Бір сабақ жүзім

/uploads/thumbnail/20170709093141154_small.jpg

Арисима Такэо,

(1878-1923)

жапон жазушысы

1

Бала кезімде сурет салғанды жақсы көруші едім. Мен оқитын мектеп Йокохаманың Яманотэ деген жеріндегі батыстықтар шоғырланған қалашықта, мұғалімдер де кілең батыстан келгендер. Мектепке қатынар жолда қонақүйлер  мен батыс фирмалары қаз-қатар орналасқан, мен сол теңіз жағасындағы  жолмен жүретінмін. Теңіз жағасында тұрып қарасаң  көкпеңбек теңіз бетінде  әскери  кеме, сауда кемелері толып кететін, кисэруден (темекі тартуға арналған түтікше)  түтіннің шыққаны, діңгектерде ілініп тұрған тулар, көздің жауын алардай көркем көрініс. Мен жиі-жиі жағада тұрып, сол көрініске көз жіберетінмін. Ал үйге қайтқан соң санамда қалғанын суреттеуге тырысатынмын. Бірақ сол тұнық теңіздің көкшіл түсі мен ақ желкенді кеме су шетіне тақалған кездегі қызғылт реңк менің бояуларыммен шебер суреттелмеуші еді. Бар өнерімді салсам да табиғи көріністегі бояуды еш бейнелей алмадым.

Бірде менің есіме мектептегі досымның еуропалық бояулары түсті. Ол досымның өзі де еуропалық еді, оған қоса менен екі жас үлкендігі бар, ірілеу бала.  Джим есімді сол баланың бояулары шетелдік тауардың сапалысы болатын, жеңіл ағаш қораптың ішінде он екі түрлі бояу кішкентай  тушь тәрізді төрт бұрышты пішінде, қос қатар етіп салынған. Қайсысының да түсі әдемі, әсіресе, көк пен қызғылты тіптен тамаша. Джим менен үлкен болса да суретті нашар салатын. Бірақ әлгі бояуды жаққанда нашар деген суреттің өзі құлпырып кететін. Мен соған ылғи қызығушы едім. «Менде сондай бояу болса ғой шіркін, теңіз көрінісін сол теңіздің өзіндей етіп салып берер едім» деп ойлап, өзімнің нашар бояуларыма ызалана қарап қоятынмын. Сол сәттен бастап Джимнің бояуларына қатты қызығатын болдым, тіптен шыдамым кетті. Бірақ,  неге екені, жасықтығымнан  не әкеме,  не шешеме «сатып әпер» деген тілегімді жеткізе алмаған күйі, күндерім қиялдаумен өтті.

Қашан екені есімде жоқ, шамасы күз болар. Өйткені, жүзім піскен шақ болатын. Күн райы қысқа таяу күздің күніндей, тұңғиық  аспан ашық. Біз мұғаліммен бірге бэнтоу (қорапқа салынған тағам жиынтығы) жеп отырмыз, алайда көңілді тамақтану сәтінде де менің жаным жай таппады. Көңілім ашық күндей емес, күңгірт еді. Өз ойыммен өзім әуремін. Біреу көз тоқтатып қараса өңім де көкпеңбек-ау, сірә.  Джимнің бояуларына қол жеткізгім келіп, дегбірсізденіп барамын. Өзегім өртенуде. Джим менің көңілімдегіні біліп қояды-ау деген оймен бетіне ұрлана қарасам ол түк сезбегендей мәз-мейрам, қасындағы  оқушымен жайбарақат әңгімелесіп отыр. Бірақ ол мені мазақ етіп күлетін сияқты, «қазір көрде тұр, анау жапон менің бояуларымды алады» деп тұрғандай. Мен біртүрлі боп кеттім. Алайда Джим менен сезіктенгендей боп көрінген сайын бояуларға деген қызығушылығым артып барады.

