Болат ШАРАХЫМБАЙ, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: ҰСТАЛҒАН ҚЫЗДЫ ҚҰТҚАРМАҚ БОЛҒАНЫМДА ҚОЛҒА ТҮСТІМ

/uploads/thumbnail/20261109111512567_big.webp фото: Автор

Биыл қазақ халқының азаттық жолындағы күрес тарихында айрықша орын алатын Желтоқсан көтерілісіне – 40 жыл, ал Қазақстан тәуелсіздігіне 35 жыл толып отыр. Тәуелсіздікке жол ашқан тарихи оқиғаның тағылымы мен ақиқатын ұрпақ жадында сақтау – бүгінгі буынның азаматтық парызы. Кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы бас көтеріп, ұлт намысы мен бостандығы үшін күрескен Желтоқсан жастарының ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Осы тарихи оқиғаның куәгері әрі қаһармандарының бірі, белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті жазушысы Болат Шарахымбаймен болған сұхбатта Желтоқсан көтерілісінің шындығы, сол бір тағдырлы күндердің оқиғалары, азаттық жолындағы күрес және тәуелсіздіктің тарихи маңызы сөз болады.

 – Болат аға, еліміздің саяси-қоғамдық өміріне өшпестей із қалдырған Желтоқсан көтерілісіне 40 жыл өтсе де, жаңғырығы әлі күнге дейін басылмай келеді. Бұл неліктен деп ойлайсыз?

– Өйткені онда әділетсіздік орын алды. Ал әділетсіздікті халық кешірмейді және ұмытпайды. Бұл – дүниенің жаратылысы. Жалпы менің азаматтық көзқарасымның қалыптасуына Желтоқсан көтерілісі қатты әсер етті. Сол кезде көп нәрсені өз көзіммен көрдім, көп нәрсені үйрендім, ой түйдім. Өз көзіңмен көріп, өз басыңнан өткізгенді ұмыту мүмкін емес екен.

Бірінші айтарым, біз алаңға атақ пен даңқ қуып шыққан жоқпыз. Ол кезде мен жиырма алты жастағы тепсе темір үзетін шағымда едім. Қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студентімін. Алаңға кездейсоқ тап болдым десе де болады. 16-сы күні таңертең әдеттегідей сабаққа бардым. Оқу ғимаратына кіреберісте Барлыбек пен Талғатты жолықтырдым. Олар менің ескі достарым. Сол жерде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы өтіп, зейнеткерлікке шығуына байланысты Қонаевтың бірінші хатшылық қызметінен босатылғанын естідік. Орнына бұрын-соңды атын да, затын да естімеген Колбин деген адам сайланыпты. Ресейдегі Ульяновск облысын басқарған дей ме... Осы жайсыз хабарды естігенде, ішімде бірдеңе төңкеріліп түскендей болды. Бірақ студенттердің пленум шешіміне қарсы шығып, демонстрацияға шығатыны ойыма мүлде кіріп-шыққан жоқ.

Үш дос өткен-кеткенді еске алайық деп Орталық саябаққа тарттық. Сол жердегі бір мейрамханаға жайғасып, мәзірден тапсырыс бердік. Даяшы қыздар жақсы қарсы алды. Алайда бұл ұзаққа созылмады. Аяқ астынан бізге қызмет көрсетуден бас тартты. Түкке түсінбеген біз такси ұстап, қалаға шықтық. Сөйтіп, ойда жоқта ширыққан алаңның үстінен түстік.

Осы жерде айтылуға тиісті бір әңгіме бар: көтерілістің басталуында социалистік қоғамға саяси тұрғыдан ешбір қарсылық болған жоқ. Алайда бейбіт басталған шеру көтеріліске ұласып, шарықтау шегінде бір ғана коммунистік партияның нұсқауымен жүретін билік пен «қайта құру» идеясына қаруланған жастар арасындағы ымырасыз қарсылық оның саяси сипат алуына алып келді. Ақырында Алматыда орын алған бұл оқиға КСРО-да кейіннен болған ұлттық қозғалыстардың басты қозғаушы күшіне айналғаны бүгінде ешкімге құпия емес. Ақыры әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған алып империяның күл-талқан болып құлауына әкелді.

