«Оян, қазақ» жобасының авторлары көрермен назарына «Қара алтын» деп аталатын жаңа тың туынды ұсынып отыр. Аталған көркем фильм бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілмек.
Туындының продюсері Айсәуле Әбілда бұған дейін берген сұхбатында картинаның басты идеясы мен мазмұнына кеңінен тоқталған еді. Оның айтуынша, бұл туынды оңай жолмен байып кетудің жолын көрсететін фильм емес. Керісінше, қиындыққа мойымайтын қайсарлық пен қажымас жігерді бейнелейді.
Фильмнің сюжет желісі көрерменді өзіне баурап алады. Басты кейіпкер – Қасым Исағалиев әр қадамын алдын ала мұқият есептейтін, суыққанды әрі интеллектуал кәсіпкер. Аталған фильм туралы алғашқы күннен бастап қалың жұртшылық жағымды пікірлер жазды.
Кино туындысы туралы зиялы қауым өкілдері мен белгілі тұлғалар да өз ойларын ортаға салды.
Айгүл Исмакова өзінің facebook парақшасында фильмнің идеялық тереңдігіне тоқталып, туындыда Шәкәрім Құдайбердіұлы ұрпағының өз кәсібін қорғау жолындағы күресі нанымды көрініс тапқанын айтады. Оның сөзінше, мұнда адамның жаны мен тән таласы, ар мен ұяттан аттамағандар мен адамдықты белшеден басқандардың арпалысы өте шебер бейнеленген. "Бұл – бүгінгі отаншыл әр азамат көретін фильм", – деп баға берді ол.
Ал белгілі журналист, «Qazaqstan» телерадиокорпарациясының Алматыдағы медиаорталығының басшысы Ерқанат Көпжасарұлы фильмнің драматургиялық қуатын ерекше атап өтті. Ол картинаның шынайы оқиғаға негізделгенін атап өтіп, туындыда билік бюрократиясы, рейдерлік, олигополия және сот жүйесі сияқты күрделі мәселелер ашық суреттелгенін жазды. Тіпті көрерменді ойландырып, елдегі ірі өндірістік орындар мен жүйе табиғаты туралы үлкен сұрақтарға жауап іздеуге итермелейтінін жеткізді. Оның пікірінше, фильм адам бойындағы күрескерлік қабілетті оятып, еңсе тіктеуге дем береді.
Сондай-ақ ақын, журналист Ұларбек Нұрғалымұлы да фильм туралы жылы лебізін білдірді. Ол көрерменді арзан дүниемен алдамай-ақ, шынайы өнер арқылы баурап алуға болатынын бұл фильм толық дәлелдегенін айтып, «Барыңыздар, көрсеңіздер болады» деп көпшілікті кинотеатрларға шақырды.
Алғашқы көрсетілімнен-ақ көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Қара алтын» туындысы отандық кино өнеріндегі сапалы әрі салмақты жобалардың біріне айналары сөзсіз.