Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйектің 4-5 күндері Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен G20 елдерінің ХІ саммитіне қатысты. Жаһандық экономика мен саясаттың өзекті мәселелері талқыланып, ортақ ұстанымдар әзірленетін үлкен жиырмалықтың бұл жолғы басқосуы «Инновациялық, ырғақты, өзара байланысты және инклюзивті әлемдік экономика құру» тақырыбына арналды.
Саммиттің бүгінгі күрделі әлемдегі макроэкономикалық жағдайды талқылауға арналған алғашқы сессиясында қатысушылар алмағайып кезеңнің сын-қатерлері, созылмалы сипат алған дағдарысты еңсерудің ортақ шешімдері туралы кеңінен әңгімеледі. Халықаралық қаржы жүйесінің кем тұстарын жетілдіріп, қайткенде ретті реформалау мүмкіндігін кеңесті, ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Иә, «үлкен жиырмалық» ғаламдық ауқымдағы дағдарысқа қарсы қарымды тетік деп текке аталмаса керек.
Барша әлем халқының 70 пайызын және ғаламдық экономиканың жартысын құрайтын мемлекеттердің көшбасшылары бас қосқан мәртебелі жиынның мінберінен алғашқы күні сөз алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте айтулы басқосудың үмітке толы күрделі кезеңде өтіп отырғанын атап өтіп, жаһандық дамудың ертеңіне қатысты ой-тұжырымдарымен бөлісті.
– Әлемдік экономиканың, сауда мен капитал қозғалысының өсу қарқыны баяулап келеді. Ол миллиондаған адамның әл-ауқатына әсер етеді. Дүниежүзілік сауда ұйымының рөлі төмендеуіне және әлемдік экономиканың фрагменттелуіне алып келетін трансқұрылықтық жаңа сауда-инвестициялық бірлестіктер құрылуда. Бұл үдерістер жаһандық экономикадағы ықпал аймағы үшін күрестің жаңа кезеңінің басы болуы мүмкін, – деп ескерткен Қазақстан Президенті, қатысушыларды осы тұрғыда ортақ шешімдерді ойластыруға шақырды.
Мемлекет басшысы жаһандық дамудың бұдан арғы жолы негізінен бүкіл дүниежүзілік қоғамдастықтың іс-қимылының жүйелілігіне байланысты екеніне екпін берді. Осыған байланысты экономика мен қар-жыны халықаралық тұрғыдан реттеудегі басты рөлді біртұтас жаһандық ұйымның атқаруы тиіс деген пікір білдірді.
– Ондай құрылымды БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыру арқылы қалыптастыруға болады. Оған Жаһандық экономикалық реттеуші міндеттер жүктелуі керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қазіргі уақытта монетарлық, фискалдық саясатты үйлестіру және құрылымдық реформалар жүргізудің маңыздылығын, дегенмен ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бұл да жеткіліксіз екендігін атап өтті.
– Дамушы елдерді қоса алғанда, бүкіл әлемде айырбас бағамын тұрақтандыруға қатысты неғұрлым тиімді ұсыныстар әзірлеу қажет, – деген пікірін алға тартқан Нұрсұлтан Назарбаев, әлемдік экономиканы жандандыруға бағытталған шара ретінде жаңа индустриялық революцияға, сандық экономика мен инновацияға сенім артуды ұсынды.
– Бұл ұстанымды толық қолдаймын. Ол міндетті тек қана инклюзивтілік қағидалары арқылы іске асыра аламыз. G20 мен дамушы мемлекеттер арасындағы диалог орталығын анықтап алу керек.
Мәселен, Қазақстанда құрылған және барлық қатысушылар үшін ашық G-Global ақпараттық-коммуникативтік алаңын бір нұсқа ретінде қарас-тыруды ұсынамын. Ол 140 мемлекеттің 30 мыңнан астам маманының басын қосып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы сонымен қатар БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мен Париж келісімінің және «жасыл экономика» қағидаларының іске асуына Қазақстанның белсенді қолдау көрсетіп отырғандығына тоқталып өтті.
