайда өсімдік шаруашылығы бөлігін жақсартуға ең алдымен ылғал, топырақ, қуат, қор және табиғат үнемдеуші технологиялар арқылы қол жеткізу керек. Үнемдеуші егіншіліктің дәл осы жүйесі бүгінгі күні ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысатын фермерлердің кәсібін жүргізуінің негізі болып табылады. Үнем­деуші егіншілік технологияларына топырақты нөлдік және минималды өңдеу жолдары жатады. 
Қазіргі уақытта топырақты өңдеуді минимализациялау дамудың жаһандық тенденциясына ие. Мұны егіншіліктің әлемдік тәжірибесі де растап отыр. Ауылшаруашылық дақылдарын өсірудің қор үнемдеуші технологияларын пайдалану көлемі үнемі арта түсуде. Дегенмен, топырақты өңдеуді минимализациялаудың, әсіресе тікелей себудің барлық мәселелері Қазақстан аймақтарының күрде­лі агроландшафтты және рельефті ерешеліктері­нің есепке алынғаны, аяғына дейін толық зерттелме­ген. Сонымен қатар, ҚазЕжӨШҒЗИ зерттеулерінің таза түрі және алынған дәнді дақыл бойынша жүретін күздік бидайға топырақты минималды өңдеудің нәтижелілігі анықталғанын атап өткен орынды. Бірақ, топырақты нөлдік өңдеу бойынша күздік бидайды тікелей себу мүмкіндігі төңірегіндегі сұрақ әлі де зерттеліп келеді. 
Бұдан басқа бірқатар шетелдік ғалымдардың зерттеулерімен ауылшаруашылық дақылдардың барлығы үшін топырақты нөлдік өңдеу барлық жерде бірдей болмайтындығы анықталды. Осыған байланысты, топырақты нөлдік өңдеу негізінде малазықтық, дәндібұршақ, майлы және жармалық дақылдарды өсірудің қор үнемдеуші технологияларын әзірлеуді әр жағдайда жүргізу қажет. Бұл мәселенің өзектілігі, сонымен бірге, ауыспалы егістіктердің дақыл ауыстырушы нұсқаларға қолданылатын осы тектес технологияларды әзірлеу қажеттілігімен де байланысты. Бұдан басқа, әлемдік егіншіліктің тәжірибесі ауылшаруашылық дақылдарды тікелей себу өсімдіктердің өмір сүру жағдайларын түбегейлі өзгертетінін көрсетті. Сондықтан да, Қазақстанның аймақтарында қолданылатын топырақты нөлдік өңдеуді теориялық негіздеу үшін мұндай өңдеу топырақтың агрофизикалық, агрохимиялық және биологиялық қасиеттеріне және жалпы оның құнарлылығына әсерін зерттеу қажеттілігі туындауда. 
Соңғы жылдары «икемді егіншілік» (гибкое земледелие) концепциясы танымал бола бастады.Ол қуаңшылық аймақтарында егіншілік жүйесін одан әрі жетілдіру жолдарының тиімділігін көрсетеді. Оның негізгі буыны болып, ылғал жинауды күшей­ту бойынша іс-шаралар кешені және осы негізде – қалыптасқан табиғат жағдайларына сәйкес егіс алқаптарының құрылымын оңтайландыру мүмкіндігі, сонымен қатар, топырақты өңдеу, тыңайтқыштарды пайдалану, өсімдіктерді қорғау амалдары жүйесіне тағы басқа түзетулер енгізу болып табылады.Қолайсыз егіншілік жағдайларында бұл факторларды ескеру, ылғалмен қаматамасыз ету деңгейіне икемді әсер етуге, егістікті пайдаланудың құрылымын шұғыл өзгертуге және биоклиматтық әлеуетті кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. 
