Нұртай Сабильянов: Біз 25 жылда бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптастық

/uploads/thumbnail/20170709091447687_small.png

Егер адам баласы тұрғысынан алар болсақ, екі мүшел жасаған қылшылдаған жас жігіт қандай ұлы істерді атқара алуы мүмкін еді? Егер туарда вундеркинд болып туған ерекше дарын иесі болмаса, 25 жасында алдындағы көжесін жылап ішетіндер аз емес. Дегенмен, тектілік пен табиғат берген дарынының арқасында «Қазақстан» атты әрі бала, әрі дана мемлекет әлемді аузына қаратты. Тіпті, әлемді аузына қарату былай тұрсын, көбімен иық тірестіріп, терезесі тең дәрежеде тілдесе алатын деңгейге жетті, - деп хабарлайды Qamshy.kz baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл ең әуелі жасампаз Қазақ елінің көреген басшысының ұйымдастыра білу, өзгені өзіне ұйыта білу қабылетінің жемісі еді. Нақақтан қан төкпей, нәркес жанардан жас төкпей, дер шағында дербес мемлекет бола білдік. Дейтұрғанмен, Қазақ елінің тәуелсіздікке деген бұлқынысы, азаттыққа деген ұмтылысы Кеңес Одағы дейтін 16 басты аждаһардың кеңірдегін сығымдаған ажал шеңгелі болғаны жасырын емес.

Тәуелсіз елдің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында осы елдің азаттығы үшін желтоқсанның желіне жон арқасын төсеген жампоздардың бірі – Нұртай Салихұлымен сұқбаттасудың сәті түскен болатын.

«Барлығы да Желтоқсаннан басталды. Азаттық жолында, әділетсіздік жолында Қазақ жастары, қазақ елі өзінің елдігін, өзінің қандай рухты, қандай қайсар мінезді ұлт екенін таныта білді. 1986 жылы желтоқсан айында, нақтырақ айтсам – 16 желтоқсан күні – Қазақстан Орталық Комитетінің пленумы болды. Осы пленумның қаулысына сәйкес Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшылығына Г.В .Колбинді тағайындады. Бұл тағайындау Қазақстанда тұратын халықпен, елмен ешқандай санаспай, ақылдаспай жасалған әрекет еді», - дейді әңгімені Тәуелсіздіктің түп-тамырынан бастаған депутат.

Колбиннің Компартияның хатшылығына келуі Қазақстанда, әсіресе жастар арасында қатты толқу тудырды. Сол кездегі орталық алаңға шыққан жастардың бір ғана талабы болған еді. Ол – хатшылыққа қазақ ұлтынан шыққан адамды тағайындау. Бірақ жастардың бұл талабына құлақ асқан ешкім болған жоқ.

«1986 жылы 17 желтоқсан күні Алматыда сол кездегі Брежнев атындағы алаңға шығып, тоталитарлық жүйеге қарсы шықтық. Мен Алматы халықшаруашылығы институтының үшінші курсын оқитын студент едім. Алаңда жиналған жастар орталық жүйеге қарсы өз ойымызды, өз пікірімізді айттық», - деп еске алды халық қалаулысы.

Алайда Орталық комитет жастардың пікірін тыңдау былай тұрсын, олардың өздерін қырғынға ұшыратты. «Нашақорлар», «маскүнемдер», «жезөкшелер» деген секілді түрлі айыптаулармен Фрунзе, Ташкент, Новосібірден әкелінген арнайы жасақтарға білгенін істетті. Ұлдың намысы, қыздың ары тапталды.

«17 желтоқсан күнгі алаңда орын алған оқиға қазіргідей көз алдымда. Алаңға жиналған жастар қатар тұрып, қазіргі әнұранымызға айналған «Менің Қазақстаным» әнін шырқаған кездегі олардың бойындағы рухты, әділетсіздікке деген қайсарлықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді», - дейді мәжілісмен.

Білек айқастырып, шеп құрған жастарды оңайлықпен шегіндіре алмасын білген билік өкілдері алаңға жиналған жастарға қақаған қыста өрт сөндіретін машина арқылы суық су шашты. Тоңу былай тұрсын, дене мұз болып қатып, үстідегі киімдер сықырлаған мұзға айналып жатты. Бірақ Орталықтың оспадарсыз ожарлығы оларға бөгет бола алған жоқ. Су шашқан уақытта шамалы шегінген жастар, машиналар өткен соң қайта алаңға қарай лап қоятын еді.

