Абзал Достияр: Думан Мұхаметкәрімді Алматы түрмесіне ауыстыруы мүмкін

/uploads/thumbnail/20260727161503422_big.webp автор

Қоғам белсендісі Абзал Достияр өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Қызылорда қаласындағы жазасын өтеу мекемесінде отырған журналист Думан Мұхаметкәрімнің қазіргі жағдайына байланысты маңызды ақпаратпен бөлісті. 
Бұған дейін журналист Думан Мұхаметкәрім өзінің заңды құқықтарын талап етіп, Қызылордадағы мекемеден Алматы облысы аумағындағы жазасын өтеу мекемесіне ауыстыруды сұраған болатын. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сотталған азаматтың жазасын өзінің немесе жақындарының тұрғылықты жеріне жақын аумақта өтеуге толық құқығы бар. Алайда, бұл талаптың уақытылы орындалмауына байланысты журналист өзінің денсаулығына зиян келтіретін төтенше әрекеттерге (денесіне зақым келтіру, аштық жариялау) баруға мәжбүр болған еді. Оның осы мазмұндағы ашық хатын бұдан бұрын қоғам белсендісі Абзал Достияр өз парақшасында жариялаған болатын.


 «Мен Мұхамедкәрім Думан Алмасұлы. Қызылордадағы 60-шы мекеме карцерінде отырғаныма 1 жыл 8 ай болды.
19.12.2024-ші жылдан бері 8 шаршы метр қапастан шыққан емеспін.

15.07.2026 жылы, сәрсенбі күні, сағат 11:25-те екі уыс, 11:45-те тағы бір уыс дәрілер ішіп алдым. 

Дәріні қапастағы камера алдында көрсетіп іштім. Ауруханаға апарып 15:30-да ішімді жуды. Бірақ тіркемеді.

20.07.2026 жылы (дүйсенбі) сағат 17:00-де 6 (алты) түймедей батарея, оттық, т.б. заттар жұттым. 

Отадан аман қалсам, бұдан да зорғы әрекеттерге барамын.

Талабым: заңға сәйкес Алматы түрмесіне апарсын!»

Бұл Думан Мұхамедкәрімнің түрмеден жазған хаты. (Ақпарат Abzal Dostiyar-дың парақшасынан алынды.) Аталған хаттан кейін қоғам белсенділері мен Думанды қолдаушы топ, соның ішінде Абзал Достияр және Қойшыбек Мүбарәк жағдайды орнында танысу және шешу мақсатында арнайы Қызылорда қаласына барды. Сапар барысында белсенділер мекеме әкімшілігімен, тиісті құқық қорғау және қылмыстық-атқару жүйесінің өкілдерімен кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында журналист Думан Мұхаметкәрімнің талаптарының заңдылығы, оның денсаулық жағдайы және оны тұрғылықты жеріне жақын мекемеге ауыстырудың маңыздылығы жан-жақты талқыланды.
Сапардың нәтижесі мен алдағы жоспарлар
Жүргізілген жұмыстар мен кеңінен көрсетілген қоғамдық қолдаудың арқасында бұл мәселе оң шешімін тауып жатыр. Абзал Достиярдың хабарлауынша, сапардың нәтижесі өте жақсы болды. Таяу уақытта журналисті Қызылордадағы мекемеден Алматы облысындағы (Заречный кентіндегі) жазасын өтеу мекемесіне ауыстыру процесі аяқталады деп күтілуде.
Қоғам белсендісі өз жазбасында Думанның денсаулығы мен заңды құқықтарының сақталуын назарда ұстап, алаңдаушылық білдірген, моральдық және ақпараттық қолдау көрсеткен барша оқырманға, қоғам өкілдеріне ризашылығын білдірді.

Қатысты Мақалалар