Цифрлық технологиялардың дамуы журналист мамандығының мазмұнын өзгертіп жатыр. Ақпарат тарату жылдамдығы артқанымен, оның шынайылығын тексеру, жалған мәліметтерді анықтау және аудитория сенімін сақтау бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Осыған байланысты журналистерді даярлау жүйесін заман талабына бейімдеу мәселесі Алматыда өткен халықаралық симпозиумда талқыланды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Орталық Азиядағы азаматтық қоғамды дамыту жолындағы медиа білім беру мен ғылымның трансформациясы» тақырыбында халықаралық кездесу ұйымдастырылды. Басқосуға Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Франция, Филиппин және Тайвань өкілдері қатысты.
Шараны ҚазҰУ, Алматыдағы ЮНЕСКО өңірлік бюросы және Азия медиа, ақпарат және коммуникация орталығы (AMIC) бірлесіп өткізді.
Жиынның ашылуында ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін ел дамуына бағыттау қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, ақпараттық қоғамды қалыптастыру мен медиа саланы жаңғыртуда университеттердің рөлі ерекше.
Халықаралық сарапшылар журналистік білім берудің алдында тұрған өзекті міндеттерге де тоқталды. Журналистік білім беру жөніндегі Дүниежүзілік кеңестің басқарушы комитетінің төрағасы, Париж-Дофин университетіндегі Тәжірибелік журналистика институтының директоры Паскаль Гене жалған ақпараттың таралуы, жасанды интеллектіні қолдану және сөз бостандығын қорғау мәселелерін көтерді.

Ол қазіргі журналистік білім беру жүйесі кәсіби этиканы сақтаумен қатар, технологиялық өзгерістерге де бейімделуі керектігін жеткізді. Әсіресе, теориялық білім мен практикалық тәжірибенің сабақтастығына басымдық беру маңызды.
AMIC бас хатшысы Рамон Р. Туазон білім беру бағдарламаларын жаңартудың тиімді жолдарын ұсынды. Оның пайымдауынша, журналист даярлау үдерісі тек ақпарат беруге емес, студенттің нақты кәсіби қабілеттерін қалыптастыруға негізделуі керек. Яғни оқу бағдарламалары түлектің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына қажетті дағдыларды ескере отырып жасалуы тиіс.
Өз кезегінде Филиппин университетінің профессоры, «Media Asia» журналының бас редакторы Данило Арао Азиядағы журналистік білім берудің даму ерекшеліктеріне тоқталды.
Ал ҚазҰУ қауымдастырылған профессоры, Еуразиялық медиа және коммуникацияларды зерттеу орталығының директоры Қарлыға Мысаева Орталық Азия мемлекеттеріндегі журналистік білім берудің қазіргі ахуалын саралады. Сонымен қатар ол 2025 жылы жүргізілген салыстырмалы зерттеу нәтижелерін қатысушылар назарына ұсынды.

Симпозиумның келесі күнгі бағдарламасында журналистерге қажетті базалық құзыреттерді қалыптастыру, университеттердегі оқу бағдарламаларын жетілдіру және Орталық Азияда медиа, коммуникация және журналистік білім беру қауымдастығын (AMCJECA) құру бастамасы қарастырылады.
Жиын соңында өңірлік әріптестікті кеңейтуге, ғылыми байланыстарды нығайтуға және медиа білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеу жоспарланып отыр.
Халықаралық симпозиумда көтерілген мәселелер журналистиканың болашағы технологиялық жаңалықтарды игерумен ғана шектелмейтінін көрсетті. Ақпараттың анықтығын қамтамасыз ету, сыни ойлау мәдениетін қалыптастыру және кәсіби жауапкершілікті күшейту – жаңа буын журналистерін даярлаудағы басты басымдықтардың бірі.