3000 қатысушының арасынан озып шыққан мектеп директоры

/uploads/thumbnail/20260830214709632_big.webp автор

Алматыда VI республикалық «100 ӨЛЕҢ» көркемсөз оқу байқауының қорытындысы шығарылды. Биыл еліміздің әр өңірінен 3000-нан астам адам қатысқан байқауда 35 қатысушы финалға жолдама алды.

Солардың арасынан үздік шыққан Астана қаласындағы №107 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Айгүл Базарбайқызы бас жүлдеге ие болды. Жеңімпазға автокөлік табысталды.

Айгүл Базарбайқызы байқаудың негізгі талабын орындау үшін 100 күн ішінде қазақ ақындарының 100 өлеңін жаттап, финалдық кезеңде шығармаларды көркемсөз шеберлігімен орындады. Ол — педагог-шебер, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері.

Байқаудың биылғы ерекшелігі — финалға түрлі мамандық иелерінің шығуы. Олардың қатарында физик, математик, географ, металлург, ақын, филолог, айтыскер, мұғалімдер, студенттер мен мектеп оқушылары болды.

Ал бас жүлде иегеріне қатысты тағы бір қызықты жайт бар. Айгүл Базарбайқызының жүргізуші куәлігі жоқ. Яғни, 100 өлеңді жаттап, бас жүлде ретінде автокөлік ұтып алғанымен, әзірге көлікті өзі жүргізе алмайды.

Байқауда II орынды 10 жасар Сейтқазы Раяна Нұржанқызы иеленді. Ал III орын Астана қаласының өкілдері Тілеужан Ерғанатұлы мен Айдос Бектұрсынға бұйырды.

Алтыншы рет ұйымдастырылған «100 ӨЛЕҢ» байқауы қазақ поэзиясын дәріптеп, ұлттық сөз өнеріне деген қызығушылықты арттыруды мақсат етеді. Жоба жыл сайын өлеңді жатқа оқу дәстүрін жаңғыртып, әдебиетке әртүрлі жастағы және түрлі мамандықтағы адамдарды тартып келеді.

Қатысты Мақалалар