Кейбір тарихшылар Желтоқсан жастарын әлдекімнің арбауына түсіп, адасқандар қатарына жатқызғысы келеді. Бұл дұрыс емес. Желтоқсаншылар, яғни біздің буынның жастары ешбір себеп-салдарсыз бірінің артынан бірі еріп кете беретін ойсыз, білімсіз, әлжуаз адамдар емес еді. Мысалы, алаңға бірге барған Барлыбек жоғары білімді педагог болатын, мектеп директоры қызметін атқарған. Талғат университетте сабақ беретін. Яғни, өз пікірі бар, көзқарасы қалыптасқан, рухани жағынан жетілген, терең білімді тұлғалар болды. Олардың асқақ армандары, мақсат-мүдделері, ұлтына деген өзіндік ұстанымдары болғаны анық. Сондықтан алаңға өз құқықтарын талап етіп шыққандардың бәрі әлдекімдер айтып жүргендей біреудің арбауына түсіп қалғандар емес еді. Бұлай жаңсақ ойға жол берілмеуге тиіс. Жаңсақ ой – жаңсақ тұжырым жасауға негіз болады.

– Қазіргі кезде Желтоқсан көтерілісі туралы деректер де, дәйектер де молынан кездеседі. Ізденген адам көтеріліске қатысты құпияларды да оңай табады. Дегенмен, сіздіңше, Желтоқсан құбылысының тууына не себеп болды? Ең басты себебін айтып бере аласыз ба?

– Кейбір тарихшылар Д. Қонаевты бірінші басшылық қызметтен алып тастау халықтың намысына тиді, жастар көшеге сол үшін шықты дейді. Бір жағынан алып қарағанда, бұл дұрыс. Қонаевқа жасалған құрметсіздік елдің ашуына тиді, онсыз да Орталықтан қағажу көріп отырған қазақтың қабырғасын одан сайын қайыстырды. Қазақты менсінбеу, масқаралау деп түсінді. Бірақ ақсақал басшыны қызметінен шеттету – көтеріліске түрткі ғана болды. Шын мәнінде, оның түпкі себебі тереңде, арыда – үш жүз жылдық бодандық тарихта жатыр.

Жасыратыны жоқ, қазақ халқы Ресей империясынан көп қиянат көрді. Бұл көтеріліс қоғамның даму барысында қалыптасып, пісіп-жетілді. Оның пісіп-жетілуі жүйенің дүмбілездігімен, империялық көзқараспен, казармалық-тоталитарлық басқару жүйесімен тікелей байланысты. Мәскеудің нұсқауымен әрекет жасауға үйренген жергілікті партия басшыларының жымысқы, өзімбілермендік іс-әрекеті де Желтоқсанның тууына себеп болғаны анық.

Яғни қазақ халқының өз тағдырын өзі шешуіне мүмкіндік бермеген Орталық биліктің астамшыл пиғылы қазақ жастарының наразылығын өршітіп, алаңға жетелеп апарды. Оның арғы жағында көп жылғы ішкі қыжыл, ыза мен кек, бостандық пен теңдікке деген ұмтылыс бар. Қазақстанда атқарылған, істеліп жатқан игіліктер мен қол жеткізген жетістіктер есепке алынбады. Керісінше, қит етсе қазақ жастарын кінәлау, төмендету, қорқытып-үркіту үрдістері тым белсенді болды. Іріп-шіріп, құлауға таяған тоталитарлық машина қазақ халқына аттың үстінде отырып бұйрық беруге болмайтынын түсінбеді. Ш. Айтматовша айтсақ, «қазақты өз үйінде бұрышқа тұрғызып қойып, қысым көрсетуге болмайтынын» қаперге алмады.

Ақырында не болды? Өз қателігінің қанында тұншықты. Оны уақыты келгенде қанмен жазылған тарих өзі дәлелдеп берді. Керек десеңіз, науқаншыл қызыл билік иелері өзгеріске түсіп, жаңарып келе жатқан қоғамнан сырт қалып, тарих көшінен кейін қалғандарын сезбей де қалды.

– 16 желтоқсан күні таңертең өткен әйгілі пленумнан кейін айналдырған бірнеше сағаттың ішінде Брежнев алаңына бірнеше жүздеген студенттер мен жұмысшы жастардың басын қосу қалай мүмкін болды? Әркім өз бетінше әрекет етті, ұйымдастырушысы болған жоқ деген аңызға өзіңіз сенесіз бе?

– Иә, таңғалатын-ақ жағдай. Осыған дейін біз көтерілістің ұйымдастырушысы болған жоқ, бәрі өзінен-өзі болды, жастар алаңға өз бетінше жиналды деп келдік. Бірақ аз уақыттың ішінде осыншама көп жастың бір жерге жиналуы таңданыс тудырған болатын. Бұл қалай мүмкін болды дескендер де болды. Расында, ұйымдастырушысы болмаса, бірнеше мың адамның бір мезгілде бір жерге жинала салуы мүмкін емес қой. Оның үстіне Орталық Комитеттің шешімдерімен келіспеген мұндай ауқымдағы демонстрация қазақ топырағында бұрын-соңды болмаған.