Нұртай Салихұлының сөзіне қарағанда, қазіргі Желтоқсан көшесінің бойында да шеп құрып, Орталық комитеттің ғимаратына шабулдаумен болған. Алайда ондағы басшыларға жету мүмкін болмаған.

300 жылға созылған бодандықтың бұғауын бұзған жастар демократияның, Тәуелсіздікке деген құштарлықтың, әділетсіздікпен күрестің үлгісін әлемге көрсете білді. Бұған олардың бір адамдай жұмылып, бір денедей біріккен бірлігі, ынтымағы жеткізді. Ал осындай әділетсіздікпен, осындай азаппен айқасқан желтоқсаншылардың бүгінгі бірлігі, бүгінгі ынтымағы тым көңіл көншітерлік емес.

«Бүгінгі таңда желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың 7 республикалық бірлестігі бар. Өздері әр салада қызмет атқарады. Әрине, кімнің қайда, не қызмет атқаратыны маңызды емес. Бірақ осы 7 ұйымның орнына, бәрі ақылдаса келе бір бірлестік құрып, желтоқсан көтерілісінің нақты бағасын алатындай жұмыс жасауымыз керек. Өткенде осында менімен кездесуге бір орталықтан жиырма шақты адам келіпті. Барлығы да желтоқсаншылар. Бәрімен танысып, сөйлесіп, туған жылдарын сұрап отырсам, біреуі 1972 жылы дүниеге келіпті. Ойлап қараңызшы, 1986 жылы ол 14 жасар бала болды ғой. Ол қалайша желтоқсан көтерілісінің қатысушысы бола алады?», - дейді қынжылысын жасыра алмаған халық қалаулысы.

Бір кезде Колбинге қарсы бірлесе атқа қонған азаматтардың бейбіт күнде тарыдай шашылып, бас-басына би болуға ұмтылысы желтоқсан көтерілісінің шын бағасын алуға да кедергі болып отыр. 7 бірлестік жеті жақтан, жеті түрлі ұсыныс айтып, әркім өзінікін дұрыс етуге тырысып келеді. Бұл да болса еліміз азаттығының алғышарты болған айтулы оқиғаның ақиқатын ашуға кедергі келтіріп келеді. Әйтпесе, 8500-ден астам адам тұтқындалып, оның 99-ы түрлі мерзімге сотталған, жүздеген жас әкімшілік тәртіпке шақырылып, 300-ден астам студент ЖОО-дан қуылған, 319 адам қызметінен шеттетіліп, 52 маман партиядан, 758 жас комсомол қатарынан шығарылған кешегі тотаритарлық жүйенің тар құрсауын ұмыта қоятын жөндері жоқ еді. Осылардың барлығының төлқұжаттарына «бүлікші» таңбасы басылған. Қара жұмыстан басқа ешқандай да қызметке қабылданбады. Бұлардың барлығының ақ-қарасын анықтап, желтоқсан оқиғасына тиісті бағасын беру үшін бірлесіп қызмет атқару керек.

«Өкініштісі сол, Желтоқсан оқиғасын пайдаланып, өзінің жеке мүддесін, өз жағдайын дұрыстауды көздейтіндерді көргенде еріксіз қынжыласың. Біз сол 17-18 желтоқсан күндері алаңға шыққанда орден-медаль алайық, болмаса мемлекеттен мәртебе алайық деп ойлаған емеспіз. Бізді алаңға алып шыққан, біріктірген бір ғана мүдде бар еді. Ол – ұлттың, елдің мүддесі болатын. Қазақ елін қазақ ұлты басқарса екен деген мақсат еді. Сол арқылы елімізді дамыту болатын. 1986 жылы желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар, олар шынымен сол алаңда қарындасының қан жылаған шырылын, ағатайлаған үнін ұмытпаған болса, қазақ жігіттерінің қалай қорланып, қалай намысы тапталғаны көз алдарында әлі күнге дейін тұрған азаматтар болатын болса, сол алаңда тұрып, «Менің Қазақстанымды» елмен бірге шырқаған болса, қазір де еліміздің болашағы үшін, халықтың береке-бірлігі үшін жұмыс істеген болар еді», - дейді Желтоқсан қаһарманы.

