Қарағанды облысындағы инвестициялық жобалар Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін қалай арттырады?

    Әсел Болатқызы
    Қарағанды облысындағы инвестициялық жобалар Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін қалай арттырады? Фото

    Қарағанды облысы – Қазақстанның индустриялық әлеуетін айқындайтын негізгі өңірлердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге жұмыс сапары барысында өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаңғырту, инвестициялық жобаларды іске асыру және жаңа өндірістер ашу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бастамалар ел экономикасын әртараптандыруға және өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

    Саясаттанушы Жанерке Қайратқызы Президенттің индустриялық саясаттағы басымдықтары, Қарағанды облысының инвестициялық әлеуеті және «Халықтық құрылыс» жобасының өңірлік даму мен қоғамдық сенімді нығайтудағы маңызы туралы пікір білдірді. Сарапшының айтуынша, ірі өндірістерді жаңғырту мен жаңа жұмыс орындарын ашу экономикалық өсімге серпін беріп, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

    Сондай-ақ Qarmet компаниясының инвестициялық бағдарламасы, Қазақстанның өнеркәсіптік дербестігін нығайту жолдары және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де сөз болды. Жанерке Қайратқызы экономикалық өсімнің халықтың тұрмыс сапасын жақсартумен ұштасуы, инфрақұрылымның жаңаруы және мемлекет, бизнес пен қоғам арасындағы әріптестіктің маңызы жөнінде ой қозғады.

    — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Qarmet кәсіпорнын жаңғырту, жаңа өндірістер ашу және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының ірі өнеркәсіптік өңірлерді дамытуға басымдық беруі Қазақстанның индустриялық саясаты мен ұзақ мерзімді даму стратегиясында қандай рөл атқарады?

    — Жалпы тәуелсіздік жылдары бойы елдің экономикасын әртараптандыру және күрделендіру, бастысы экономиканың табиғи ресурстарға тәуелділігін азайту жайлы үздіксіз айтылып келеді. Осы орайдаПрезиденттің Қарағанды облысындағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаңғыртуға, жаңа өндірістер ашуға және инвестиция тартуға басымдық беруі экономиканықұрылымдық тұрғыдан жаңғыртудың маңызды бағытын көрсетеді.

    Қарағанды облысы – еліміздің индустриялық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Сондықтан өңірдегі өндірістік жаңғырту тек жергілікті экономиканың дамуына ықпал етіп қоймай, бүкіл елдің өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттілігін арттыруға әсер етеді.

    — ⁠Президент келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялап, «Халықтық құрылыс» жобасы елдің барлық өңірін қамтитынын жеткізді. Бұл бастаманың саяси және қоғамдық маңызы қандай? Оның өңірлер арасындағы даму теңгерімін қалыптастыруға және халықтың мемлекет саясатына деген сенімін нығайтуға ықпалы қандай болмақ?

    — «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» бастамасының маңызы тек құрылыс саласын дамытып, көлемін арттырумен шектелмейтіні белгілі. Өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық айырмашылықтар, экономикалық және әлеуметтік демографилықтеңгерімсіздіктер өңірлік дамудағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бастаманың саяси маңызы да осы мәселелерді шешуде. Сондықтан бұл бастаманы өңірлік саясатты нақты нәтижеге бағдарлаудың жолы ретінде қарастыруға болады. Мемлекетке деген сенімге келетін болсақ, мемлекеттік саясаттың нәтижесін азаматтар ең алдымен өздері тұратын елді мекендегі нақты өзгерістер арқылы бағалайды. Әлбетте жөнделген жол, жаңартылған мектеп немесе қолжетімді медициналық қызмет мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін және қоғамға берген құндылығын көрсетеді.Алайда халықтың сенімін нығайту үшін бұл бастама аясында жүзеге асырылатын жобалардың мерзімінде аяқталуы, құрылыс сапасы, бюджет қаражатының ашық жұмсалуы және тұрғындардың қажеттіліктерінің ескерілуі өте маңызды болмақ.

    — ⁠Қарағанды облысының 2032 жылға дейінгі инвестициялық портфелі 7 триллион теңгені құрайтын 186 жобадан тұрады. Оларды іске асыру нәтижесінде 36 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бұл көрсеткіштер Мемлекет басшысының өңірлік даму мен инвестициялық саясатқа басымдық беріп отырғанын көрсетеді. Аталған бастамалардың елдің экономикалық және саяси тұрақтылығын нығайтудағы маңызы қандай?

    — Қарағанды облысында 2032 жылға дейін 7 триллион теңгеге бағаланған 186 инвестициялық жобаны іске асыру және 36 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспары өңірдің ұзақ мерзімді экономикалық әлеуетін арттыратыны сөзсіз. Жоспарланған жобалардың жүзеге асуы инвестиция көлемінің ұлғаюына, өндіріс саласының дамуына, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және бюджет кірістерінің өсуіне оң ықпал етеді.