Шындық бәрібір қыл түбінде жатпайды екен. Бұлай деп отырған себебім, соңғы ізденістер Желтоқсан көтерілісінің алдын ала дайындалғанын дәлелдеп жатыр. 16 желтоқсанға қараған түні студенттер мен жұмысшы жастар тұратын жатақханаларды аралап, үгіттеп, көшеге алып шыққандардың негізінен ересек адамдар болғанын соған куә болғандар айтады. Оның ішінде «қара Волга», «көк Москвич» туралы аңыздар да бар. Алаңда текетірескен екі жақты арандату мақсатында сол жерге спирттік ішімдіктер тасығандар да солар болуы мүмкін деседі.

Ең сорақысы – олар жастарды арандатты да, өздері бұғып қалды. Мәселе онда да емес. Желтоқсанда жастар қан-жоса болып жеңіліске ұшырады. Серейіп алаңда қалғаны алаңда қалды, сотталатыны сотталды, басқа да түрлі жазаға тартылды. Бірақ ұйымдастырушылардың қылшығы да қисайған жоқ. Кейін бәрібір өз мақсаттарына жетті, қанқасапты ұйымдастырушылар таққа отырды. Бұл не деген сөз? Яғни Желтоқсан көтерілісі билік биігіне шыққандардың саяси интригасы, тақ таласы үшін құрбандыққа шалу ғана болды десек, ақиқаттан алыс кетпейміз.

   

– Сіз әділетсіздік орын алған үш күннің бәрінде де алаңда болып, көп нәрсені өз көзіңізбен көрдіңіз. Енді сол бір ызғарлы Желтоқсаннан күні бүгінге дейін айта алмай, іште сақтап жүрген қандай да бір сырыңыз бар ма?

– Өзіңіз айтқандай, Желтоқсан дүрбелеңі үш күнге созылды. Осы үш күннің бәрінде де көтерілістің бел ортасында жүріп, алдын ала дайындалған «Құйын» операциясының куәсі болдым. Ол күндерді есіме түсірсем, әлі күнге дейін түн ұйқым төрт бөлінеді. Өзегім өртеніп, жүрегім сыздайды.

Өзіңізге мәлім, КСРО әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып империя болды. Егер бір жерде толқу шыға қалса, оны тез арада тұншықтыра салуға сақадай сай тұрды. Желтоқсан ақиқатын зерттеген комиссияның мәліметі бойынша, Новосібір мен Челябіден ата-ана тәрбиесін, мейірімін көрмеген қаныпезерлерден жасақталған, ерекше дайындықтан өткен отрядты Алматыға төкті. Оларға ешкімді аямау туралы бұйрық берілді. Ал әлгі солдаттар үшін кісі өлтіру, зорлық-зомбылық жасау, қыз зорлау, тірідей көрге тығу немесе қала сыртындағы қоқысқа апарып тастай салу деген түкке де тұрмайтын еді. Міне, біз сондай «адамжегіштермен» бетпе-бет келдік. Қазір олардың істегендерін тізе бастасам, көзің атыздай болады. Одан да жүрек түкпірінде қалған бір сырымды айтып, жағдайды жеңілдетейін.

Бұл – 17 желтоқсан күні болған жайт. Қалаға қараңғылық түсе бастағанда, жайбарақат тұрған біздерге күтпеген жерден солдаттар лап қойды. Алаңда жан алысып, жан беріскен жанталас басталып кетті. Бастан-аяқ мұздай қаруланған солдаттар көз алдымызда жендетке айналып шыға келді. Қолдарындағы сойылдармен, резеңке шоқпарлармен, сапер күректерімен ереуілшілерді пырдай етіп сұлатып салды. Біз де қарап қалмадық. Жалаң қол болсақ та, арыстанша айқасқа түстік. Естерін жиған жастар күш біріктіріп, солдаттардың өздеріне қарсы ұмтылдық. Олар мұндайды күтпеді, сасып қалды. Шегініп кетті. Бір кезде командирдің бұйрығымен олар қайта тап берді. Енді біз шегіндік. Осылай бірнеше рет қайталанды. Бірақ солдаттарға үсті-үстіне жаңа күш қосылып, бізді ақыры тықсырып шығарды.

Мен Бәйсейітова көшесімен төмен қарай зауладым. Менің алдымда да, артымда да қашқан жастар аз болған жоқ. Абай даңғылын кесіп өтіп, Құрманғазы көшесіне жақындай бергенде, тап желкемнің тұсынан «Апа!» деп айқайлаған қыздың дауысынан кілт тоқтадым. Артыма бұрылып қарасам, отыз-қырық қадамдай жерде еңгезердей солдат бір кішкентай қызды тулақ құрлы көрмей, арыққа басып алып, ұрып жатыр екен. Көзіме қан құйылды. Несіне жасырамын, сол сәтте қызды тастап кетуге ар-намысым жібермеді. Бұрылдым да, бар пәрменіммен қызды соғып жатқан солдатқа ұмтылдым. Сасқанымнан бар даусыммен «Сволочи, убийцы!» деп айқайлай беріппін. Солдат менің даусымнан сескеніп, кейін шегінді. Оны астыма басып алып, біраз төмпештегеніммен, көмекке жеткен екінші солдат екеуі мені әбден соққының астына алды.

Сонда да алған бетімнен қайтпай, арықта екі бүктеліп жатқан қызға: «Қаш, қарындас! Қаш, қарындас!» деп айқайладым. Қыз арықтан шығып, тәлтіректеп, әйтеуір қараңғылыққа сіңіп жоқ болды. Сол кеткеннен оны көрген емеспін. Егер жол-жөнекей тағы біреулерге ұсталып қалмаса, тірі қалған шығар деп ойлаймын. Қап-қара шашы иығына түскен қыз болатын. Кейін сол қыздың бар-жоғын іздеп, баспасөз арқылы бірнеше рет сұрау салдым. Міне, 40 жыл өтті, ізім-қайым, дерегі табылмады. Бірақ әлі үмітімді үзген жоқпын.

Еркіндік пен теңдік үшін алаңға шыққан, бастарын қатерге тігіп, шыбын жандарын құрбан еткен қаракөз қарындастарым мен қайсар мінезді замандастарымның сол кездегі ерлігін мақтан тұтамын.

– Желтоқсан көтерілісі ресми тұрғыдан әлі күнге дейін өз бағасын алған жоқ. Бұл жағдай республика жұртшылығы арасында алаңдаушылық тудырып отырғаны жасырын емес. Желтоқсан құбылысына өзіңіз қандай баға берер едіңіз?

– Өз басым Желтоқсан құбылысына қатысты үш кітап жазған адаммын, өлеңдер мен поэма арнадым. Сол еңбектерімде Желтоқсанға деген көзқарасымды анық айтқанмын. Желтоқсан – бас көтеру сипаты жағынан ұлт-азаттық көтеріліс болғанымен, ұлтшылдық көрініс емес еді. Оған ұлтшылдық сипат берген – Орталық биліктің шовинистік көзқарасы. 1985 жылы Горбачев бастаған «қайта құрудың» жиырмасыншы айы жүріп жатса да, бюрократиялық абсолютизмнің, аппараттық басқарудың үстемдігі аңғарылып тұрды. Қоғамда ешбір өзгеріс байқалмады. «Демократия» тілге тиек етілгенімен, іс жүзінде елді «демагогия» жайлады. «Қайта құру» халықтың көзін байлау, құр алдарқату ғана еді. Міне, қазақ жастары осы тоталитарлық жүйеге, әкімшіл-әміршіл өзімбілермендікке қарсы бас көтерді. Отаршылдық-бюрократиялық бұғауды қиратуды көздеді. Осылайша көзден кетсе де, көңілден кетпеген сталиндік репрессияға, голощекиндік геноцидке, хрущевтік бұра тартушылыққа, брежневтік көрсоқырлыққа, горбачевтік көлгірсуге көр қазбақ болды. Әр республика өзін-өзі басқаруды талап етті. Жеме-жемге келгенде, тәуелсіздікті көкседі.

Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызы осында жатыр. Алматыда жас қазақтар бас көтермегенде, өзін-өзі басқаруды талап етіп көшеге шықпағанда, кейінгі Тбилиси, Баку, Вильнюс, Мәскеу ереуілдері болмас еді. Өйткені бұл толқулардың бәрі империялық басқару жүйесінің іріп-шіри бастағанын көрсетті.

Сондықтан Желтоқсанға жай ғана «оқиға» деп баға берумен келіспеймін. «Оқиға» – орыс отаршыларының бізге күштеп таңған термині. Ол – өткен уақыт. Одан бас тартып, өзіміздің тәуелсіз мемлекетіміздің көзімен қайта қарап, көңіл сүзгісінен өткізіп, лайықты бағасын беретін кез жетті. Көшеде екі бұзақы жанжалдасып қалса, оны «оқиға» деп айтуға болар, ал еркіндік пен теңдікті көксеп, жұмылған жұдырықтай болып алаңға шыққан, бостандықты талап еткен, соның жолында жан беріп, жан алысқан арпалысты қалайша «оқиға» деп айтамыз?! Желтоқсан – шын мәнінде, ұлт азаттығы жолындағы өзінен бұрынғы қозғалыстардың заңды жалғасы, яғни көтеріліс!

– Болат аға, сіз Желтоқсанда жазықсыз жазаланыпсыз, бірақ арада отыз жыл өткен соң ғана, 2016 жылы Алматы қалалық прокуратурасының шешімімен ақталған екенсіз. Оған дейін неге ақталмадыңыз? Себебі неде?

– Реті солай болды. Басында «Кімнен, не үшін ақталамын?» деген ой болды. Кейін Мемлекет басшысының желтоқсандықтарды ақтау жөнінде жарлығы шықты. Естеріңізде болса, сол жарлықта белгілі себептері бар, архивтік құжаттармен куәландыра алатындар ғана ақталады делінген. Сонда алаңға барған, жендеттердің таяғын жеген, тепкісіне ұшыраған, соның кесірінен мүгедек болып қалғандар ақтала алмайды екен. Бұл – абсурд қой!

Көтерілістен соң Алматыда Орталықтан келген тергеушілер қаптады. Олар Желтоқсанға қатысты құжаттардың денін өздерімен бірге Мәскеуге алып кетті, қалғаны жойылды. Қазір оларды итпен іздесең де, таппайсың. Сондықтан алаңға барған, соның зардабын тартқандардың көбі ақталғысы келсе де, ақтала алмайды. Себебі құжаттар жойылған.

Мен құжаттарымды жинап, өкілетті орындарға қайта-қайта арыздандым, куәгерлерімді тарта жүріп, ақталғаным жөніндегі прокуратураның заң жүзіндегі шешімін қолыма алдым. Яғни, ақталу керек болған соң ақталдым десе де болады. Жақында білгенім, осы уақыт ішінде республика бойынша 1500-дей адам ғана ақталыпты. Әзірге қол жеткен жетістігіміз осы ғана болып тұр.

– Бұл ақтау қағазы сіздерге қандай құқықтық мәртебе, әлеуметтік жеңілдіктер беріп отыр?

– Әлеуметтік тұрғыдан кейбір жеңілдіктер қарастырылғаны болмаса, ешқандай құқықтық мәртебе бермейді. Мысалы, дәрігер көмегіне кезексіз жүгіне аламыз, Алматыда қоғамдық көліктерде тегін жүруге мүмкіндік бар, жылына бір рет қаржылай көмек аламыз.

Біле-білсек, 1986 жылғы Желтоқсанда жаны мен тәнін қатар жаралаған қайсар жандардың қатары күн өткен сайын сиреп бара жатыр. Олардың көпшілігі бүгінгі күнге дейін еңселерін тіктей алмай, мүсәпір күй кешіп жүргенін айтып, бірнеше мәрте құзырлы органдарға арыздандық. Толғағы әлдеқашан жеткен мәселені шешуді талап етіп, бірнеше рет хат жаздық. Өйткені Тәуелсіздік бізге өзінен-өзі келе салған жоқ. Еркіндік аспаннан салбырап түсе салған жоқ. Қазақстанның тәуелсіздігі қанмен, құрбандықпен келді. Мұны Президенттің өзі де мойындап, әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыруды, Желтоқсан ерлігін үздіксіз насихаттап отыруды тапсырды. Бірақ мұның бәрі желтоқсаншылардың қоғамнан өз орнын табуы үшін жеткіліксіз. Қалай десек те, Желтоқсан құбылысына мемлекет тарапынан жан-жақты талдау жүргізіліп, саяси-құқықтық тұрғыдан сараланып, өзінің лайықты тұғырына қондырылуы – парыз.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы вокзалы жанындағы ит үйрететін жерде кешеге дейін қызмет етіп, қазақ қыздарын итке талатқаны үшін алған марапатын кеудесіне тағып жүрген старшина туралы естіген едік. Ол айылын жимақ түгілі, жастарды итке қалай талатқанын жыр қылып айтып, мақтанған екен. Бұған не дейсіз?

