Жаңа өмір шындығы үнемі қосымша шараларды қарастыруды талап етеді. Соған сай атқарылар жұмыстарды нақтылап, алға қадам бекіту керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ағымдағы жалпы ахуал бағамдалып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша жоспарлар пысықталды.
Әлемдегі экономикалық жағдайдың жақсаратындығы жөнінде әзірге батыл болжам жоқ. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк әлемдік экономика үш пайыздың төңірегінде ғана болатынын алға тартты. Мұнай бағасының қырық құбылуы, санкциялық текетірестер талай елдердің қадамына тұсау болып, төзімдерін сарқуда. Осындай күрделі де сынақты кезеңде тығырықтан жол тауып, келешектің қамын жасау – төңіректегі тежелістерден тыс қалмаған еліміздің сындарлы беталысы болып отыр. Қиын жағдайда Қазақстан өзекті шешімдерді дер кезінде қабылдағанына тоқталған Елбасы қолға алынған шаралардың нәтижесінде экономикалық өсудің оң динамикасын көрсеткенін атап өтті. Мемлекеттік қолдау есебінен инвестициялық өзектілікті сақтай білдік. Сонымен қатар, жаңа жағдайда даму бойынша алдағы міндеттерді жылдың аяғына дейін және келесі жылы анықтауымыз керек, деді Мемлекет басшысы.
Экономиканың оң өсімі дағдарыс дүмпуі сезілмей тұрып алдын ала жасалған сақтандыру шараларының жемісі еді. Тамыз айында экономиканың 0,1 пайызға болса да өсім көрсетуі осының дәлелі. Биылдың 8 айының көрсеткіші бойынша Қазақстанның ІЖӨ өсімі 0,3 пайызды құраған. Кеңейтілген отырыста қазіргі экономикалық жағдай жөнінде есеп берген ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен дағдарысқа қарсы шаралар жұмыс істей бастағанын атап өтті. Өсім үлкен болмағанымен Қазақстандағы ахуал әріптес елдердегі ахуалдан біршама жақсы. Мысалы, осы кезеңде Ресей, Беларусь, Қырғызстанда және тағы бірқатар елдерде ішкі жалпы өнім төмендеген. Экономиканы әртараптандыру мен индустрияландыру бағдарламасының арқасында бүгінде шикізаттық емес сектор тау-кен өнеркәсібіндегі өндірістің төмендеуінің өтеуі болып отыр. Экономика өсімі құрылыста, көлік саласында, ауыл шаруашылығында, өңдеу өнеркәсібінде, қызмет секторында өнім көлемінің өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Тек тау-кен өңдеу өнеркәсібінде мұнай, көмір, темір кендерін өндірудің қысқаруына байланысты 4,8 пайызға артта қалу байқалады. Десе де, табиғи газды өндіру көлемі артқан, сондай-ақ, түрлі-түсті металдарды өндіру Бозшакөл мен Ақтоғай кен орындарының іске қосылуы арқылы өсіп отыр.
Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша толық игеру қамтамасыз етіліп, дағдарысқа қарсы шаралар толық орындалады. Тауарлар мен қызметтерге бағаның негізсіз өсуі тоқтатылады. Жалпы, экономикадағы оң өзгерістерге орай, ІЖӨ өсімі жоспарланған 0,5 пайызда күтілуде.
Алқалы жиында еліміздің қаржылық жағдайы туралы баяндаған қаржы министрі Бақыт Сұлтанов биылдың 8 айындағы ел бюджеті көлемі бойынша рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өтті. Мемлекеттік қаржы тұрақты, ал кірістер бойынша алға жылжу бар, сондай-ақ, тапшылық төмендеп келеді.
Бюджеттік құралдар экономиканы әртараптандыру мен жұмыспен қамтудың өсуін қоса алғанда, бірнеше міндеттерді шешуге қайта бағдарланады. Бұл «Нұрлы Жол» бағдарламасы арқылы дағдарысқа қарсы шараларды қолдауды, жергілікті бюджеттерге берілетін трансферттер арқылы өңірлерді дамытуға жәрдем көрсетуді қарастырады. Барлық әлеуметтік міндеттер орындалды.
Министр жекешелендіру, мүлікті жария ету және мемлекеттік сатып алу үдерістерін кеңейту экономиканы жандандыруға өз үлесін қосқанына тоқтала келіп, осы жылдың бюджетін нақтылауға және келесі үш жылдық мерзімге оң жоспарларды дайындау үшін ресурстық негіз қалыптасқанын жеткізді.
