ТАЛҒАТ ТЕМЕНОВТІҢ «МАХАББАТ БЕКЕТІ» КІТАБЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

/uploads/thumbnail/20261009170051320_big.webp Ұлттық кітапхана

Атамұра баспасынан Қазақстанның халық әртісі, белгілі театр және кино режиссері, жазушы Талғат Теменовтің «Махаббат бекеті» атты жаңа кітабы жарық көрді. Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында өткен тұсаукесер рәсіміне зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер мен мәдениет қайраткерлері қатысты.

Әдеби басқосуды қоғам қайраткері, «Атамұра» корпорациясы» ЖШС президенті Рақымғали Абрарұлы жүргізді. Жиынға Қансейіт Әбдезұлы, жазушы Смағұл Елубаев, қаламгер Кәдірбек Сегізбайұлы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ақын әрі қоғам қайраткері Қазыбек Иса және басқа да танымал тұлғалар қатысып, автордың шығармашылық жолы мен жаңа жинағы жөнінде пікір білдірді.

Кездесуде кино, әдебиет және мәдениет төңірегінде әңгіме өрбіп, Талғат Теменовтің өнердегі өзіндік қолтаңбасы сөз болды. Театр мен кино саласында көрерменнің ықыласына бөленген режиссердің әдеби шығармашылығы да оқырманға ой салып, адам жанының терең қатпарларын тануға мүмкіндік береді.

«Махаббат бекеті» жинағына «Гүлназ», «Көктем шықса, көкек келер» повестері және «Либерти», «Папасының қызы», «Көке бала» атты әңгімелері енген. Автор туындыларында адам тағдыры, махаббат пен сағыныш, сезім тазалығы және өмірдің сан түрлі сынағы көркем бейнеленеді.

Талғат Теменовтің шығармашылығына тән ерекшелік – адам болмысын, оның ішкі қайшылығы мен сезім әлемін нанымды суреттеу. Кино арқылы көрерменге жол тапқан махаббат тақырыбы жаңа жинақта көркем сөзбен өріліп, оқырманға басқа қырынан ұсынылып отыр.

Кітаптың тұсаукесері барысында қаламгердің шығармашылығына жоғары баға беріліп, жаңа туындының оқырманға берері мол екені атап өтілді. «Махаббат бекеті» оқырманды жүрек қалауы, адамдық қарым-қатынас пен өмірдің мәні туралы толғандыратын шығарма ретінде әдеби ортаға жол тартты.

Жаңа кітаптың жарық көруі Талғат Теменовтің шығармашылық мұрасын кеңінен танытуға және оқырманның көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға үлес қосады деген сенім бар.

Қатысты Мақалалар