– Сондай бір оқыс оқиғаның орын алғаны рас. Оны естігенде біз де жағамызды ұстағанбыз. Ең қорқыныштысы – олар жалғыз емес және ештеңеден именбейді. Неге? Себебі олар сол кезде жасаған қатыгездіктері үшін жауап берген жоқ, сатқындықтары алдынан шыққан жоқ. Яғни ештеңе өзгерген жоқ. Әңгіме осында.

«Біз оған амалсыздан бардық», «Тек бұйрық орындадық», «Жүйе бізді солай жасауға итермеледі, біз мәжбүр болдық» деп ант-су ішіп ақталады. Сонда ар-ожданды қайда қоямыз?

Деректермен сөйлейік: Желтоқсан дүрбелеңін басып, демонстрацияға қатысқан азаматтарды жазалағаны үшін барлығы 4169 адам әртүрлі марапатқа ие болған. Оның ішінде «Ленин», «Қызыл Жұлдыз» ордендерін алғандар да, алғыс хат, мақтау қағаздарымен, ақшалай сыйлықтармен марапатталғандар да бар. Мысалы, Г. Колбин «Ленин» орденін кеудесіне тақты.

Желтоқсан көтерілісінен бірнеше жыл өткен соң сол кезде марапатталған адамдар қазақ жастарын қанға бөктіргені үшін алған ордендері мен мақтау қағаздарын кері қайтара бастады. Оны қырғыз бауырымыз Таалайбек Ылайтегін бастағаны белгілі. Ал осы күнге дейін қырғыз бауырымыздың өнегелі ісін небәрі 42 адам ғана қайталаған. Қайтарғандардың ішінде генерал Э. Басаров та бар. Басаров 1986 жылы Қазақ КСР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болған адам.

Бірақ қазақ ұлтынан ешкім кешірім сұраған жоқ. Неге? Себебі, тағы да қайталап айтайын, өздерінің қатыгез іс-әрекеттері үшін осы күнге дейін бірде-бір адам жауапқа тартылған жоқ. Яғни бұл жағдай одан әрі қайталана береді деген сөз. Именбейді, қорықпайды деген сөз.

Айтпақшы, биыл Желтоқсанның 40 жылдығында соған мол мүмкіндік туып отыр. Ол қандай мүмкіндік? 1986 жылы бейбіт шеруге шыққандарды бүлікке арандатқандар, аяусыз ұрып-соққандар, қанға бөктіргендер, бұйрық бергендер, жала жауып соттағандар, жалған куәлік бергендер, жастарды басқа да әділетсіз жазаға тартқандар, қысқасы, жалақор-бәлеқорлардың бәрі қазақ халқынан кешірім сұрап, өз ар-ождандарының алдында тізерлеуі керек, алған мақтау қағаздары мен марапаттарын қайтаруы тиіс. Кім қандай марапат алды, кім қайтарды, кім қайтармады – олардың аты-жөні жазылған толық тізім біздің қолымызда бар.

Кезінде Желтоқсан ақиқатын ашумен айналысқан комиссия марапаттардың күшін жоюды талап еткен шешім шығарған болатын. Бірақ ол аяқсыз қалды. Әділетті қоғам өзінен-өзі жасалмайды, барлық бастамада әрекет керек. Мысалы, Кеңес өкіметінің қиянатына қатысты қазақ қоғамында бірде-бір рет люстрация жасалған емес. Люстрация деген не? Адамзат баласына қиянат жасаған режимді қолдаған, соған қызмет еткен адамдарды тауып, жазалау деген сөз. Айталық, 1939–1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін нацистік Германияның қылмыстық саясатын қолдаған, соған қызмет еткен қылмыскерлерді әлемнің түкпір-түкпірінен іздеп тауып, жауапқа тарту процесі жүрді емес пе? Дәл сол сияқты қоғамды ар-ожданынан безген, халыққа сатқындық жасаған адамдардан тазарту процесі жүруі тиіс еді.

Өкінішке қарай, біздің елімізде мұндай люстрация жүрген жоқ. 1916, 1922, 1930, 1937, 1953, 1986 жылдары талауға түскен халықты қырғынға ұшыратқандар мен жазықсыздардың қанын төккендердің айыбы мойнына қойылып, жазаға тартылған емес. Яғни қоғам тазарған жоқ. Біз соның зардабын әлі тартып келеміз. Жағымпаздық, парақорлық, ұрлық, зорлық-зомбылыққа толы қоғам – сол люстрацияның жасалмағандығының жемісі.

Желтоқсанда жалпыға ортақ заңдылықты белден басқан шешімдер шығарылды. Ішкі сенімге сүйеніп, әділетті шешім шығарады деген соттың өзі партиялық билікпен ауыз жаласып, режимге қызмет көрсетті, сөйтіп, кешірілмес қиянат жасады. Прокуратура мен ішкі істер органдары да солай әрекет етті. Бірақ сол әділетсіздіктері мен сатқындықтары үшін бірде-біреуі жауапқа тартылған жоқ. Меніңше, әр адам өзінің істеген ісі үшін жауап беруі тиіс. Сонда ғана елімізде әділетті қоғам орнауы мүмкін, әйтпесе бәрі құр айтылған сөз болып қала береді.

– Сіз көп жылдан бері Желтоқсан боздақтарына арнап мемориалдық кешен тұрғызу, музей ашу жөнінде бастама көтеріп келесіз. Бұл өзекті мәселе жөнінде ел Президентінің атына ашық хат та жаздыңыз. Құзырлы орындардан бір жауап болды ма?

– Тырс еткен жан жоқ. Президент Әкімшілігі де, Үкімет те, Парламент те үнсіз. Қит етсе, ел зиялыларын сын астына алады. Шындығында, зиялылар қол қусырып отырған жоқ, айтудай айтып, жазудай жазып жатыр. Бірақ жоғарыдағы жауапты адамдар тым-тырыс, ештеңе болмағандай ләм-мим демейді. Қоғамдық пікірге құлақ түруді қойған күннен бастап билік пен халықтың арасы алшақтай бастайтынын олардың білмегені ме? Өкімет те, Үкімет те қоғамдық пікірге елгезек болғаны мақұл.

Үкімет қоғамдық пікірге қатысты өз ұстанымын дер кезінде білдірмей, үнсіз қалса, бұл – Үкіметтің балаңдығы, шалалығы, әлсіздігі. Керек десеңіз, біз әлі күнге дейін Желтоқсан боздақтарына арнап лайықты ескерткіш тұрғызған жоқпыз. Әрине, ештеңе істеліп жатқан жоқ десек, күпірлік болар. Жыл сайын конференциялар ұйымдастырылады, көшелерге есімдері беріліп жатыр, ескерткіштер тұрғызылуда. Бірақ көңілден шығып жатыр деп айту қиын.

Алматыдағы Түрксіб ауданында қаһарман ұл-қыздарымызға тағзым ретінде аумағы 100 гектардан асатын «Желтоқсан» саябағы бой көтерген. Осы саябақта 2021 жылы болашақта тұрғызылатын монументтің іргетасы қаланды. Оның ашылуында өзім де болдым. Сонда қала әкімінің орынбасары қатысып, жалындап сөз сөйледі. «Дәл осы жерден болашақта ескерткіш тұрғызылып, жанынан музей ашылады», – деп уәдесін берген. Сонымен іс бітті. Уәде – уәде күйінде қалды, ескерткіш те, музей де салынбады. Елде қаншама саяси реформалар жүріп жатыр, солардың алғышарты болуға тиіс Желтоқсан мәселесі әлі де шешімін таппай тұр. Ашуың келе ме, келмей ме?

Алматының қақ ортасында Панфилов атындағы саябақ бар. Сол саябақта Ұлы Отан соғысының батырларына тұрғызылған монументалды ескерткіштер кешенін білмейтін адам жоқ шығар. Жасырын емес, 28 панфиловшының құрметіне қойылған бұл ескерткіш-кешен өте қолайлы жерге орналасқан және көрген кісіні ерекше әсерге бөлейтіндей етіп салынған.

Міне, Желтоқсан көтерілісінің қаһармандарына да дәл осындай кешенді ескерткіш тұрғызайық, оған «Намыс» ескерткіші деп ат берейік дегенімізге біраз жылдың жүзі болды. Сонда қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнайды, ел өзін танып, құрметтей бастайды, жастардың рухы көтеріледі. Мұндай ескерткіш тұрғызу – елдің патриоттық рухы мен көңіл күйін көтерудің бірден-бір тетігі болар еді.