    Ең бастысы, инвестициялық жобалар жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы экономикалық белсенділікті арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар инвестициялардың жергілікті экономикаға қосатын үлесі өндірістік әлеуеттің артуынан, кәсіпкерлік ортаның дамуы мен жаңа экономикалық мүмкіндіктердің қалыптасуынан көрініс табады.

    Сондықтан инвестициялық саясаттың нәтижесін тартылған қаржы көлемімен қатар, оның нақты экономикалық мүмкіндіктерге айналып, халықтың тұрмыс сапасына оң әсер етуі тұрғысынан бағалау маңызды. Бұл ретте Қарағанды облысындағы инвестициялық бастамалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, елдің экономикалық және саяси тұрақтылығын нығайтуға елеулі үлес қосады деп есептеймін.

    — ⁠Qarmet компаниясының инвестициялық бағдарламасы 3,5 миллиард долларды құрайды. Ал кәсіпорын 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіруді көздеп отыр. Бұл жобалар Қазақстанның өнеркәсіптік дербестігін нығайтуға және халықаралық аренадағы экономикалық позициясын күшейтуге қандай мүмкіндік береді? Мемлекет басшысының отандық өндірісті дамытуға бағытталған саясатының стратегиялық мәні неде?

    — Qarmet компаниясының инвестициялық бағдарламасын Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін жаңғыртуға бағытталған ірі бастамалардың бірі ретінде қарастыруға болады. Стратегиялық тұрғыдан алғанда, Қазақстан үшін түрлі өнеркәсіп салаларында сұранысқа ие, қосылған құны жоғары әрі технологиялық тұрғыдан күрделі металл өнімдерінің өндірісін кеңейту аса маңызды.

    Қазіргі таңда Qarmet компаниясының өнімдері негізінен құрылыс саласының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы орайда жоспарланған ауқымды «Халықтық құрылыс» жобасын ескерсек, компания өнімдеріне деген сұраныс арта түспек. Бұл өз кезегінде отандық металлургия өндірісін дамытуға және ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    Сондықтан Qarmet компаниясының инвестициялық жобалары сәтті іске асқан жағдайда, Қазақстанның өнеркәсіптік дербестігін нығайтып, ішкі экономикалық тұрақтылық пен өсімге оң ықпал етеді. Сонымен қатар отандық өндірістің дамуы еліміздің халықаралық аренадағы экономикалық позициясын күшейтуге жол ашады.

    — ⁠Qarmet компаниясы Теміртауда 30 шақырым трамвай жолын қалпына келтіріп, 8 жаңа вагон сатып алды. Президент бұл бастаманы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің үлгісі ретінде атап өтті. Ірі кәсіпорындардың өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға қатысуы мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуда қандай рөл атқарады?

    — Кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігі әлемдік тәжірибеде кеңінен қалыптасқан және бизнестің қоғам алдындағы міндеттемелерін жүзеге асырудың маңызды тетіктерінің бірі саналады. Қазақстанда да бұл бағыт біртіндеп дамып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ынталандыратын институционалдық тетіктер қалыптасқан. Соның бірі – 2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқан республикалық «Парыз» конкурсы.

    Кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілік аясында жүзеге асыратын жобаларының ауқымы мен мазмұны әртүрлі болғанымен, олардың барлығы қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, әсіресе Qarmet сияқты ірі кәсіпорындардың өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға қосатын үлесі мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы байланысты нығайтудың маңызды құралы бола алады.

    Бұл ретте мемлекеттің, әсіресе жергілікті атқарушы органдардың рөлі ерекше. Мемлекет экономикалық үдерістерді реттеумен қатар, экономикалық өсім нәтижелерінің қоғамның кең ауқымды қажеттіліктеріне қызмет етуіне жағдай жасауы тиіс. Осы орайда жергілікті басқару органдары бизнестің әлеуметтік бастамаларын өңірдің нақты қажеттіліктерімен ұштастырып, олардың жүйелі әрі нәтижелі жүзеге асырылуына ықпал ете алады.

    Кәсіпорындарды әлеуметтік жобаларға қатысуға ынталандыру, өзара тиімді әріптестік тетіктерін қалыптастыру және заңнамада көзделген әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қадағалау жергілікті басқарудың тиімділігін көрсететін маңызды өлшемдердің бірі.

    Біз көбінесе апаттық немесе төтенше жағдайлар кезінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін халыққа көрсетілген көмек арқылы байқаймыз. Мұндай қолдаудың қоғам үшін маңызы зор. Сонымен қатар әлеуметтік жауапкершіліктің әлеуеті өңірдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған бастамаларды қамтиды. Осы әлеуетті толық іске асыру үшін бизнес жекелеген қайырымдылық шараларымен қатар, жүйелі әлеуметтік инвестицияларға басымдық беруі маңызды.

    Бұл ретте мемлекет қоғамдық мүдделерді қорғаушы, бизнес пен қоғам арасындағы ынтымақтастықты үйлестіруші және әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуші негізгі институт ретінде маңызды рөл атқарады.

     

    Қатысты тегтер :

    Қатысты Мақалалар