Есепті кезеңде мемлекеттік бюджеттің кірісі жоспарға қарағанда 25 пайызға артық жүзеге асырылды, бұл – 800 млрд. теңгеден астам қаржы. Жалпы, 4 трлн. теңгеден астам қаржы түсті. Дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында бұл көрсеткіш өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 1,2 трлн. теңгеге немесе 40 пайызға артық болды.
Республикалық бюджеттің шығыстары жөнінде нақты көрсеткіштерге тоқталған Б.Сұлтанов осы жылдың 8 айында республикалық бюджеттің шығыстары 99 пайызға жуық, ал жергілікті бюджет шығыстары 96 пайызға орындалғанын жеткізді. Нәтижесінде, мемлекеттік бюджет бойынша көрсеткіш 97,1 пайызды құрады. Бұл 2015 жылға қарағанда 0,4 пайыздық пунктке төмен болды. Бірақ бұл үдерісті күзде қалпына келтіреміз деп ойлаймын, деді министр.
Сондай-ақ дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға байланысты Ұлттық қордан бөлінген 443 млрд. теңге игеріліп, оның ішінде 278 млрд. теңге «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылғаны айтылды.
Б.Сұлтанов мүлікті жария ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты көрсеткіштерді жария етті. Атап айтқанда, жыл басынан бері мүлікті жария етудің көлемі 5 есеге артқан.
Ұлттық банк қысқа уақыттың ішінде ақша және валюта нарықтарындағы жағдайды тұрақтандырса, оған бірнеше себеп ықпал еткен. Бұған, біріншіден, шикізат нарықтарындағы әлемдік конъюнктураның жақсаруы себеп болды. Екіншіден, Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы бірлескен жедел шаралары әсер етті. Ұлттық банктің алтын валюта резервтері тамыздың соңында 30,7 млрд. долларды құрады. Осы жыл басынан бастап 10 пайызды немесе 2,8 млрд. долларды көрсетті. Ұлттық қордың валюталық активтері 64,9 млрд. доллар болса, бүгінде оның деңгейі өзгермеді, яғни тұрақтылық бар. Бұл жағдай трансферттерді Ұлттық қордан жоспарлы түрде алуға қарамастан орын алды. Ел резервтерінің жалпы сомасы бүгінгі таңда 95,6 млрд. долларды құрап отыр, деді бас банкир Д.Ақышев.
Ұлттық банк төрағасы отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін теңестірудің арқасында тауар ғана емес, қызмет көрсетуге қатысты импорттың өсуі байқалатынын айтып өтті.
Бас банкир 2016 жылдың екінші жартыжылдығында бизнесті несиелендіру үдерісі біртіндеп қалпына келетінін, қазірдің өзінде оң үдерістер байқалып келе жатқандығын жеткізді. Мәселен, экономиканың жалпы несиесі 0,5 пайыз болғанымен, экономиканың бұдан басқа секторларында өсім бар. Шағын кәсіпкерлікке бөлінген несие 13 пайыз, құрылысқа бөлінген несие 3 пайызды құрап отыр. Ал жалпы, экономиканың барлық кредиттік құрылымының 83 пайызы бір жылдан астам уақытқа берілген несие болып есептеледі.
Жиналғандарға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мемлекет алдында тұрған негізгі міндет – халықтың тұрмыс деңгейін көтеру екенін баса айтты. Осы ретте Мемлекет басшысы отырысты қорытындылай келе, Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Күрделі кезеңде қазақстандықтардың өмір сапасын төмендетпеу үшін тиісті шаралар қолға алынды. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттік қызметкердің орташа жалақысы 30 пайызға, стипендиялар мен жәрдемақылар 25 пайызға артты, зейнетақы 9 пайызға индексацияланып, әлеуметтік жәрдемақылар көлемі 25 пайызға ұлғайды. Елбасы әлемдік экономиканың қазіргі қолайсыз ахуалына қарамастан, ел Үкіметі халықтың жағдайын төмендетпеуі тиіс екендігін атап көрсетті. Өзгерістер жағдайында тосын қиындықтарға төтеп беру үшін қосымша шаралар қаперде болуы керек. Осыған байланысты Мемлекет басшысы алдағы кезеңдегі бағыттар бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.
