Жаңаөзенде адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін символдық ескерткіш ашылды

/uploads/thumbnail/20261108113922237_big.webp Фото

5 қараша 2026 жыл. Жаңаөзен қаласы. «Болашақ» сарайының алды.

Жаңаөзен қаласында адамгершілік, жауапкершілік пен жанашырлық идеяларын ұлықтайтын ерекше рухани шара өтті. Қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ақын, философ Мұратхан Шоқанның «Жаратылыснама» кітабындағы «Кемелденудің жеті шеңбері» философиялық тұжырымдамасына арналған екінші символдық ескерткіштің салтанатты ашылуы болды.

Бұған дейін Алматыда бастау алған жоба енді Маңғыстау жерінде жалғасын тапты. Бұл бастама – адам болмысының кемелденуі мен қамқорлық ауқымының кеңеюін насихаттауға бағытталған рухани-танымдық жобаның маңызды кезеңі.

Ашылу салтанатында Жаңаөзен қаласының әкімі Сымбат Қуанышұлы Төретаев сөз сөйлеп, бастаманың қоғамдық және рухани маңызына тоқталды. Шараның ұйымдастырылуына Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Саламадинқызы Жүгембаева мен Мұнайшы мәдениет үйінің директоры Өркен Нұратдинұлы Туебаев үлес қосты.

Салтанатты жиынға еліміздің және шетелдердің қоғам, мәдениет қайраткерлері де үн қосып, құттықтау лебіздерін білдірді. Атап айтқанда, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Құрылтай депутаттары Жарқынбек Амантайұлы мен Дидарбек Ділдәбек, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев және шетелдік қаламгерлер өз құттықтауларында бастаманың маңызын атап өтті.

Сондай-ақ Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері Мыңбай Сақи Еңсепұлы ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді.

Қамқорлықтың жеті сатысы

«Кемелденудің жеті шеңбері» ұғымының астарында адам өміріне қатысты терең философиялық пайым жатыр. Тұжырымдама адамның жауапкершілігі мен жанашырлығы біртіндеп кеңейіп, жеке болмыстан тұтас жаратылысқа дейін ұласатынын көрсетеді.

Алғашқы шеңбер – отбасы. Одан кейін адамның қамқорлығы жақын ортасын, қоғамды, ұлтты, адамзатты және бүкіл жаратылысты қамтиды. Бұл – адамның рухани өсуімен бірге оның өзгелер алдындағы жауапкершілігі де арта түсетінін білдіретін идея.

Басқаша айтқанда, кемелдену – тек жеке жетістікке жету емес. Ол өзгенің тағдырына бейжай қарамау, қоғам игілігіне үлес қосу, ұлттық құндылықтарды құрметтеу, адамзатқа және табиғатқа жанашырлық таныту арқылы көрініс табады.

Осы тұрғыдан алғанда, «Болашақ» сарайының алдында орнатылған символдық ескерткіш жай ғана сәулеттік нысан емес. Ол – адамды өз болмысына үңілуге, өмірдегі орнын бағамдауға және айналасына қаншалықты пайдасын тигізіп жүргенін ой елегінен өткізуге шақыратын философиялық белгі.

Кемелдік – жанашырлықтан басталады

Жаңаөзендегі ескерткіштің басты ерекшелігі – оның материалдық нысаннан гөрі идеялық мазмұнына басымдық берілуінде. Жеті шеңбер арқылы ұсынылған тұжырымдама өскелең ұрпаққа ізгілік, бірлік, жауапкершілік және табиғатқа құрмет секілді құндылықтарды түсіндіруге бағытталған.

5 қарашада өткен ашылу рәсімі де осы мұраттарды көпшілікке таныстырып, қала өміріндегі маңызды мәдени-рухани оқиғаға айналды.

Алматыдан басталған бастаманың Жаңаөзенде жалғасуы философиялық идеяның кеңінен таралуына жол ашты. Оның түпкі мақсаты – адамды тек өз мүддесімен шектелмей, отбасы, қоғам, ұлт және бүкіл жаратылыс алдындағы жауапкершілігін сезінуге жетелеу.

Өйткені кемелдікке бастайтын жол адамның өзінен, жүрегіндегі мейірім мен өзгеге деген жанашырлықтан басталады.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар