Асхат Асылбеков: Күшті билікке күшті тұлғалар керек!

/uploads/thumbnail/20260728115941856_big.webp Facebook парақша

Қазақстанда болып жатқан саяси процестерді саралап, сұрақтарға жауап іздеп отырмын. Бұл орайда биліктің бәріне түсінікті ашық шешімдері бар. Азаматтық қоғам мен саяси өрісті залалсыздандыру жүріп жатыр. Базарбек, Бапи, Құспан сияқты белсенді депутаттар мен басқа да азаматтар бірде-бір партияның тізіміне енбей қалды. Азаматтық белсенділер мен журналистерге қылмыстық қудалауға дейін жететін қатты қысым жасалуда.
Алайда бұл саясаттың мұншалықты катаңдауына не себеп? Азаматтарды қорқытып, оларды жай ғана бағынышты «халыққа» айналдырған жөн деп кім шешті? Бұл «аракчеевщинаның» дем берушісі кім?
Көкейімнен бір сұрақ еш кетпейді: «Бүгінгі таңда Қазақстанда кадрлық шешімдер қабылдайтын тұлғалар биліктегі ауқымды тұлғалардың тапшылығы қаншалықты қауіпті екенін шынымен түсінбей ме?»
Біз министрлер мен әкімдердің арасындағы алыптарды жақсы білеміз. Олардың есімдерін тізіп жатпай-ақ қояйын. Тоқаевтың өзі Сыртқы істер министрі болып тұрғанда олармен бір үкіметте жұмыс істеді және олардың тиімділігін өте жақсы біледі. Жоғарғы Кеңес пен Мәжілістің Қаратай Тұрысов, Дәулет Сембаев, Серікболсын Әбділдин, Сауық Такежанов сияқты мықты депутаттарын, сондай-ақ Назарбаевтың отбасы мен оның күйеу баласы Рахат Әлиевке қарсы шыққан Төлен Тоқтасынов сияқты жас қайраткерлерді ұмытқан жоқпыз.
Неліктен қазір, бәріміз жабылып Әділетті Қазақстанды құруға кірісіп, назарбаевтық авторитаризмнің сұмдық мұрасынан арылып жатқан кезде, қазақстандық саясатта ауқымды тұлғалар соншалықты азайып кетті? Неге орындаушылар жас ұрпақты брежневтік кезеңдегі «қолдау және дуылдаған шапалаққа ұласатын қошемет» заманына сүйреуге ұмтылады? Олар Тоқаевтың реформаларын өз пікірі жоқ адамдар жүзеге асыра алмайтынын түсінбей ме? Осындай күрделі кезеңде мықты билік қажет екені айдан анық. Ал мықты билік мықты тұлғалардан құралады. Тек мықты президент қана емес, беделді парламент те керек! Ал саяси партиялардың тізімінде өз сөзі бар адамдар дерлік қалмаса, Құрылтай қалай беделді болмақ?
Ойды анық түсінген жөн: Әлсіз тұлғалардың қолындағы Заң мен Тәртіп билікті асыра пайдалануға, мемлекеттік аппараттың қаржы капиталымен тұтасып кетуіне әкеледі және қысқа тарихи мерзімде ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді.
Ауқымды, ірі тұлға туралы айтқанда, мен оның танымалдылығы немесе медиадағы беделі туралы айтып отырған жоқпын. Сөз ойлау масштабы, жауапкершілік, күрделі шешімдер қабылдау мен тәуекелге бара білу қабілеті, өзіне айтылған кез келген сынды тыңдап, одан қажетті әрі пайдалы дүниені түйіп алу даярлығы жайында болып отыр. Өзіне сын айтқан оппоненттерге алғыс білдіре отырып, үнемі өсу. Мемлекет пен азаматтық қоғамды дамытудың жалғыз дұрыс жолы осы екенін түсіну.
