Алматы облысында отбасылық дәстүрді дәріптеп, балаларын өзара құрмет пен қолдау негізінде тәрбиелеп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап келе жатқан жанұяларға құрмет көрсетілді. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде өңірдің таңдаулы 12 отбасы көпшілікке таныстырылды.
Биыл байқауға облыстың барлық аудандары мен қалаларынан 146 отбасы өтініш берген. Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік деп танылған 12 жанұя салтанатты шараға шақырылды. Олардың тоғызы ынталандыру сыйлықтарымен қатар, 150 мың теңгеден ақшалай жүлдеге ие болды.
Марапатталғандар қатарында Ермакашевтер, Туютовтар, Пирмухамедовтер, Ахметовтер, Бекмұхановтар, Жүнісовтер, Қуандыковтар, Сәтбек және Қуандық отбасылары бар.

Ал жүлделі орындар былайша бөлінді. Бірінші орын Кеген ауданынан келген Бақашовтар әулетіне бұйырып, 1 миллион теңгенің ақшалай сыйлығы табысталды. Екінші орынды Жамбыл ауданынан шыққан Асқаровтар отбасы иеленіп, 500 мың теңгеге ие болды. Үшінші орын Іле ауданынан келген Тінібаевтар жанұясына беріліп, 300 мың теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушылардың балаларына ойыншықтар сыйға тартылды.
Жеңімпаздарды құттықтаған Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев отбасылық құндылықтардың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
– Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген тағылымды сөз бар. Бұл байқау жанұялардың берекесі мен бірлігін ғана емес, қоғамның рухани-адамгершілік негіздерінің нығая түскенін де көрсетеді. Мемлекет басшысы «Бақытты әрі берік отбасы – бақуатты қоғам мен мемлекеттің мызғымас тірегі» деп атап өткен болатын. Адамға ең жақын жандардың өнегесі арқылы патриотизм, жауапкершілік, құрмет, еңбекқорлық пен жасампаздыққа ұмтылу секілді қасиеттер бала бойына ең алдымен отбасында сіңеді, – деді Ғани Майлыбаев.
Ол байқауға атсалысқан барша жанұяларға ризашылығын білдіріп, олардың бала тәрбиесіне, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге және отбасы құндылықтарын нығайтуға қосып жүрген үлесін атап өтті. Облыс әкімінің орынбасарының айтуынша, өңірде көпшілікке сыйлы, кейінгі буынға өнеге боларлық отбасылар аз емес.

Көпшіліктің есінде ерекше қалған сәттердің бірі – бірінші орын иеленген Бақашовтар отбасының әжесінің сахнадағы сөзі болды.
– Біз Хан Тәңіріндей асқақ шыңы бар, Шарын шатқалы жайқалып жатқан көрікті өлкеден келдік. Яғни, қасиетті Кеген жерінен ат терлетіп жеттік, – деді ол.
Әже ұйымдастырушыларға алғысын айтып, туған жері Кеген ауданы туралы жылы лебізін білдірді. Көпшілікке өз шығармасынан өлең оқып, ерекше әсер қалдырды.
Кеш соңында мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. Салтанатты шара отбасы берекесін сақтап, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, үлкенге құрмет көрсетіп жүрген жанұяларға алғыс білдіріп, олардың қоғамдағы орны мен өнегесін тағы бір мәрте айшықтады.