Азаттықтың алғышарты болған Желтоқсан оқиғасының бүгінгі ұрпаққа берері мол. Тек соны дұрыс жеткізіп, ұрпақ игілігі үшін қызмет етуін қамтамасыз етуіміз керек. Бұл жолда 12 жыл үздіксіз депутат болған Нұртай Сәбилянов біршама қызмет атқарып келеді.

1986 жылғы 17-18-желтоқсандағы қазақ жастарының қарсылығына қарамастан, оларды аяусыз жаныштаған Колбин билігі елде 1989 жылға дейін дәурін жүргізді. Осы уақыт аралығында Кеңес Одағы да ыдыраудың шегіне жеткен болатын. Колбин биліктен тайдырылған соң, көп ұзамай-ақ 1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады.

«1991 жылы 1 желтоқсан күні Қазақстан халқы өзінің Тұңғыш президентін ашық сайлау арқылы сайлап алды. Дәл осы кезде желтоқсан оқиғасына қатысқан азамат ретінде өзім ерекше бір сезімде болдым», - деген депутат Президенттің алғашқы жарлықтарының бірі желтоқсан оқиғасына қатысушыларды ақтау туралы болғандығын айтады.

Бұл Қазақстан тәуелсіздігін жариялауға 4 күн қалғанда жүзеге асқан ең басты жаңалық еді. 1991 жылы 16 желтоқсан күні елімізде Тәуелсіздік декларациясы қабылданды. Бұған қуанбаған, бұған марқаймаған қазақ болмады. Әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашыраған қазақ қуаныштан көздеріне жас алды. Бұл ғасырлап күткен бостандық болатын.

«Жаңа Қазақстанның, жас мемлекеттің, азат елдің тарихы осы күннен бастап қайтадан, тың, соны соқпақпен басталып кетті. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның тарихы еді. Бірақ та біз алда қандай қиындықтар, қандай белестер күтіп тұрғанын білген жоқпыз. Еліміз үшін ең қиын кезең 1992-1997 жылдар аралығында болды», - дейді халық қалаулысы.

Зауыттар жабылып, елде жаппай жұмыссыздық белең алып, халық нағыз нарықтық тоқырауды бастан кешкен уақыт болды. Жұмыс істейтіндері 3-4 ай бойы жалақысыз жүретін. Бір ерекшелігі, сол кездегі адамдарда бауырмалдық, бірінің жетпегенін бірі толтыратын ағайыншылық бар еді. Осындай қиыншылықты бастан кешіп жатқан уақытта Елбасымыздың ел үшін деп, халық үшін деп атқа қонуының арқасында мемлекетіміз бұл қиыншылықты да еңсере білді.

«Мен бір ғана мысал келтірейін: 1992 жылы еліміздегі инфляция мөлшері 3000 пайызға жеткен. Ал 1993 жылы бұл көрсеткіш – 2100 пайызға түскен. 1994 жылы 1100 пайызға дейін төмендеген. Сонда, қарап отырсаңыз еліміз үш жылдың ішінде 6200 пайыз деңгейінде инфляция көлемін көрсеткен. Енді есептеп көріңіз, 6200 пайыз дегеніміз жылдап емес, айлап емес, күн санап күнделікті тұтыну тауарларына баға қосылып отырған деген сөз. Коммуналыдық қызметтер, әлеуметтік төлемдер тоқтаусыз өсіп отырғанын байқауға болады. Бірақ, соның барлығын жеңіп, соның барлығына мойымай, қазақ елі өз даму жолын, өзінің экономикалық бағытын айқындай білді. Қазір, Құдайға шүкір, жылына инфляция деңгейі 6-8 пайыз ғана», - дейді Нұртай Салихұлы.

Жығылғанға жұдырық дегендей, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өз тарихи отандарына көшіп кеткендер де көп еді. Бұл халықтың демографиялық ахуалына қатты әсер етті. Бір ғана 1994 жылдың өзінде 477 мың адам өзге мемлекетке қоныс аударған.

Алайда бұл тығырықтан тағы да Елбасының саяси көрегендігі құтқарып қалды.