Министрлердің, әкімдердің, депутаттардың құрамына қараңызшы. Олардың арасында мемлекет қайраткері деп айтуға тұрарлық адамдар азайып барады. Көпшілігі жай ғана орын тақсырлап отыр, ал жалғыз артықшылығы – батыс ЖОО-ның дипломы мен шет тілдерін білуі. Далада, зауыт цехында жұмыс істемеген, шынайы өмірді көрмеген олар елге не бере алады? Біз билік пен аралас мемлекеттік секторда өздерінің білігі жағынан ата-анасына жете алмайтын белгілі адамдардың балалары мен немерелерін көріп отырмыз. «Мажор» деген термин өз тағдырын олардың қолына тапсырған халықтың бүкіл трагедиясын жеткізе алмайды.
Ең қауіптісі – кадрлық шешім қабылдайтындардың логикасын қоғамның түсінуі қиын. Жоғарыдағылар мұның салдары қандай болатынын шынымен көрмей ме? Кез келген басшы өз командасының сапасына тәуелді болады. «Патшаны айналасы жасайды» – бәріне белгілі факт. Мәселе президент Тоқаевтың беделінде емес, халықтың, бизнестің және әлеуметтік осал топтардың тұрмыс сапасында.
Тағы бір факт – әлсіз орындаушылар күрделі тапсырмаларды шеше алмайды. Олар идея ұсынбайды, айтыспайды, қателіктер туралы ескертпейді. Олар ылғи: «Құп болады! Орындалады» дейді. Ең қауіптісі – олар өз кемшіліктерін жасыру үшін бастыққа жаман жаңалықтарды жеткізуден қорқады.
Бірақ мемлекет мұндай жолмен дамымайды. Бүгінде Қазақстан соңғы онжылдықтардағы ең күрделі кезеңді бастан өткеруде. Әлемдік экономика өзгеруде. Геосаяси турбуленттілік күшейіп жатыр. Өсімнің ескі үлгілері жұмыс істеуін тоқтатты. ЖИ енгізу мен дамыту кейбір мемлекеттерге мүмкіндік берсе, басқаларына шектеу қояды. Қазақстанға бұрын-соңды болмағандай дербес ойлайтын, кәсіби батылдығы бар және стратегиялық көзқарасы бар адамдар қажет. Ең бастысы – өз халқына адал, ар-намысы бар адамдар керек.
Дегенмен, біз мұндай адамдарды атқарушы биліктен көре алмаймыз. Көптеген білікті мамандар Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізіміне енбей қалды. Парадокс туындайды. Әлем күрделенген сайын, кадр саясаты сақтыққа ойысып, билік коридорларын сұрқайлық жаулап барады. Мұндай сұрқайлық бостандықты тұншықтырып қана қоймай, бизнесті де құртады.
Түйінді ойды қайталаймын! Дағдарысты қолайлы адамдар емес, ең мықтылар жеңетіні түсінікті. Ішкі рухы мықты, жағымпаздық пен жасқаншақтықтан азат адамдар жеңеді. Мынадай танымал анекдот еске түседі: «Жағымпаздарды жинап алып, ақылдылардан талап еткендей талап етеді».
Кез келген елдің тарихы бір заңдылықты көрсетеді: үлкен сындар үлкен тұлғаларды талап етеді. Олар қателеспейтін болғандықтан емес, өз креслосынан әріні көре алатын болғандықтан керек. Ал олар әрдайым баяғы «тұрақтылыққа» жабысып, соңында сасық тоқырауды тудыратын Жүйеге ұнай бермейді.
Мемлекет үшін ең қауіпті тапшылық – бюджет тапшылығы немесе инвестиция тапшылығы емес. Ең қауіпті тапшылық – ел масштабында ойлай алатын адамдардың тапшылығы.
Сондықтан да бүгінгі таңда кадр мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр. Бұл тек болашақ парламенттің емес, қазіргі үкіметтің, әкімдіктердің және әртүрлі ұйымдардың, соның ішінде квазимемлекеттік сектордың да құрамына қатысты.
Ақылды адамдардың бөгде елдерге үдере көшуін бақылай отырып, «мұндай жағдай қашанға дейін жалғасады?» дегің келеді. Оларды елден ығыстырып, кейін Google-де немесе басқа әлемдік компанияда жүрген кезекті қазақпен мақтануды қашан қоямыз?
Ақылды Қазақстанды құруды қашан бастаймыз?

Қатысты Мақалалар