Марқұм Мақсат Тәж-Мұрат Әнесұлына арнап ас беріледі

/uploads/thumbnail/20261024105927533_big.webp Автор

Бүгін, 24 қазан күні Мақсат Тәж-Мұрат Әнесұлына арнап жылдық ас беріледі. 

Биыл белгілі жазушы, эссеист, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ұлағатты ұстаз Мақсат Тәж-Мұрат Әнесұлының өмірден өткеніне бір жыл толып отыр. 

Мақсат Әнесұлы бар ғұмырын қазақ сөзінің қадірін арттыруға, ұлт тарихын зерттеуге, Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерделеуге арнады. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық етіп, талай жастың ғылым мен журналистикаға бет бұруына жол ашты. Білімі мен тәжірибесін шәкірттеріне үйретіп, артында өнегелі із қалдырды.

Мақсат Тәж-Мұрат Әнесұлы 1959 жылдың қараша айында Атырау облысы Жылой ауданында дүниеге келген. ҚазМУ-дың журналистика факультетін тәмамдап, еңбек жолын журналистика мен ғылымға арнады. Әр жылдары «Ана тілі» ұлт апталығының бас редакторы, республикалық басылымдарда жауапты қызметкер және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті болып еңбек етті.

Ол қазақ тарихы мен әдебиетін зерттеуге елеулі үлес қосты. «Шәңгерей: жасампаздық өмірі», «Батыс Алашорда: библиографиялық сөздік тәжірибесі», «Мәншүктің мәлімсіз майданы» атты еңбектері мен жүзден астам ғылыми және публицистикалық мақаласы – қаламгердің мол мұрасының бір бөлігі.

Мақсат Әнесұлының ұлт тарихына деген адалдығы, ғылымға сіңірген еңбегі мен ұстаздық өнегесі оны білетін жандардың жадында сақталады. Оның шығармалары мен шәкірттеріне қалдырған рухани мұрасы кейінгі ұрпақ үшін де құнды болмақ.

Жылдық асына шақыру

Асыл әке, ардақты жар, қамқор бауыр, адал дос болған Тәж-Мұрат Мақсат Әнесұлының рухына Құран бағыштап, дұға жасау мақсатында марқұмның жылдық асына шақырамыз.

 Уақыты: 24 қазан 2026 жыл, сағат 13:00  
 
Мекенжайы: Алматы қаласы, Гоголь көшесі, 40, «Жұлдыз» мейрамханасы 

Ас берушілер: марқұмның отбасы, бауырлары мен жақындары.

Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын! Алла алдынан жарылқап, жатқан жерін жайлы етсін.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар