Қазақстанда өтетін болашақ FIA жарыстары Боракайдағы конгресте талқыланды

/uploads/thumbnail/20260930154046365_big.webp автор

Алғашқы FIA Central Asia Drift Cup жарысынан кейін «Сокол» спорттық-техникалық кешенінің басшылығы FIA Asia-Pacific конгресіне қатысты. Ол 29 қыркүйекте Филиппинде басталып, 1 қазанға дейін жалғасады.

Боракайда СТК «Сокол» басшылығының атынан Дастан Ибрагимов FIA президенті Мохаммед Бен Сулайеммен кездесті. Тараптар Қазақстанда FIA аясында жарыстар өткізу жоспарын талқылады. Атап айтқанда, СТК «Сокол» трассасында өтуі мүмкін турнирлер туралы сөз болды.

Конгреске Азия мен Тынық мұхиты өңіріндегі FIA клубтарының 120-ға жуық өкілі қатысып жатыр. Бұл — федерацияның 2026 жылғы соңғы өңірлік кездесуі. Қатысушылар автоспорт пен көлік жүйесін дамытуға қатысты тәжірибе алмасып, өз елдерінде қолдануға болатын шешімдерді талқылайды.

Конгресс бағдарламасына жол қозғалысы қауіпсіздігі, көлік саласындағы инновациялар, тұрақты әрі қолжетімді көлік, туризм және жол қозғалысына қатысушылардың өзгеріп жатқан қажеттіліктері енгізілген. Спорт бағыты бойынша автоспортқа қатысушылар санын арттыру, бастапқы және өңірлік деңгейдегі жарыстарды қолдау, спортты көпшілікке қолжетімді ету мәселелері қаралады.

Бұл күн тәртібі СТК «Сокол» көздейтін мақсаттармен де үндеседі. Автодром автокөлік әуесқойлары мен спортшыларға жылдамдыққа деген қызығушылығын жалпыға ортақ жолдарда емес, арнайы жарыс трассасында жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыруды көздейді. Central Asia Drift Cup жарысы кешеннің халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдай алатынын көрсетті.

Жуырда СТК «Сокол» 2027–2028 жылдарға арналған спорттық іс-шаралар бағдарламасын жариялауды жоспарлап отыр.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар