Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде Республика күніне арналған «Атамекенге қош келдіңіз!» атты мерекелік кеш өтті. Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы ұйымдастырған басқосу ұлттық өнер мен елдік құндылықтарды ұштастырып, білім іздеп келгенжастардың атамекенге деген ықыласын ортақ арнаға тоғыстырды.
Мерекелік кешті факультет деканы Алмас Әуелбекұлы Бектанов құттықтау сөзбен ашты. Білім мен тәрбиені сабақтастырған шара жастарға ұлттық мұраны құрметтеудің, бірлік пен бауырмалдықты қадірлеудің мәнін танытты.

Кешке Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы қаласы филиалының басшысы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұратқан Шоқанның қатысуы басқосудың рухани мазмұнын толықтыра түсті.
«Атамекенге қош келдіңіз!» атауы кештің негізгі идеясын айқындады. Атамекен – туған жермен қауышу ғана емес, ана тілімен, ұлттық өнермен және ата дәстүрмен табысу. Осы тұрғыдан алғанда, мерекелік басқосу ҚазҰУ-дың жастарға білім берумен қатар, олардың ұлттық мәдениетпен байланысын нығайтуға мән беретінін көрсетті.
Кеш бағдарламасында ән мен күй, туған жерге арналған жырлар жарасым тапты. Факультет тыңдаушылары орындаған күйлер ұлттық өнердің тереңдігі мен көркемдігін сезіндірсе, Ерғали Еділбек, Танат Аймерей және Амантай Али орындаған «Көзіңнің мөлдірін-ай» әні көрерменнің ықыласына бөленді. Жастардың сахнадағы өнері олардың шығармашылық қабілетін танытып, мерекелік кештің шырайын аша түсті.

Филология факультетінің жас ақындары арнау өлеңдерін оқып, Фариза Оңғарсынованың «О, туған жер!» және Күләш Ахметованың «Туған жерде толғану» шығармаларын ұсынды. Туған жерге деген сағыныш пен сүйіспеншілікті өрнектеген жырлар кештің елдік мазмұнымен үндесті. Екі факультет жастарының бір сахнада бас қосуы университет ішіндегі шығармашылық байланыстың, ортақ рухани ізденістің көрінісіне айналды.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 1-курс студенті Қаби Самғар халық әні «Гүлдариғаны» орындап, көрерменге қазақтың дәстүрлі ән өнерінің әсемдігін сезіндірді.
Тыңдаушы Танат Аймерей мен кафедра оқытушысы Нұрасыл Зиядабек бірге шырқаған «Атамекен» әні басқосудың әсерлі сәттерінің бірі болды. Ұстаз бен тыңдаушының сахнадағы жарасымы өзара сыйластықты, өнер арқылы жалғасқан ұрпақтар сабақтастығын танытты.Әннің туған жерді қастерлеуге үндейтін мазмұны мерекелік кештің негізгі идеясын аша түсті.
Шараның ұйымдастырылуына факультет деканы А.Ә.Бектанов, Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі Г.Т.Тилеужанова және куратор-эдвайзерлер ұжымы ұйытқы болды. Олардың бірлескен жұмысы тыңдаушылардың өнерін ортаға салып, университеттің мәдени өміріне белсенді араласуына мүмкіндік берді.
«Атамекенге қош келдіңіз!» кеші ҚазҰУ-дың білім мен ұлттық тәрбиені сабақтастыратын рухани орта ретіндегі келбетін айқындайды. Ән мен күйді, жыр мен тағылымды жүздесуді тоғыстырған мереке Республика күнінің елдікмәнін ашып, жастарды атамекенге құрмет пен ортақ құндылықтар аясында біріктірді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің
аға оқытушылары Амирканов М.Б., Мәжиқызы Н., Нусупбаева С.А.