Қазақстан ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің бұрынғы төрағасы Данияр Мейрхан бағынышты қызметкерін жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені үшін сотталды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оған 6 миллион теңгеге жуық айыппұл салды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында хабарлады.
Журналистің мәліметінше, сот Данияр Мейрханды Қылмыстық кодекстің 123-бабы бойынша кінәлі деп таныған. Тергеу материалдарына сәйкес, ол 2025 жылдың сәуір-қараша айлары аралығында қызметтік орнында өзіне бағынышты әйелді жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеген.
Жәбірленуші жұмыстан айырылып қалудан қорқып, психологиялық қысымға байланысты оның талабына көнуге мәжбүр болғаны айтылды.
Сотта айыпталушының кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің көрсетулері, нотариалды куәландырылған хат алмасулар және маманның қорытындысы негізінде дәлелденген.
Соған қарамастан, Данияр Мейрхан тағылған айыпты мойындамаған. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 8 сәуірде Мейрханның ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы қызметінен шеттетілгені хабарланған. Ал 4 мамырда адвокат Әлия Жаманбаева оған қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеген.