Аймақтың тынысы кеңеюде

/uploads/thumbnail/20170709091246558_small.jpg

5 қыркүйекте Ақ Жайық өңіріне жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед өңір басшысы Алтай Көлгіновтің бастауымен маңызды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу жайымен танысты. Соның ішінде мемлекеттен қолдау-көмек алған екі шаруа қожалығында және жиһаз фабрикасында  болып, еңбек ұжымының тыныс-тірлігімен танысты. Одан кейін мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтерген тұрғын үй құрылысын көріп, сапасын тексерді.  

Биыл өңірімізге агробизнесті дамытуға рес­пуб­ли­калық бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінді. Мұхтар Абрарұлы мемлекеттің қомақты қаржы жұмсауының тиімділігін Зеленов ауданын­дағы «Матевосян» және «Шканов» шаруа қожалық­тарының тірліктерінен көріп білді. 

«Матевосян» шаруа қожалығының жетекшісі Александр Матевосянның айтуынша, биылғы егін әдеттегіден бітік, алқаптардан жаздық дәнді дақылдарды жинау жұмыстары аяқталған. Жаздық дәнді дақыл­дардың әр гектарынан 23-24 центнерден, күздік дақылдардың әр гектарынан 50-52 центнерден өнім алған. Мұны естіген М. Құл-Мұхаммед: «Өзге аймақтарда гектарына 27 центнерден өнім алу рекорд болып саналады. Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш 14-15 центнер, оза шапқанда 16-17 центнерден болады. 50 дегеніңіз абсолюттік рекорд!», – деп сүйсінді. «Желаев астық өнімдері комбинатының» акционері болып табылатын А. Матевосян өз алқабында өсірген дақылдарды өңдеп, 20 түрлі макарон өнімі, 10 ұзын макарон түрі және екі «Жайма» түрінде өнімдер шығары­ла­тынын, өнімдердің Ауғанстан, Армения, Қырғыз­стан, Түрікменстан елдеріне экспортталатынын әңгі­меледі. 
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары ҚХР-да өткен G20 саммиті барысында Мемлекет басшысы әлемнің алпауыт елдерінің көшбасшыларымен кездесіп, Қазақстанға миллиардтаған инвестиция тарту бойынша келісімге қол жеткізгенін атап өтті. – Қытай елінің көшбасшысы қол қойған тек төрт келісім бойынша біздің елге қомақты қаржы тартылады. Осы қаржының барлығы елдің дамуына бағытталады. Бұдан бөлек, жыл сайын «Бизнестің жол картасы – 2020», «Нұрлы жол» бағдарламалары бойынша отан­дық бизнесті дамытуға қомақты қаржы бө­лінуде. Батыс Қазақстан өңіріндегі «Матевосян» шаруашылығының егін алқабынан биыл рекордтық өнім алынған. Әр гектарынан 50 центнерден, мұндай жоғары көрсеткіш бұл облыста ешуақытта болмаған. Дәнді дақылдар шаруашылығы да мемлекет тарапынан субсидияланады. Майлы дақылдарды өсіру де субсидияланады. Мынадай «Джон Дир» комбайнын бұрын көрмегенбіз. Бұлар да лизингке  беріледі немесе мемлекет тарапынан субсидияланады. Ұлт көшбасшысының, Мемлекет басшысының күшті қолдауымен бүгінде ауыл шаруашылығы саласының екінші тынысы ашылды. Қазақстан ірі агроөнеркәсіптік мемлекетке айнала бастады. Өнімдерімізді шетелдерге экспортқа шығарудамыз. Бұл өңірдің жері құнарлы. Аймақтың аумағы бойынша суы мол, арнасы кең Жайық өзені ағуда. Биыл жаңбыр мол болды, соның нәтижесінде күздік  дақылдар алқабының әр гектарынан 50 центнер бидай жиналды. Бұл – абсолюттік рекорд. Ауыл шаруашылығы саласының мықты дамуы агроөнеркәсіп саласын дамытып қана қоймай, ауылдағыларға жұмыс береді, жақсы жалақымен қамтиды. Осының барлығы Мемлекет басшысының ұдайы қамқорлығының арқасында», – деген  Мұхтар Құл-Мұхаммед  шаруашылық басшысы А. Матевосянның шаруашылықта — 70, комбинатта 700 адамды жұмыспен қамтып отырғанына назар аудартты. Одан әрі ол Мемлекет басшысының дақылдарды өсіріп қана қоймай, оны өңдеу қажеттігін айтқанын еске салды. «Іргеде өнім өткізетін үлкен нарық – ешқандай кедендік кедергілер жоқ Ресей елі тұр. Тек қана ерінбей, жеңді түре іске сыбана кірісу керек», – деді шаруалармен өткен кездесу барысында. 
