Өмірін елге қызмет етуге, қаламын ұлт руханиятына арнаған азаматтардың ғұмыры әрдайым өнеге. Осындай тағылымды тұлғалардың бірі – белгілі қаламгер, ақын, журналист, қоғам қайраткері Өскенбай Құлатайұлы.
Әдебиетке кештеу келгенімен, Өскенбай Құлатайұлы өз дәуірінің тынысын, адам болмысын, қоғамдағы өзгерістерді, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік мәселелерін шығармаларына арқау етіп, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Оның туындыларынан өмір шындығы, уақыт үні, туған жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық ұстаным айқын сезіледі.
Өскенбай Құлатайұлы 1941 жылдың 16 шілдесінде қазіргі Түркістан облысы Сауран ауданының Мес-Ата ауылында дүниеге келген. Орта мектепті күміс медальмен тәмамдап, кейін Талғар ауыл шаруашылығы техникумының зоотехника бөлімін қызыл дипломмен бітіреді. Еңбек жолын Түркістан ауданындағы Абай атындағы колхозда зоотехник болып бастаған ол кейін Алматы политехникалық институтын тау-кен инженері-маркшейдер мамандығы бойынша аяқтап, Ащысай түсті металл комбинатына жолдамамен келеді.
Одан кейінгі еңбек жолы түгелдей дерлік кен өндірісімен байланысты болды. «Байжансай», «Мырғалымсай», «Кентау» кеніштерінде бөлім маркшейдері, аға маркшейдер, шахта бастығы, бас инженер, кеніш басшысы сияқты жауапты қызметтер атқарды. Кейін «Южполиметалл», «Ачполиметалл», «Стройтехнопроект» мекемелерінде, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде және Қазақстан Ұлттық Банкінде жемісті еңбек етті. Бұл – туған елдің өндірісі мен экономикасының дамуына арналған саналы ғұмырдың айқын көрінісі.
Өндірістегі жауапты қызметпен қатар қаламды серік еткен Өскенбай Құлатайұлы шығармашылықта да үлкен із қалдырды. Ол ақын ретінде сыршыл өлеңдер жазып, прозада өмірдің сан қилы құбылыстарын бейнеледі, публицист ретінде қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерді. Оның шығармаларынан қарапайым адамдардың тағдыры, туған жердің қадірі, ұлттық рух, тарих сабақтастығы мен адамдық құндылықтар кеңінен көрініс табады.
Қаламгердің қаламынан туған «Өмір өрнектері», «Сағым жылдар», «Анаға тағзым», «Игілік», «Бір әңгімем – бір ділдә», «Ата мешіті», «Замандастар», «Тағдыр», «Атың барда жер таны…», «Елу жылда ел жаңа», «Жадымдағы жаңғырық», «Туған жерге тағзым», «Мес-Ата», «Айғаным» және басқа да көптеген еңбектер оқырманның жоғары бағасына ие болды. Сонымен бірге оның шығармалары бірнеше ұжымдық жинақтарға енді, ал өзі құрастырып, жарыққа шығарған кітаптар ұлттық әдеби мұраны толықтыра түсті.
Өскенбай Құлатайұлының шығармашылық еңбегі жоғары бағаланып, 2008 жылы Қазақстан Журналистер одағының, 2014 жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Ол «Түркістан» халықаралық саяси апталық газетінің қоғамдық тілшісі ретінде өңірдің өзекті мәселелерін тұрақты көтеріп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті.
Өмірлік серігімен бірге бес бала тәрбиелеп өсірген ардақты әке бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған абыз ақсақал. Оның өмір жолы – адал еңбек пен азаматтық жауапкершіліктің, ұрпақ тәрбиесі мен елге қызмет етудің жарқын үлгісі.
Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Батыр шапағаты» медальдарымен, «За службу Родине и особые заслуги» орденімен және басқа да мемлекеттік, қоғамдық марапаттармен наградталды. Түркістан мен Кентау қалаларының Құрметті азаматы атанды. Сонымен қатар 2008 жылы Түркістан қаласында «Құлатай» мешітінің салынуына бастамашы болып, сауапты іске ұйытқы болды.
85 жасқа толған мерейтойында қаламгердің шығармашылық мұрасы қайта сараланып, әрқайсысы 20 баспа табақтан тұратын «Өскенбай Құлатайұлы. Үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы» жарық көрді. «Үш қиян» баспасынан шыққан бұл жинақтың алғашқы томына прозалық және публицистикалық шығармалары, екінші томына поэзиялық туындылары, үшінші томына аудармалары мен тарихи-публицистикалық еңбектері енгізілген. Бұл – қаламгердің көп жылдық шығармашылық ізденісінің қорытындысы әрі ұлттық әдебиетке қосқан сүбелі үлесі.
Өскенбай Құлатайұлының ғұмыр жолы – еңбек пен ізденістің, азаматтық пен шығармашылықтың, парасат пен адалдықтың сабақтастығын көрсететін өнегелі өмір. Саналы ғұмырын халқына, туған жеріне және қазақ руханиятына арнаған қаламгерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт тілейміз. Қаламыңыз мұқалмай, ұлттық әдебиетке жаңа туындылар сыйлай беруіңізге тілектеспіз.