Ең алдымен «Святой Георгий» деген кім еді дегенге келер болсақ, ол император Диоклетианның уақытында Рим империясында өмір сүрген, христианның дін өкілі деген ақпарат бар. Бірақ оның өмірде нақты болғаны, немесе болмағаны туралы ғалымдар әлі күнге әртүрлі болжамдар айтады. Жалпы, Георгий туралы грек, латын жазбаларында аңыз ретінде ұшырасады.
Георгийдің Русь немесе орыс ұлтының табыну нысанына айналуына негізгі себебі, оның христиан дінінің белгілі өкілі немесе сол дінді таратушы тұлға болғандығынан деп қарастырған жөн. Алайда Георгийдің шыққан тегінің орыс ұлтына ешқандай қатысы жоқ деп ойлаймын. Себебі, тарихи жазбалардың бірінде оның туған жері Каппадокия, қазіргі Түркия жері деп көрсетілсе, екінші бір жазбада қазіргі Израил жеріндегі Лод қаласында туылған деген дерек бар. Лод қаласы бір кездерде Георгиополь деп те аталғаны белгілі.
Ал енді «Георгий туы» қайдан пайда болды дегенге келсек, 1812 жылы орыстар мен француздар соғысы кезінде Ресей императоры Александр І жеңіске жеткен гвардиялық экипажды «Георгий туымен» марапаттады деген дерек бар. Сол кезде «Георгий туын» ұстаған мотростар «Георгий бауын» да таққан дейді тарихшылар.
Ал оған дейін Ресей патшайымы Елизавета ІІ 1769 жылы 7 желтоқсанда төрт дәрежелі Георгий орденін, ал 1913 жылдың 10 тамызында қайсарлықпен көзге түскендер үшін Георгий медалін тағайындаған болатын.
Ол орденді Кавказ, Түрік, Орта азия халықтарын жойып, тұтқындағаны үшін кеудесіне таққандар арасында Ресей империясының генерал-лейтенанты Г. А. Вержбицкий, В. О. Каппель, генерал-майор С. Н. Войцеховский, адмирал А. В. Колчак, Н. Н. Юденич, А. И. Деникиндер болған.
Ал кейін «Георгий баулары» Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде орыс армиясының, халқының рухын, ұлттық патриотизмін ояту үшін кеңінен пайдаланылған болатын. Жалпы соғыс тарихында мұндай ұлттық белгілер жиі пайдаланылған, мәселен Жапон әскерлерінің ұлттық қаруы ретінде самурай қылыштарын пайдаланған.
Қазіргі кезде Ресей Федерациясы «Георгий туы» мен «Георгий бауын», ресей халқының ұлттық рухын көтеруші, әскери-идеологиялық құралы ретінде пайдаланып отыр деуге болады.
Екінші жағынан «Георгий туын», «Георгий бауын» христиан дінін насихаттаудың құралы ретінде де қарастырған дұрыс болар.
Сондықтан, оны тәуелсіз Қазақстанда мерекелік немесе жеңістің белгісі етіп көрсету бір жағынан тарихтан хабарсыздық болса, екінші жағынан қазақтың ұлттық мүддесі мен идеологиясына қайшы әрекет екенін де атап өткім келеді.
Қазақстанда әлі күнге дейін «Георгий бауын» Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жетудің белгісі ретінде қарастыратын ардагерлер баршылық. Алайда, олар ол баудың шығу тарихы мен түп төркінін зерттеп немесе мән беріп жатпайды.
Шындығына келсек, Екінші дүниежүзілік соғыста сан мыңдаған қазақстандықтардың көз жұмып, мыңдаған азаматтардың мүгедек болып қалуы бұл біз үшін үлкен қасірет.
Тағы бір айта кететін мәселе, Екінші дүниежүзілік соғыс туралы қазақстандық тарихшылар мен азаматтардың осы уақытқа дейін қалыптасып қалған көзқарасын мүлде өзгерту керек деп ойлаймын. Ол алапат соғысқа, оның тарихына әлі күнге дейін ресейлік көзқараспен қарап келе жатқанымыз ақиқат. Ал біз өзімізді Мәңгілік елге айналдырғымыз келсе, мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды.
Қазіргі Украинадағы жағдайға, Владимир Жириновскийдің, Эдуард Лимоновтың, Генадий Зюгановтың, тағы басқа ресейдің әсіре ұлтшылдарының түрлі оспадар пікірлеріне, Владимир Путиннің жүргізіп отырған отаршыл саясатына мән беріп, оны бағалай келе, Қазақстанның тәуелсіз, дербес мемлекет екенін ескере отырып, оның шовинистік идеологиясының құралдарын, белгілерін өз ұлтымызға тықпалауымыз жұмсақтап айтқанда саяси мешеулік деп бағалаған жөн.
Ия, қоғамдық көліктерде, қоғамдық орындарда «Георгий бауын» таратып жатқан, Астана-Алматы поезының жолсеріктерінің омырауына сол бауды тағып алғанын көзіміз көрді. Бұл біздің биліктің Ресей империясы алдындағы жасқаншақтығы, бейшаралығы деп бағалаудан басқа амалымыз жоқ.
Мақсат Ілиясұлы, заңгер,
Қазақ Ұлттық Кеңесі төрағасының орынбасары
Оставить комментарий