Қазақстан бейбіт бастамаларымен баршаға үлгі болуда
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясы өтті. Жиын жұмысында қатысушылар назарын аударған маңызды оқиға – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзі болды.
БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес жыл сайын атап өтілетін Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні аясында ұйымдастырылған алқалы шараға халықаралық, үкіметтік емес ұйымдардың көрнекті өкілдері, жалпы алғанда 50-ден астам елден келген 200-ге жуық саяси, діни қайраткерлер, сарапшылар мен мамандар қатысты. Сонымен бірге Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, жазушылар мен журналистер атсалысты. Форумға қатысушылар қарусыздандыру және таратпаудың өзекті мәселелерін талқылап, халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
«Осыдан тура ширек ғасыр бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын мәңгілікке жапты. Одан кейін Қазақстан Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа және Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартқа қосылды. Қазақстан Президентінің шешімдерін шын мәнінде тарихи шешімдер деп айтуға толық негіз бар. Бұл әлемдік қарусыздану тарихындағы алғашқы және соңғы оқиға болды», – деп атап өтті форум жұмысын ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.
БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздану жөніндегі кон-ференцияның бас хатшысы Майкл Мёллер өз сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау және жою бағытындағы бастамаларын БҰҰ қолдап, оны жоғары бағалайтынын атап өтті. Ядролық қарудан нақты зардап шеккен елдің басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев барлық әлем елдеріне оның зардабының қаншалықты қиын болатынын танытуда. Семей ядролық сынақ полигоны аумағында тұрған халық ядролық қарулардың зардабын әлі күнге бастарынан кешіруде. Н.Назарбаевтың осы ірі полигонды жапқан бастамасын адами құндылықтарды сақтауға ұмтылысы деуіміз керек. Сонымен бірге, ол ұзақ жылдардан бері осы істердің бастамашысы болып келеді. Сондықтан бейбітсүйгіш адамзат оның істерін жоғары бағалайды, деді ол.
Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы Дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы Ласина Зербо Қазақстанның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік жолында ұзақ жылдар бойы көшбасшы елдердің қатарында келе жатқандығын атап өтті. Әлемде төртінші орында болған ядролық қару арсеналынан бас тарту арқылы сіз адамзатқа дұрыс жолды көрсетіп бердіңіз. Сол ұмытылмайтын еңбегіңіз үшін үлкен рахмет айтамын, деді ол Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа қаратып.
Жалпы отырыста сөз алған Болгарияның Вице-президенті Маргарита Попова Қазақстан басшысының ұзақ жылдан бергі әлемдік бейбітшілікті сақтау жолындағы бастамаларын саралап, оларға өз тарапынан жоғары баға беретінін айтып өтті. Сонымен қатар, ол ядролық қаруды таратпау ұсынысына халықаралық әмбебап режім беру қажеттігін атап өтті. Бүгінгі күні ядролық қарудың бақылаусыз таралуы өмір шындығына айналып отыр. Жаппай қырып-жоятын қаруға кейбір болжалсыз саясат жүргізетін басшылары бар мемлекеттер мен террористік ұйымдар да қол жеткізіп отырғаны өмір шындығына айналуда. Болгария Республикасы мұны әлемдік бейбітшілікке қауіп деп бағалап, оған қарсы тұратын барлық қозғалыстар мен іс-әрекеттерге белсене қатысатын болады, деді ол.
Коста-Рика Сыртқы істер министрі Мануэль Гонсалес те өз сөзінде Коста-Рика да Қазақстан сияқты халықаралық сенімді байланыстар орнату бағытындағы бейбітшіл барлық бастамаларды қолдайтынын, әскери арсеналды қалпына келтіруді мүлдем жақтамайтынын мәлімдеді. Қазақстан – ядролық қарудан, қару болғанда да бүкіл әлемде қуаты жағынан төртінші орын алатын арсеналдан бас тартқан бірден-бір мемлекет. Сол себепті бүкіл әлем Қазақстаннан үлгі алуға тиіс. Ядролық қаруы бар мемлекеттер Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуға тиіс. Біз ендігі жерде мәлімдемеден нақты іске көшуіміз керек, деді Коста Рика Сыртқы істер министрі.
Бейбітшілік баршаға ортақ, оның үстіне, ядролық қарудың қаупі жалғыз құрлықпен шектелмейтіні белгілі. Бұл ретте ортақ мүдде төңірегіне Панафрика парламентінің президенті Роджер Нкодо Дангтың айтқан сөздері де қатарласты. 254 парламентшіні біріктіретін Панафрика парламенті атынан шынайы ілтипатын жеткізген ол, Қазақстан Президентіне өздерінің Парламенттік Ассамблеясының шақыртуын әкелгендігін айтты. Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбіт бастамаларын, ядролық қарусыздану мәселесін Парламентте тыңдағымыз келеді. Панафрика парламенті Африка халықтарының Парламенті болып табылады. Және оның құрамында 54 мемлекеттің өкілдері бар. Сол себепті олармен кездесудің өзі маңызды болмақшы. Өйткені, Парламент депутаттары арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшіл бастамасынан бүкіл Африка халқы жан-жақты хабардар болады. Қазақстан Президентінің жұмыс кестесі тығыз болған күнде, Қазақстаннан жауапты тұлға келіп, біздің Панафрика парламентінің өкілдерімен сұхбаттасса деген ойдамын, деді Р.Н.Данг.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы Жарлығы – тарихи қадам. Яғни, бұл Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды мәселеге айналды, деді жалпы отырыста сөйлеген сөзінде Хон Ён Пё Корея Республикасының Қосылу жөніндегі министрі. Кезінде КСРО басшылығының Семей полигонының төңірегіндегі халықтан шындықты жасырып келгені тәрізді, қазіргі кезде Солтүстік Корея да ядролық қаруға сынақ жүргізіп жатқаны туралы тұрғындарға жақ ашпайды. Пунгери деп аталатын сынақ алаңынан отыз шақырым ғана жерде қала орналасқан. Радиация салдарынан туындаған зардапқа қатысты ресми зерттеу жасалмаған, алайда, Солтүстік Кореядан қашқан адамдардың мәліметінше, тұрғындардың көпшілігі қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары ауруы және басқа дерттерге шалдыққан. Атап айтқанда, Солтүстік Кореяның билігі ешқашан да ядролық сынақтардың салдары туралы адамдарға түсіндіру шараларын жүргізбеген. Пхеньян бұл фактінің тұтас корей халқының тағдырына балта шабуы мүмкін екенін түсінуі тиіс. Жарқын болашағымыз үшін біз Солтүстік Кореядағы сынақтарды тоқтатуымыз керек.
