Іленің Моңғолкүре ауданында қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтті(Фото)

/uploads/thumbnail/20170709091436780_small.jpg

23-24 қыркүйекте Моңғолкүре ауданында қазақ күресінен ҮІ кезекті әлем чемпионаты өткізілді, - деп хабарлайды Qamshy.kz

Бота тірсек, бура сан, атан жілік азаматтардың қарымы мен дарынын, жігерін сынайтын әлемдік додаға Қытай, Ресей, Қазақстан, Грузия, Армения, Греция, Түркия, Моңғолия, Оңтүстік Африка қатарлы 22 мемлекеттің 23 командасы қатынасты. ҚХР намысы үшін Шыңжаң балуандар құрамасы мен Моңғолкүре балуандар құрамасы әлемнің әр түкпірінен келген алып күш иелерімен күш сынасып, тәжірибе алмасты.  

«Ұйымдасып істеген, әр істің бір сәні бар» дегендей, бұл реткі жарысты Халықаралық күрес қауымдастығы, Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығы, Іле қазақ күресі қоғамдық бірлестігі қатарлы ұйымдар бас болып ұйымдастырып, Іле қазақ автономиялы облыстық мәдениет-денетәрбие, радио, кино-телевизия мекемесі мен Іле қазақ автономиялы облысы Моңғолкүре аудандық Халық үкіметі жоғары деңгейдегі сән-салтанатпен өткізді.  

Азияның әр қиырынан, Еуропадағы еңселі елдер мен алыстағы Африкадан ат басын бұрған атан жілік балуандар 60, 70, 80, 90 келі, 90 келіден жоғары салмақ категориялары бойынша және тамашалаушылардың таңдайын қақтыратын түйе балуан (бұған салмағы 80 килограмнан жоғары балуандар ерікті түрде қатысады) жарысы бойынша екі күн бойы боз кілемде белдесіп, өздерінің қазақ күресі жағындағы қарымын байқатты. Әлемдік доданың салтанатты да сәнді, әділ жүрілуі үшін бас төреші, ортадағы төреші, кілемдегі төреші, қапталдағы төреші қатарлы қазақ күресінің қыры мен сырына қанық, қағидаларын жетік меңгерген халықаралық деңгейдегі төрешілер төрелік етіп, қазақ күресінің бүк ұпай, жамбас ұпай нөмірін беру тәсілі арқылы жарысты сәтті өткізді.  

Ақтық сынасуға жолдама алған балуандар техникалық тебін, мығым күш, қайтпас қажыр арқылы өз салмағы бойынша қарсыласын алып та, шалып та көрді. Соңында, 60 килограмдық салмақта Қазақстан балуаны Құсман Қырғызбаев бірінші, Қырғызстан балуаны Санжар Османалев екінші, Үндістан балуаны Гүлаб Али Мохсин мен Қытай балуаны Нұртай Нұрмұхаметұлы үшінші орынды иеледі; 70 килограмдық салмақта Қазақстан балуаны Құмар Қырғызбаев бірінші, Қытай балуаны Жалынбек Мәдениетұлы екінші, Қырғызстан балуаны Мирлан Ералев пен Өзбекстан балуаны Бахром Иноятов үшінші болды; 80 килограмдық салмақта Қазақстан балуаны Дәулет Пахыриденов бірінші, Эстония балуаны Георги Ләдөкин екінші, Грузия балуаны Звияд Базандарашвил мен Армения балуаны Дэвид Саркцияи үшінші орынға жайғасты; 90 килограмдық салмақта Қазақстан балуаны Айбол Айтбекұлы бірінші, Өзбекстан балуаны Шәкіржан Арсыланов екінші, Эстония балуаны Александр Мәрмелжүк пен Қытай балуаны Жайдарбек Серікұлы үшінші орынға ие болды; 90 килограмнан жоғары салмақта Қазақстан балуаны Айбек Нұғыманов бірінші, Грузия балуаны Левани Матилашвили екінші, Ресей балуаны Максим Ширияев пен Белорус балуаны Александр Вахавияк үшінші орынды иеленді.  

Қазақ күресінен 6-кезекті әлем чемпионатының түйе балуаны кім болады деп елеңдескен жұрт боз кілемнен көз айырмай, балуандарға дем беріп отырды. Жанкүйерлердің жан айғайы балуандардың жігерін жанып, бекем белдесуге шақырды. Түйе балуан дәрежесі бойынша бәсекеде грузиялық Гурам Тушишвили түйе балуан атағына ие болса, Белоруссия балуаны Александр Вахавияк екінші орынға, Қазақстан балуаны Мұхит Тұрсынов пен Ресей балуаны Максим Ширияев үшінші орынға ие болды. 

Осы реткі жарыстың түйе балуаны атанған сом білекті, шымыр тұлғалы Грузия азаматы Гурам Тушивилидың дене бітімі мен күрес техникасы өзара ұштасып, жалпақ жұртты жалт қаратты. Қазақ күресін жетік меңгерген өзге ұлт балуандарына қарап, екпінді де ершімді қадаммен халықараға бет алған қазақ күресінің алдағы асуы биік боларына сеніміміз кәміл.  

Алымбек Нұралин,

Жанболат Манарбекұлы 

Оставить комментарий

Связанные Статьи