– Астанада 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өткізілетін «ЭКСПО» халықаралық көрмесі осыған қызмет ететін болады. Сондай-ақ қазіргі күні біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрып жатырмыз. Барлық мемлекеттерді Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырамын. Онда БҰҰ-ның қолдауымен тиісті іс-шаралар өткізуге болар еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы заманымыздың көкейтесті проблемаларын шешу жолдары туралы Қазақстанның көзқарасы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде тұжырымдалғанын, сондай-ақ манифест идеяларын іске асыру мен ядролық және жаппай қырып-жоюға арналған өзге де қару түрлерінен азат әлем қалыптастыру бастамасы ұйым тарапынан қолдау табады деп үміттенетінін айтты.
– Терроризмді толық жеңу үшін G20-ның барлық мүшелері мен басқа да мүдделі елдердің бірлесе күш жұмылдыруы жақсы бастама болар еді. Бүкіл әлем қоғамдастығы осыны күтеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
G20 саммитіне осымен екінші рет қатысып отырған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саммит қарсаңындағы Қытай еліне жұмыс сапары аясында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты, оның ішінде сауда-экономика, инвестиция, көлік-транзит, отын-энергетика, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды нығайту мақсатындағы кең ауқымды мәселелер қаралды. Сонымен қатар екі мемлекеттің басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинге жұмыс сапарымен келуге, сондай-ақ G20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты. «Қытай ұйымға күрделі кезеңде төраға болды. Сіздер әзірлеген күн тәртібі дамудың қазіргі кезеңінде өте өзекті. Бүгінде G20-ның экономикалық проблемаларға мән беруі бүкіл әлем үшін маңызды міндеттерді шешуге септігін тигізетін болады», – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев дипломатиялық қарым-қатынас орныққан жылдар ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы сенімнің айтарлықтай нығая түскенін атап өтті.
– Біздің байланысымыз мемлекетаралық қарым-қатынастың үлгісі бола алады. Стратегиялық серіктестіктің үлгілі моделін құрып, экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтердік. Қазақстан мен Қытайдың үкіметтері қол жеткен келісімдер қорытындысы бойынша алға қойылған міндеттерді орындау жұмысымен белсене айналысуда. Биыл біз Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын, ал келесі жылы елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтетін боламыз, – деді Елбасы.
Си Цзиньпин еліміздің жаһандық диалогқа елеулі үлесін қосып келе жатқанына ризашылық білдіріп, Қазақстанның өңірдің және бүкіл әлемнің экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Тараптар G20 саммиті әлемдік экономиканың бұдан арғы даму жолдарын айқындауда маңызды рөл атқарып, жаһандық экономикалық өсімнің жаңа қозғаушы күшіне айналады деп үміттенетінін білдірді.
Мемлекет басшысы G20 саммитіне қатысу барысында бірқатар мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесіп, өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісті.
Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамамен кездесуі барысында бірқатар маңызды салалардағы екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, екі елдің көшбасшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер төңірегінде де пікір алмасты.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ басшысы Барак Обаманың президенттігі кезінде екі ел арасындағы ынтымақтастық көптеген бағыттар бойынша, соның ішінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласында жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Ал Барак Обама Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттары үшін жақын дос және сенімді серіктес екенін айтып, өзінің президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін де өзара тығыз іс-қимыл жасауға әзір екенін жеткізді.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті АҚШ басшысы Б.Обаманы елімізге сапармен келуге шақырды.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуде тараптар Қазақстан мен БҰҰ арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады, сондай-ақ байланыстарды одан әрі дамыту перспективаларын қарастырды. Мемлекет басшысы еліміз бен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың жемісті екенін айтып, Қазақстан ұйымның жаһандық бастамалары мен жобаларын қолдайтынын жеткізді.
Пан Ги Мун елімізбен тиімді серіктестіктің одан әрі нығайып, дами беретініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысының Еуропалық комиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкермен кездесуі барысында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы саяси және сауда-экономикалық байланысты нығайту перспективалары қарастырылды.
Тараптар еліміз бен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің маңыздылығын атап өтіп, қарым-қатынастың одан әрі қарқынды дами беретініне сенім білдірді.
Елбасы Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэймен кездесуде елдер арасындағы екіжақты өзара қарым-қатынас мәселелерін талқылады, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қарастырды.
Нұрсұлтан Назарбаев Д.Кэмеронның премьер-министр болған кезінде өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілгенін атап өтіп, Т.Мэйді елімізге сапармен келуге шақырды.
Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдомен кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалар тәрізді басты бағыттарына қатысты пікір алмасылды. Сондай-ақ халықаралық дамудың көптеген мәселелері бойынша ұстанымның ортақтығы, сондай-ақ түрлі салаларда, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында екіжақты өзара іс-қимылды нығайту үшін зор әлеует бар екені айтылды.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Д.Трюдоны Астанаға сапармен келуге шақырды.
Мемлекет басшысының Түркия Республикасының президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесуі барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қарастырылды. Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы жағдай жөнінде де пікір алмасты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы жаһандық терроризммен және экстремизммен күресте халықаралық қоғамдастықтың күшін жұмылдырып, іс-қимылды нақты үйлестіру қажеттігін атап өтті.
Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэмен келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды нығайту перспективалары тәрізді екіжақты өзара іс-қимылдың басты бағыттарын талқылады. Сондай-ақ екі елдің көшбасшыары халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Екі елдің көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға алдағы сапарын талқылады.
Қазақстан Президенті мен Сауд Арабиясы мұрагер ханзадасының орынбасары Мұхаммед бен Салман кездесуі барысында екі ел серіктестігінің бірқатар негізгі бағыттары бойынша өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды. Тараптар түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін зор әлеует бар екенін атап өтіп, мемлекетаралық байланыстарды жандандыруға уағдаласты.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев пен Мұхаммед бен Салман өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар Елбасы «Alibaba Group» директорлар кеңесінің төрағасы Джек Мамен кездесті. Кездесу барысында компаниямен ынтымақтастықты дамыту және оның Қазақстандағы қызметі аясын кеңейту перспективалары, соның ішінде электронды коммерция мен төлем жүйелерін интеграциялау саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы біздің ел Қытайдағы электронды сауда саласының үздігі болып саналатын және сол бағытта зор жетістікке жеткен «Alibaba Group» қызметінің тәжірибесін зерттеуге мүдделі екенін атап өтті.
– Мен сіздің компаниямен серіктестікті қолдаймын. Біздің ұлттық компаниямыз – «Қазпоштаның» «Alibaba Group» компаниясымен өзара тиімді іс-қимыл жасауға барлық мүмкіндігі бар. Жалпы, сіздердің компанияларыңыз тәрізді кәсіпорындар әлемдік экономиканың орнықты дамуы мен тұрақтылықтың факторы болып саналады. Әлемді саяси фрагментациялау, шекараларды жабу және өзара санкция салу белең алған қазіргідей жағдайда сіздер бұл кедергілерді табысты еңсеріп, халықаралық сауданың дамуына ықпал етіп отырсыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Джек Ма Қазақстанда компанияның бастамаларына қолдау көрсетіліп отырғаны үшін алғыс айтып, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарлары туралы айтып берді. «Alibaba Group» директорлар кеңесінің төрағасы елімізбен серіктестік қарым-қатынастың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев G20 саммиті аясында Ресей Федерациясының президенті В.Путинмен, Франция президенті Ф.Олландпен, Германияның федеральды канцлері А.Меркельмен, Корея Республикасының президенті Пак Кын Хемен, Оңтүстік Африка Республикасының президенті Д.Зумамен, Мысыр президенті А.Сисимен, Сенегал президенті М.Саллмен, сондай-ақ Аргентина президенті М.Макримен әңгімелесті.
Мемлекет басшысы Испанияның премьер-министрі М.Рахой, Италияның премьер-министрі М.Ренци және Үндістанның премьер-министрі Н.Модимен түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті халықаралық ұйымдардың басшылары – Еуропалық кеңестің төрағасы Д.Тускпен, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры К.Лагардпен, Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің төрағасы М.Карнимен және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының басшысы А.Гурриамен өзара іс-қимылдың кейбір тұстарын талқылады.
Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасына сапарының қорытындысына орай өткізген брифингте заманымыздың өзекті де өткір мәселелеріне арналған G20 он бірінші саммитінің маңызына тоқталып өтті.