Жақсылықтың ең үлкені – жұмыспен қамту
Қазақстан Президенті жаппай кәсіпкерлік мәселелері Үкімет жұмысының басты бағытының бірі болып табылатынын атап өтіп, тиісті бағдарламаларды одан әрі дамытуды және қолдау тетіктерін жетілдіруді тапсырды.
Үкімет бүгінде шағын несие беру аясын одан әрі кеңейту жөнінде шаралар қабылдауға тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың 60%-ы ауылда тұрады. Осыған байланысты, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында біз 5 өңірде пилоттық режімде «Ауылда жұмыспен қамту» атты жаңа жобаны іске асыруды қолға алдық. Оған 10 миллиард теңге бөлінді. Бұл жұмысты жүргізу барысында кооперацияларды дамыту ісіне айрықша көңіл бөлу қажет. «Кооперациялар туралы» тиісті заң қабылданды. Енді жергілікті жерлердегі ауқымды ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары күтіп тұр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, елді мекендерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мен өңдеуді қамтамасыз ететін кооперативтер ұйымдастыру жөніндегі шаралар қабылдауды тапсырамын, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Баршаға тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы аясында жұмысты жалғастыру қажеттігіне тоқталды.
Бұдан бөлек, Елбасы Үкімет пен әкімдерге еңбекке жұмылдыру және жұмыс берушілер мен еңбеккерлердің бірін-бірі іздеп табуына ықпал ету жөніндегі жұмыстарды бақылауда ұстауды тапсырды.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлер қызметі мен мемлекет-жекеменшік серіктестігінің тетіктерін белсенді қолдану аясын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Өсімге жетелер жол – экономиканы әртараптандыру
Жыл соңында мемлекеттік қазына 830 миллиард теңге қосымша кіріспен толығады деп жоспарланып отыр. Бұл биылдың өзінде дағдарысқа қарсы жоспардан және ағымдағы проблемаларды шешуден стратегиялық даму міндеттерін орындауға көшуге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты, Мемлекет басшысы негізгі үш міндетке тоқталды.
Біріншісі, агроөнеркәсіп кешені. Н.Назарбаев «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.
Нарыққа неғұрлым қажетті өнім түрлеріне назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту және әртараптандыру, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін ең алдымен ұзақмерзімді қолжетімді несие беру, қызмет көрсету-дайындау кооперативтерін, бастапқы қайта өңдеудің, өнімді сақтау мен өткізудің инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ суармалы жердің айналымын енгізу бағдарламаның басымдықтары болуға тиіс. Алдағы бес жыл ішінде кемінде 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға қатаң бақылау жүргізуге тиіс. Бұл жерлерді апатты жағдайдағы су қоймаларын жөндеу және жаңасын салу есебінен қажетті су көлемімен қамтамасыз ету керек, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау жүйесін жетілдіру, тиімсіз субсидиялауды доғару және өнімділікті арттыруға назар аудару қажеттігін атап өтті.
Ветеринарлық қауіпсіздік мәселелерін қозғай отырып, Елбасы Үкіметке биыл агроөнеркәсіп кешенін қолдауға қажетті қосымша 97 миллиард теңге қаражат бөлуді тапсырды.
Екіншісі, экспорттық әлеуетті индустрияландырудың жаңа кезеңіндегі әртараптандыру мәселесі. Бұл ретте Президент бүкіл экономика мен экспорттың әртараптандырылуы оның тұрақтылығының кепілі екенін, Үкімет пен әкімдер экспортты жандандыру мен дамытуға ден қоюға тиіс екенін айтты.
Біз индустриялық бағдарламаның екінші бесжылдығына көштік. Таңдалатын жобалардың сапасын арттыру өте маңызды. Жаңа бесжылдықта шикізаттық емес экспорттық өнімге басымдық берілу қажет екенін баса айтқым келеді. Экспорттық әлеует, жоғары өнімділік, жаңашылдық таңдалатын жобалардың негізгі өлшемдері болуға тиіс. Үкіметке осы бағдарламаны қолдауға қажетті қосымша 112 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлуді тапсырамын, деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Қытаймен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасының аясындағы келісімді іске асыру экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыты болып саналатынын атап өтті.
Үшіншісі, көлік инфрақұрылымын дамыту жайы. Бүгінде «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы көлік инфрақұрылымын дамыту мен экономиканы қолдаудың басты тетігі болып отыр. Осылай деген Елбасы алда көлік әлеуетін дамыту мен өңірлік көлік-логистика хабын құру міндеті тұрғандығына тоқталды.
