Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде қызмет ететін бірнеше оқытушылардың жұмыстан кетуі туралы ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Қоғамда резонанс тудырған бұл жағдайға байланысты жоғары оқу орнының басшылығы ресми позициясын білдірді.
Әңгіме белгілі ақын, баспагер әрі аталған факультеттің бұрынғы деканы Темірғали Көпбайдың Facebook-тегі жазбасынан басталды. Оның айтуынша, факультетте көптеген жылдар бойы еңбек еткен төрт тәжірибелі маман – филология ғылымдарының докторы Кәкен Қамзин, ақын Мұрат Шаймаран, сатирик жазушы Ермахан Шайхы және оның өзі қызметтен босатылған.
Темірғали Көпбай бұл шешімді кадрлық әділетсіздік ретінде бағалап, оқытушылардың факультеттегі басқару саясатына келіспеушілік білдіргенін айтқан.
Оның пікірінше, көпжылдық тәжірибесі бар профессор-оқытушылар құрамының кетуі білім ордасының беделіне кері әсер етуі мүмкін.
Айта кету керек, бұған дейін де желі қолданушылары мен студенттер қауымы ақын Мұрат Шаймаранның оқу орнынан кетуіне байланысты өз пікірлерін білдірген болатын.
Университет басшылығының жауабы: Барлығы заң аясында
Әлеуметтік желіде тараған пікірлерге қатысты ҚазҰУ Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер бойынша проректор Алина Галеева ресми түсініктеме берді. Ректорат өкілінің сөзінше, кадрлық өзгерістер жоғары оқу орындарына ортақ стандартты конкурс рәсімдеріне сай жүргізілген.
Университет ұсынған ақпаратқа сәйкес:
- Кәкен Хамзин мен Темірғали Көпбаевтың еңбек шартының мерзімі аяқталған;
- Ермахан Шайхы академиялық біліктілікті анықтау байқауына қатысудан бас тартып, тиісті процедурадан өтпеген;
- Мұрат Шаймаран бекітілген академиялық талаптар бойынша конкурстық іріктеуден өте алмаған.
"Лауазымға қабылдау рәсімі жоғары оқу орындарында белгіленген тәртіпке сәйкес жыл сайын жүргізіледі. Арнайы құрылған конкурстық комиссия өтініш берушілердің ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерін, педагогикалық тәжірибесі мен дәріс беру біліктілігін бағалайды. Барлық шешімдер қолданыстағы заңнамаға және университеттің ішкі нормативтік құжаттарына толық сай келеді", – деп атап өтті Алина Галеева.
Осылайша, университет тарапы бұл жағдайды саяси немесе жеке араздық емес, жыл сайын өтетін жоспарлы аттестация мен заңды конкурс нәтижесі деп түсіндірді.