Кореялық министр, сондай-ақ, Қазақстанның ерікті түрде ядролық қарудан бас тартқанына екпін түсірді. Осының арқасында шетелдік серіктестерінің арасында үлкен сенімге ие болып, елге қомақты инвестиция келіп жатыр. Қысқасы, Қазақстан Орталық Азиядағы экономикалық державаға айналды. Осы тұрғыдан келгенде Пхеньян Қазақстаннан үлгі алып, өз таңдауын жасауы тиіс, деді Хон Ён Пё.
Астанада өткен алқалы жиында ядролық қарудың қасіретін терең түсінетін екі мемлекеттің өкілдері болса, оның бірі – Қазақстан да, екіншісі – Жапония. Осыдан 71 жыл бұрын Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбалары көптеген адамның өмірін бір мезетте жалмады. Ядролық қару сынағы жапондық балықшыларды сәулеленуге ұшыратып, кейіннен соның салдарынан ажал құштырды. Ядролық сынақтың ауыр зардабын тартқан Қазақстан да атом қаруына қатысты шынайы ақиқатты ерекше түсінетін мемлекет болып саналады. Сондықтан, Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған халықаралық конференция ядролық сынақтардың радиоактивті сәулелерінің зардаптары жайлы шындықтың барша әлемге кеңінен таралуына үлес қосады. Мен аталған конференцияның өткізілуін құптай отырып, Қазақстанның осы мәселедегі көшбасшылық рөліне құрмет сезімімді білдіргім келеді, деді өз кезегінде Жапонияның Парламенттік сыртқы істер вице-министрі Мотоме Такисава.
Конференция барысында Мысыр Араб Республикасы Сыртқы істер министрінің көп-жақты ынтымақтастық және халықаралық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі орынбасары Хишам Бадр әлемнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында Қазақстанның батыл қадамдар жасап, талайларға үлгі көрсетіп келе жатқанына тоқталды.
Қызыл Крест Халықаралық комитетінің вице-президенті Кристин Биэрли өз сөзінде осынау маңызды басқосуға шақырған Қазақстан тарапына алғыс айтып, Қазақстан мемлекетінің ядролық қаруды жоюдың, таратпаудың шынайы жақтаушысы екеніне назар аударды.
Ядролық сынақтарға тыйым салу және одан бас тарту жөніндегі келіссөздер нақты нәтижелерге қол жеткізуімізге мүмкіндік беруі тиіс. Ядролық қаруды пайдалану қатерін төмендету үшін бұл қаруды қысқарту тұрғысында келіссөздерді белсенді жүргізу керек. Бұл, ең алдымен, гуманитарлық қажеттілік. Өркениетті ядролық қарудың апатынан қорғау үйлестірілген іс-қимылдарды талап етеді, деді К.Биэрли.
Ғылым және халықаралық істер жөніндегі Пагуош конференциясының президенті, Ядролық қаруды таратпау туралы шартты қарастыру және ұзарту жөніндегі 1995 жылғы конференцияның төрағасы, БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану мәселелері жөніндегі бұрынғы орынбасары Джайантха Дханапала өзінің Қазақстанға деген құрметінің ерекше екенін айта келіп, мемлекетіміздің ядролық қауіпсіздік саласындағы көшбасшылық рөліне екпін берді.
Моңғолияның тұңғыш президенті әрі осы елдің Конституциялық сотының мүшесі Пунсалмаагийн Очирбат Қазақстанның ізгілік жолындағы батыл қадамдарына назар аударды. Мен бірінші кезекте осы конференцияның маңыздылығын ғана емес, оның дер кезінде өтіп жатқанын атап өткім келеді. Маған дейін айтылып өткендей, «қырғи-қабақ соғыстан» кейінгі әлемде ядролық қарудың саны азайғанымен, оның қауіптілігі әлі де төмендеген жоқ. Кейбір жағдайда көбейіп отыр деп айтуға болады. Мұның соңы ядролық қаруды жаңадан дамытуға алып келуі мүмкін, деді ол.
Ол сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі бола отырып, белсенді, бейбітсүйгіш саясатын әрі қарай жалғастыратынына сенімін білдірді. Бұл саясат бойынша Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ядролық әлем құру ұстанымдарына қолдау білдіреді. Жалпы, Қазақстан – Моңғолияның жақын көршісі. Сондықтан біздің еліміз Қазақстанда жүргізіліп жатқан ядросыз әлем құру бағытындағы саясатын толық қуаттайды, деді Моңғолия өкілі.
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ
Оставить комментарий