Аймақтар бейнебайланысқа шығады

/uploads/thumbnail/20170709091239980_small.jpg

Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен селекторлық режимде Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы саласының ағымдағы жай-күйі мен проблемалық мәселелеріне арналған отырыс өткізілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға Ауыл шаруашылығының вице-министрлері мен ведомствалық комитеттер және департаменттер басшылары, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары мен облыстық ауыл шаруашылығы құрылымдарының қызметкерлері және де «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес ұйымдарының өкілдері қатысты.


«Еліміздің барлық өңірлерінен күн тәртібінде тұрған агроөнеркәсіптік кешеннің өзекті проблемалық мәселелерін жинақтадық. Осы материалдардың негізінде арнайы кесте түзіліп, бүгіннен бастап әр аймақтың түйткілдерін жеке дара бейнеконференциялық байланыс арқылы қарауды бастаймыз. Бұл шаралардың басты мақсаты – мәселелерді көтеріп қана қоймай, нақты шешімдер қабылдау және Ауыл шаруашылығы минис­трлігі мен аймақтық атқарушы органдар арасында тиімді қарым-қатынас жүйесін қалыптастыру болып табылады», – деп атап өтті А.Мырзахметов.


Жаңа форматтағы бұл үрдіс Жамбыл облысының мәселелерін талқылаудан басталды.
Бейнебайланыс барысында жамбылдықтар тарапынан бірінші кезектегі мәселе ретінде мал шаруашылығы саласына субсидияның жетіспеушілігі, тиімділігі айтылды. Олардың хабарлауынша, ағымдағы жылы Жамбыл облысының мал шаруашылығын субсидиялау бағдарламасына қосымша 2,1 млрд. теңге, ал АӨК субъектілеріне инсвестициялық субсидиялау үшін 2,8 млрд. теңге қажет.
Бұған жауап ретінде, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері экономикалық өсім мен 2016 жылғы жұмыспен қамту ауқымын ұлғайту аясында министрліктің облыс әкімдіктерімен бірлесіп мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау үшін қосымша 30,2 млрд. теңге сомасында қаржы бөлу бойынша бюджеттік сұраным әзірлегенін атап өтті. Оның ішінде Жамбыл өңіріне 5,7 млрд. теңге бөлу қарастырылғаны және де сұранымның Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері тарапынан қолдау тауып отырғандығы айтылды. 
Сондай-ақ, Жамбыл облысы шаруаларын мазалап отырған тағы бір түйткіл – лизингке техника беру ережесін елеп-екшеу мәселесі қызу талқыланды. Өңір өкілдерінің пікіріне сүйенсек, әр өңірдің өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес лизингтік талаптарды Қазақстан бойынша бірыңғай қолдануға келмейді. Мәселен, бір техникаға байланысты жердің көлемі оңтүстікте солтүстікке қарағанда әлдеқайда төмен. Сондықтан да осыны ескеру керек. Географиялық ерекшеліктерге қарай мұнда көлем мен көрсеткіштерге байланысты бірқатар қиындықтар бар.
Өз кезегінде сындарлы ұсыныстарды қабылдауға әзір екендігін атап өткен ауыл шаруашылығы министрі, өз қызметкерлеріне лизингтік талаптарды әр өңірдің ерекшелігіне қарай қайта қарастыруға тапсырма берді.
Тағы бір талқыланған өзекті мәселе – малға арналған нөмірленген құлақ белгілерінің жеткізілуі болды. 2015-2016 жылдардың өтінімі бойынша сұралған сырғалар бағытталған жеріне уақытылы жеткізілмеген. 

Бұл орайда А.Мырзахметов жауапты құрылымдарға аталған олқы­лықтың алдағы уақытта қайта­лан­­бауын қатаң ескертіп, мұндай белгілердің қоры жасалуын және де әр жылдың 1 наурызына дейін сырғалардың тиісті орындарға жеткізу міндетін қолданыстағы ере­жеге енгізуді тапсырды.
Сондай-ақ отырыста Жамбыл облысының ауыл шаруашылығына байланысты басқа да бірқатар мәсе­лелер қаралды.
Жиын соңында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев барлық құзыр­лы тараптардың бір үстелде бас қосып, ортақ мәселелерді талқы­лауға мүмкіндік беретін мұндай тиім­ділігі жоғары жаңа форматтағы бейнебай­ланыстың өте қажет екендігін баса айтып, алғыс білдірді. 

 
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ, Экономика газеті 

Оставить комментарий

Связанные Статьи