Партия төрағасының бірінші орынбасары Махамбет ауылдық округіндегі «Шканов» шаруа қожалығында болды. Бекболат Шканов жетекшілік ететін шаруашылықта 100 қара ала тұқымды ірі қара мал өсірілуде. Сүтті бағыттағы асыл тұқымды малға биыл субсидия берілген. Малдың қоңы жақсы. Шаруашалықтың тынысы бірқалыпты. 
Бұдан кейін М. Құл-Мұхаммед  өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосып отырған маңызды бағыттардың бірі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының іске асу барысымен танысты. Аталмыш бағдарлама аясында өткен жылы Орал қала­сындағы Зашаған кентінде «Квант» жиһаз фабри­касы іске қосылды. Жобаға бір млрд.-тан астам қаржы жұмсалды.  Қазіргі күні қарқынды жұмыс­қа кіріскен кәсіпорын 14 мың бірлік жиһаз өндірген. «Квант» компаниясының басшысы Михаил Пше­ничныйдың айтуынша, фабрикадан шы­ға­рылған өнімдер сұранысқа ие. Өнімдер еліміз­дің барлық өңірлерінде, ішінара Ресейде өтеді. 
Кәсіпорын жұмысшыларымен кездесуде М. Құл-Мұхаммед өңірде бизнес-бастамаларды жандандыру қажеттігіне назар аудартты. «Елімізде 2010 жылдан бастап президенттік «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша еліміз­дің кәсіпкерлеріне бір жарым триллион теңге бөлінген. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл – 2001 жылғы Қазақстанның республикалық бюджетінен үш есе артық қаражат. 2010 жылдан бері қарай «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша республикамызда 80 мыңнан астам кәсіпорын «дүниеге» келді.  Солардың бірі осы – жиһаз фабрикасы. Мұндағы барлық құрал-жабдық Италиядан алынған, демек, шығарылып жатқан өнімнің технологиялық мүмкіндігі сол италияндық деңгейде. Қазақстанның батысында орта және шағын бизнес жақсы дамып келеді. Елбасымыз экономикадағы орта және шағын бизнестің үлесін 40 пайызға, 60 пайызға, 70 пайызға көтеруіміз керек деді. Германияда осындай деңгейде. Сонда экономика әлемдегі шикізаттың бағасына тәуелді болып қалмайды», – деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.
Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұрлы жол» бағ­дар­ла­масы аясында жаңа құрылыс ала­ңына айналған Арман шағынауданында болды. Ондағы жақын арада пайдалануға берілуі тиіс 144 пәтерлік көп­қабатты тұрғын үйдің құрылысын көріп, сапасын тексерді. Үй құрылысы өткен жылы қазан айында басталған, биыл осы айдың аяғында тапсырылуы тиіс. Қазір құрылыста 200 адам еңбек етуде. Құрылысты «СВ плюс» ЖШС компаниясы салуда.Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Арман Өксікбаевтың айтуынша, бұл жалға берілетін баспана қала әкімдігінде үй кезегінде тұрғандарға, соңынан сатып алу құқымен берілмек. 
«Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша биылдың өзінде 770 млрд. теңге қаражат бөлінді. Соның 26 млрд. теңгесі Батыс Қазақстан облысында игерілуде. Бұл жаңадан салынып жат­қан өндірістер, жаңа зауыттар, фабрикалар, үлкен құрылыс алаңдары. Мына салынып жатқан бес үй «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынуда. «Нұрлы жол» бағдарламасының ел экономикасын дамытуға қосып отырған үлесі өте зор. Әлемдегі экономикасы мықты елдердің өзін жаһандық дағдарыс шарпып отырған кезде Елбасының жыл сайын Қазақстан экономикасына бір бағдарлама бойынша 700 млрд.-тан триллионға дейін қаражат бөліп,  елімізді үлкен құрылыс алаңына айналдыруы – үлкен нәтиже, Батыс Қазақстан облысына және жалпы барлық өңірлерге жасап отырған қамқорлығы деп бағалау керек», – деді партия төрағасының бірінші орынбасары. 

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы

Оставить комментарий

Связанные Статьи