«Тәуелсіздік алғаннан кейін көп өтпей-ақ Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ халқын және Қазақстанда өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерін осынау Қазақстанның қара шаңырағының астына біріктіре білді. Әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелерді жүйеге келтірді. Сонымен қатар, Елбасы әлемге тарыдай шашылған қазақ халқын Атамекенге оралуға шақырды. Осында келіп өз нәпақасын өзінің тарихи отанында табуына жағдай жасады. Соның нәтижесінде 25 жылда елімізге 1 млн-нан астам қандастарымыз оралды. Олар еліміз үшін еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосып отыр. Бұл бағанағы бірнеше жылдың ішінде өз тарихи отындарына кеткен азаматтардың орнын толтырды», - дейді депутат.

Алайда еліміздегі демографиялық өсім 2005 жылға дейін тек қана минусқа кетіп отырған. 2005 жылдан бастап халықтың саны қосыла бастаған. Қазіргі таңда 17 800 мыңнан астық.

«Мысалы Қазақстан Тәуелсіздігін алған алғашқы жылы Қазақстанда тұратын қазақ ұлтының саны 6,5 млн-дай еді. Бұл бүкіл Қазақстан халқының 40 пайыздайы ғана. Ал қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 67 пайызға жетті. Яғни қазақ ұлтының саны артып келеді. Бұл - осы елдегі саяси жүйенің тұрақтылығын, халық арасында береке-бірліктің бар екенін көрсетеді. Осы мемлекетке халықтың сене білетіндігінің бір айғағы деуге болады», - дейді Нұртай Салихұлы.

Оның айтуына қарағанда, қазіргі қол жеткізген жетістіктерімізді үнемі дәріптеп, халықтың назарына жеткізіп отыруымыз керек. Және әлдекімдер айтып жүргендей, Тәуелсіздік тегіннен-тегін, бостан-босқа келмегендігін де ұмытпауымыз керек.

Сонымен қатар, Нұртай Салихұлы қазіргі Қазақ елінің экономикалық дамуында өзіндік қолтаңбасы барын айтады.

«Президен ең әуелі экономика, содан кейін ғана саясат деген жолды ұстанды. Бұл біздің еліміздің саяси жүйеден гөрі дамуға, экономикалық тұрақтылықа деген ұмтылысын байқатады. Және солай болып та келеді. Алайда әлемдегі қаржылық ахуал Қазақстанды айналып өткен жоқ. Бізде де жұмыссыздық бар, әлеуметтік мәселе бар, баспанамен қамтамасыз ету бар. Оның барлығы біз үшін шешімін таппас жағдайлар емес. Қазақстан оны да шешетін кезі болады», - дейді депутат.

Қазіргі кезде қызмет істеймін деген адамға барлық жағдай жасалған. Мемлекет «Жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020» қатарлы іргелі бағдарламалармен қатар шағын және орта бизнесті дамытуға ден қойып отыр. Ал біз Тәуелсіздік алған жылдары мүлде басқаша еді.

Соның нәтижесінде Қазақстан экономикасының дамуында оң өзгерістер орын алды. Отандық өндірістер қарқынды дами бастады. Еліміздің қазба байлықтарын игере бастадық. Өз өнімдерімізді өзгелерге экспорттауға қол жеткіздік.

«Тәуелсіздіктің алғашқы ширек ғасырында біз бәсекеге қабылетті мемлекетті, бәсекеге қабылетті ұлтты, бәсекеге қабылетті халықты қалыптастыруды қолға алдық. Және сол мақсатымызға бүгінде қол жеткізіп отырмыз. Енді тек сол игергенімізді жүзеге асыратын уақыт жетті. Бұл тұрғыда қазіргі жастарға артылатын сенім ерекше.

Оларға артылар сенім де, жауапкершілік те жоғары. 1994 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасы арқылы 11 мыңнан астам жас шетелде білімін жетілдіруге қол жеткізді. Олардың алды елімізде қызмет атқарып жүр. Олар да еліміздің экономикалық дамуына өз әсерлерін тигізеді. Елбасының бастамасымен «Мәңгілік ел» патриоттық актсі қабылданды. Бұл да жастарға сенім білдірудің арқасында жүзеге асатын бағдарлама. Мәңгілік ел деген – біздің Қазақстан, Мәңгілік ел деген – қазақ ұлты, Мәңгілік ел деген – берекесі мен бірлігі жарасқан Қазақстан халқы. Біз осы ұғымдарды ұлықтап, өз еліміздің патриоты болуымыз керек», - деп сөзін түйіндеді Нұртай Сәбильянов.

Оставить комментарий

Связанные Статьи