Құрбан айт кезінде нені ескеру қажет? – ҚМДБ жауабы

/uploads/thumbnail/20260525224040600_big.webp Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Мұсылман үмбетінің ең ұлық мерекесі – қасиетті Құрбан айт таяп қалды. Күллі адамзатты ізгілік пен бірлікке, мейірім мен қанағатқа үндейтін, жүректерді жақындатып, ағайын арасындағы бауырмалдықты арттыратын ерекше рухани кезеңнің мән-маңызы ерекше. Құрбан айт мерекесі қоғамдағы мейірім мен қайырымдылықты арттырып, ауызбіршілікті нығайта түседі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекіткен кестесіне сәйкес, биыл қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні 27 мамырға (сәрсенбі) сәйкес келіп отыр. Елімізде бұл күн ресми демалыс күні болып бекітілді. Айтулы мейрам дәстүр бойынша үш күнге созылады.

Биылғы мерекені ұйымдастыру жұмыстары заман талабына сай жүргізіліп жатыр. Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы мал сою орындары белгіленіп, санитарлық талаптар күшейтілді. Сонымен қатар, уақыты тығыз немесе мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қашықтан құрбандық шалуға мүмкіндік беретін онлайн платформалар да белсенді жұмыс істемек.

Жыл сайын бұл мейрам жақындағанда қоғамда бірнеше маңызды мәселе көтеріледі. Әсіресе, базардағы мал бағасының негізсіз өсуі, халықтың сауап үшін несие алып қарыздануы және соңғы кездері трендке айналған онлайн құрбандық шалудың төңірегінде сұрақ көп. Мейрам тек ет тарату науқанына айналып кетпеуі үшін не істеуіміз керек?

Осы және өзге де өзекті сауалдардың жауабын білу үшін Qamshy.kz ақпарат агенттігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ресми түрде сауал жолдады.

– Айт жақындаса, базарда мал бағасы шарықтап кетеді. Осы орайда, саудагерлердің бағаны қолдан өсіруі шариғатқа қаншалықты сай?

Құрбан айт мерекесі қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жыл сайын кәсіп иелерін мал бағасын негізсіз көтермеуге, халыққа қолайлы жағдай жасауға үндеп келеді.

– Қазір халық арасында құрбандық шалу үшін несие алатындар немесе қарызға бататындар бар. Шамасы жетпесе де, бұлай ету дұрыс па?

Ханафи мәзһабы бойынша құрбан айт күндері (биыл мамыпдың 27,28,29 күндеріне сай келеді) құрбандық шалуға шамасы келген дәулетті, яғни негізгі қажетінен тыс зекеттің нисап мөлшеріне жеткен (нисап мөлшері – 85 грамм алтынға, яки соның құнына тең келетін қаражат, сондай-ақ, 40 қой, 30 қарамал, 5 түйе), азат, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолаушы болмаған мұсылманға құрбан шалу – уәжіп. Нисап мөлшеріне жететін қаражаты жоқ немесе қарызы бар адамға құрбан шалу міндетті болмайды. Несие алып құрбан шалуға тыйым салынады. 

– Алыс шетелдегі немесе еліміздің басқа өңірлеріндегі мұқтаж жандарға онлайн түрде мал атап, сойғызу арқылы шариғаттағы шарттары толық орындала ма?

Құрбандық шалатын адам құрбандық шалу ісін басқа біреуге   тапсыруына болады. Яғни, құрбандық шалатын адам ақшасын жіберіп, малды сатып алуға және оны бауыздауға біреуді өкіл ете алады. Жәбирден жеткен риуаятта:

 «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алпыс үш түйені құрбандыққа шалып, қалғанын бауыздауды Алиге тапсырды» (Муслим), – делінген.

Арнайы барып құрбан шалуға мүмкіндігі болмаған азаматтар qurban.muftyat.kz сайты арқылы құрбандық малын таңдап, төлем жасай алады. Құрбандық шалынғаннан кейін тапсырыс берген кісіге бейнеесеп жолданады.