Егіншіліктің заманауи жүйелерінің экологиялық қауіпсіздігі мен экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету, ең алдымен, егіншілік жүйесінде биологиялық факторларды барынша пайдалану және топыраққа антропогенді жүктеуді төмендетуді қамтитын егіншілікті биологизациялаумен байланысты.Бүгінгі күні топырақтың құнарлылығын өндіру бойынша биологизациялаудың едәуір қолжетімді факторлары болып дақыл ауыстыру принципімен ауыспалы егістікте дақылдардың құ­ра­мымен кезекпен ауыстырылуы. Сонымен қатар сидераттарды және өнімнің тауарлық емес бөлігін тыңайтқыштарға пайдалану, органикалық тыңайт­қыштарды және симбиотикалық азот­бе­кіт­кіштерді кеңінен қолдану қажеттілігі. Бұл факторлардың барлығы да агроценоздардағы энергия мен заттар айналымының жайылыңқылығы көлемін азайту. 
Атмосфераны көмір қышқыл газымен (СО2) байыту есебінен ауылшаруашылық дақылдары үшін жаһандық жылынудың жағымсыз салдарларын төмендетуге болады. Бірақ, бұл ауа-райы өзгеруінің жаһандық тенденциялары жағдайларында АӨК-нің мобильдігі мен тұрақтылығын, сонымен қатар топырақ құнарлылығын сақтау мен арттыруды қамтамасыз ететін егіншіліктің бейімделу-ландшафтты жүйелерін игеру жағдайында ғана мүмкін болады. Ауада СО2 деңгейінің артуы ке­зінде өсімдіктер құрамында ассимиляторлардың жинақталуы ұлғаятындығы белгілі. Олар топы­рақ­тың қорек элементтерімен қамтамасыз етіл­гендігіне байланысты. Өсімдіктермен биомасса син­тезіне пайдаланылады немесе жеке мүшелерде жинақталады (тамырында, жапырақтарда). Азот­тық қорек төмен болған жағдайда осылай болады. Топырақта азоттың жетіспеуі өсімдіктердің өр­кендеуі санының, биомассаның жинақталуының, масақтағы дән санының төмендеуіне әкеледі. 
Репродуктивті мүшелерінің қалыптасуы жүзе­ге асатын жауапты кезеңдердің өтуін тездетеді. Соның салдарынан өнім­ділік төмен болады. Егіншілік мәдениеті төмен болған жағдайда, ауылшаруашылық мақсаттағы жерлердің құнарлылығына жағымсыз әсер ететін негізгі факторлардың бірі болуы мүмкін. Осылайша, өсімдіктердің минералдық қорек жағдай­ларын оңтайландыру, тыңайтқыштарды нақты және уақтылы қолдану ерекше өзектілікке ие болады, өйткені солардың көмегімен ауа-райы өзге­руінің жағымсыз салдарларын белгілі шамада төмен­детуге жеткізеді. Қазақстанның Оңтүстік шы­ғыс аумақтарында негізінен, табиғи құнарлығы төмен болып сипатталатын ашық қоңыр және сұр топырақта осы топырақтардың құнарлығын арттыруға және аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған ғылыми зерттеулерді жүргізу қажет. 
Ауа-райының күрт жылынуы ауылшаруа­шылық дақылдарының зиянкес-жәндік­те­рінің көбеюіне әсер етеді. Соңғы 50 жылда температура мен зиянкестер спектрінің кеңеюі арасындағы байланыс орнатылды. Фитофагтардың көптүрлілігінің кеңеюі жалғасуда (612 зиянкес бар), жаңа штаммдар пайда болуда. Қазақстан Республикасымен шекаралас мемлекеттерде Ug99 сияқты сабақ таты жайылуда. Олардың дамуы күтіліп отырған қуаңшылық жағдайларында бидай және арпа егістіктерінде күшейіп кетуі мүмкін; резистентті патоген – Phytophthora infestans өткен уақыттарда Ирландияда картоп аштығы және т.б. тудындатқан. Осыған байланысты, орташа температуралар мен жауын-шашынның айтарлықтай өсуінің сценарийлері үшін климаттық өзгеру­лердің ерекшеліктерін білу қажет. Сонымен қатар агротехникалық әдістерді қолдану негізінде зиянкестерді бірігіп басқару, ауыспалы егісті жүргізу және минералдық қоректі оңтайландыру, биопрепараттарды кеңінен пайдалану, ЭПВ есепке ала отырып, зиянкес ағзалардың жоғары, орташа, әлсіз дамуы кезінде саралаумен пес­тицидтерді ғылыми негізделген түрде қолдану, фитопатогендерді диагностикалаудың заманауи молекулярлық-генетикалық әдістерін қолдану қажет. 
Жоғарыдағы айтылғандарды негізге ала отырып, ауа-райының жаһандық өзгеруін зерттеудегі негізгі басым бағыттарға мыналар жатады: 
– Ауа-райының өзгеруіне тұрақты, түрлі экожүйелер мен шаруашылық жүргізу әдістеріне сай келетін ауылшаруашылық дақылдарының жаңа сорттары мен будандарын шығару; 
– Топырақ өңдеуді минимализациялау (өңдеу тереңдігі мен еселігін азайту), бұл топырақ ылғалын сақтауға, энергоресурстар шығынын 25-30 пайызға төмендетуге, топырақ құнарлығын сақтау мен жоғарылатуға және еңбек өнімділігін 1,5-2,0 есеге арттыруға ықпал етеді; 
– Ауылшаруашылық дақылдарын тамшылатып суаруды жетілдіру, бұл суармалы судың шы­ғынын 35-40 пайызға төмендетуді, егістіктерді арам­шөп басуын және аурушаңдығын азайтуды, топырақтың механикалық және су-физикалық қасиеттерін жақсартуды қамтамасыз етеді; 
– Топырақ құнарлылығын және экономикалық тиімділікті, бәсекеге қабілетті ауылшаруашылық дақылдарын өндіруді қамтамасыз ететін, эколо­гиялық негізде жүйелік тұрғыдағы бағытта, өнім­ділікті қалпына келтіруші ресурс функцияларымен икемді сұлбасы бар танаптық биологиза­цияланған ауыспалы егістіктерді әзірлеу; 
– Жаңа дәстүрлі емес, осы жағдай­ларға бейім­делген ауылшаруашылық дақыл­дарын іріктеу (өсімдік шаруашылығын әртарап­тан­дыру) және оларды өсіру технологияларын әзірлеу. 
Жалпы айтқанда, аграрлық ғылымды ұйым­дастырудың жаңа жүйесінің басқару­шылық моделін жасау қажет. Ол кадрлар дайындау процессіне біріктірілген, фундаменталды және қолданба­лы ғылым әдістерін үйлестіруге, трансфертте және алдыңғы қатарлы әлемдік жетістіктердің бейім­делуіне негізділігін талап етеді. Дәстүрлі және экологиялық нәтижелілігін үйлестіретін егіншіліктің экономикалық тиімдіжүйелерін жасау. Өзінің ауқымдылығы мен маңыздылығына қарай, отандық ауыл шаруашылығының ауа-райының өзгеруіне бейімделуі бойынша сұрақтар негізгі басым­ды­лықтардың біріне айналуы тиіс. Оларды аграрлық саладағы ғылыми-зерттеу институттары базаларында дамыту керек. Біз осы бағытты дамытуды неғұрлым тезірек қолға алсақ, соғұрлым көптен күткен қажеттілігімізге ие боламыз. Сондай-ақ шетінен туындап жататын тех­нологиялық міндеттерді табысты шешуге мүм­кіндік көп болады. Сөйтіп, Қазақ­станның ауыл шаруашылығына ауа-райының өзгеруінен келетін қысымға ауыз толтырып айтатындай тосқауыл қойылмақ. Мұны біздің ғылыми-зерттеулеріміз айғақтап отыр.

Серік КЕНЕНБАЕВ,
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы
ғылыми-зерттеу институтының бас директоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, 
профессор

Оставить комментарий

Связанные Статьи