2

Менің түрім сүйкімді болғанмен тәнім де, жан-дүнием де әлсіз бала болдым. Оның үстіне қорқақпын, ойлағанымды айта алмайтын мінезім бар. Сондықтан жұртқа онша ұнай қоймайтынмын, досым да жоқ. Түскі астан соң басқа балалар асыр салып, стадионды айнала жүгіріп ойнай бастады, мен болсам көңілім одан бетер құлазып, жалғыз өзім сыныпқа кірдім. Сырт жарық болғанмен, сынып бөлмесі күңгірт, менің көңілімнің түкпірі тәрізді. Өз орнымда отырмын, көзім Джимнің партасы жақта. Беті бәкімен айқұш-ұйқыш сызылған, кір қол қап-қара етіп тастаған анау қақпақты ашса ішінде кітап, қойын дәптер, литографиямен бірге мәмпәси сияқты бояулардың қоңырқай түсті қорапшасы бар. Сол қорапшада титтей тушьтың таңбасы тәрізді  көк, қызғылт бояулар…

Қызарып кеттім-ау шамасы, көзімді бірден тайдырып әкеттім. Бірақ Джимнің  партасы жаққа көз тастамау мүмкін емес. Жүрегім дүрс-дүрс соғып, мазам кетті. Тырп етпей отырсам да, түсімде сайтан қуғандай жанталас күй кештім. Сынып бөлмеге кіруді білдіретін қоңырау соғылды. Мен орнымнан атып тұрдым. Оқушылардың айғайласып, күлісіп, тазалық бөлмесіне қол жууға бара жатқаны терезеден көрінеді. Кенет басымның іші сұп-суық боп кеткендей, теңселе басып, Джимнің партасынатаядым да, ұйқылы-ояу кейіпте қақпақты аштым. Ойлағанымдай-ақ, қойын дәптермен, қарындаш қорапшасымен араласып, мен көрген бояулардың қорапшасы жинаулы тұр. Төңірекке көз жүгіртіп, ешкім қарап тұрған жоқ па деп ойладым да, жылдамдата  қораптың аузын ашып, көк, қызғылт түсті бояуларды қалтама сүңгітіп жібердім. Содан соң жылдам басып, әдетте сапқа тұрып, мұғалімді күтетін орынға жүгіріп жеттім.

Біз жас мұғалиманың соңынан сыныпқа кіріп, жеке-жеке отырдық. Джимнің жүзін көргім келгенмен, ол жаққа қарай алмадым. Бірақ менің не істегенімді ешкім  байқамаған сыңайлы,  біресе өзегім өртенгендей, біресе көңілім жайланғандай сезімде болдым. Менің сүйікті  жас мұғалимамның айтқандары құлағыма кіргенмен, мәнін еш ұқпадым. Мұғалім маған таңдана қарайтын сияқты.

Мен бірақ мұғалімнің жанарына қарай алмадым. Осылайша бір сағат өтті. Бәрі сыбырласып отыр-ау деген оймен өтті бір сағат. Сынып бөлмеден шығуды білдіретін қоңырау соғылғанда көңілім орнына түсіп, «уф» деп демімді алдым. Алайда  мұғалім кетіп қалған соң сыныптағы ең ірі, әрі үздік оқушы «мұнда кел» деп, білегімнен ұстай алды. Менің жүрегім үй тапсырмасына жалқаулық танытқан сәтте мұғалім атымды атағандай, өз-өзінен дірілдеп кетті. Бірақ шамам келгенше түк білмегендей түр көрсетуім керек, әдейі жайбарақат  кейіпте, селқос қана стадионның бұрышына еріп бардым.

– Сенде Джимнің бояуы бар ғой. Қане, шығар!

Әлгі оқушы менің алдыма жалпақ алақанын тосты. Мен сабырлы түрде «Ондай зат менде жоқ», – деп өтірікті соға салдым. Сол сәтте үш-төрт досымен қасыма таяған Джим: «Мен түскі үзіліске дейін бояуларымды мұқият тексергенмін.  Бұрын жоғалған емес. Түскі үзілістен соң екеуі ғайып болды. Үзіліс кезінде сынып бөлмесінде сен ғана болмадың ба?» – деп зіркілдеді.

 «Бәрі бітті» деп ойлағаным сол еді, басым мең-зең боп, екі  бетім ду ете қалды. Сол сәтте, сол жерде тұрған біреу менің қалтама дереу қолын сұқпақ болды. Қалтамнан бидамамен (ойыншық шар) бірге екі илектенген бояу шықты. «Қарай гөр өзін» дегендей, балалар маған жеккөре қарады.