– Құрбан айтта тек ет таратудан бөлек, қандай көмек көрсетсе болады? Мысалы, мұқтаж отбасылардың қажеттіліктерін алып берсе, атап айтсақ, оқу құралдарын, киім-кешектерін немесе емге керек қаражатының бір бөлігін төлеу арқылы өтеуге бола ма?

–  Иә, жаңа айтқандай сонымен қатар халық тарапынан тапсырылған құрбандық еті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қоры арқылы мұқтаж жандарға үлестіріледі. Өткен жылы 81 793 отбасыға құрбандық еті таратылған.

Құрбан айт уақытында негізгі міндет – құрбан шалу. Осыған орай халық тума-туысқа және мұқтаж жандарға ет таратып, сауапты іске көбірек көңіл бөледі. Ал бұдан өзге де қайырымдылық амалдарын қатар атқару – нұр үстіне нұр.

 

– Қазіргі таңда құрбандық шалу сәтін, таратылған ет пен қайырымдылық сәттерін фото-видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жаппай жүктеу трендке айналды. Сауапты амалды бұлайша жария ету (рия жасау) құрбандықтың қабыл болуына әсер ете ме?

Әрбір амал ниетке байланысты болғандықтан, фото-видеоға түсіру мәселесі де ниетке қарай бағаланады. Егер ондағы мақсат – өзгелерді жақсылыққа ынталандырып, қайырымды іске үндеп, құлшылыққа жігерлендіру болса, мұның жөні бөлек. Дегенмен, әр адам риядан сақтанып, ықыласты басты назарда ұстауы қажет.

– Қазақстанда бізден бөлек басқа да ұлт өкілдері тұрады. Құрбан айт мейрамында өзге дін өкілдеріне (христиан, буддист және т.б.) немесе дін ұстанбайтын көрші-қолаңға құрбандық етінен дәм татқызуға, оларды қонаққа шақыруға бола ма? Бұл біздің қоғамдағы бірлік пен татулыққа қалай әсер етеді?

Өзге дін өкілдеріне құрбандық етін үйлестіруге әбестік жоқ. Бұл әрекет бір шетінен сауап, екіншіден өзге діндегілердің Исламға деген жақсы көзқарастары қалыптасуына септігін тигізуі мүмкін. Қонаққа шақырып дәм таттыруға болады – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі сауалдарға осылай жауап берді.

Біз нарықтың заңы қатал, технологияның даму ағыны қатты, материалдық құндылық қана алға озған дәуірге «жұтылып» барамыз ба? Ұлық мейрамды жеке бастың пайдасына айырбастап жіберген жоқпыз ба?

Жыл сайын Айт жақындағанда базардағы мал бағасының шарықтап кететіні жасырын жайт емес. Сауап іздеп, құлшылық қылатын қасиетті сәтте қаймана жұрттың қалтасын қағып, нәпсіні алға оздыруды иманның белгісі деуге негіз жоқ.

Бүгінгі цифрлық дәуірдің жемісі – онлайн құрбандық шалу жобалары ұтымды шешім. Адам жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Бірақ телефонның арғы жағында отырып, бір батырманы баса салу – Құрбан айтқа тікелей араласатын, ағайынның есігін ашып көрісетін, балалар «айттық» сұрап мәре-сәре болатын қазақы, жылы дәстүрін суытып жібермеуі тиіс. Бұл күндері тек ет таратумен шектелмей, жетімдердің басынан сипап, жалғызбасты қарттардың көңілін аулау, науқастардың еміне қол ұшын созу секілді ауқымды әлеуметтік ізгілікті көбейтсек – мейрамның нұры да, құны да артпақ.

Құрбан айт – базардағы баға жарысы да, ет үшін талас та емес. Адамгершілік сыналатын, жүректер тазарып, бауырмалдық бекитін мереке.

Ниеттеріңіз қабыл, Құрбан айт мүбәрак болсын!

 

 

 

 

 

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар