«Бір белдеу – бір жол»
Шілде айының 31-і мен тамыз айының 9 аралығында Қытай еліне жол түсті. Еліміздің бұқаралық ақпарат саласының өкілдері көршілес елдің бірқатар қалаларында болып, заманауи жетістіктерімен танысты. Сапарымызға мұрындық болған – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Қытай Халық Республикасының Ақпараттық бюросы. Жалпы, бұл Ақпарттық бюро 1991 жылы құрылып, Қытай елінің әлеуметтік-экономикалық, ғылым мен білім, мәдениет және т.б. салалардың дамуы туралы хабардар етіп отырады. Сонымен бірге пресс-конференциялар өткізу, кино және телеарна, баспа өнімдерін әзірлеу, шетел журналистеріне Қытай елімен кеңірек танысуына мүмкіндік жасау, бұқаралық ақпарат саласы бағытында үкіметаралық байланыстар орнату шараларын атқарады. Он күнге созылған сапарымыз күн сайынғы тығыз бағдарламаның аясында өтті. Бейжіңнен бастау алған іс-сапарымыз әрі қарай Чженжоу, Ухань, Чунцин, Чэнду қалаларында өз жалғасын тапты. Бұл Қытай елінің негізінен оңтүстік, оңтүстік-батыс аймақтарындағы шаһарларына жатады. Аталған қалалар Хэнань, Хубей, Сычуань провинцияларының орталығы болып саналады.
Си Цзиньпиннің бастамасы
Оқырман қауымға түсінікті болу үшін мына бір мәселені де тарқата кетейік. 2013 жылдың қыркүйек және қазан айларында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жасаған сапары кезінде Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуін құру бастамасын Қазақстанда көтерген болатын. «Бір белдеу мен бір жол» деп аталатын жоба Ұлы Жібек жолы бойындағы елдердің экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталып отыр. Осы жоба негізінде қазіргі таңда Қытай елі әріптес елдермен сауда-саттық, экономика, кәсіпкерлік, өндіріс, логистика және т.б. салаларда кеңінен қарым-қатынас орнатуда. Бір айта кетерлігі, үстіміздегі жылдың тамыз айының соңында еліміздің Алматы және Астана қалаларында Қытай экономикасы бағыттарының жетістіктерін таныстыруға бағытталған ауқымды шаралар өткізіледі.
Сапар барысында байқағанымыз, Қытайдың біздер тыныс-тіршілігімен танысқан компания, кәсіпорындардың барлығы әлемдік нарықта табысты қызмет атқарып жатқан мекемелер. Заманауи стандарттар мен талаптар негізінде өнім өндіріп отырған кәсіпорындар бұл елде өте жақсы дамып отырғанын көрдік. Жұмыс жолға қойылған, пайда да, табыс та бар. Өнім өндіру, қызмет ұсыну үдерістерімен жете танысу барысында бұған анық көз жеткізесіз. Қарап тұрсақ, көптеген кәсіпорындар кешегі 1990 жылдары немесе одан сәл ғана ертеректе өмірге келген. Соған қарамастан бүгінде аса қуатты өндіріс орындарына айналған.
Ал ҚХР даму мен реформа бойынша Ұлттық комиссияның департамент директоры Сяо Ли Оумен сұхбат барысында ол Қазақстан мен Қытай елдерін әріптестік байланыстарды нығайтуға көңіл бөліп келе жатқанын жеткізді. «Инвестиция, сауда-саттық, қоршаған ортаны қорғау, мәдени-гуманитарлық салалардағы бағыттарға көңіл бөле отырып, экономикалық ынтымақтастықты табысты жүзеге асыруға болады» деген Сяо Ли Оу екіжақты байланыс аясындағы журналистердің қызықтырған сауалдарына жауап беріп, өз ой-пікірлерін білдірді. Қытай теміржол компаниясының қызмет ауқымымен танысу барысында көптеген жетістіктеріне қанық болдық. Бұл мемлекеттік компания болып табылады екен. Теміржол саласында жолаушы және жүк тасымалдары қызметін ұсынады. Компания «Бір белдеу мен бір жол» жобасының жүзеге асуына кеңінен атсалысуда. Теміржол арқылы көрсетіп жатқан қызметтері сонау Еуропа елдеріне дейін барады. Жеделдік, жүктерді қауіпсіз әрі уақытылы жеткізу, жаңа коммуникациялық технологияларды қолдану тәрізді инновациялық жүйелері молынан қалыптасқан. Компания өкілдері өздерінің алдағы уақыттағы жоба-жоспарларымен де таныстырды. Әріптестік байланыстарды орнатып, ынтымақтаса жұмыс істеуге әрқашанда мүдделі екендіктерін жеткізді. Бейжіңдегі сапарымыз осындай шаралармен қорытыныдыланған соң екінші күні түс ауа біз Хэнань провинциясының орталығы – Чженчжоу қаласына аттандық.
Чженчжоуға сапар
Чженчжоу қаласына келіп жеткенімізде қасымыздағы қытайлық азаматтар бұл шаһардың қытай өркениетінің дүниеге келген мекені екенін, тарихта Қытайдағы көне сегіз астананың бірі болғанын айтты. Чженчжоу елдің көлік, теміржол, әуе жолдарын байланыстыратын тоғыз жолдың торабындағы қала. Мұнда заманауи өндіріс жүйесі қалыптасып, электроника, ақпараттандыру, көлік өндірісі, қаржы, бизнес, логистика және т.б. салалар кеңінен дамыған. Шаһар өзінің ерекше сәулетімен, келбетімен таңқалдырды. Кең көшелер, биік үйлер, қаланың жалпы инфрақұрылымы – оған жарқын болашаққа қарышты қадам жасаған қазіргі заман қаласы деген ұғымды сыйдырып тұрғандай. Иә, Қытай елінің әрбір қаласы әлеуеті жағынан өте мықты дамығанын байқадық. Соның бірі – Чженчжоу қаласы. Онда көптеген әлеуметтік нысандар, кәсіпорындар шоғырланған. Сапар барысында біз Синьчжень халықаралық әуежайыңың жұмысымен, Юйтон автоус зауытының тыныс-тіршілігімен, «Хуа-Хуа-Ню» сүт фабрикасының қызметімен, «Хэнань» радиосының жұмысымен, «Саньцюань» кәсіпорынының өндіріс үдерісінің барысымен таныстық. Әр компанияның құрылу тарихынан, заманауи жетістіктерінен хабардар болдық. Қолға алынған жобалардың ауқымдылығы ерекше. Көбі, жоғарыда айтқанымыздай, әлемдік нарықта қызмет көрсетіп жатқан өндіріс орталықтары. Жалпы, бәсекеге қабілетті болу – Қытай экономикасының, кәсіпорындарының басты мұратына айналғандай. Қандай істің барысымен таныссақ та, оның аржағында өз тұтынушысына талапқа сай өнім ұсыну, сапаны арттыру идеясы көрініс тауып жатқандай. Компания өкілдерінің айтуынша, ендігі мақсат «Бір белдеу мен бір жол» Стратегиясы негізінде Ұлы Жібек жолы бойындағы елдермен экономикалық, әріптестік көкжиектерді кеңейтіп, ықпалдастық байланыстарды нығайту.
Қазіргі таңда аспан асты елінде ішкі аймақтардың жақсы қарқынмен дамып жатқанын көруге болады. Мұнда мықты индустриалды базалар қалыптасып отыр. Янцзы өзені маңындағы порттарда жүк тасымалы жүзеге асырылады. Мәселен, «Хэнань» провинциясының әуежайы – әуе қызметі саласындағы ірі компаниялардың бірі саналады. Хэнань провинциясы Халық үкіметіне қарайтын мекеме «Чжэнчжоу Синьчжэн Халықаралық әуежай» деп аталып, 2013 жылы құрылған екен. Аталған әуежай Қытай әуе қатынастарының маңызды бөлігі. Чженжоудан оңтүстік-шығысқа қарай 25 шақырым жерде орналасқан. 2015 жылдың 22-желтоқсанында әуежайдың екінші құрылыс кезеңі аяқталып, іске қосылыпты. Мұнда әртүрлі ұшақтардың рейстері үздіксіз қамтамасыз етіледі, 3600 метрді құрайтын ұшу-қону алаңы бар. Жүк терминалы, борттағы тамақтандыру жүйесі, диспетчерлік орталық және т.б. бар. Бұл әуежайды өте тез әрі жедел дамып келе жатыр деп айтуымызға болады. Мекеме өкілдері қазақстандық журналистерді өздерінің қызметтерімен жан-жақты таныстырды. Қазіргі таңда әуежай – 34 жүк және 137 жолаушы рейстеріне, 18 жүк және 37 жолаушы әуекомпанияларына қызмет көрсетеді. Жүк тасымалы 36 бағытты қамтиды. Оның ішінде 25 халықаралық қатынас бар. Әуежайдың серіктестері ішкі рейстерді және Оңтүстік-Шығыс Азия бағыттарындағы әуеқатынастарын қалыптастарады. Әуежай өкілдері қызметтің талапқа сай әрі сапалы болуына ерекше көңіл бөлетіндерін жеткізді. Жүк тасымалы рейстерінің көлемі бойынша әуежай Пудун, Гуанчжоу және т.б. әуежайжайларынан кейін 4 орында келеді. Экономика тілімен айтқан кезімізде жүк тасымалының халықаралық хабын құра отырып, логистика мен өндіріс саласының қарқын алуына жол ашатын әлеуеті зор. Көптеген компаниялармен әріптестік байланыстар орнатып, тиімді жобаларды жүзеге асырып келеді.
«Хуа-Хуа Ню» деп аталатын компанияның жұмысымен танысудың сәті түсті. Компания директоры Янг Йонның айтуы бойынша, мекеме ауылшаруашылығы өндірісі саласындағы үздіктердің қатарына жатады. Жергілікті сүт өндірісінің мықты базасы қалыптасқан. Күніне 1000 тонна сүтті өңдеу қуатына ие. 76 түрлі өнім өндіріледі екен. Компания басшылары ұзақ жылдар бойғы қызметтерінде сапа мәселесіне ерекше ден қойып келеде екен. Өздерінің сауда-саттық мақсаттарын жүзеге асыратын бағыттары да бар. Мысалы, супермаркеттер, дүкендер, сауда орталықтары. 18 ірі қалада өнімдерін өткізеді және мұнан бөлек бұл тауарлар өзге де провинцияларға жөнелтіледі. Ұстанатын мұрат-мақсаты әрі идеясы – сенімділік, практика және жаңашылдық. Сонымен қатар халық денсаулығының мықты болуы үшін деп те қызмет жасайды.
Жел энергиясы – болашақ бастауы
Хубей провинциясында орналасқан Ухань қаласына табан тірегенімізде бұл шаһарда 13 аудан, мемлекеттік деңгейдегі дамудың 3 белдеуі бар екенінен хабардар болдық. Ухань қаласының аумағында көптеген өзен-көлдер, порттар бар екен. Бұл экономикалық аймақтың тағы бір ерекшелігі мұнда су көлік-қатынастары, құрғақ жолдар мен әуе жолдары дамыған. Былайша айтқанда экономиканы әртараптандыруға жақсы мүмкіндік беретін ірі орталық. Қытайдағы білім мен ғылымның маңызды базасы екені өз алдына жеке әңгіме.
Қаланың инфрақұрылымы, онда тіршілік үшін қолданылатын заманауи технологиялар аз емес. Сонымен қатар өндіріс саласы өркендеп, кәсіпорындары мол шаһарда алдыңғы қатарлы озық дүниелер шығаратын орталықтардың жұмысымен танысудың сәті түсті. Мәселен, 1974 жылы құрылған, оптикалық талшықтар шығаратын «Fiber Home Technologies» компаниясына келдік. Ақпараттық технологиялар заманында оптикалық талшық кең тұрғыда қолданылатыны белгілі. 23 мың қызметкері бар компанияның табысы 5 миллиард юаньды құрайды. Заман талабына сай жұмыс істейтін ірі орталықтардың бірі де осы «Fiber Home Technologies». Ғылым мен тәжірибені сәтті ұштастыра білген кәсіби мамандар өз өнімдерін әлемдік нарыққа шығарып отыр. Бастапқыда қатардағы ғылыми-зерттеу институты болған компанияның бүгінгі табысы айтуға тұрарлық. Ухань қаласында біріне бірі әрі әріптес әрі бәсекелес екі компания болса, соның бірі оптикалық талшық жасайтын «YOFC» компаниясы десек те болады. Компания өз саласы бойынша Қытайдағы бірінші, әлемдегі екінші орында. Әлемді Қытаймен оптикалық талшық арқылы жалғап отырған компанияға келгенге дейін Ухань қаласының «Силикон» алқабының жұмысынан да хабардар болдық.
Сапар аясында «Қытай инженерлік құрылыс компаниясына» қарасты «Үшінші басқармасына» табан тіредік. Бұл компания туралы айтатын болсақ, ол бүгінгі таңда әлеуеті жағынан 27-орында тұр. Бір ерекше айта кетерлігі, мұнда әлемдегі ең биік ғимараттың бірі тұрғызылып жатыр екен. Қазір 120 қабаттық құрылыс бел ортасына келген. Нысанның салынып жатқан ең биік қабатына шығып, жұмыс қарқынын көрдік. «Нюти» деп аталатын әкімшілік, бизнес және сауда-саттық орталығы болатын бұл ғимарат қарапайым қала тұрғындары үшін қымбатқа түспек. Сондықтан, мұнда тұрғын пәтерлері жоспарланбаған. Желден энергия қуатын алуда 9 бірдей ірі жобамен, ғылыми зерттеулермен айналысып отырған және оның арнайы құрылғыларын шығарып, құрастырып, орнататын «Годянь» корпорациясы да ерекше. Корпорация өкілдері желден энергия өндіру жөнінде әңгімелеп берді.
Сапарымыздың әрі қарайғы күндерінде біздің делегация Чунцин, Ченду қалаларында болды. Мұнда да бағдарлама бойынша бірқатар маңызды нысандардың жұмысымен танысып көрдік. Желден энергия өндіретін «Годянь» компаниясы, «Чжубацзе» сайты, «Чунцин» метросы, «Хого Чжоуцзюньцзи» өндірістік кәсіпорынында, «Тяньфугоцзи» технологиялық паркі және өзге де ірі компаниялар мен заманауи өндіріс орталықтарының қызмет барысымен егжей-тегжейлі таныстық. Чунцин қаласындағы 1862 жылы құрылған, қазір жеңіл автомобильдер шығаратын «Changan» компаниясының жүргізушісіз жүретін жеңіл көлігі таңқалдырды. Қазірге пилотсыз машинаны жаппай мініп жүрген халық жоқ. Бірақ бұл көлік сынақтан өтуде. Аталған көлік Чунцинге дейінгі 2 мың шақырымды 7 күнде пилотсыз жүріп өткен. Дегенмен «Changan» автомобиль компаниясы бұл көліктің жоғары жылдамдықтағы трассаларға арналғанын айтады. Жылдамдығы сағатына 120 шақырымға жететін көлікті 2018 жылдан бастап шығару көзделініп отырған жайы бар. қала ішінде жолаушылар тасымалдайтын балама түрі де әзірленуде. Бүгінде инженерлер оның кейбір басқару тетіктерін жетілдіру үстінде. Мұндай машинаның бағасы шамамен 20 мың АҚШ долларындай болады деп күтілуде.
ТҮЙІН
Ұлы Жібек жолы – Батыс пен Шығыстың сұхбаттастығының нышаны, әлемнің барлық елдерінің тарихи әрі мәдени мұрасы болып табылады. Жаһандық экономика өз дамуында күрделі әрі дағдарысты кезеңдерді бастан кешіріп жатқан кезде Ұлы Жібек жолының дәуірлер бойы қалыптасқан құндылықтарын өрістітету, осылайша көптеген мемлекеттердің әлеуетін арттыра түсуге серпін беру маңызды. Кезінде Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Ли Кэцян Қытай-АЕАН көрмесінде Ұлы Жібек жолындағы теңіз жолын қалыптастырудың атап өтіп, бұл ішкі аймақтардың гүлденуіне жол ашатынын тілге тиек еткен еді. «Бір белдеу – бір жол» Стратегиясын жүзеге асыру – экономикалық жаңғырту аясында елдер арасында байланыс орнатуға, сауда-саттық, кәсіпкерлік, өндіріс пен инновация, логистика және т.б. салалардың өркендеуіне мүмкіндік жасайтыны сөзсіз. Әлбетте, Қытай экономикасы мен әлемдік экономика бір-бірімен тығыз байланысты. Қытай елі өзге мемлекеттермен бұл бағытта жан-жақты әріптестік қарым-қатынас орнатуға бейілді. Көршілес елдің әріптестері сол арқылы екіжақты тарапқа да тиімді болатын жобаларды жүзеге асыруға мән беруде.
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ
Алматы-Бейжің-Чженчжоу-
Ухань-Чунцин-Ченду-Алматы
Оставить комментарий