Денем дірілдеп, көзім қарауытып кеткендей. Күн ашық, бәрі демалыс сәтінде ойын қызығына берілгенмен, менің ғана еңсем түскен. «Анандай іске неге бардым екен? Түзетілмес қателік жасадым. Бәрі бітті». Осылай ойлауым мұң екен, онсыз да әлжуаз басым, еңсем езіліп кетті, өксіп-өксіп жылап жібердім. «Көз жасыңмен қорқытпақсың ғой?» – деді жақсы оқитын ірі бала, кекеткендей, жеккөргендей сеспен. Тапжылмай тұрған мені бәрі жабылып екінші қабатқа сүйреп апармақ болды. Мен қарсылассам да күшім жетпеді, олар баспалдақпен көтеріп әкетті. Онда менің сүйікті жетекші мұғалімімнің бөлмесі бар еді.

Бөлменің есігін Джим тарсылдатты. Есікті тарсылдату «кіруге бола ма?» деп есікті қағу деген сөз ғой. Іштен биязы ғана «кіріңіз» деген мұғалім үні естілді. Мен сол бөлмеге кірген сәтте кешкен сұмдық күй өмірімде болған емес.

Бірдеңе жазып отырған мұғалім шу-шу етіп кіріп келген бізді көргенде таңданып қалды. Бірақ  еркектікіндей желкесінен қиған шашын оң қолымен сипап, әдеттегідей жылы жүзін бізге бұрып, сәл басын иіп,  «қандай жұмыспен келдіңіз» дегендей түр көрсетті. Сол сәтте  жақсы оқитын ірі бала алдыға шығып, менің Джимнің бояуларын алғанымды бипаздап тұрып айтып берді. Мұғалімнің өңі сәл бұзылып, салмақты түрде бәріне бір-бір қарап, жыламсыраған менің түрімді шолып шықты да,  «Рас па?» деді маған. Рас болғанмен, «жаман бала» екенімді қалай болғанда да ең жақсы көретін  мұғалімнің білуі сұмдық еді. Сондықтан жауап қатудың орнына жылап жібердім.

Мұғалім маған біраз қарап тұрды да, оқушыларға бұрылып,  баяу ғана «Бара беріңдер» деп, қайтарып жіберді. Оқушылар онша риза болмаған кейіпте шу-шу етіп төменге түсіп кетті.

Мұғалім біразға дейін үн қатпай, маған назар салмастан, өзінің тырнағына қарап отырды. Содан соң орнынан баяу көтеріліп, мені иығымнан құшақтап:

– Бояуын қайтарып па едің? – деді нәзік дауыспен. Мен қайтарғанымды мұғалімге білдіргім келіп,  үнсіз бас изедім.

– Сен өзіңнің  бұл қылығыңды дұрыс емес деп ойлайсың ба?

Мұғалім бәсең үнмен  тағы бір рет сұраған сәтте мен шыдай алмадым.  Ернімді қанша тістесем де еңіреген даусым еріксіз шығып, солқылдап жылап отырмын.  Енді мұғалімнің құшағында өлгім келгендей күй кештім.

– Болды, жылама. Ұқсаң болды, жылауды қояйық, жарай ма? Келесі сағатта сынып бөлмесіне бармай-ақ қой. Демалып отыра тұр. Мен сынып бөлмесінен келгенше осында бол, ал жақсы», – деп,  мені диванға отырғызды. Сол сәтте сабақ қоңырауы соғылды. Ол үстел үстіндегі қағаздарын жинады да, екінші  қабаттың терезесіне дейін шырмала өскен батыстық жүзімнен бір сабағын үзіп алып, өксіп отырған менің тіземе қойып, ақырын ғана бөлмеден шығып кетті.

3

Бір сағат бойы улап-шулаған оқушылар түгел сыныпқа кірді, айнала тым-тырыс. Менің көңілім құлазып, өте мұңлы күйге түстім. Сүйікті ұстазыма қиындық әкелгенімді ойлағанда, шынымен де жамандық жасағанымды түсіндім. Жүзімді мүлдем жегім келмеді, үздіксіз жылап отырмын.

Кенет иығымды біреу ақырын түрткендей болды, көзімді аштым.  Мұғалімнің бөлмесінде біраз уақыт жылаған  күйі ұйықтап кетіппін. Арықтау келген, ұзын бойлы мұғалім күлімсіреген жүзбен маған қарап тұр.

Ұйықтап тұрған соң тыңайып қалыппын, әлгі оқиға ұмыт болған. Тіземнің үстінен сырғып түсіп бара жатқан жүзім сабағын ұяң ғана жымиып алған сәтте  көңілсіз оқиға есіме түсті, жымиыс та ғайып болды.

– Соншалықты қапаланба. Бәрі кетіп қалды, сен де қайт. Ертең қандай жағдай болса да мектепке келуің керек. Сені  көрмесем мен де көңілсіз боламын. Иә, солай.

Осыны айтып мұғалім менің сөмкеме бір сабақ жүзім салып берді. Мен әдеттегідей жағалаудағы жолмен теңізді тамашалап, кемеге қараған күйі үйге қайттым. Жүзімді сүйсіне жедім.

Бірақ келесі күні мектепке баруға зауқым соқпады. Ішім ауырса екен, басым ауырар ма еді деп ойладым, бірақ сол күні тісім де қақсаған жоқ. Амалсыз селқос қана үйден шықтым, әрі-сәрі күйде кетіп барамын. Қайткенде мектептің қақпасынан кірмеуді ойлап барамын. Бірақ мұғалімнің қоштасарда айтқан сөзі есіме түскенде ұстазымның жүзін  көргім келіп кетті. Егер мен бармасам мұғалімнің көңілі құлазиды ғой. Ұстазым тағы бір рет мейірімді көзімен маған қарасыншы. Осындай жалғыз тілекпен мектеп қақпасынан ішке ендім.

Дәп бір ұзақ күтіп тұрғандай-ақ Джим жүгіріп келіп қолымды қысты. Кешегі оқиғаны ұмытып кеткендей, жұмсақ қана қолымнан тартып, жүрегі дүрсілдеп тұрған мені мұғалімнің бөлмесіне апарды. Бұнысы несі? Мектепке барғанда бәрі анадайдан «қараңдар, өтірікші, ұры жапон келе жатыр» деп, келеке етер деп ойлаған едім,  бұлай бо-ларын күтпеппін.

Екеуміздің аяқ дыбысымызды естіді ме екен, мұғалім Джим тарсылдатпай жатып есікті ашты. Екеуміз ішке ендік.

– Джим, сен жақсы баласың, менің айтқанымды ұқтың ғой. Джим «сен кешірім сұрамасаң да болады» дейді. Екеуің қазірден жақсы дос болсаңдар, дұрысы сол.

Қане, бір-біріңнің қолдарыңды қысыңдар, – деп мұғалім күлім-сіреп, екеумізді жақындастырды. Мен өзімшілдеу кейіпте ұялып тұрған едім. Джим шапшаң қимылдап, менің қолымды алып, қатты қысты. Ризашылығымды қалай білдіруді білмей, ұяң ғана жымиып қойдым. Джим қуанғандай ыржиды. Мұғалім маған күлімсіреп:

– Кешегі жүзім тәтті ме? –  деп сұрады.

Мен қызарақтап,  «иә» деуден  басқа амалым болмады.

– Онда тағы алайық.

Мұғалім аппақ маталы кимоноға оралған денесін терезеден сыртқа созып, жүзімнің бір сабағын үзіп алып, аппақ сол қолының үстіне ақ тозаңды, күлгін түсті жүзім сабағын қойды да, күміс түсті жіңішке қайшымен қақ ортасынан екіге бөліп, Джим  екеумізге ұсынды. Аппақ алақанда күлгін түсті жүзімнің түйірі  шоғырланып жатты, бұл әдемі көрініс әлі күнге есімде.

Мен содан бастап бұрынғыдан сәл де болса жақсырақ балаға айналып, ұялшақ мінезден сәл де болса арылдым.

Иә, дегенмен, сол сүйікті ұстазым қайда кетті екен? Ендігәрі кездеспейтінімді білсем де, қазір  сол мұғалім қасымда болса ғой деп қиялдаймын. Күз түскенде бұтақты жүзім ақ тозаңды күлгін түске боялғанмен, кезінде соны үзіп алған мәрмәрдай аппақ қолды еш жерден таппадым.

Жапон тілінен аударған

Шарафат Жылқыбаева

Оставить комментарий

Связанные Статьи