Қазақстан экономикасының білім мен инновацияларға бет бұруы цифрлық ортаның маңыздылығын арттыра түсуде. 2025 жылдың соңындағы деректер бойынша, елдегі интернетпен қамтылу деңгейі 93,4%-ға жетсе, әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланушылардың үлесі халық санының 80,8%-ын құрады. Азия даму банкінің (АДБ) деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы шағын және орта кәсіпорындар (МШОК) секторы тұрақты түрде өсіп келеді. Елдегі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жалпы саны 2 175 605-ке жетіп, МШОК жұмыс күшінің 46,3%-ын қамтып отыр және елдің ЖІӨ-нің 39,5%-ға жуық үлесін қамтамасыз етеді. Осындай қарқынды цифрлық трансформация жағдайында 2026 жылғы 28 қазанда Алматы қаласында өтіп өткен «TikTok Impact Forum» жиыны елдегі кәсіпкерлікті дамытудағы жаңа белесті айқындап берді. Іс-шара барысында TikTok компаниясы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» бірлесіп жүргізген ауқымды зерттеудің жаңартылған нәтижелері таныстырылды. Зерттеу жұмысы цифрлық платформалардың, әсіресе қысқа бейне-контенттің шағын және орта бизнестің дамуына, өнімдерді ілгерілетуге, сатылымды өсіруге және жаңа нарықтарға шығуға тигізетін экономикалық ықпалын толықтай ашып көрсетті.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, TikTok қазақстандық бизнесті ілгерілетуде жай ғана ойын-сауық желісі емес, толыққанды маркетингтік және коммерциялық құралға айналды. Платформада ілгерілетуге бюджет бөлетін компаниялардың үлесі 2025 жылғы 62,3%-дан 2026 жылы 75,7%-ға дейін өсті. Сондай-ақ платформадағы маркетингтік белсенділік пен кәсіпорындардың түсімі арасындағы оң байланысты айқындайтын корреляция коэффициенті 0,419-дан 0,545-ке дейін артқан. Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 70%-дан астамы платформаны бизнес мақсатында айына кемінде бір рет жүйелі түрде пайдаланатынын айтты. Жалпы алғанда, TikTok-тың қазақстандық МШОК түсіміне тигізетін тікелей және жанама экономикалық әсері елдің ЖІӨ-нің 0,8–1,6%-ы аралығында бағаланып отыр. «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев атап өткендей, арнайы цифрлық платформалар тауардың қалай жасалатынын көрсетуге, ұжымды таныстыруға және жаңа клиенттер табуға зор мүмкіндік береді.
Отандық брендтердің іс-жүзіндегі тәжірибесі бұл тұжырымдарды толықтай растайды. Мәселен, форумда «Kulpunay bakery» кондитерлік өндірісінің өкілдері TikTok арқылы бизнесті дамытудың қыр-сырымен бөлісті. Олар өнімдерді ASMR форматында көрсету және өндірістің ішкі тыныс-тіршілігін, за кадрдағы еңбек пен дайындау процестерін бейнелейтін өндірістік кадрларды шығару жоғары қаралым жинайтынын атап өтті. Сахна артындағы тынымсыз жұмысты ашық көрсету брендтің танымалдылығын арттырып, өнім сатылымын өсіріп қана қоймай, HR-бренд ретінде жұмысқа тұрғысы келетін мамандардың ағынын көбейткен.

Осылайша, бір ғана платформа бір мезгілде бірнеше бизнес-мақсатты жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.
Бұдан бөлек, форумда өзге де сәтті кейстер ұсынылды. Шымкенттік «Al-AN Duken» киім бренді TikTok-тағы белсенділігі мен тікелей эфирлерінің арқасында бір жылда 15 мың жазылушы жинап, сатылымын 20%-ға арттырса, «Lesnoe VKO» табиғи бал өндірушісі платформадағы органикалық контент арқылы шетелдік сатып алушылар тауып, экспорттық әлеуетін кеңейтті. Осындай жетістіктерге жетуде кәсіпкердің ішкі батылдығы мен тәуекелге бел байлауы да маңызды роль атқарады. «Doner Na Satpayeva» танымал фастфуд жобасының негізін қалаушы – Еламан Беделбаев атап өткендей, «Сәтсіздіктен қорыққан адам ешқашан үлкен нәтижеге жетпейді, ал өз-өзіне сенімділік білдіріп, тәуекел еткендер ғана бизнесте өз тарихын жаза алады».

Алматыда өткен «TikTok Impact Forum» жиыны цифрлық платформалардың отандық кәсіпкерлік пен ел экономикасын өркендетудегі стратегиялық маңызын айшықтап берді. Зерттеу нәтижелері мен сарапшылардың пікірінше, бүгінгі күні тек цифрлық инфрақұрылымға қол жеткізу жеткіліксіз, сонымен бірге кәсіпкерлердің сапалы контент әзірлеу, аудиториямен кері байланыс орнату және заманауи маркетингтік стратегияларды меңгеру дағдыларын дамыту аса маңызды. Платформа ұсынатын мүмкіндіктерді тиімді әрі батыл пайдалана білген шағын және орта бизнес өкілдері бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өз брендін жаңа сапалық деңгейге көтере алады. Осылайша, цифрлық технологиялар мен кәсіпкерлік батылдықтың тоғысуы Қазақстанның одан әрі тұрақты экономикалық дамуының басты қозғаушы күшіне айналып отыр.