Азия – Еуропа бағытындағы контейнерлік көлік тасымалының көлемі қарқынды түрде өсуде. Биылғы жеті айдың ішінде ғана ол былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,5 есе артты. Бұл жұмысты биыл жалғастырып, жыл соңына дейін Алматы – Шу теміржол желісінің алғашқы іске қосылатын кешенін, Құрық портындағы паром кешенін, ұзындығы 920 шақырымдық автомобиль жолының құрылысын және оны жөндеу жұмысын аяқтау қажет, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы ретте көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі қолға алынған жобалардың іске асырылуын жеделдетуге биыл қосымша 74 миллиард теңге бөлу тапсырылды.
Маңызды қадам – макроэкономикалық тұрақтылық
Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке алдағы уақытта ең алдымен іске асырылуға тиіс бірқатар міндеттер қойды. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қордан алынатын трансферттерді қатаң регламенттеуді тапсырды.
Тағы бір мәселе – бюджетаралық қатынастар. Соңғы 10 жылда республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер есебінен қаржыландыру көлемі едәуір артып, қаржыландырылатын салалар да айтарлықтай көбейді. Оның мөлшері 2016 жылы жергілікті бюджеттерден түсетін қаражаттың 36%-ына жетті. Жергілікті маңызы бар жобаларды республикалық бюджет есебінен қаржыландыруды тоқтату қажет. Бұл мәселені әкімдіктер өздері дербес шешуге тиіс. Үкіметке бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жөнінде келісілген ұсыныстар әзірлеп, енгізуді тапсырамын, деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол 2016 және 2017 жылдары инфляция деңгейін 6-8%-ға дейін төмендету макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажетті маңызды шарт екенін атап өтті.
Еркін айырбас бағамына көшу арқылы біз өнім өндірушілеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қол жеткіздік. Өңдеу өнеркәсіптеріндегі өсім қарқыны қалпына келе бастады. Бірақ теңге бағамына түзету енгізу инфляциялық үдерістердің белең алуына әкеп соқтырды. Бізге инфляция деңгейін биылғы жылдың соңына дейін бір таңбалы санға дейін төмендетуге қол жеткізу маңызды. Халықтың әлеуметтік бақуаттылығы үшін бұл аса қажет. Сондықтан бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мен тиісті шаралар қабылдап, биыл табиғи монополиялар қызметі тарифтерінің өсуіне жол бермеуді тапсырамын, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті валюта нарығындағы ахуалдың тұрақталуы қазірдің өзінде оң нәтиже бере бастағанын айтты.
Долларсыздану үдерісі басталды. Теңгемен салынған депозиттер өсіп келеді, бұл банк қорын толықтырудың теңгелік базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Теңгемен салынған депозиттер үлесі 2016 жылдың басындағы 31%-дан 1 тамызда 41%-ға дейін артты. Соған орай несие беру мөлшері қайтадан көбейе түсуде. Биылғы жеті айда шағын бизнеске берілген несие жиынтығы 2,1 триллион теңгеден 2,8 триллион теңгеге дейін ұлғайды, өсім 740 миллиард теңге немесе 36% болды. Дегенмен, қарқынды экономикалық даму үшін бұл жеткіліксіз, деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банкке Үкіметпен бірге ұзақ мерзімді несиелік белсенділікті қалпына келтірудің қосымша шараларын қабылдауды тапсырды.
Экономикаға инвестиция тартудың тиімді жолдарының бірі – халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражат алу. Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі бағдарлама 2014 жылы мақұлданған болатын. Сол себепті, осы бағдарлама бойынша халықаралық қаржы ұйымдары, оның қатарында Дүниежүзілік банк, ЕҚДБ, АДБ, ИДБ 5 жылда Қазақстанға 7 миллиард доллар бөлуді жоспарлап отыр. Осыған орай Үкімет пен әкімдер осы бағдарламаның аясын кеңейту және экономикаға қосымша қаражат тарту мүмкіндігін қарастыруы қажеттігі айтылды.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй мәселесіне арнайы тоқталды. Тұрғын үй құрылысын дамытуға біз зор көңіл бөліп отырмыз. Былтырдың өзінде республикада 9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Тұрғын үй құрылысының көлемі 2016 жыл қорытындысында 10 миллион шаршы метрден асады деп болжануда. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау үшін 2005 жылдан бері тиісті мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, көпшіліктің тұрғын үйге мұқтаждығы әлі де айтарлықтай жоғары. Жұртты тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау ісі кешенді жаңа шараларды талап етеді, деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметке бірыңғай «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуді, оған қазіргі қолданыстағы бағдарламалардың барлық мәселесін кіріктіруді тапсырды.
Жаңа бағдарламада мына мәселелерді ескеру керек. Тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырғаннан гөрі жекеменшік құрылысшыларды ынталандыру ісіне баса ден қойған жөн. Мемлекет олардың тұрғын үй салу кезіндегі шығындарын азайтып, өз ресурстарын инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдар әзірлеуге жұмылдыруы керек. Бұл бюджеттен қаржыландырудың үлесін азайтып, жеке инвестицияны көбірек тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ төлемге мүмкіндігі бар тұрғындардың сұранысын ынталандыру керек. Коммерциялық банктердің ипотекалық несие беруін жандандырып, пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қоса өзге де арзандату шараларын ойластыру қажет, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті бағдарламаның тағы бір бөлігі тұрғын үй құрылысының жинақ жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй құрылысын жалғастыруға арналуы тиіс екендігін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев әкімдерге Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге қолда бар жер қоры жөнінде талдау жүргізіп, бас жоспарларды тиісінше өзгерту жөнінде ұсыныс беру міндетін қойды.
Сонымен қатар, әкімдерге мемлекет мұқтажы, соның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер сатып алуға қосымша құқық беру керек. Көлікке қатысты шешімдерді және қандай әлеуметтік инфрақұрылым қажеттігін алдын ала ойластыру қажет. Бұл бағдарламаның елеулі әлеуметтік тиімділігі болатынына сенімдімін. Жаңа жұмыс орындарына қоса, миллиондаған қазақстандық тұрмыс жағдайын айтарлықтай жақсарта алады. Жаңа бағдарламаның маңызды әлеуметтік мәнін ескере отырып, Үкіметке «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, халықпен, жұртшылықпен және бизнес өкілдерімен бірге егжей-тегжейлі талқылауды тапсырамын, деді Президент.
Отырыс қорытындысында айтылған міндеттерді орындау үшін Үкіметке биылғы республикалық бюджетті нақтылау тапсырылды.
Басымдығы бар жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруға қосымша 380 миллиард теңге, оның 280 миллиард теңгесін мен бүгін айтқан шараларды іске асыруға, ал 100 миллиард теңгесін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, Астанадағы білім беру және инфрақұрылым нысандары құрылысына және өзге де шығыстарға бөлу қажет. Ұлттық қордың қаражатын сақтап, одан әрі жинақтау мақсатымен 2016 жылы кепілдендірілген трансферт көлемін 400 миллиард теңгеге қысқартуды, сондай-ақ мақсатты трансфертті 50 миллиард теңгеге азайтуды тапсырамын. Үкімет менің тапсырмаларымды жүзеге асыру үшін 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында алдағы үшжылдық кезеңнің шығыстарын қарастыруы қажет, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
• Үкімет бүгінде шағын несие беру аясын одан әрі кеңейту жөнінде шаралар қабылдауға тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың 60%-ы ауылда тұрады. Осыған байланысты, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында біз 5 өңірде пилоттық режімде «Ауылда жұмыспен қамту» атты жаңа жобаны іске асыруды қолға алдық.
• Оған 10 миллиард теңге бөлінді. Бұл жұмысты жүргізу барысында кооперацияларды дамыту ісіне айрықша көңіл бөлу қажет. «Кооперациялар туралы» тиісті заң қабылданды. Енді жергілікті жерлердегі ауқымды ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары күтіп тұр.
• Үкіметке әкімдермен бірлесіп, елді мекендерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мен өңдеуді қамтамасыз ететін кооперативтер ұйымдастыру жөніндегі шаралар қабылдауды тапсырамын.
• Бізге инфляция деңгейін биылғы жылдың соңына дейін бір таңбалы санға дейін төмендетуге қол жеткізу маңызды. Халықтың әлеуметтік бақуаттылығы үшін бұл аса қажет.
• Сондықтан бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мен тиісті шаралар қабылдап, биыл табиғи монополиялар қызметі тарифтерінің өсуіне жол бермеуді тапсырамын.
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ, Экономика газеті
Оставить комментарий