Жаһандық экономика мен саясаттың салмақты мәселелері талқыланып, ірі өңірлік және әлемдік мәселелер, соның ішінде қауіпсіздікке қатысты мәселелер бойынша ортақ ұстанымдар әзірленетін осындай ірі іс-шараға қатысу – Қазақстан үшін зор мәртебе. «Бірінші сессияда сөз сөйлеген кезде мен осы барлық мәселелер жөніндегі Қазақстанның көзқарасын ұсындым. Саммиттегі пікірсайыс барысында ғаламның тынысын сезініп, әлемнің дамыған және дамушы елдерін алаңдатқан проблемаларын ұғынасың. Қазақстанға да осында көтерілген мәселелерді ескеріп, онымен алдын ала айналысуы керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты ынтымақтастық барлық бағыттар бойынша табысты дамып келе жатқандығына тоқталды.
– Біз бұған дейінгі уағдаластықтың барлық мәселесі бойынша, мәселен, Қазақстан аумағында бірлескен заманауи кәсіпорын салуға қатысты келісімге келдік. Бұл тізімге 51 нысан кіреді, бүгінде оның екеуі салынды, жалпы құны 2,5 млрд доллар болатын төрт нысанның құрылысы биыл аяқталады. Бес жылдың ішінде жалпы құны 26 млрд доллар болатын 5 кәсіпорын салу жоспарлануда. Сондай-ақ осы жұмысты қолдау үшін компаниялар арасында да, мемлекеттер арасында да бірлескен Қазақстан-Қытай қоры жұмыс істейді. Жібек жолын дамыту қорын да мысалға келтіруге болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-коммуникация байланысы күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі болып қала беретінін айтты.
– Жыл сайын Қазақстан мен Қытай аумағынан өтетін жүк транзиті көлемінің артып келе жатқаны байқалуда. Ақтау портын пайдалану айтарлықтай жанданды, осыған дейін олай болмаған еді. Бұл жағдай Қорғас құрғақ портының, ұзындығы 300 шақырымға жететін Қорғас – Алматы теміржолының және Батыс Еуропа – Батыс Қытай торабының құрылысына байланысты болып отыр. Логистикалық орталықтар құрылды. Бұл көлік тораптары өсім нүктесі болып саналады. Сондай-ақ біз энергетика және технология салаларындағы ынтымақтастық туралы уағдаластық, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев аса ірі Қашаған кен орнының іске қосылуына байланысты Қазақстан мұнайын жеткізу мүмкіндігі артатынын атап өтті.
– Қазіргі уақытта біз ҚХР-ға 7 млн тоннаға жуық мұнай жеткіземіз, бұл көрсеткішті 20 млн тоннаға дейін арттыруға, сондай-ақ Қазақстаннан Қытайға газ жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Осының бәрі елдеріміз арасындағы тауар айналымын жаңа деңгейге көтереді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан мен Қытайдың ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылына егжей-тегжейлі тоқталды.
– Алғаш рет Қытайға азық-түлік бидайын, басқа да дәнді дақылдарды, асбұршақтар мен майлы дақылдар түрлерін, сондай-ақ ет пен құс жеткізу туралы келісімге келдік. Бұған дейін бізде мұндай болмаған еді. Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріміз үшін жол ашылып отыр. Меніңше, бұл – қуанышты жағдай. Сонымен бірге, Қытай тарапының тауар мен фитосанитарлық сапа жөнінде қатаң талаптары бар. Біздің шаруалар соған дайын болуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қол жеткен уағдаластықтардың нақтылануына назар аударып, екі ел үкіметтері осы тұрғыда тиісті жұмыс жүргізу керектігін атап өтті.
– Жақын арада Мемлекеттік кеңестің төрағасы Ли Кэцян Қазақстанға сапармен келеді деп жоспарлануда. Келіссөздер барысында елдеріміз бірлесе шешетін мәселелерді қосымша талқылайтын боламыз, – деді Президент.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев саммит аясында басқа да мемлекеттер мен делегациялар басшыларымен екіжақты жемісті кездесулер өтіп, оның барысында өзара мүдделілік қалыптасқан түрлі мәселелер жөнінде мазмұнды пікір алмасулар болғанын айтты.
Сонымен, G20-ның Қытай елінде өткен саммиті табысты аяқталды. Аса жауапты қандай шараны болсын асқан ұйымшылдықпен жоғары деңгейде өткізе алатындығын Аспан асты елі тағы бір дәлелдеді. Ал «Үлкен жиырмалықтың» күрделі кезең сын-қатерлеріне жауап берер өзара сенім мен түсіністікке қаншалық әзірлігі – уақыттың еншісінде.
Рымтай САҒЫНБЕКОВА
Оставить комментарий