Екінші бір мәселе: Алматы қаласынан 40 шақырымдай жердегі Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккендерге арналған кешен тұрғызылған. Ондағы кереметтің бірі – музей жұмыс істейді, ол бір мезгілде ғылыми-зерттеу орталығы болып та табылады. Ізденушілер үшін өте ыңғайлы. Жалпы, үш бөлімнен тұратын сол музейде Тағзым залы бар. Онда 4000-нан астам боздақтың аты-жөні қара мәрмәрға қашап жазылған. Залға кірсең, бойыңды әлдебір күш билей жөнеледі. Ойландырады, тәубеңе түсіреді. Арасында Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхамеджан Тынышбаев сияқты арыстарымыздың есімдері тұр.

Айтайын дегенім, «Желтоқсан» саябағынан осыған ұқсас музей Желтоқсан боздақтарына да арналып салынуы керек. Онда да «Ерлікке тағзым» залын ашып, барлық желтоқсаншылардың есімі қашалып жазылып тұруы тиіс. Әрине, ол жай ғана музей болмай, ғылыми-зерттеу орталығына айналуы керек. Бұл да қазақ жастарының еңсесін көтеруге қосымша тетік болар еді.

– Қазіргі жастардан не күтесіз?

– Желтоқсанның рухын күтемін, ерлігін күтемін. Бұл оңай шаруа емес, әрине. Жастардың бойында патриотизм әлсіз, күрескерлік рух, отаншылдық сезім қожырап кетті деп жастарымызды жерден алып, жерге салып жатамыз. Меніңше, бұлай байбалам салу жөн емес. Оған алдымен өзіміз кінәліміз, аға буын кінәлі. Жастардың отаншылдық рухын, патриоттық сезімін көтеретіндей не айтып, не қойып жүрміз? Ештеңе айтып жүрген жоқпыз. Айтсақ та, тым тереңдемей, бетін ғана қалқып, сылап-сипап айтамыз.

Мысалы, бүгінгі әңгімеміздің өзегі болып отырған Желтоқсан тақырыбын алайық. Желтоқсан көтерілісі – байырғы ата-бабалардан жалғасып келе жатқан қазақ ерлігінің жаппай көрінісі екенін жастарымызға неге ашық айтпаймыз? Неге кең көлемде насихаттамаймыз? Неге мектеп оқулықтарына енгізбейміз? Кинофильмдер түсірмейміз? Музей ашпаймыз? Ел көргенде ұлттық намысы кеудесін ұрғылайтын еңселі ескерткіш тұрғызбаймыз? Соншама қиын жұмыс па? Желтоқсан ерлігін тек желтоқсан айы келгенде еске аламыз да, қалған уақытта керексіз нәрседей ұмытып кетеміз. Өзіміздің төл тарихымызға, ерлік істерімізге деген немқұрайлы қарым-қатынастан соң жастарымыздан отаншылдық сезім, ұлттық рух, патриоттық іс-әрекет күтуге бола ма?

Бұрын да айтқанмын, тағы да қайталай кетуге тура келіп тұр. 1986 жылы Брежнев алаңында негізінен студент жастардың қаны төгілді, шашы жұлынды, итке таланды, құрбан болды. Қақтығыста қаза тапқан Ербол Сыпатаев, қысымға шыдамай опат болған Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Кенжегүл Молданазарова, жала жабылып, ату жазасына кесілген Қайрат Рысқұлбеков және басқа да сүргінге ұшырағандардың 90 пайызы студенттер еді. Сондықтан алаңдағы жендеттермен қақтығыста болсын, одан кейінгі тергеуде болсын, теперіш көргендердің көпшілігі студенттер қауымы болатын.

Ресми деректерге қарағанда, көтеріліс кезінде Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айыппен 758 студент оқудан шығарылып, 1164 студент әртүрлі деңгейде жазаға тартылған, бір студент ату жазасына кесілген, 80 шақтысы 2 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге сотталған, үш студент опат болған. Бұл қасірет емей немене?!

Олай болса, Алматыдағы жоғары оқу орындарының ректорлары неге студенттерін бастап, бас алаңға барып, тәуелсіздік жолында басын бәйгеге тіккен, құрбан болған боздақтарды еске алып, аруақтарына тағзым етпейді? Желтоқсан ескерткішіне гүл шоқтарын қоймайды? Сөйтіп, жастарға үлгі болмайды? Бір кезде олар да осы оқу орындарында студент болған емес пе? Оларға құрмет көрсетілсе, несі айып? Егер осындай іс-шара ұйымдастырылса, студент жастарға патриоттық тәрбие берудегі әрекеттің ең салмақтысы да, әсерлісі де осы болар еді.

– Терең де тағылымды сұхбатыңызға рақмет!

 Сұхбаттасқан Бифат Нұрмаханқызы

 

Қатысты Мақалалар