Scopus-қа мақала, шетелге қаржы: Қазақстан ғылымының есебі кімге керек?

/uploads/thumbnail/20260801001921387_big.webp Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан ғылымы халықаралық кеңістікке шығуға ұмтылып келеді. Scopus, Web of Science, жоғары импакт-факторлы журналдар, халықаралық цитаталау – бәрі ғылыми жетістіктің басты көрсеткіштеріне айналды. Ғылыми есептерде мұндай көрсеткіштер көбейген сайын біз ғылымымыз да алға жылжып жатыр деп қабылдаймыз. Бірақ осы цифрлардың ар жағында бір қарапайым сұрақ тұр: қазақстандық ғылымның дамуына бөлінген қаржының қанша бөлігі өз ғылыми жүйемізде қалады?

Елімізде тоғыз мыңнан астам докторант бар. Олардың басым бөлігі – PhD докторанттары. Әрқайсысына мемлекет ай сайын 262 500 теңге көлемінде стипендия төлейді. Бұл – болашақ ғылыми кадрға салынған мемлекеттік инвестиция. Бірақ докторанттың ғылыми дәрежеге жетуі үшін халықаралық базалардағы журналдарға мақала жариялау талабы қойылады.

Мәселенің өзі Scopus-та емес. Мәселе – ғылыми сапаны бір ғана халықаралық индекске байлап қоюда.

Scopus пен Web of Science әлемдік ғылымға шығудың маңызды құралдары екені даусыз. Қазақстандық ғалымдардың халықаралық ғылыми ортаға енуі, еңбегінің әлемдік деңгейде танылуы қажет. Бірақ халықаралық базаға кіруді ғылымның түпкі мақсатына айналдыру – басқа мәселе.

PhD кандидат Ақтөре Көпбай да осы тұста мәселенің маңызды қырын атап өтеді.

«Scopus-тан қорықпау керек, бірақ оған тәуелді болуға да болмайды. Scopus пен Web of Science – әлемдік ғылымға шығудың маңызды құралдары. Сондықтан олардан бас тарту дұрыс емес. Бірақ бүгінгі мәселе – Scopus-тың өзінде емес, оған сай мақала жаза алатын зерттеушіні қалыптастыра алмай отырғанымызда», – дейді ол.

Бұл – мәселенің дәл өзегі.

Докторант – дайын профессор емес. Ол әлі зерттеу әдістемесін меңгеріп, ғылыми мәтін жазуды үйреніп, өз бағытын қалыптастырып келе жатқан жас зерттеуші. Соған қарамастан одан бірден халықаралық деңгейдегі журналда мақала жариялау талап етіледі. Нәтижесінде кейбір докторант үшін ғылымның мазмұнынан бұрын мақала шығаратын журнал іздеу маңызды болып кетеді.

Ал ғылыми мақала зерттеудің нәтижесі болуы керек еді. Бізде кей жағдайда керісінше: алдымен жарияланым талабы пайда болады да, зерттеу соған бейімделеді.

Бұл жерде қаржы мәселесі де бар.

Халықаралық журналдардың бәрі бірдей ақылы емес. Мұны да нақты айту керек. Бірақ ашық қолжетімділік форматындағы көптеген басылымдарда Article Processing Charge, яғни мақаланы жариялау үшін алынатын төлем бар. Оның мөлшері журналға қарай бірнеше жүз доллардан бірнеше мың долларға дейін жетуі мүмкін.

Қазақстандағы мыңдаған докторанттың кемінде бір халықаралық мақала жариялау қажеттілігін ескерсек, мұның өзі қомақты қаржыға айналады. Оған ағылшын тіліне аудару, ғылыми редакциялау, корректорлық қызмет, кей жағдайда делдалдық қызметтерді қосыңыз. Ғылыми нәтижені өндіруге емес, оны жариялауға кететін шығын да өсіп келеді.

Ең басты сұрақ – бұл ақшаның қайтарымы қандай?

Мемлекет докторантқа стипендия төлейді. Университет ғылыми зерттеуге жағдай жасайды. Мемлекеттік және университеттік гранттар бөлінеді. Ғалым зерттеу жүргізеді. Бірақ сол зерттеудің нәтижесін халықаралық журналда жариялау үшін тағы да қаржы жұмсайды. Оның үстіне жарияланған мақала арқылы қалыптасатын ғылыми бедел, цитаталау және рейтинг көбіне шетелдік ғылыми платформалардың экожүйесінде қалады.

Сөйтіп мемлекет қаржыландырған ғылыми өнімнің экономикалық және академиялық айналымының едәуір бөлігі сыртқы жүйеге кетеді.

Бұдан «шетелдік журналдарға жарияланбау керек» деген қорытынды шығаруға болмайды. Керісінше, қазақстандық ғылым халықаралық ғылыми кеңістікте болуы тиіс. Бірақ халықаралық кеңістікке шығу мен сол кеңістікке толық тәуелді болу – екі бөлек нәрсе.

Ақтөре Көпбайдың пікірінше, талаптың өзі кезең-кезеңімен қойылуы қажет.

«Докторанттан бірден жоғары деңгейлі журналда мақала жариялауды талап ету қаншалықты орынды? Докторант – әлі қалыптасып келе жатқан зерттеуші. Сондықтан талапты кезең-кезеңімен қою қажет», – дейді PhD кандидат.

Бұл жерде біздің ғылыми кадр даярлау жүйесіне қатысты үлкен мәселе көрінеді. Егер докторантты халықаралық журналға мақала шығаруға міндеттесек, алдымен сол мақаланы сапалы жазуға үйретуіміз керек. Зерттеу әдістемесі, академиялық жазу, статистика, дерекпен жұмыс, ғылыми ағылшын тілі, рецензентпен жұмыс істеу мәдениеті – мұның бәрі докторантураның өзінде жүйелі түрде қалыптасуы қажет.

Ал біз кейде нәтиже талап етеміз, бірақ сол нәтижеге жеткізетін инфрақұрылымды толық бере алмаймыз.

Тағы бір маңызды мәселе – Scopus-ты ақылы мақала жариялаумен байланыстырып алуымыз.

«Ғылымда ақша төлеп жарияланудан бұрын, сапалы зерттеу жасай алатын маман қалыптастыру маңызды», – дейді Ақтөре Көпбай.

Шын мәнінде, ғылыми жүйенің негізгі көрсеткіші – қанша мақала жарияланғаны емес, сол мақалалардың ғылымға қандай жаңалық әкелгені. Бір зерттеу жаңа технологияға жол ашуы мүмкін. Екіншісі қоғамдағы нақты проблеманың шешімін ұсынуы мүмкін. Үшіншісі отандық ғылымның теориялық базасын кеңейтуі мүмкін. Осындай нәтижелердің бәрін тек журналдың квартилімен өлшеу ғылымның мазмұнын кедейлетеді.

Ал отандық ғылыми журналдардың жағдайы ше?

Қазақстанда ғылыми басылымдар бар. Бірақ олардың бір бөлігі халықаралық деңгейдегі бәсекеге әлі толық дайын емес. Рецензиялау сапасы, редакциялық саясат, халықаралық сарапшыларды тарту, ағылшын тіліндегі ғылыми контент, цифрлық инфрақұрылым сияқты мәселелер бар.

Ендеше дайын шетелдік жүйеге сүйене бергеннен гөрі, өзіміздің ғылыми журналдарымызды неге күшейтпеске?

Отандық журналдарға қойылатын талапты көтеру керек. Бірақ талаппен бірге мүмкіндік те берілуі тиіс. Халықаралық рецензенттер тартылуы қажет. Редакциялық алқалар күшейтілуі керек. Кәсіби ғылыми редакторлар даярлануы тиіс. Ағылшын тіліндегі сапалы нұсқалар жасалуы керек. Ең бастысы – жақсы журналды тек тізімге енгізіп қою емес, оны халықаралық деңгейге шығаруға ұзақ мерзімді мемлекеттік саясат қажет.

Бұл жерде мемлекеттің халықаралық ғылыми базалармен қарым-қатынасы да қайта қаралуы мүмкін.

Егер Қазақстан Scopus немесе Web of Science сияқты халықаралық ғылыми платформаларға қомақты қаржы төлеп отырса, сол келісімдердің тиімділігі тек қазақстандық ғалымдардың мақалаларды оқу мүмкіндігімен шектелмеуі керек. Қазақстандық сапалы журналдарды халықаралық жүйеге енгізу, отандық ғылыми басылымдардың индекстелуіне жағдай жасау, ғылыми деректердің қолжетімділігін кеңейту сияқты мәселелер де келіссөздердің бір бөлігіне айналуы қажет.

Ғылымдағы басты мәселе – Scopus-тың бар-жоғы емес. Басты мәселе – біз ғылым сапасын өзіміз бағалай алатын деңгейге жеттік пе?

Егер қазақстандық журналдың сапасы жоғары болса, ол халықаралық журналмен бәсекелесе алуы керек. Егер зерттеу құнды болса, оның авторы міндетті түрде шетелдік баспаның есігін қағуға мәжбүр болмауы тиіс. Ал халықаралық журналға шыққан мақала қазақстандық ғылымның әлсіздігін емес, оның күшін көрсетуі керек.

Scopus-тан қорықпау керек. Бірақ ғылымды бір ғана Scopus-пен өлшеуге де болмайды.

Халықаралық база – құрал. Ғылымның өзі емес.

Біз құралды мақсатқа айналдырып алмауымыз керек.

Өйткені бүгін тоғыз мыңнан астам докторантқа ғылыми жол ашып отырған мемлекет ертең олардың зерттеуі арқылы өзінің ғылыми мектебін қалыптастыруы тиіс. Ал егер сол жас ғалымдардың еңбегі тек халықаралық рейтингтердегі цифрды көбейтуге, шетелдік платформаларға мақала шығаруға және жарияланым ақысына қаржы жұмсауға бағытталса, онда біз ғылымды дамытып жатқан жоқпыз, ғылыми есепті көбейтіп жатырмыз.

Қазақстанға халықаралық деңгейдегі ғылым керек. Бірақ сол ғылымның өзегінде қазақстандық ғылыми мектеп, отандық журнал, ұлттық ғылыми инфрақұрылым және сапалы зерттеуші тұруы тиіс.

Ғалымды өзіміз дайындап, оның еңбегінің құнын өзгелер анықтайтын жүйеден шығатын уақыт жетті.

Бифат Елтаева

Қатысты Мақалалар